Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Билік 2285 17 пікір 11 Қыркүйек, 2023 сағат 18:31

Министр: Бала алдымен сапалы білім алуы керек!

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектепте хиджаб кию мәселесі туралы пікір білдірді.

«Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес.

Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын.

Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді.

Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету.

Сондықтан да, мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұған дейін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған еді. ҚМДБ балиғат жасына толған қыздарға мектепте хиджаб киюге рұқсат сұрап, уәкілетті мекемелерге ұсныыс жолдағанын айтқан.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты туындаған мәселеге өз мәлімдемесін жариялайды.

Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты.

Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз.

Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс.

Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. Бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырмайды.

ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз.

Алла Тағала елімізді түрлі бүліктен сақтап, халқымызға ынтымақ-береке нәсіп еткей!»,-делінген ҚМДБ хабарламасында.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320