Есілде Ұлы Абайды қалай ұлықтадық?
Ұлы Абай атамыздың 150 жылдығын бүкіл республикамыз тойлап жатқан кез болатын.
Менің Ақмола облысы Есіл аудандық ішкі саясат бөлімінде жұмыс жасап жүрген кезім. Бірде аудандық мәдениет бөлімінің жетекшісі Мәдина Омарованың кабинетке келе қалғаны. Күлімсіреп амандасқан соң, апайымыз;
- Бейсеке, аппараттағы мына орыстар мен орыс тілділер ештеңе білмегендей, естімегендей жымжырт. Екеуміз Абай атамыздың атына бірдеңе ұйымдастырсақ қайтеді. Ешкім қарсы бола қоймас деймін!
- Концертіңізді атамызға арнап ұйымдастыра бермедіңіз бе, - дедім, ойланбастан. Ұлы ақынның шығармашылығын басшылыққа алып концерт қою көп қиындыққа түспес, дегенмен, бұл жеткіліксіз ғой, - деді ақырын ғана.
- Сол кісінің атын бір мектепке бергенде, – дедім апайға қарап.
Сонан соң, сөзімді жалғастырып, - сізбен бірге қаладағы №2 -ші мектепке барып, ұжымымен кездесіп келсек қайтеді, егер олар келіссе аудан әкіміне айтармыз, - деп өтініш білдірдім.
- Жүр ендеше.
Апайдың қызмет көлігіне отырып мектепке тартып кеттік. Көпке созбай, мектеп ұжымын мұғалімдер бөлмесіне дереу жинап, ойымызды жеткіздік. Жиналғандар ду ете қалды.
Мектеп директоры – мы не достойны, - деді беті сазарып. – Мы не готовы, - деді шулап орынбасарлары. Басқалары да ананы-мынаны айтып гуілдеп кетті. Сөйтіп олар көнбеді. Екеуміздің салымыз суға кетіп жұмысымызға қайттық . – Көрдіңбе олар өтірігін соғып, жолатқысы келмейді, - деп ренжіді мәдениет бөлімінің жетекшісі. Ертеңіне аудан әкімінің орынбасары Мерей Ізбасарұлы Байлин бізді өзіне шақырды.
Ашудан беті қып – қызыл. Тегі ана мектептегілер кешегі біздің айтқанды мынаған жеткізген секілді. Бізге қысастық көрсетті дедімекен кім білсін?
- Сендер екеуің қол ұстасып нені бүлдіріп жүрсіндер, - деді ашуланып. Біз орынбасардың ашуына қарсы келмейік деп үндемедік. Әйтпесе, түсінген адамға бұл ұсыныста тұрған ештемеде жоқ еді. Тегі, - менің алдымнан өтпей, рұқсат алмай, өздерің неге кірістіңдер дегені ғой, - деп ойладық. Сонымен уақыт өте берді.
Біраз күндерден кейін апайымыз кабинетке тағы келді.
- Бейсенғазы сен әкімге ретін тауып, өзің айтып көрсеңші.
- Бастаған істі не болсада аяғына дейін жеткізейік, біз соншалықты қорқатындай қылмыскер емеспіз ғой? – деді Мәдина Омарова ширығып.
Апайымыз сонан соң, Абай тақырыбына қандай концерт ұйымдастырып жатқандығын таратып айтып, біраз кідірді. Артынан, – Бейсеке, сен әкімге жолығуды кейінге қалдыра берме, - деді шығып бара жатып.
Сөйтіп әкімге қалай жолықсам деп жүргенде, бір күні әкімдіктің дәлізінде кездесіп қалдық.
- Сен жұмыстамысың, кейінгі кезде көрінбейсің - деді әкім сұрақты тіке қойып.
- Осындамын! Ойыма Мәдина Омарованың айтқаны түсіп, - Амангелді Нұрхамитұлы сізге бір өтініш айтсам деп едім, - дедім қобалжып. Әкім басын изегендей болды.
- Абайдың 150 жылдығына орай аудандағы бір мектептің атауын сол кісінің атына берсек деп едік. Мектеп ұжымымен кездесу өткіздік, бірақ олар жолатпады.
Өтінішім өзіме, біреудің сыртынан шағым айтқандай естілді.
Әкім сәл ойланды да,- шешуге тұрарлық өтініш екен,- деді де ары бұрылып кетті.
Ертеңінде жұмысқа келгенімде хатшы қыз – Бейсенғазы әкімге кел, - деді телефон шалып, дедек қағып келсем, әкімнің кабинетінің алдында Мәдина Омарова және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Антон Шопин тұр екен.
Бір кезде рұқсатпен бәріміз ішке кірдік. Кабинетте әкімнен басқа оның орынбасары, Мерей Ізбасарұлы Байлин отыр екен.
Біз келесімен аудан әкімі – қазір республика көлемінде Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын тойлып жатыр. Бізде соған үлесімізді қосайық. Солтүстік өңірлерде әлі ешкім қозғала қоймаған екен. Біз алғашқысы болып соларға үлгі көрсетейік, - деді бәрімізге қарап.
Сөйтіп Есіл қаласындағы №2 мектепке Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Ол кездерде аудан мектептеріне атау беру, әкімнің қаулысымен іске асырылатын. Сонымен қатар, көрші Жақсы, Атбасар, Державин (қазіргі Жарқайың) аудандарынан қонақтар шақырып ұлттық спартакияда ұйымдастырылды. Қаншама киіз үйлер тігілді. Ұлттық нақыштағы көрме өткізілді. Кейіннен мұны басқа аудандар жалғастырып әкетті.
Осыдан үш жыл бұрын, Ұлы Абай атамыздың 175 жылдығын тойлап өттік. Дегенмен, осыдан 28 жыл бұрын өткен осы оқиға кейде есіме түсіп, меңің де Ұлы тұлғаның атын ұлықтауға кішкене болса да септігім тиді-ау деген ой кейде санама келеді.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz