Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3677 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 07:43

Өлмес рух

Біз ұдайы көргенмен мән беруден жалыққан Ұлық Алланың жер бетіндегі кереметі сансыз көп. Соның бірі – дәнек ішінде «ұйықтап жатқан» ұрықтың кереметі. Біз соңғы ғасырдағы адамзат ақылының жеткен жетістігіне қарап таңғаламыз. Бір ғана мысал, қолымыздағы ақпарат тасығыш ішіне қанша зат сияды, көшіріп алып, айна- қатесіз, басқа компьютерден шығарып ала береміз. Ал, енді, жемістің дәнегінің сонша ақпаратты сақтай алатынына неге таңғалмасқа?..

Біз ұдайы көргенмен мән беруден жалыққан Ұлық Алланың жер бетіндегі кереметі сансыз көп. Соның бірі – дәнек ішінде «ұйықтап жатқан» ұрықтың кереметі. Біз соңғы ғасырдағы адамзат ақылының жеткен жетістігіне қарап таңғаламыз. Бір ғана мысал, қолымыздағы ақпарат тасығыш ішіне қанша зат сияды, көшіріп алып, айна- қатесіз, басқа компьютерден шығарып ала береміз. Ал, енді, жемістің дәнегінің сонша ақпаратты сақтай алатынына неге таңғалмасқа?..
Біз әдетте кез-келген жемісті жеп болған соң ішіндегі сүйек-дәнегін ойланбастан тастай саламыз. Ал, сол жеміс сүйегі – өз алдына бір әлем. Сондықтан да оны биолог ғалымдар «тіршілік фабрикасы» деп атайды. Кішкентай дәнектің ішінде алып бір ағаштың бүкіл формасы, түр-тұлғасы, гүлінің түсі мен болашақ жемісінің дәміне шейін жазылып қойған құнды ақпарат сақтаулы. Ұлық Алла құдіретімен болашақ тіршілікті барлық нышанымен титтей ғана дәнектің ішіне жасырған. Әдетте, сары өріктің сүйегін шағып, дәнегін алып жейін десең, сауытын сындыру өте қиын. Таспен, не болмаса, балғамен сілтеп соқпасаңыз, жұқа сүйек оңайшылықпен сына қоймайды. Енді сол, іштегі дәнекке қарап, былай ойлануға болады. «Бұл жұмсақ дәнек мұнша қатты сауытын қалайша жарып шықпақ? Біз балғамен ұрғанда қауызын әрең жарамыз, тар қапаста қысылып жатқан әлсіз дәнек өз денесін буып тұрған сүйекті жарып жіберетін күш-қуатты қайдан алады?». Бұл сұраққа дүние ғылымы жауап бере алмайды. Ал, дін ілімі бұл құпияны былайша таратады. Тәтті дәнек ішінде өріктің (жалпы жеміс атаулының) өлмес рухы бар. Өсімдік рухы адамның көзіне көрінбейді. Тіршілік етуге ыңғайлы мерзім болғанда іштегі рух тастай қатты сауытын қақыратып екіге айырып, топыраққа тамыр жібереді. Бұл өріктің өршіл рухы үшін қиын шаруа емес. Оған дымқыл топырақ пен аздап төбеден қыздыратын күн нұры болса жетіп жатыр. Ал, өсіп-өніп, жерге жалғанып, жарық әлемге жолдама алғанша жей тұратын ас-ауқат сол титтей ғана «сандықтың» ішінде артығымен сақтаулы тұрады. Биолог ғалымдар кез-келген жеміс сүйегі қолайсыз ауа-райы мен жұт жайлаған барлық маусымда да бүлінбестен бүтін шығуға алдын-ала есептеліп жасалған керемет «машина» деп таңдай қағады. Оларың басты екі мақсаты – тірі қалу, ұрпақты көбейтіп тарату.
Енді мұқият зер салайық. Дәнек – көп жасушалы тіршілік иесі. Сондықтан да оның ішінде ұрық және ұрыққа керекті «ас-ауқат» қоры бар. Дәнек жерден нәр алып, күшейгенше өз тамағын өзі табады. Тал басынан сусылдап түсе беретін ұсақ ұрықтарда мұндай артықшылық жоқ. Олар бір жасушалы және әлсіз жаратылған. Нәзік ұрықтар түскен жерінде қолайлы жағдай болмаса қурап, не болмаса мыжылып, табан астында өліп кетеді. Қатты сауытта «қаруланып» жатқан дәнекте сәтті мезгілді мың жылдап күтетін күш бар. Тал басында гүлдеп, түйнеген сәттен-ақ жемістегі қатты сүйек ішінде қор жинау жұмысы басталады. Жеміс әбден пісіп, жерге «топ» етіп түскенше, болашақ тіршілікке қажетті органдар түгел қалыптасып бітуі тиіс.
Біздің көзімізге шағылған дәнек біртұтас болып көрінуі мүмкін. Шындығында да ол бірнеше мүшеден құралған. Ең бірінші, тіршіліктен «тырс» еткен белгі болса, жарыққа жарып шығуға дайын тұратын дәнектің үшкір тұмсығы жасалады. Үшкір тұмсықтың өзі – өз алдына бөлек бір орган. Күш-қуаттың көбісі соның бойында. Темір сауытты жарып, топыраққа ең бірінші болып табан тіреу – соның міндеті. Артынша жіп-жіңішке ақ тамыр сыртқа мойнын созады. Ол топырақтан аздаған нәр алса болды, ісініп, үлкейіп қатты қауызын лақтырып тастайды. Сосын жарыққа қылтиып, төбесі көрінген заматта фотосинтез процесін іске қосады. Бұл кезде дәнектің әлі де негізгі бөлшегі ажырамай төбеде жабысып тұрады. Ол қара жерден қарын тойдыратын мол өнім келгенше өзіндегі қорды барынша сақтықпен жұмсайды. Ал, дәнектің ең түбінде крахмал мен ақуыздың «қоймасы» сақтаулы. Ақ тамырлар жайылып, күн нұрына қанғанша және ас-ауқат үзіліссіз келетін «тоқшылық заман» туғанға шейін қоймадағы крахмал мен ақуыз үнеммен жұмсалып тұрады. Дәл осындай тәсілмен қойнындағы «қоймасына» қор сақтап, қыстан аман шығу барлық көкөніске тән. Картоп, сәбіз, пияз секілді Құдай «машиналары» да келесі жылдың көктеміне осындай басы артық қормен жалғанады. Картоп, сәбіз, пияздар қатты суық пен аптап ыстық болса, үсіп немесе кеуіп жойылады. Бірақ олармен салыстырғанда шабдалы, сары өрік, қара өрік, шие секілді жеміс ағаштарының дәнегі әлдеқайда дамып кеткен. Ал, қауыздағы дән-дәнектер үсіп өлу, қаталап өлу деген қауіптерді білмейді. Олар қордағы «азық-түлігін» мыңдаған жылдар бойы жеместен «ораза» ұстап жата береді. Ұлық Алла бұларға ерекше төзім мен сабыр берген.
Археологтар Жапонияда қазба жұмыстарын жүргізу барысында қор сақтайтын ежелгі қоймаға тап болады. Қойманың қуысында мың жылдан бері жатқан лотос ағашының дәнегін тауып алады. Тексеру үшін оны қайтадан егіп, өсіріп көреді. Сөйтсе, одан әп-әдемі ағаш өсіп шығады.
Сүйектегі дәнектің ең үлкен құпиясы да, құдіреті де, кереметі де іште жатып, өзін-өзі құрғататын сүрлеуінде дейді ғалымдар. Мәселен, сары өріктің жемісі түйнеп, сарғайып, жұмсарып, тәттіленіп пісіп жатқанда оның сүйегінің ішіндегі дәнектің денесінде өз алдына бөлек жұмыс жасалып жатады. Ол жұмыс – қоймадағы «азық-түлікті» өте ұзақ мерзімге бүлінбей жететіндей етіп сүрлеп, кептіріп алу. Сүйектегі сүрлеу жұмысы бірнеше сатыдан тұратын күрделі процесс. Дәнектің өзегі тиісті көлеміне жетіп толысқанда, оның ішінде ұзақ сапарға дайындалғандай тыныштық кезеңі басталады. Ол үшін Құдай құдіретімен абсциозды қышқыл гармондары арнайы өндіріліп шығады. Бұл қышқыл өсімдік өзегінің өсуін тоқтатады да дәнек қабығының астындағы крахмал мен ақуыздың синтезін жылдамдатып, ДНК жіптерін өте мұқият түрде орап шығады. Сонымен қатар, қоймаға келетін су да баяулап азаяды. Бұл халге жеткен және өзімен-өзі оранып алған дәнекке мұз да, су да, тұз да залал келтіре алмайды. Құрамдағы су көлемі көбейіп кететін болса, қатты суықта ол мұзға айналып, тас боп қатқан үшкір криссталдар өсімдік клеткаларын өлтіріп тастайды. Дәннің құрамындағы абсциозды қышқылдар күллі организмнің температурасын қатаң қадағалап, ұрықтың ұзақ ғұмырын кепілге алады. Кейбір дәнекте осы «күзет» жұмысының күштілігі сонша, сүйек егілсе де топырақта жарылмай жатып алады. Сондықтан кейбір сүйектерді адамдар қолдан сындырып, абсциоз қышқылын сумен шайып тастау үшін бірнеше күн суға салып қояды. Біз көріп жүрген қауын, қарбыз ұрығы да дәл осылай қалың қабат оранып, жартылай өліп жатады. Қауын, қарбыз ұрығы дымқыл топыраққа тасталмас бұрын бірнеше күн су ішінде бөгіп жатуы тиіс. Ұрықты қатырып тастаған қышқылдар жуылып-шайылған соң дәнек жарылып, тіршілік нышаны қылаң береді. Диқандар осы кезде егуді бастайды.
Өсімдік атаулы қозғалмастан бір жерде тұрып өсетін болғандықтан, ұрпағын барынша алысқа «аттандыру» олар үшін бірінші міндет. Өскен жердің құнары таусылып, суы тартылып, айналада зиянды жәндіктер көбейсе де, олар тағдырын бір Аллаға тапсырып, тапжылмай тұра береді. Есесіне Ұлық Алла оларға көшіп-қонудың, ұрпақ таратудың неше түрлі айла-тәсілін үйреткен. Көптеген жабайы жеміс-жидектердің, өсімдіктердің ұрықтары суға жүзуге, әуеде қалқып ұшып жүруге, біреуге жабысып сапар шегуге, желмен домалауға ыңғайлы болып жасалады. Алысқа бармай-ақ бақ-бақ гүлін алып қараңыз. Ал, шоңайна болса, малдың жүні мен адамның балағына жабысып қалуға әманда дайын тұрады. Ұрықтың ең ірісі пальма ағашының еншісінде. Олар салмағы 25 кг дейін тартады.
Мұндай ауыр салмақты желдің ұшыруы неғайбыл, әрине. Есесіне олар – теңізде жүзудің қас шебері. Жаздың күні желде домалап бара жатқан қаңбаққа қарап, таң ғалатын кісі кемде-кем. Ақыл көзімен қарамаса, қураған қаңбақты жел өз бетінше әкетіп бара жатқан секілді көрінеді. Ақиқатында, қаңбақ рухы бұл сапарға бір жыл бойына дайындалған. Шабдалы жемісі тәтті болғанымен дәнегі ащы у. Оны жеген жас бала уланып өлу қаупі зор. Шабдалы рухы өз дәнегінің адам ұрпағы үшін зиянды екенін міндетті түрде біледі. Сондықтан да оның дәнегі шағылмайтын өте қатты етіп жасалған. Шабдалының бұдыр-бұдыр ұсқынсыз сүйегіне қарап, осыны шағып дәнегін жейінші деген ой келмейді де.
Осының бәрі бір қараған кісіге кездейсоқ болып жатқан секілді. Шындығында, бәрі де есеппен жасалып, мақсатпен жүр. Осы кереметтің бәрін ақыл назарына салып, терең ойланса, ұлық Алланың сансыз мұғжизаларына таңдана қарайсыз. Егер саналы тіршілік орталығынан тұқым, дәнек, ұрықтардың бәрін біреу оқытып, үйретіп отырмаса осыншама керемет өз бетінше пайда болар ма еді? Бармақтың басындай ғана дәнектің тұла бойына алып бір бәйтеректің бүкіл сипаты мен қасиеті қалайша сыяды? Алма мен алмұрт, қара өрік пен сары өрік дәнектері бір-біріне өте ұқсас. Бірақ олар шатасып, басқа ағашқа айналып кетпейді ғой. Ендеше мұның бәрі өсімдік рухының күш-құдіретімен іске асады. Адамның бас көзіне көрінбей тамырдан бастап бұтаққа шейін әмір беріп, басқарып тұрған құдірет – өсімдіктің рухы. Рухтар Аллаға тығыз байланысты.
«Сендер Мен жаратқан құдіреттерге ақыл назарымен қарап, терең ойланыңдар. Ақиқатында ұлық Алла дән-дәнектер мен қатты сүйектерді ортасынан қақ айырады. Ол өліден тіріні, тіріден өліні өсіріп шығарады. Міне, сендерге жалғыз Алланың құдіреті. Біз ақыл иелеріне осылайша ғибрат береміз», – деп Ұлық Алла Тағала Құран Кәрімде ойлануға әмір қылады!
Міне, осыншама дүниені әртүрлі етіп жаратқан – Шебер Алла. Енді осы Жаратушы Иемізге неге мақтау, пәктеу айтпасқа.

Санжар Керімбай, Дінтанушы

«Үш қиян» газеті 8 мамыр 2009 жыл 
http://ushkiyan.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529