Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Арылу 2140 7 пікір 15 Қыркүйек, 2023 сағат 15:02

Телеарналарды шетелдік қоқыстан қашан тазалаймыз?

Қазақстан парламенті сенатының депутаты Қайрат Тастекеев: «Телеарналардан шетелдік сериалдарды көрсетуге шектеу қою қажет», - дейді.

Депутат шетелдік сериалдардың ұлттық-мәдени құндылықтарға кері әсер ететінін айтты және оған бөлінетін қаражатты қазақ киносын дамытуға жұмсаған абзал екенін атады.

«Шетелдік телесериалды сатып алу үшін біз бюджеттен миллиондаған қаражат жұмсайтынымыз анық. Егер де осы бюджетте жұмсалатын қаражатты елімізде қалдыратын болсақ отандық мамандарды қолдау үшін бірнеше мәселені шешуге болатын еді», - дейді депутат.

Ол сонымен бірге шетелдік киноларды шектеуге қатысты халықаралық тәжірибеге сүйеніп, тиісті заң жобаларына өзгерістер енгізу қажет деді.

Таяуда депутат Мақсат Толықбай да Ресейлік телеарналардың қызметіне шектеу қою керек екенін айтқан болатын.

«Бізде қазір сол Ресейлік ақпарат кеңістігінде өмір сүретін біраз отандасымыз бар. Ресейдің пропагандасына тойып алған. Ұлтараздық мәселелері Қызылжар болсын, басқа жерлерде болсын туындап та жатыр. Қараңыздаршы менің үйімде теледидар тұр. Менен ешкім рұқсат сұраған жоқ. Үйіме кіріп алды...соны көрген балалар уланып жатыр...олар кіргені үшін бізге ақша төлесін. Біз соны сағалап, шектеу қоюымыз керек», - деді ол әлеуметтік-мәдени даму комитет отырысында.

Депутат рейтингке қарап, ресейлік бағдарламаларды қазақша бағдарламалардан биік қоюды доғару керек екенін айтты.

«Рейтинг деген пәле бар. Телеарналардың рейтингісі қалай өлшенеді. Халық саны 100 мыңнан асқан ірі қалаларда 1 немесе 2 адамның үйіне қондырғы қояды сонымен өлшейміз. Рейтингіге қарасаң бүкіл қазақ «Пусть говорят» көретін сияқты. Халықтың жартысы 40 пйаыз қайда тұрады, ауылда тұрады. Бірақ ауылдықтар бізде есепке алынбайды. Ауылдың тұрғындары адам емес пе? Біздің қазақша бағдарламалардың ғұмыры қысқа болатын да сондықтан», - деді Мақсат Толықбай.

Оның сөзінше, халыққа құнды дүние беретін, мағыналы телебағдарламаларға қолдау көрсетіліп отырған жоқ.

«Мысалы үшін «Домбыра» дейтін телеарна бар бізде. Байғұс иесі 4 камереасы бар, бүкіл өңірлерді аралап, дәстүрлі әншілерді, біздің күйшілерді түсіріп, Ютубтан беріп жатыр. Неге Алма TV-ға болсын, басқасына болсын неге қосылмайсың десем, айына 600 мың теңге төлеуім керек дейді... Бір жылға 7 млн. теңге керек. Екі жыл төлесе, шығыны 14 млн. болады. Содан кейін Алма TV тегін қосады дейді. Үлттық өнер, «Домбыра» сияқты телеарналарды неге қолдамаймыз. Мысалы «Қалаулым» қанша? 3 сағаттық эфиріне 2 млн. теңге кетіп жатыр. Сонда «Домбыра» сияқты арналарға бір жылдық бюджет бере алмаймыз ба? Мен сенбеймін, бүкіл қазақ «Пусть говорят», «Поле чудес» көреді дегенге. Сондықтан министрлік ауылды да есепке алу керек», - деді депутат.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бұл мәселенің нақты шешімін табатынын айтты.

«Ресейлік телеарналарды көрмеу түгілі, оларға ақша төлейміз. Яғни уды біз өзіміз сатып аламыз. Ең алдымен біз төлем мәселесін шешіп алуымыз керек. Сіз кәбілді операторға айына 5 мың ақша төлейсіз ғой. Сол бес мың ақшаның ішінен 3 мыңын олар Ресейге төлейді. Сондықтан біз бірінші осы мәселемен жұмыс істейміз. Яғни біз сыртқы арналарға ақша төлемеуден босатамыз. Біз шетелдік арналарға ақша төлесек, өз арналарымыз кәбілді операторға ақша төлейді. Құдай қаласа осы жолы бұл мәселе нақты шешімін табатын болады», - деген болатын.

Abai.kz

7 пікір