Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4579 0 пікір 12 Шілде, 2013 сағат 08:29

Астанадағы Абай ескерткіші

Той өтті. Кезекті шу-шоу той. Мұндай тойлардың қоңыр қазаққа берер несі бар екен-ә? Жаңа қазақ, шала қазақ, интер қазақтарға бәрібір шығар. Бір қызығы, қай мейрам болмасын, қай той болмасын, үш күндеп, төрт күндеп, тіптен бес күндеп те демалыс бере салатын болдық. Бүгіндері таңертеңнен жарымтүнге дейін сабылып, күнелтпесін әзер тауып жүрген қара халық бір сәтке сытылып шығып, бір жапырақ «қағазға» зар боп, я бір ауыз жылы сөзінен дәметіп шенеуніктердің алдына бара қалса – олар: «тойдан кейін келіңіз, қазір тойға дайындалып жатырмыз», – дейді.

Енді сол қоңыр қазақтардың: «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз», – деп кекіп қоятындықтары да бар. Десе де, ол тойлардың жөні басқа – қазақы тойлар емес пе еді олар. Ал мына тойлар... Анау-анау жақтардан жетіскен жырбақайларды шақырамыз (келешекте инопланетяндарды да шақырып қалуымыз бек мүмкін-ау), ішкіземіз, жегіземіз... жетістіреміз.

Жалпы, той – кімдікі? Мына кешегі тойға қарап тұрсаң, басты әртістердің һәм клоундардың бәрі – Ресейдікі. Сонда бұл – Ресейдің, кіші Ресейдің тойы болғаны ма? Құдайым-ау, қайбір де ел өз тойларында өз құндылықтарын әспеттемеуші ме еді?! Салт-дәстүрін, тілін-ділін, мәдениетін, тарихын, керек болса дінін ұшпаққа көтеріп, үрметтеп, құрметтеп, қастерлемеуші ме еді? Басқалай айтқанда, бар ұлттық жетістіктерін ортаға салып, марапаттап, бір көтеріліп қалмаушы ма еді?

Той өтті. Кезекті шу-шоу той. Мұндай тойлардың қоңыр қазаққа берер несі бар екен-ә? Жаңа қазақ, шала қазақ, интер қазақтарға бәрібір шығар. Бір қызығы, қай мейрам болмасын, қай той болмасын, үш күндеп, төрт күндеп, тіптен бес күндеп те демалыс бере салатын болдық. Бүгіндері таңертеңнен жарымтүнге дейін сабылып, күнелтпесін әзер тауып жүрген қара халық бір сәтке сытылып шығып, бір жапырақ «қағазға» зар боп, я бір ауыз жылы сөзінен дәметіп шенеуніктердің алдына бара қалса – олар: «тойдан кейін келіңіз, қазір тойға дайындалып жатырмыз», – дейді.

Енді сол қоңыр қазақтардың: «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз», – деп кекіп қоятындықтары да бар. Десе де, ол тойлардың жөні басқа – қазақы тойлар емес пе еді олар. Ал мына тойлар... Анау-анау жақтардан жетіскен жырбақайларды шақырамыз (келешекте инопланетяндарды да шақырып қалуымыз бек мүмкін-ау), ішкіземіз, жегіземіз... жетістіреміз.

Жалпы, той – кімдікі? Мына кешегі тойға қарап тұрсаң, басты әртістердің һәм клоундардың бәрі – Ресейдікі. Сонда бұл – Ресейдің, кіші Ресейдің тойы болғаны ма? Құдайым-ау, қайбір де ел өз тойларында өз құндылықтарын әспеттемеуші ме еді?! Салт-дәстүрін, тілін-ділін, мәдениетін, тарихын, керек болса дінін ұшпаққа көтеріп, үрметтеп, құрметтеп, қастерлемеуші ме еді? Басқалай айтқанда, бар ұлттық жетістіктерін ортаға салып, марапаттап, бір көтеріліп қалмаушы ма еді?

Қайбір жылдары Абай-атамыздың 150 жылдығына той жасадық. Ия, «екі мұнара» тұрғыздық. «Тамсандық, таңқалдық, шүкір, тәуба» дедік. Бірақ та бұл күндеріңізде ол «екі мұнараңыздың» күні – күн емес» дейді. Төбесі мүжіліп, асты тесіліп, су өтіп, суық шалып, біраз тозған.

«Ескерткіш» деген аты айтып тұрғанындай, ұзақ-ұзақ жылдарға – арғы-арғы келешектерге естелік ретінде жасалып қойылмаушы ма еді. «Монолит – мәңгілікке тұрғызылады!».

«Бәрін айт та, бірін айт». Біздің әсем де әйдік Астанада өткен жылы ескі алаңда орнатылған Абай-атаның «алапат» ескерткішінің бар шамасы бір жылға да жетпеді... «Не» деуге болар еді? Абай-атаның өз сөзімен айтсақ: «Бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан».

Сол күні, ескерткіш ашылғанында, Әкім Тарази – әдебиети жәкеміз «особый ода» сөзін бағыштап, көзіне жас алғанда ғой – көгілдір экранның алдында отырған біз бейбақтар да қалтамыздағы орамалымызға қол салғанбыз.

«Қой, сайтан жәшіктен көргенімізге бұлданбай қоя тұралық, өз көзімізбен көріп, тексерелік» деп, екі-үш күн өткесін басына бардық. Ары айналып қарадық, бері айналып қарадық, алыстан қарадық, жақыннан қарадық... «Жоқ, мынау – Абай емес!». Ескерткіштің постаменті арзан тастармен қалай болса солай, қиқы-жиқы құрастырыла салған. Тұғыры – үйлердің сыртын қоршап жатқан плиталармен жапсырылған... Мұның ақыры не болғанын жүрегі бар һәркім бүгін барып өз көзімен көрсін. Әуелі Құдайға, сосын Абай-атасына арзуын айтып жыласын.

Ескерткіш ашылғаннан кейін-ақ барып көзімізбен көргеннен соң, бір газет бетінде: «Бұл – Абай емес, әрі кеткенде, орташа шаруалардың ақылман момақан шалы» деп айтып-жазған едік. Пысқырған ешкім болмады: ендігі бүгінгі сөзімізден кейін түшкіретін біреу-міреу табылар ма екен сормаңдай бұ елде?..

Ия, сонымен, 27 маусым, 2013 жыл. Астананың аламат тойының алды.

Абай-ата ескерткішіне арнайы барып, әдейілеп тексеріп, сын көзбен қарап шықтық. Постаменттің блоктарының қиюлары ажырап, қисайып, құлауға шақ. Төсеніш плиталар отырып, ойылып, сынып, быт-шыт болған. Тұғырдағы жапсырыла салған плиталардың әне жер-міне жерлері мүжілген, үгітілген, кейбір жерлері қалай болса солай «замаскіленген». Ары қарай айта беруге дәтің шыдамайды екен...

Абай-атаның ескерткіші айдалада тұрса – түсінер де ме едік, ал мына ескерткіш қаланың қақ ортасында, ескі алаңда тұр ғой. Мына жамбасы – қалалық әкімдік, қалалық мәслихат; нақ арқасы – мемлекеттік қызмет департаменті; қос шекесі – ол да құжынаған шенеуніктер ордасы мен «импортный гипермаркет»; қақ маңдайы – «конгресс холл»; одан қалса, шетел елшіліктері... Сонда не?..

Мен – ұлт ұстаз Абайдың осындай сорақылық күйде тұрғанын бұл елде ешкімнің көріп-білмейтінінен қорқамын. Қатты қорқып, қауіптенемін! Жетесіз жебірлер, әрине, көрсе де көрмеген болады ғой. Ал әшейінде «халықшыл» («Абайшыл» да) – ұлыәуи зиялысымақтарымыз, дөй ақын-жазушыларымыз қайда? Сайда ма... сарай маңында ма? Қазіргі ең жасы үлкен ақсақалымыз (сақал-мұрты болмаса да) – Әбдіжәміл жәкеміз Нью-Йоркте жүр екен. Қойшығара, Мырзатай ағаларымыздың биллиардтан, одан қалса кемпірлерінен қолдары тимей жүр-ау. Нұрлаш мәңгілік-байбатша болса, «сауын сиырларының» есебіне жете алмай басы қатып жүр. Фәризаш нағашы әпкем – сол той-томалақтарда жүр. Ал енді Әкім Тарази әйдіки әкәміз бар қазақты бірден жақсы көріп кетіп, махаббаты қатты оянып, содан... өзгеше бір «эйфориялық» жоғары күйде жүріпті. («Айқын» гәзітінің қосымшасы: «Қазақты бір адам жақсы көрсе, мендей-ақ жақсы көрсін»).

Оу, ағайындар, бұған кім сенеді?! Күні кеше Абай-ата ескерткіші алдында басын иіп, көз жасын көлдеткен – бүгін сол ескерткіш қирап тұрғанында қарасын да көрсетпей кеткенге... Серік Тұрғынбеков деген сері ақынымыз мүшәйра қуып, өңкей екінші-үшінші орындар алып қалып, қатты қиналып жүргенінде, жақында – Астананың 15 жылдығына арналған мүшәйрада «Астана – Дастан» поэмасымен бас бәйгені иеленіпті. (Сол дастаннан үзінді: «Жиегі жасыл құрақ, жас қарағай; Әлемде қала бар ма Астанадай! Жүргінші көшедегі біз түгілі – Қарайды тебіреніп тастағы Абай»).

Көңілі жайланған шығар, енді барып көрсін де, тастағы Абай-атасын: «тебіреніп қарап» тұр ма екен, жоқ әлде пұшайман боп, қапаланып тұр ма екен?..». Реті келгенде айтып қалалық, поэманың мына бір шумағының өзі – жалаң, желбір, жадағай; «тастағы» деген сөз («тұғырда» десе бір сәрі) түсініксіз де орынсыз. Жалпы, гәзітте келтірілген үзінді шумаққа қарап тұрсаң – поэма-дастанның световой эффектіге құрылғандығын байқайсың...

Бұл күндері Астана тап-тұйнақтай – бастан-аяқ түп-түгел жайнап, жұтынып тұр. Ағаш-шөптер прическаланып, тәртіпке келтірілген; гүлзарлар мәпеленіп, үкіленген; үйлер, ғимараттар қызылды-жасылды жасауланған; ойын-сауық орындары болса-болмасын – «қыз дайын болса, біз дайын». Тек қана, ия, тек қана қирап, қаусап, жетімектеніп тұрған – Абай-ата ескерткіші. Егер де мұны «парадокс» дер болсақ, ол қандай, нендей парадокс?.. Мүмкін, бұл – біреулердің әдейілеп істеп отырған қысастығы (қастандығы) шығар? Оны кім жасап отыр һәм кім жасатып отыр?

Абай мен Қазақ – егіз, бір ұғым. Айырма сонда: «Абайсыз – қазақ күн көре алмайды, қазақсыз – Абай күнін көре береді». Маңдайыңа біткен бір Абайыңды сыйлай алмасаң – өзіңді сыйламағаның.

Арыға бармай-ақ, кешегі посткеңестік елдердің ескерткіштерін алалық: Питерде – Бірінші Петр, Мәскеуде – Пушкин, Тифлисте – Руставели, Ереванда – Сасунский, Тәшкенде – Науайы, Бішкекте – Манас, т.т. (сол жақтағы суреттер). Шіркін, міне, ескерткіш деп – осыларды айт! Кім көрсе де сүйініп, сүйсініп көреді. Мұндай ескерткіштермен қалай мақтансаң да жарасады. Өзімізді алсақ, Алматыдағы Абай-ата ескерткіші – аталған ескерткіштермен бір қатарда. Алматыдағы ескерткіш (оны ойластырып, жасап, тұрғызғандардың әруақтары әманда разы болсын) – «мәңгілік» ескерткіш. Міне, біз мақтансақ – осымен мақтана аламыз. Ал енді сол ескерткіштен жарты ғасырдан аса уақыт кейін, мынау «космостық» ғасырларда – тәуелсіздігіміз өз қолымызға тиіп, өсіп-өркендеп, дамып, гүлденіп, шырқап кеткен кезеңімізде соғылған «мына Абайға» не десек болар екен?! Айтарға сөз де жоқ, бет те жоқ, басқа жер... де жоқ.

Қаржы жетіспей ме? Әлде дені сау скульптор жоқ па? Бәрі де бар! Тек қазір ымырашылдық (парақорлық, жемқорлық, алаяқтық, жетесіздік, имансыздық...) дәуірлеп тұр! Құдайым-ау, «Абайға» жетпеген ол – қай қаржы?! Ойын-сауыққа, мұзқала-жынқалаға, шетелден шақырылған жылтың-сылтыңдарға, сөйтіп, өле-өлгенше ішіп-жеуге, түк таппағанда далаға шашуға қаржы жетеді. Тіптен бір көшені бір айдың ішінде он рет қопарып, он рет қайталап істеуге қаржы жетеді. Мысалы, «Назарбаев-университетті», «Назарбаев-музейді» күніге қайталап істеуде – оған қаржы жетіп-артылып жатыр.

Осындайда тағы да есіңе түседі-ау: Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мавзолейінің салынып, оны-мұны әрлеуінің бітпей қалғанына 600 жылдан асыпты. Сол қалып кеткен тірлікті біздер әлі күнге дейін бітіре алмаған екенбіз?.. (Астын қазып, ұлы әруақтардың сүйектерін шашып, бірдеңе-шірдеңе іздеп, тіміскіленгенде бәледейміз). Ал «садақа-қаржы» деген бүткіл елден, мұсылман әлемінен күніге сауылдап түсіп жатқан жоқ па?..

Осы бүгінгі айтып отырған, тағы басқа да келеңсіздіктеріміздің түп-негізі неде? Қайда? Сәл ойланып, байқап көрер болсақ – шешуі де белгілі болар екен. Қолынан келіп, қонышынан басқандардың, әйтеуір бір тетікке ие болғандардың жең ұшынан жалғасып, бірігісіп, бітісіп (замкнутый круг), нәтижесінде – жемқорлыққа даңғыл жол ашылғандығы. (Бір гүлденсе, – осы «жемқорлық» шындап гүлденуде).

Не жетпейді бұл елде? Бар-жоғы – қазағы, орысы, шүршіті, басқасы-қасқасы – 16–17 миллион-ақ екенбіз. Бұл дегеніңіз... «мизер» ғой! Әлеммен салыстырсаң, «саусақпен санарлық-ақ» деген сөз. Ал жер болса, кең байтақ, ұлан-қайыр. Асты-үсті толы байлық. Бірақ бірақ-та... жетпейді. «Абайға» жетпейді. Үйі жоқ, күйі жоқ, жұмысы жоқ, тағы несі жоқ – қоңыр қазаққа келгенде жетпейді. Жыртың-сылтыңға, шу-шоуларға, бай-батшалардың қалай қаласа, солай «жұтып-жәукемдеуіне» – әрине, бәрі-бәрі жетіп-артылады.

Мен экономист емеспін, есепші емеспін, бірақ та көзімді жұмып тұрып-ақ айтар едім: «Егер де бір «туризмді» дұрыстап тұрып жолға қояр болғанымызда – сол туризмнің өзі бар-жоғы 15–17 миллион халықты «вот так!» асырар еді», – деп. Қалған басқа дүниеңді жинап, текшелеп қоя бер келешек ұрпаққа. «Инвестиция» деген, негізінен – «өтірік»; бізге оның керегі шамалы еді. Тек «жеуі аз боп жатқандардың – тағы-тағы жеп қалулары үшін» де. Сенбесеңіздер, қараңыздар, бір мысал: қайбір жылдары «Үш жыл – ауыл жылы» деп ұран тасталынып, қыруар қаржы бөлінді. («Қаржы» дегенде, ол қаржы – жер байлығы, оны өңдеуші халықтікі, әрбір «налогоплательщиктікі» екендігін ұмытпаңыздар). Сол қаржының жартысы да ауылға бармады. Суға ағып кетті ме? Ешқайда да аққан жоқ, Астанада, облыста, районда қалды; қалғанда – жебірлердің қалтасында. Аз-маз бөлігі ауылдағы құйыршықтарына тиген шығар, себебі ертеңгі күні «қағаз» толтырып, «отчет» беретін солар ғой...

Құдайым-ау, «15–17 миллион» деген – жан-жағымыздағы кез келген елдің бір қаласының халқы емес пе?! Жаман Тайланның астанасы Бангкок қаласының бір өзінде 27 миллион халық тұрады. (70 миллион халқы бар Тайланның бюджетінің 35 пайызын «туризм» құрайды). Сол Бангкокта, 1,5 миллиард халқы бар Қытайда, 1 миллиард халқы бар Үндістанда, 300 миллиондық Әмірикәда, 100–100 миллиондық Германия-Францияларда, 90 миллиондық Иранда, анау... Мозамбикте, алақандай ғана жерлері бар Гондураста, Никарагуада, Барбадоста, тіптен 40 миллионға тақап қалған өзіміздің көрші ағайын Өзбекстанда, тағы-тағыларда «кризис» болып, қиналып жатса – түсінер едік. Ал біздерге не жорық? Біздерге, ата-бабадан қалған (бірақта сатылып кеткен) мынандай ұлан-ғайыр жерде – «кризис» қайдан шыққан; «үй жоқ, күй жоқ, жұмыс жоқ, қатын жоқ... жоқ та жоқ» – не тең?!.

«Өтірік... жалғандық... жаппай жағымпаздық... «құр мақтанмен шынның бетін бояй бергіштік». Сосын өкіртіп тұрып, жеп-жұтып үлгіріп қалу керек. Себебі бір аяқтарымызбен қашан-ақ сырт жерлерде тұрмыз ғой, дүние-мүлкіміз де сол жақта қаттаулы, жасаулы, дайын. Оны-мұны бола қалса, со мезет табанды жалтыратамыз...

Ашығын айталық (менсіз де жұрттың бәрі айтып та, біліп те жүр ғой): Тұңғыш та төл президентімізді жақын айналасындағы белгілі де белгісіз бір топ «гипноздап» алған. Билеп-төстеп кеткен. «Бәрі жақсы, жақсы емес нәрсе қалмаған, гүлденіп, шарықтап, ешкімге құйрық ұстатпай кеткенбіз!» – деп жаңылыстырып, алдарқатып қойып, өздері білген боқтарын жеуде. «Ойбай, көке, сізге енді демалыстан басқа дәнеңе де қалған жоқ, анау жерге, мынау жерге барып, ойнап-күліп келіңіз!» – деп шығарып салып, өздері мұнда ойларына келгенін істеуде.

Сонда не? Бұл – «әлем таныған», «әлемге Қазақстанды танытқан», «сұңғыла» да «сардар саясаткер» бір президентімізді мазақ ету ме?!

Күлгің келеді – сақылдап тұрып, еңкілдеп тұрып жылағың келеді. Күле де алмайсың – қытығың келмейді, осы күндері жылай да алмайсың – көзіңнен жас тамбайды... («Мен өзі тірімін дейін десем – тірі де емеспін, өлімін дейін десем – өлі де емеспін». Абай-ата).

Бір күндері «мынау Абай» құлап, шашылып, жайрап қалар болса – кезексіз-ақ тағы бір тойды жасап кеп жіберер ме екенбіз? Әй, мына түрімізбен ондайдан да тайынбаспыз.

«Қош, қош боп тұр – қоңыр да қыңыр, мәңгілікке түзелмес қасқа да қисық қазағым!..»

ИГЕН

(Игілік Әймен)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 26 (202) 11 шілде 2013 жыл

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: «Абайға» жетпеген

ОЛ – ҚАЙ ҚАРЖЫ?!

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371