Жұма, 22 Қараша 2024
2626 3 пікір 25 Тамыз, 2023 сағат 14:22

Досаев қоғам белсенділерінен неге қашып жүр?

24 тамызда полиция Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген тіркелмеген "Демпартия" белсенділері Аружан Дүйсебаева мен Мейірхан Жолаевты ұстап әкетті. Бұл туралы журналист, азаматтық белсенді Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

"Демпартия" өкілдері Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуіне қатыспақ болған. Жиын Қалқаман-2 шағын ауданындағы №208 мектеп-гимназия ғимаратында өтеді деп хабарланған. Инга Иманбайдың айтуынша, полиция белсенділер көліктен түскенде күшпен ұстап, Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен.

"Бұған дейін Досаевтың Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде Аружан Дүйсебаева әкім отставкасын талап еткен петиция туралы сұрақ қойып, "ондаған мың адам сіздің әкім болғаныңызды қаламайды" деді. Енді Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі алдында ұстап әкетті. Досаев сынды, пікірді, бетіне айтқан адамды көтере алмады. [Белсенділер] Досаевтың тапсырысымен қамауға алынды деп ойлаймын" деді Инга Иманбай Азаттыққа.

Аружан Дүйсебаева ішкі істер басқармасына алып бара жатқан көлік ішінде видео түсіріп, полиция ұстаған сәтте жарақат алғанын айтады.

Наурызбай ауданы полиция басқармасы белсенділер туралы Азаттыққа "ақпарат бере алмаймыз, әлі алып келген жоқ" деді. Ал Инга Иманбай белсенді Аружан Дүйсебаева мен оның адвокаты Жалғас Сапарханова полиция ғимараты ішінде екенін айтты.

26 шілдеде Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге келген жұрттың арасында белсенді Аружан Дүйсебаева әкімнің отставкаға кетуін талап еткен петиция туралы сұрақ қойды. Досаев сол кезде "әкім ретінде сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды шығар. Бірақ жұмысым туралы шешімді мені бұл қызметке тағайындаған мемлекет басшысы шығарады" деп жауап берген. Әкімнің отставкаға кетуін талап ететіндер Досаев келгелі қалада заңсыз құрылыс көбейгенін, жөндеуді қажет етпейтін жолдар қайта күреліп жатқанын айтты.

13 шілдеде әкімге сұрақ қоюға талпынған Азаттық тілшісі де кедергіге тап болған. Алматыда Александр Невский ескерткішін ашуға келген Ерболат Досаевқа Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжан сұрақ қоймақ болған кезде журналисті бір топ ер азамат құрсауға алып, күштеп ұстап тұрған. Олар журналисті әкім көлігіне отырып кеткенде ғана босатқан.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315