Барар жерің... БРИКС тау ма?
Күні кеше Йоханнесбургте өткен БРИКС саммитінің үш түрлі ерекшелігі болды деп санаймын.
Біріншіден, әлемдік саяси ықпал орталықтарының орны қайта қаралып жатқан, әсіресе, «ұжымдық Батыс» роліне Ресей бастаған елдердің біразы күдікпен қарай бастаған қазіргі тұста БРИКС өзінің ұжымдық әлеуетін сезіне бастаған секілді. Ол ұйым басшыларының сөздерінен ап-анық сезілді.
БРИКС-тің төрт мүшесі – Бразилия, Қытай, Ресей, Үндістан – халық саны ең көп, жер аумағы ең ірі және ішкі ұлттық өнім көлемі жөнінен ондыққа кіретінін, ұйымның өзі әлемді мекен еткен халық санының 41 процентіне ие екені көп нәрсені аңғартса керек.
Не болса да, БРИКС саяси ахуалы құбылмалы мына әлемде дербес халықаралық субъект ретінде өз орнын ойып алғысы келетіні түсінікті.
Сөз жоқ, құрылғалы бері БРИКС біраз шаруа атқарған. Мәселен, Жаңа даму банкі құрылып, ол осы күнге дейін 30 миллиард доллардың жобаларын қаржыландырыпты. Бір қарағанда бұл қомақты қаржы секілді, алайда, мысал үшін алсақ, бір ғана Дүниежүзілік банк 2022 жылы ғана 100 миллиард доллардың жобаларын жүзеге асырған. Бұл тұрғыдан алғанда БРИКС әлі де ортақ қорға қаржы бөлу жағын көбейту керек.
Және де БРИКС-тің одан сайын қарыштап дамуына өз кедергісін келтіретін жайттар да жоқ емес.
Мәселен, қос алып – Қытай мен Үндістан арасында ұйымдағы көшбасшылық үшін өзара бәсеке болуы әбден мүмкін.
Екіншіден, бұл жолғы саммит Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашып, өркениетті дүниемен араздасып жатқан тұста өтуде.
Бірақ та, өз құрамындағы Ресейді сөзсіз әрі ешбір шартсыз қолдау БРИКС елдері басшыларының ойында жоқ сықылды. Өйткені ол елдер «ұжымдық Батыспен» күнделікті экономикалық қарым-қатынаста, олар өз тауарларын АҚШ, Еуроодақ елдеріне сатуға мүдделі. Сол себепті Кремль қанша тырысып бақса да, БРИКС елдері антиресейлік сакнциялар маңайында біріккен әлемнің дамыған елдерімен ат құйрығын кесісе қоймайтыны түсінікті.
Мәселен, Қытай басшысы Си Цзиньпин БРИКС ортақ риторикаға салынып, яғни «өз гегемониясын сақтап, дамушы елдер мен нарығы қалыптасып келе жатқан басқа елдерге нұқсан келтіру идеясы бар» деп тікелей АҚШ-ты атамады, «бір ел» деп қана меңзеді.
Айтпақшы, саммитке келсе де, басқа басшылар қатысып, сөз сөйлеген бизнес-форумда Қытай басшысы қатыспады, оның жоғарыдағы сөзін сауда министрі оқып берді. Бұл жәйт те көп нәрсені аңғартса керек.
Бразилия, Қытай мен Үндістан әлемнің дамыған елдерінің басын біріктірген G-20 ұымына мүше екенін де естен шығармайық, ол ұйымның да, соның ішінде, әлемдік сасаттағы әртүрлі оқиғаларға қатысты ортақ көзқарасы болуы мүмкін.
Үшінші мәселені әлемдік емес, өз ішіміздегі сарапшылар талқылап жатыр. Ол – басқа елдермен бірге Қазақстанның БРИКС-ке мүше болу мүмкіндігі.
Бұл мәселе президент Тоқаев БРИКС жиынында сөз сөйлейді деген ақпараттан кейін тіпті қызу талқыланып кетті. Бір ғана түзету бар, біздің президент бұл жиынға Шанхай ынтымақтастық ұйымының осы күнгі төрағасы ретінде шақырылып отыр. Сондықтан да әңгіме негізінен БРИКС және ШЫҰ арасындағы қарым-қатынас жөнінде болатыны түсінікті.
Сөз жоқ, БРИКС-ке мүше Қытай мен Ресеймен шекаралас елімізге мұндай қадам қосымша экономикалық һәм геосаяси мүмкіндіктері берері рас. Сол себепті осы екі ел Қазақстанды БРИКС-ке қабылдаудың лоббистері болуы да мүмкін.
Оның үстіне осы күнге дейін жиырмада астам мемлекет ұйымға мүше болуға ынта танытыпты. Олардың ішінде біздің елмен қатар Аргентина, Венесуэла, Индонезия, Мысыр, Нигерия, Сауд Арабиясы секілді алыптар да бар.
БРИКС-тің ұлғаюына, мәселен, Үндістан басшысы Моди қолдау білдірді.
Бірақ...
БРИКС-тің құрылғанынан 17 жыл өтсе де, оның қатарына жаңа мүшелер қабылдаудың қосымша параметрлері мен талаптары әлі де бекітілмеген көрінеді.
Мәселен, бір жарым миллиард халқы бар Қытай мен оншақты миллион ғана халқы бар басқа елдің ұйым құрамындағы құқықтары мен міндеттері бірдей бола ма?
Сол себепті БРИКС құрамына Қазақстан ене ме, енбей ме – бұл мәселенің оң шешімін табуы не таппауының астары тіпті тереңде. Сол себепті «ол мәселе әзірше уақыт еншісінде» деп қана айта аламыз.
Әміржан Қосан
Abai.kz