Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2484 3 пікір 13 Қыркүйек, 2023 сағат 18:41

Қазақ мұнайының шетелдік қожалары: Үкімет кімнің мүддесін қорғайды?

Қазір біздің қазба байлығымызды игеріп жатқан шетелдік компанияларға өнімді бөлісу келісіміне (ӨБК) байланысты сөзімізді өткізе алмауымыздың бір ұштығы – Қажыгелдин билікте болған кезеңде жатыр.

Міне, сол кезде кеткен ӨБК-дегі кемшіліктердің орнын толтыруды «Ақжол» партиясы үнемі көтеріп келеді. Назарбаев дәуірінде бұл жабық тақырып болғаны жасырын емес. Анығы сол - қазақ мұнайын шетелдік компанияларға басы бүтін беріп, бүгінгі таңда ӨБК-тегі сол кеткен кемшіліктің кесірінен, аңқау қазақты құр алақан жайғызып, аспанға қаратып отырған жайымыз, бұл...

ӨБК-ке қатысты проблеманы бір өзі үнемі Парламент қабырғасында көтеріп келе жатқан партия – бұл «Ақжол». Партия төрағасы Азат Перуашев осы жолы да жүрсінен жаңылмай, ӨБК-ке қатысты қордаланған проблеманы тағы бір көтерді.

Еліміздегі қолданыстағы заңда стратегиялық маңызы бар кен орындарындағы Қазақстанның үлесі 51%-дан кем болмауы керек! Бұған Назарбаев дәуірінде көз жұма қарады. Және айтылған сылтау – «қыса берсек инвесторларды қашырып аламыз» болғаны жасырын емес. «Сол қашырып аламыз» деген жалтақтықтың зардабын Азат Перуашев: «Мыразалар, кімге құрдай жорғалайтындарыңды нақтылап алыңдар!?» деп ашып айтты.

Қажыгелдин басшылығы кезінде ресми статистиканы зерделейтін болсақ, бір ғана 1995 жылы 5 ірі мемкомпания жекешеленсе, 44-і (12-сі шетелдіктер қарауына) сенімді басқаруға берілді. Ал, келесі 1996-шы жылы олардың саны – 28 кәсіпорынға, 1997-ші жылы – 47-ге жетіп, нағыз байлықтың иесі - қара қазақ жүген ұстап қалды десек те болады.

Осы мәселе енді-енді жарыққа шығып, кім басқарған кезде не кетіп, не қойғаны қара халыққа түсінікті бола бастады. Бұның барлығын Парламенттегі «Ақ жол» партиясының ерік-жігері арқылы өз сайлаушыларына ой салғаны һәм олардың өздеріне жүктеген үміттерін ақтағаны деп ұқсақ дұрыс шығар.

Азат Перуашев: «Еліміздегі ең ірі Қашаған кен орнындағы мұнайдағы ӨБК – қазаққа көк тиын тимейтін қарақшылық өнім бөлісу», - деп санайды. «Ақ жол» партиясы жаңа жасақталған Үкімет құрамына қылбұрауды ышқынта салып, кезінде кеткен есемізді еселеп қайтару үшін депуттатық сұрау салды.

Жасыратыны жоқ, бұрынғы біліксіз билік кезінде қабылданған ӨБК мерзімдері 2033 және 2041 жылдарға дейін жасалған. Міне, осындай созылмалы ауырудай мерзімдерді қайыра қарап, қазақтың үлесі 51 пайыз болатын жаңа ӨБК жасалуға тиістігін демпартия осы жолы тағы айтты. Бірақ билік «баяғы жартас бір жартас» күйінде қала беруде.

Азат Перуашев: «Біздің «Ак жол» демпартиясы бір жылдан астам уақыттан бері Қазақстан үшін қолайсыз шарттарды қайта қарау мен мақұлдауға не болмаса оны жоққа шығаруға қатысты депутаттық сауалдар көтеріп келеді. Біз қоғамға ашық айтылмайтын жер қойнауы байлығын пайдалануға қатысты келісімшарттарға заңмен тыйым салынуын талап етеміз!

«Ақ жол» демпартиясы қолданыстағы Конституциялық нормаларды басшылыққа ала отырып, өнімді бөлісу келісімдерінде Қазақстанның стратегиялық маңызы бар шикізаттар кен орындарындағы үлесі 51%-дан кем болмауын заңмен бекітуді ұсынады.

Сондай-ақ, шетелдің жер қойнауын пайдаланушылары қазақ экономикасының дамуына өз үлесін қосып, жергілікті өнім өндірушілерден техника т.б. сатып алуға тиіс. Жер байлығымызды еміне еміп жатқандар өз құлқындарын ғана ойлап қоймай, Қазақстанның технологиялық дамуына да көңіл бөлуі керек», – деп мәлімдеді.

Бірақ билік көп жағдайда Ақжолдықтардың меселін қайтарып келеді. Осы жолы қалай болар екен!?

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475