Жексенбі, 10 Қараша 2024
1724 0 пікір 21 Тамыз, 2023 сағат 12:54

Ресей түрмесіндегі тәжіктер: Бізді соғысқа жіберуде...

Ресейдің Калужск облысы Медынь қаласында орналасқан колонияда жазасын өтеп жүрген тәжік азаматтарының хабарлауынша, оларға Ресей қорғаныс министрлігімен Украинадағы соғысқа жіберу туралы келісім-шартқа мәжбүрлеп қол қойдырған. Олар 150 тәжікстандықты соғысқа жіберуі мүмкін екенін айтты.

Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі колониядан келген хатты тексеру басталғанын хабарлады.

Колониядағы тәжік азаматының Азаттыққа айтуынша, бұл жолы оларға «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының командирлері емес, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілдері келген. Министрлік өкілдерімен кездесу 11 тамызда өткен.

Бір жыл бұрын «Вагнер» Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жүргендерді, солардың ішінде тәжік азаматтарын да, Украинаға қарсы соғысқа баруға үгіттей бастады. Содан бері бұрын ресейлік түрмелерде отырған жиырма шақты тәжікстандықтың осы соғыста мерт болғаны мәлім.

Медынь қаласындағы 4-колонияда отырғандардың айтуынша, 2022 жылғы 28 тамызда жазасын өтеушілердің біразын, солардың ішінде 100-ден астам тәжікстандықты, «Вагнер» әскер компаниясы соғысқа жіберген. Солардың дені Бахмут түбіндегі шайқаста қаза болған.

Колонияда отырғандардың бірінің айтуынша, биыл оларға Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа отыруға, одан соң соғысқа баруға мәжбүрлеп жатыр.

«Былтыр бізді арбап, түрлі жеңілдік жасауға уәде берді. Аса қатты мәжбүрлеген жоқ. Бұл жолы қаласаң да, қаламасаң да, жағдай осындай, соғысқа баруларың керек деп жатыр» дейді жазасын өтеуші 17 тамызда Азаттықтың Тәжік қызметіне.

Қамауда отырған тәжіктер жақында оларды Украинаға соғысқа жіберуі мүмкін екенін айтып, Тәжікстан билігінен араша сұрады.

«Мұндағылардың көбі алты айдан бастап бір жылға дейінгі мерзіммен отыр. Біз Украинадағы соғыста қырылғымыз келмейді. Біз биліктен араша түсуді өтінеміз» деді жазасын өтеушілердің бірі.

Ресейде Украинаға қарсы соғысуға түрмедегілерді ғана емес, еңбек мигранттарын да үгіттеу жүріп жатыр.

Қазір Тәжікстанның нақты қанша азаматы Ресей түрмелерінде отырғаны толық белгісіз. Бұрындары олардың саны 10 мыңға жуықтайтыны айтылған. Ресей түрмелерінен Украинаға соғысқа қанша тәжікстандық жіберілгені туралы да мәлімет жоқ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1158
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2637
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2669