КТК-ға шабуыл: Энергетика министрлігі не дейді?
Қазақстан Энергетика министрлігі КТК тоқтағаннан кейін мұнай өндірісінің азаю себебін түсіндірді...
Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуі Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесіне шикізат қабылдаудағы шектеулерге байланысты екенін және оның технологиялық сипатта болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«Түтік құбыры жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты және резервуарлар паркінің лық толып кетуінің алдын алу мақсатында мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру деңгейін бақылауда ұстап, түзету енгізді. Бұл мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуіне алып келді. Бұл шара технологиялық сипатта және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәлімдеуінше, КТК теңіз терминалында мұнай тиеу Қара теңіз акваториясындағы жағдайға байланысты қауіпсіздік шараларына орай уақытша тоқтатылған. Сонымен бірге Энергетика министрлігі консорциумның өндірістік әрі техникалық нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және жағдай реттелген бойда мұнай тасымалын қайта бастауға дайын екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі КТК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және бейінді мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста. Қазіргі уақытта қауіпсіз кеме қатынасы жағдайларын қамтамасыз етуге және қазақстандық мұнайдың әлемдік нарықтарға тұрақты экспортын тезірек қайта бастауға бағытталған шешімдерді әзірлеу бойынша үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр», — деп түйіндеді министрлік.
Abai.kz