Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 8794 5 пікір 11 Қыркүйек, 2023 сағат 13:27

Бес саусағыңды білесің бе?

Халық даналығында: «Бес саусақ бірдей емес», «Бес саусақтай білемін», «Бес саусақтай біледі екен» деген сөз тіркесі жиі айтылады. Баталы сөздерде «Бестің басы бол!», «Бес саусақ біріксе жұдырық болады»  деп жатады.

Кәзіргі таңда оқымаған, сауатсыз адам жоқ. Жұмысшы, құрылысшы, сатушыдан бастап кез келген мамандық иелерінің қалталарында қос-қостан диплом жүр. Өкініштісі дала жайлап, тау кезіп мал соңында жүрген бағзы бабаларымыздың білгенін кәзіргілер біле бермейді. Бес саусақтың дене мүшесі ретінде қалай аталатынын  айта алмайтындарды күн сайын кездестіріп жүрмін десем артық емес. «Бес саусақты атай аласыз ба?» деген сұраққа беретін жауаптары:

Бас бармақ,

балалы үйрек,

ортан терек,

шылдыр шүмек,

кішкентай бөбек, - деп айтылатын «Қуырмаш» өлеңінің жолдары. Бұл атаулар дене мүшесі емес. Бір ғажабы адам дене мүшесінің 460- тан артық атауы бар екен. Төбедегі орайдан бастап, бақайымыздың ұшына дейінгі барлық буын мен сүйек қыртыстарының атауы бар.  Ол бөлек әңгіме.

Бес саусақтың аталу жолдарын интернет желілерінен де тінтіп шықтым. Барлық жерде осы төрт шумақ өлең айтылады. Бала тәрбиесінде, әсіресе балабақшалар мен бастауыш мектептің оқушыларына таптырмайтын тәрбие құралы осы бес саусақ. Халық даналығында бес саусақтың атауы:

1. Бас бармақ

2. Сұқ саусақ

3. Ортаңғы саусақ

4. Аты жоқ саусақ

5. Шынашақ

Бас бармақ -  бас бармақсыз басқа саусақтардың бір істі атқаруы мүмкін емес. Сондықтан әрқашан да кез келген істе бас бармақ басшылық жасайды. Бас бармақ басшымын деп өзгелерден жоғары тұрған жоқ. Яғни кез келген отада, ұжымда, сыныпта бас бармаққа лайық адамдар бар. Бір жасқы істі көргенде, біреуге ризашылық білдіргенде бас бармағымызды шошайтып көрсетеміз. Неге көрсететінімізге мән бермейміз. Әлеуметтік желілерде де бас бармақтың суретін сұрап (лайк) әбігерге түсеміз. Оның мәнісі – бас бармақтың көшбасшы бола алуы, онсыз  өзге саусақтардың бір істі атқаруы мүмкін емес  екендігінің дәлелі ғой.

Сұқ саусақ – саусақтардың ішінде өзгеден бұрын сұқтанып, біреулерді көрсетуге әуестеніп, белсенділік көрсетіп тұратын сауасақ. Сондықтан біреуді «Сен» деп сұқ саусағыңды шошайтып көрсеткенде өзге үш саусақ: «Өзің кімсің?»  деп өзіңді көрсетіп тұрады. Біреуге кінә тағып көрсетерде алдымен өзіңді тексер! Біреуді көрсетуге лайықсың ба? Өзіңде мін жоқ па? Ойлан! Сондықтан да дала данышпандары аталған баба мектебі: «Сұқ саусағыңды шошайтып біреуді жазғырма!», «Айға сұқ саусағыңды шошайтпа!», «Зиратты саусағыңмен көрсетпе!» деп тыйым салған. Әлеуметтік желілерден күнде көріп жүргеніміздей біреудің қылт еткен кемшілігін жерден алтын тапқандай саусағын шошайта масқаралап жататындар алдымен өздерінің біреуді көрсетуге лайық емес екеніне мән бермейді.

Ортаңғы саусақ – өзгеден  жоғары, ерекше саусақ. Бір адамның жақсылығын көргенде «Ортаңғы қолдай екен» деп мақтаған. Ортаңғы қолда сабырлық та, салмақтылық та, тәкәппарлық та бар. Осының барлығын тал бойына сыйғызып әр нәрсені өз орнында қолдана алады.

Аты жоқ саусақ – бұл саусақтың аты жоқ болып аталуының мәні зор. Дәрігерлер адам организімінен қан талдау алғанда неге тек осы саусақтан алады? Өйткені бұл саусақ адам организіміндегі өзгерістерді алдымен сезетін сезімтал саусақ. Сезім атаулының барлық кілті осы саусақта болады. Сондықтан қан талдауын осы саусақтан алады.  Дала мектебінің данышпандары, бабаларымыз  адам бойындағы сырқатты анықтау үшін осы саусақтың тырнағын басып тексеретін болған. Сырқаттың сырын осыдан аңғарған. Жас жұбайлар отау құрғанда неке жүзігін осы аты жоқ саусаққа кизітетін себебі де, сезімнің нүктесі осы саусақта орналасқан.  Сезім саусағы болғандықтан бұл саусаққа «ештеңеге тең келмейтін аты жоқ саусақ» деп атаған. Ал, адамдар арасында да ешқандай атақ-даңққа ілінбей, айқайлап, мардымсымай таудай талантын арқалап жүргендер аз емес.

Шынашақ – қазақта «шынашақтай екен» деген ұғым бар. Ол «кішкентай» деген сөзді білдіреді. Әр ортада өзгелердің соңынан еріп жүретін бір шынашақ бар. Оның өзіндік пікірі болмайды, ешкімге зияны да жоқ, пайдасы да жоқ, өз көзқарасы ортақ, көпшілікке бағынып солардың соңынан еруге дайын мейірімді, кішпейіл жандар.

Міне, бес саусақтың тәрбиесі! Өзін-өзі тану дәрісі, баланы бесіктен тәрбиелеу бес саусақтан басталу керек. «бес саусақтай біледі екен» деген тәмсіл де осы. «Баланы ақырып үйретпе, ақырын үйрет!» деген бабаларымыз бес саусақпен бала тәрбиелеген. Оған дәлел «Санамақ», Қуыр-қуыр қуырмаш», бес саусаққа байланысты мақал-мәтел, жұмбақтар.

Бес адам бір есекке мінгесіп жүр,
Мінгессе де талай жермен тілдесіп жүр.  (Бес саусақ)

Бір бұтақтың басында бес сауысқан,
Бес сауысқан басына тас жабысқан.  (Бес саусақ, тырнақ)

Мақал-мәтелдерде: «Бес саусақ бірдей емес», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді».

Мектеп жоқ, театр жоқ, телевизор, түрлі әлеуметтік желілір дамымаған уақытта бабаларымыз балаларды шамның жарығымен саусақтарымен қабырғаға әртүрлі бейнелер көрсету  ойындары арқылы көлеңкелі театр жасай білген. Саусақ қимылдарының нәтижесінде сөйлеу мүшелерін бақылайтын бастағы ми қыртыстары бір-біріне жақын орналасқандықтан баланың тілі жетіледі, қимыл – қозғалысы, икемділігі  артады. Қисынды ойлауы дамып, танымдық деңгейі өседі. Саусақ жаттығулары есте сақтау және назар аудару қабілетін дамытады. Баланың сөйлеу ырғағын, лексикасын қалыптасуына көмектеседі. Балалардың сөйлеу құзыреттілігі жоғары деңгейде қалыптасуы ұсақ моторика тәсілдері мен  қимылы дамиды. Саусақ қимылдары арқылы жүйке, ми қыртысына импульс жібереді де, сөйлеу аймақтарын белсендіріп, дұрыс айтылуын қалыптастырады.

Ата- бабаларымыз  саусақтарын өлшеу құралы ретінде де пайдаланған. Елі, тұтам, сынық сүйем, сүйем, кере қарыс, қарыс сүйем, білем, шынтақ, кез, құлаш өлшемдерін анықтаған.

Өкініштісі бұл атаулар кәзіргі тіл қолданысында ауылды жерлердің көнекөздері болмаса, мүлде сирек айтылады.

Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес асыл іс пен бес дұшпан, Шәкәрімнің бес сауалы бас саусақпен байланысып айрықша философиялық ойға жетелейді.

Абайдың толық адам іліміне сай бес өсиет:

1. Әрқашан сақ жүр.

2. Жауға иілме.

3. Өсекке ерме.

4. Өтірік айтпа.

5. Арыңды сатпа.

Адамның бес қасиеті деп төмендегі ерекшеліктерді атаймыз.

Шыншыл болу – кез келген мәселеде ақиқатты ұстану. «Шындық шыңғырып келгенше, өтірік төрге озады».

Сертте тұру – адамдық  міндетке сай кез келген мәселеде өз ортаңа сенімді, сертке берік болу адамдықтың белгісі.

Терең ақыл иесі болу – терең ақыл иесі бола отырып, шиеленіскен мәселеде дұрыс шешім қабылдау. Бойкүйездік, қызбалық немесе қабілетсіздік адамдыққа тән қасиеттер емес.

Күнәға баспау - тақуалықтары жоғары деңгейде болып, ашық я болмаса жасырын күнә жасаудан қорғалу керек. Бейәдеп әрі опасыздық секілді кез келген күнәлі істерден алшақ болған абзал.

Қызметінде адал болу – әр адам өздеріне міндеттелген істі қалай келген болса, дәл сол қалпында қауымға айнытпай жеткізіп отыру адалдықтың белгісі. Абайша айтқанда «асыл адам айнымайды».

Аталған барлық пайғамбарлар жоғарыда келтірілген бес қасиетке ие болған. Бойынан осы қасиеттер табылмаған жан, адамзатқа жол көрсетуші әрі қараңғылық тұманын серпуші бола алмайтынын білеміз. Ал, біздің міндетіміз болса пайғамбарларды танып, оларға иман келтіру.

Бес жаратылыс – Күн, жер, ауа, су, от.

Қазақта «Бесенеден белгілі» деген тәмсіл бар. Өмір сүрудың адамға қажет бес жаратылысы.

Күн – бізге ең жақын жұлдыз және оның көптеген құпиялары бар. Күн жүйесінің ортасын құрайтын және жерге жақын жұлдыз - бұл күн. Күннің арқасында біздің планета энергияны жарық пен жылу түрінде бере алады. Дәл осы жұлдыз әр түрлі климаттық жағдайларды, мұхит ағыстары мен жыл мезгілдерін шығарады. Басқаша айтқанда, бұл күн тіршілік ету үшін қажетті негізгі жағдайларды қамтамасыз ететіндіктен. Күннің сипаттамалары ерекше және оның өнімділігі өте қызықты.

Жер – бізді қоршаған орта, біздің өмір сүріп жатқан планета. Жердің литосферасы қабаты үнемі қозғалыста болады. Соның қозғалыс әсерінен түрлі қақтығыс кезінде жердің тектоникалық плиталары ажырап, жел сілкінісі орын алады.

Ауа – адам өмір сүре алмайтын тіршілік көзі.  Біз тыныс алмай бірнеше минут ғана жүре аламыз. Сондықтан, оттегі туралы фактілерді оқу, сіз үшін пайдалы.

От – өмірімізге қуат беріп, бойымызды жылытады. От – өмір сәні. Отсыз тіршілік жоқ. От жағылмаса тамақ піспейді, үй жылымайды.От қалай пайда болды?

Ерте заманда алғашқы адамдар отты пайдалануды найзағайдан түскен оттан үйренді. Сол найзағайдан түскен отты сөндірмей пайдаланды. Барлығы аң аулауға кеткенде, бір адам от басында қалатын болған. Тамақты пісіріп жеуді де найзағай отының астында қалған еттен байқаған.От астында қалған ет шикі еттен дәмдірек екенін байқап, асты пісіріп жеуді үйренген. Сол заманнан –ақ оттың өте маңызды екенін аңғарамыз.

От – өрісі кең түбір. Енді осы «от» түбіріне байланысты сөздерді терсек: отағасы, отау,отарба. Яғни мұннан шығатын нәрсе –«от» сөзі жылылықтың белгісі іспеттес.

Су – планетадағы ең қарапайым және ең танымал зат. Бірақ сонымен бірге, суда көптеген құпиялар жасырынып жатыр. Су – тіршіліктің негізі. Барлық тірі жануарлар мен өсімдіктер судан тұрады. Соның ішінде жануарлар – 75%, балық – 75%, медуза – 99%, картоп – 76%, алма – 85%, қызанақ – 90%, қияр –  95 %, қарбыз – 96%. Тіпті адамдар да судан тұрады. Жаңа туған нәрестенің денесінің 86% -ы су болса, егде жастағы адамдардікінде 50% -ға дейін су болады. Егер адам дене массасындағы судың 2%-ын жоғалтса, онда ол қатты шөлдей бастайды.  Адам сусыз өмір сүре алмайды.  Егер ол 10 пайызға дейін жоғарыласа, адамның көзіне түрлі нәрселер елестей бастайды, яғни галлюцинация басталады. Ал 12%-ын жоғалтса адам дәрігердің көмегінсіз қалпына келе алмайды. Егер, дене массасындағы судың 20%-ын жоғалтса адам өледі.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339