Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
1428 5 пікір 15 Тамыз, 2023 сағат 14:18

«Қазақмыс» шахтёрлары: Келіссөздер басталды

Бүгін Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында "Қазақмыс" шахтёрлары мен өзге де кәсіпорын қызметкерлері ереуілге шығып, олармен келіссөзге "Қазақмыс" корпорациясының жетекшілігі келген. Бұл ақпаратты екі жақ та растады. Бастамашыл топпен келіссөз басталған.

"Қазақмыс" корпорациясы болып жатқан жағдайды түсіндіріп, кеніште жұмыс тоқтап қалғанын айтты. Компания мәліметіне қарағанда, шахтёрларға мердігер мекемелердің қызметкерлері де қосылған. Алайда компания ереуілге шыққандардың да, тоқтап қалған кәсіпорындардың да нақты санын айтпады.

Жұмысшылардың сөзінше, ереуілге жүздеген адам шыққан. Олардың айтуынша, еңбек жағдайының нашарлығына наразылық көптен бар.

Шахталардың бірінде басталған жұмысшылар наразылығы әлеуметтік желіде дүмпу тудырып, Сәтбаев өндірістік алаңындағы кеніш кәсіпорындарына жайылған. Әлеуметтік желі қолданушылар шахтёрлар мен металлургтердің зейнет жасын, жұмысшылардың мүддесін ескере отырып, ұжымдық келісімшартты қайта қарау мәселесін де көтерген.
Ереуілшілердің хабарына қарағанда, олардың бір тобы шахтадан шықпай, 15 талап қойып отыр.
Олардың негізгі талаптарының ішінде: еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлердің бір жылдық еңбек өтілін бір жарым жылға есептеу, ескі тау-кен жабдықтарын кондиционері бар жаңасымен ауыстыру, шахта жұмысшыларын қабылдап, жұмысшы тапшылығының себебін түсіндіру, технологиялық ауысым разрядын теңестіру, кейбір мамандарды кен қазатын топтарға қосу, еңбекке жарамсыз болғандарға төленетін өтемақыны жалақының 29 пайызынан 50 пайызға жеткізу, таяуда қаза болған жұмысшы Е.Ербосыновтың ұлын жұмысқа қабылдау, ақшалай үстемеақының бәрін жалақыға қосу, тікелей қазба жұмыстарымен айналысатындардың еңбек демалысын 48 күннен 54 күнге жеткізу мәселелері бар.
Ереуілшілер мұнан өзге ерікті медициналық сақтандыру шартын қайта қарауды, Шахтёрлар күні 100 мың теңге сыйақы беруді, Шахтёр күніндегі демалысты алып тастауды талап етіп тұр.

"Қазақмыс" Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең ірі мыс өндіруші компания саналады. Компания құрамына геологиялық барлау мекемесі, 13 кеніш, 4 байыту комбинаты, екі мыс қорыту зауыты, екі көмір разрезі және жылу-энергетика кешені кіреді. Негізгі өндіріс Ұлытау және Қарағанды облыстарына шоғырланған. Компания мәліметіне қарағанда, "Қазақмыс" кәсіпорындарында 38 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3351
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6226