Ұлы жазушы Абай ұрпақтарының қамқоры еді
Мұхтар Әуезовтің туғанына 126 жыл!
Мұхтар Әуезов туылған, кіндік қаны тамған жер – Бөріліге Абай ұлдарының қыстаулары (Тышқан, Аралтөбе, Қасқабұлақ) жақын тұста орналасты. Заманында бұл аумақ тұрғындары «өз алдына бір елдің» адамдары саналған. Сондықтан Мұхаң Ақылбайдың (Әлімқұл мен Әубәкір), Тұрағұлдың (Ақылия мен Жебрәйіл), Мағауияның (Жағыпар мен Кәмила) балаларымен тай-құлындай тебісіп өсті, бірге тәлім-тәрбие алды. Төменде Мұхаң Абай туысына қалай қамқорлық жасағанына аз-кем тоқталмақпын.
Мәселені сөз етуден бұрын Абай кіндігінен тараған ұрпақтар шежіресін келтіре кетейін. Бірінші әйелі Ділдәдан төрт ұл: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, екі қыз: Райхан, Күлбадан. Ақылбайдан үш ұл: Әлімқұл, Әубәкір (әйелі Кәмәлия), Исраил, үш қыз: Сағадат, Бәкизат, Рухия. Әлімқұлдан Бағыфур, одан Айдар (1948 жылы туған, Ақтау қаласында тұрған). Мағауияның әйелі Дәмегөйден үш ұл: Құтайба, Бабыр, Жағыпар, екі қыз: Уәсилә, Кәмилә. Жағыпардың Жошыханы соғыста опат болды, қыздары Ишағы, Ғазел Алматыда тұрған (екеуіне де Мұхаң көп көмектескен). Мағауияқызы Кәмилаға Мұхтар Әуезов үйленіп, 1926-27 жылдары ажырасып кетеді. Кәмила 1932 жылы ағасы Жағыпардың қолында қайтыс болды.
Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен үш ұл: Тұрағұл, Мекаил, Ізкаил. Тұрағұлдың тұңғышы Ақылия, кенжесі Мәкен (Мағрипа). Жалғыз ұлы Жәбірәйіл (Жебеш) Томскіде инженердің оқуын оқып жатқан жерінен қудаланып, ақыры 1930 жылы Ташкенде дүниеден өтті. 1931 жылы Семейдің түрмесінде інісі Мекайл де опат болды (Мекайлдің Ғұзайыр және Әлішер деген екі баласы Отан соғысында қаза тапты). Тұрағұлдың кіші інісі Ізкәйіл 1929 жылы кәмпеске зобалаңы кезінде бақилық болған (Ізкәйілдің жалғыз ұлы Тоқтамыс та соғыстан қайтпады).
Келтірілген шежіреден Абайдан тараған ұрпақтар аяусыз тағдыр талқысына тап болғанын аңдау қиынға соқпайды. Тіпті түгелге жуық жойыла жаздаған десек те шындық. Міне, Мұхтар Әуезовтің қолдан келген қамқорлығын жасап баққаны – сол ХХ-шы ғасырдың қанқұйлы тозағынан тірі шыққан санаулы жандар болатын.
Семей-Қарауыл тас жолы бойындағы «Бөрілі» деген әйгілі жер. Қазіргі таңда онда Мұхтар Әуезовтің музейі орналасқан. Оны әу баста Құнанбай қажы мен кіші бәйбішесі Нұрғаным мекен еткен еді. Абай 1886-шы жылы осы қыстауға Шыңғыстау қойнауындағы Қожалар ауылын көшіріп әкелді. Мұхтардың атасы Әуез бен Абай арасындағы сыйластық осылай басталған. Он жыл кейінде, 1896 жылы Жидебай ауылында болған бір жиында Абай былай деген ғой:
Мына үйде отыр Разақ,
Елдің жөнін айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ.
Үлкен қожа – ортан қол,
Өзгелері – аты жоқ пен шынашақ.
Бұл жерде «үлкен қожа – ортан қол» деп Абай Әуезді айтқан. Ол өз ауылының ғана емес, сол аумақтағы бүкіл елдің егесі – ортан қолы болған адам (шумақта Абай «елдің жөнін сұрасақ» дегенде – Бөрілі аумағы тұрғындарын меңзеген). Әуез ақсақалдың Абай поэзиясына ғажаптанып, келешек классик ақынның сырласы, өлеңдерін алғашқы тыңдаушының бірі болғаны талассыз ақиқат. Абай өлеңдеріне (кейінде қара сөздеріне де) жаны сүйсініп, өле-өлгенше насихаттап өткені жақсы мәлім. Айтайын дегенім, екі тұлғаның достығы мен керемет қарым-қатынасы баршаға үлгі, өнеге болған.
Сөйтіп, Бөрілі аумағы жастарының татулығы мен сыйластығы – Әуез бен Абайдың достығынан бастауын алады. Аталмыш аумақ тұрғындарының бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп мың жылдық құдандалы болғандығы жайлы да осыны айтамыз.
Төмендегі суретке көз салайық. Онда Абайдың Тұрағұлы жанұясымен және досы Өміртай Ақбердіұлымен (Құнанбайдан кейін қажыға барған, «Абай жолы» эпопеясының кейіпкері, ырғызбай Ақбердінің баласы) бірге Қожалар ауылының азаматтары, яғни құдаларының ортасында отыр.
Тұрағұл отбасымен түскен сурет. Солдан оңға қарай: жерде жайғасқандар Зұбайыр Тұрағұлұлы, Қабыш Оразбайұлы; отырғандар: Жебрәйіл Тұрағұлұлы, Ахмет Әуезұлы, Өміртай Ақбердіұлы, Тұрағұл, алдында қызы Мәкен, жанында әйелі Сақыпжамал, оның алдындағы немересі Алпаш (Жебірәйілдің ұлы), Жебірәйілдің әйелі Райхан; түрегеп тұрғандар: Қабыш Тұмабайұлы, Құсайын Әкімбайұлы, Ағзам Әуезұлы, Ұлықбек Мұқаметжанұлы. Сурет Семейде 1924 жылы түсірілген.
«Бала Мұхтар» кітабында Мұхаңа тетелес Ахмет Әуезов былай деп жазады: «Менің қарындасым Райханды Абайұлы Тұрағұлдың Жебешіне берген. Ағамыз Арынбектің алғаны Құнанбайдың туысы Рысайқызы Айтаңсық. Ал, Қасымбектің жұбайы Ғалия Ысқақтың Ахметбегінің қызы. Екінші ағам Ағзамның жұбайы Ғазиза болса, Ақылбайдың Әлімқұлының қызы. Мұхтардың әйелі Мағауияның қызы – Кәмилә. Менің жұбайым Халима болса, Тұрағұлдың қызы». Құдандалық үзілмей осылай жалғаса берген екен.
Мұхаңды жетелеп жүріп, ғылым-білім жолына түсірген Қасымбек ағасы екені аян. Қасымбек пен жұбайы Ғалия Ахметбекқызының ғашықтығы аңызға бергісіз болған. Қасымбек кенеттен қайтыс болғанда, Ғалия да көп ұзамай жарық дүниемен қоштасады (екеуі де Бөрлідегі кесенеде жерленген). Қос мұңлықты Валентина Николаевна да есіне алып, былай дейді: «Часто говорил Мухтар Омарханович о том, как любили друг друга Касымбек и его жена. Он умер совсем молодым, а она пережила его только на несколько месяцев».
Енді тақырыпқа ойысып, Мұхаң жасаған қамқорлықтарға көз салайық. 1945 жылдың 15 тамызында Қазақ ССР Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов бекіткен «Абай ұрпақтарына дербес зейнетақы тағайындау туралы» Үкіметтің №547 Қаулысы жарық көрді. Бұл Мұхаңның қарекеті мен бедел-абыройы арқасында қабылданған Қаулытұғын.
Қаулыдағы тізімді аттары аталған ретінде келтіре кетелік:
- Ақылбайұлы Исрайл, Абайдың немересі.
- Жағыпарова Ғазел, Абайдың шөбересі.
- Жақыпова Уәсилә, Абайдың немересі.
- Оразбаева Ақылия (Ақыш), Абайдың немересі.
- Оспанова Кәмила Абай келіні, Ақылбайдың Әубәкірінің әйелі.
- Ысқақова Бибі Абай келіні, немере інісі Кәкітайдың әйелі.
Мінеки, алты адамға өмір бойына 500 рубльден пенсия тағайындалған.
1995 жылы ұлы Абайдың 150-жылдық мерейтойы қарсаңында және дүбірлі той өткен күндері Жағыпардың қыздары Ишағы, Ғазел апайлармен сұхбаттасқан едік. Олар әрқашанда ұлы жазушыға деген алғысын жаудырып отыратын. Бай-феодалдың тұқымы ретінде қатты қысым көрдік. Сол кездерде біздерді оқуға түсірген де, жұмысқа орналастырған да Мұхаң жарықтық еді деп. Тіпті пәтер алуға да көмегін аяған жоқ дейтін.
Абайдың үш шөбересі: Мағауияның Жағыпарының қыздары Ғазел және Ишағы; Мәкен Тұрағұлқызы (ортада). Алматы қаласы.
Тұрағұлдың кенже қызы Мәкен апай әкесі кәмпескеге ілінген 1928 жылы өз ауылының оқыған жігіті Мұқаметжанның Ұлықбегіне (1971 жылы Сарыағашта қайтыс болды) тұрмысқа шығып кетеді. Заң қызметкері Ұлықбек Үржарға прокурор болып барған, біраз уақыт өткенде «байдың қызын алған» деген айыппен тергеуге жабылып, бірақ өз шыққан тегі кедей әрі сауатты, шешен болған соң екі айдан кейін ақталып, босап шығады. 1933 жылдың соңында Ұлықбек Шымкентке ауысады. Келер жылдың наурыз айында Тұрағұл Мәкеннің көз алдында, соның күтімін көріп дүние салды.
Осы жылдың күзінде демалыс алып елге барған Мәкен мен Ұлықбек айдаудан қайтқан Әбдіғали Алдажарұлы мен Шәкәрім баласы Ахатқа жолықсын. Шәкерімнің әншісі болған Әбдіғали: «Маған қарайламаңдар, ал Ахатты алып кетіңдер. Өйткені, қолында бір құжаты жоқ, өзі ойсоқты болып әбден жүдеп бітті, тек жылай береді» деген екен. Мәкен Ахатты Шымкентке ала кетіп, өз үйінде бір жарым жыл бағады, онан соң бір ескіше сабақ беретін мектепке мұғалімдікке орналастырады. Амал не, Ахат 1937 жылы қайтадан ұсталып қамаққа түскен. Аты беймәлім біреудің жақсылығы арқасында лагерден 1939 жылы бостандыққа шыққан. Онан соң Алматыға жетіп Мұхаңды тапқан, оның көмегімен Алматы маңында мектепке қызметке тұрған. Міне, осы қамқорлық болмағанда Шәкәрім мұрасы бүгінге жетуі неғайбіл еді. 1936 жылы Мәкен Тұрағұлқызы Мұхаңның көмегімен радиокомитетке әнші болып орналасқанын да айта отырайық.
Жоғарыда келтірілген Қаулыдағы тізімде Кәкітайдың әйелі Ысқақова Бибі де бар. Бибі әжейдің Абайға тікелей жақындығы жоқ. Олай болса, тізімге енуі қалай? Бұл жан досы – Даниял (Дәку) Кәкітайұлының әруағы үшін жасалған Мұхаң қарекеті демекпін. Даниял Мұхаңның құрдасы, студенттік өмірі, шығармашылық соқпағы да бірге өткен ең аяулы досы болған (қызыл қырғынның құрбаны Дәку жазушылық, аудармашылық қабілет иесі еді).
Мұхтар Әуезовпен Бибі шешейдің (Кәкітайдың кіші әйелі, Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының қарындасы) сағынышпен жүздесу сәті. Сурет 1957 жылы Қарауыл селосында түсірілген.
Енді Даниялдың ағасы Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов жайлы бірер сөз. Оның «Абайдың өмір жолы» атты естелік кітабы кезінде жарыққа шықпай, тек 1995 жылы ғана алғаш рет баспа бетін көрді. Мұхаң саяси жағдайға байланысты бұл кітапты жарыққа шығаруды шегере тұруды қалаған. Мінәш Әрхамқызы (1926-2008) жазған «Әкем туралы естелік» (Семей, 2005) атты еңбекке көз алайық. 1960 жылдың соңы. Сырқаттанып қалған мені дәрігерлерге қаратуға әкем Алматыға әкелді, со жолы Әуезовтің жаңа үйіне де ертіп апарды дейді Мінәш апай.
Әрхам өзінің қолжазба кітабы жайлы әңгіме қозғаған екен. Мұхтар аға: «Кейін, кейін дедім ғой, Әрхам аға!» дегенде әкем: «...Айтқаным айтқан, сенен «пікір» алмай кетпеймін. Не деп жазсаң да жазып, 2-3 күннен қалдырмай бер!» – деп қасарыса орнынан тұрды. Әкем тездеп басып қақпаға таяғанда артына бұрылды, мен де қарасам, Мұхтар аға екі қолын екі жаққа жайып, өте жайсыз күйде тұр екен. Әкем тездеп барды да, екеуі құшақтаса кетті. Өңдері жылып, біріне-бірі «жолың болсын» десіп, дұрыс қоштасты».
Мұхаң үйінен біраз ұзаған соң: «Мұхтар қатты сырқат екен, сол үшін Мәскеуге жүрмекші» дей келе, Әрхамның қызына айтқаны: «Мұхтар – өте ақылды, ғалым адам, алдын болжай білетін саясаткер. Өз өмірі қыл үстінде жүріп, маған өлшеусіз қамқорлық жасап, тозақ отынан құтқарған «оқ қағарым» болған, қай түкпірде жүрсем де байланысын үзбеген ақылшым, інім! Менің жазбамды «баспаға ұсынба» десе, оның да бір себебі бар шығар. Осыны Халит бастатқан аға-бауырыңа айтып түсіндір. Осыны саған қатты тапсырамын». Мұхаң досы Дәкудің ағасын өз ағасындай көрген. Келтірілген эпизод соның бір тамшыдай куәсі.
Жазушы тарапынан Абай кіндігінен тараған ұрпақтарға жасалған қамқорлықтарға бір мақала көлемі аздық етеді, біз кейбірін ғана теріп алдық.
«Абай жолы» және Абай бейнесі – исі түркі қауымының ортақ паспорты, – деп жазады Мұхаңның шәкірті, қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айтматов. – Сол үшін де мұқым түркі халқы Әуезовке мәңгі қарыздар».
Иә, әйгілі эпопея – ұлттық брендіміз. Шығарманың түркілік өркениетке қосылған үлес, әлемдік әдебиет шедеврі деген биік деңгейде жазылуына себептің бірі – классик бала кезінен Абай рухымен сусындап, Абай баулыған ортада өсіп жетілді. Сөз болған тақырып осыған көзімізді жеткізе түсетін сияқты.
Асан Омаров
Abai.kz