«Байден туралы кітап»: «Путин – оқушы, Зеленский – әуесқой»
Жақында, дәлірек айтсақ, қыркүйектің 5-і күні америкалық журналист, The Atlantic журналының тілшісі және The New Republic журналының бұрынғы редакторы Франклин Фоердің «Соңғы саясаткер: Джо Байден Ақ үйінің ішкі әлемі және Американың болашағы үшін күрес» аты кітабы жарық көрді.
Аталмыш кітап баспадан шыға салысымен көзі қарақты оқырманның, әлем саясаттанушылары мен саясаткерлерінің қызығушылығын туғызды. Өйткені осынау еңбек Джо Байденнің АҚШ-қа президент болғалы бергі екі жылын талдап қана қоймай, жеке өмірі туралы да кеңінен әңгімелейді. Сондықтан да болар, Politico журналы бұл басылымды «Джо Байденді түсіндіретін тұңғыш кітап» деп атады.
Фоэр өзінің сөзін айғақтау үшін түрлі-түрлі дәйексөздерді немесе дереккөздердің пікірлерін алдыңызға тартпайды. Бірақ автордың «Байденнің сырдесте кеңесшілерімен эксклюзивті әңгіме-дүкен құрғаны» кітаптың ресми аннотациясында айтылған.
Кітапта Байден мен Зеленскийдің алғашқы кездесуі екі тараптың да көңілінен шықпағаны баяндалады. Неге десеңіз, Украина басшысының Киевті НАТО-ға қосу жөніндегі талабына және альянстың даму динамикасына жасаған «абсурдтық талдауына» АҚШ президентінің «ызасы келген». Бұл 2021 жылдың қыркүйек айы еді.
Франклин Фоер осынау кездесудің жайын: «Зеленскийдің көңілі қалғаны оның қисынды ойлау қабілетіне көлеңке түсірді. Украина басшысы НАТО-ға кіру туралы өтініштен кейін бұл ұйымның іс жүзінде тарихи жәдігер және ықпалын жоғалтып жатқаны туралы дәріс оқи бастады. Ол Байденге Франция мен Германияның НАТО-дан шығатынын айтты. Шындыққа жанаспайтын абсурдтық талдау Байденнің қытығына тиді», – деп түйіндеді.
Жоғарыдағы кітапқа сенсек, бірінші кездесу қарсаңында Украина мен АҚШ президенттері бір-бірін жаратпаған. Фоердің жазуынша, Ақ үй 2021 жылдың басында «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын салған ресейдің компаниясына қарсы санкцияны алып тастау туралы шешім шығарғаннан кейін Зеленский Байденді әлсіз деп ойлады. Бұған қоса, Украина президенті бұл жобаны Украина экономикасы мен қауіпсіздігінің мүдделеріне нұқсан келтіреді деп есептеді.
Өз кезегінде Байден де Зеленскийді ұната қоймады. Өйткені Украина президенті «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын сынағандардың тағы бірі Техас штатындағы республикашыл сенатор Тед Крузбен жақсы дос болды. Сол кезде Круз Ақ үйдің ұстанымына наразылық белгісі ретінде АҚШ Мемлекеттік департаментіне бірнеше негізгі тағайындауларды Сенаттың қарауына тосқауыл қойды. «Ол мұны түсінді ме, жоқ па, Зеленский бұл трюктың сыбайласы болды, – деп жазды Фоер. – Бұл Байден әкімшілігінің әуесқойлық деп санайтын иісі. Шындығында, Байден де украиндық әріптесі туралы жоғары пікірде емес еді».
Автор Владимир Зеленский туралы немқұрайлы көзқарасын жайып салады. Осылайша Барак Обама президент болып тұрған тұстағы АҚШ-Украина қарым-қатынасын және сол кездегі Байденнің рөлін еске алып отырып, автор бұрынғы вице-президент Байденнің «Украина саясатына Зеленскийге қарағанда тереңірек араласқанын» атап өтті. Ол кезде Байден 78, Зеленский 43 жаста еді, ал АҚШ президенті жасы үлкен адам ретінде «жастық албыртыққа даналық дарытуға тырысты, деп жазады Фоер.
Сондай-ақ, Байден қолдауы үшін АҚШ-қа Украина басшысы алғыс айтады деп дәмеленген. Зеленский болса, керісінше, талап-тілектерін қарша боратқан. Ең бастысы, Украинаның НАТО-ға қосылуы болды. «Тіпті Зеленскийдің Байден әкімшілігіндегі жанашырлары да оның кездесуде сәтсіздікке ұшырағанымен келісті», – деп жазады Франклин Фоер. Оның айтуынша, бұл жағдай болашақта «бұдан да қиын әңгімелер» болатынын көрсетті.
Осы үзінділерге сілтеме жасай отырып, Британияның The Guardian атты басылымы осы үзінділерді келтіріп отырып, «Фоердің бүкпесіз әңгімесі Ақ үйдің белгілі бір дәрежедегі «бас ауруына» айналуы да мүмкін» деп болжады...
Кітаптағы Джо Байден мен ресейдің диктаторы Владимир Путиннің бір-бірін сипаттауы да өзінше қызықты. «Бірде Байден Путинді досына «мектеп оқушысы» деп айтты», – деп жазады Франклин Фоер. Кітапта Байден бір кездері Путинді досына жаман мектеп оқушысы деп сипаттағаны айтылады. Дәйексөзді Politico ұсынған.
Екінші жағынан, кітап авторының айтуынша, ресейлік үгіт-насихаттың Байденді шау тартқан қария етіп көрсетуге тырысқаннан кейін, Ресейдің Украинаға басып кіруіне бір жылдан аз уақыт қалғанда, Путин АҚШ президентінің 2021 жылы Женевада кездесуден бір жыл бұрын кездескен кезде оның сымдай тартылған дене бітіміне таң қалды.
«Путин Байденмен амандасқанда, оның сыртқы келбеті оны таң қалдырған сияқты. «Сіз тың көрінесіз», – деді ол», – деп жазады Фоер. Автордың атап өтуінше, Путин Джо Байденнің қаусаған қария еместігіне қатты таңғалғаны соншалық, Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесудің қорытындысы туралы айтқан әңгімесінде бұл туралы телефон арқылы айтуды қажет деп санаған. «Президент Байденнің жағдайы өте жақсы», - деді ол кезде ресейлік диктатор.
Кітап авторы, бұған қоса, Байденнің Обаманы тиісті интонациямен ант беруге үйрету керек екенін достарына айтқанын жазады. Ол «fuck you» дегенді дұрыс айтуды білмеді – «дауысты дыбыстардың дұрыс созылуымен және дауыссыз дыбыстардың қажетті қаттылығымен». Американың баспасөзі бұл оқиға Байденді орта тапта өскен және зияткерлік элитизмді ұнатпайтын адам ретінде көрсетеді деп болжайды. Болашақта бұл Гарвардта білім алған Барак Обамамен белгілі бір шиеленіс тудырды.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz