Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4534 3 пікір 9 Қазан, 2023 сағат 13:08

Нұрәлі Әлиев «Жаңа Қазақстанға» ұстатпай жүр...

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Өткен жылғы топалаңда жылы жаққа тайып тұрған Нұрәлі содан бері төбе көрсеткен жоқ, қалбырға құйған сынап сынды ұстатпай жүр, - деп жазады DALA INSIDE.

Әлиевке іздеу салынар күн жақын. Оның елге оралғысы келмейтін логикасын түсінуге болады.

Назарбаев кланының жілік майы жұқарып, үзілуге шақ тұр. Әулет өкілдерінің алды тергеліп, істі болуда. Олардың ішіп-жегенін желкесінен шығару процесі ілдебайлап болса да, ілгері жүруде. Әйтсе де, халыққа «қос Қайратты қан құстырдық...» деген аргумент аздық етуде. «Тоқаевтың Әлияға тісі батпай ма?» деген сауал актуалды болып тұр.

Бізге жеткен тағы бір инсайд бойынша Қазақстанның жарты байлығын жамбасына басып жатқан Тимур Құлыбаевтың қазіргі хәлі мүшкіл. Назарбаевтың күйеубаласы Алматыдан ұзап шыға алмайды, оның «невыездной» деген статусы бар. Құлыбаев Қазақстанда қамалып қалғанына қайғырып, ойсоқты боп жүр.

«Жаңа Қазақстан осы арқылы Асқарұлының ең басты активі «Халық банкіндегі» 70 пайыз үлесінің 30 пайызын сатуға мәжбүрлеуде», - дейді арнамыздың дереккөзі.

Айта кетелік, Құлыбаев қаржы институтын «Алмэкс» холдингі арқылы басқарады.

Мұның бәрін көріп, біліп отырған Нұрәлінің жақын уақытта елге оралуы неғайбыл. Назарбаевтың сүйікті немересі өзі иелік ететін «Транстелеком» байланыс операторының осымен үшінші әлде төртінші отырысына қатысқан жоқ.

Оның Қаңтарға дейінгі жоба-жоспарларына шынымен де ғаламат-тұғын. Қаңтарға дейінгі Нұрәлі атасы мен анасының қалқасынан (опекасынан) шығып, әулеттің саяси доминациясын ұзарту миссиясын өз мойнына алуға тас-түйін дайын отырған.

Бұл туралы ескі Қазақстанның ұңғыл-шұңғылына үңілген танымал британ журналисі Жоанна Лиллистің «Қара көлеңке» дейтін еңбегінде егжей-тегжейлі айтылады. Кітапты оқуға ерінсеңіз, «Дариға билікті басып алуды көздеді...» деген КНБ-ның экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың сұхбатын тағы бір шолып шықсаңыз болады.

DALA INSIDE-қа белгілі болғандай «шетел асқан активті қайтару туралы» заң күшіне енгелі Әлиевтың PR қызметі мен шетел лоббистері Нұрәлінің ұнамды бейнесін қалыптастыруға шұғыл кіріскен. Алдымен «Назарбаевтың немересі жабайы табиғаттың жанашыры. Қар барысының қамқоршысы, түз тағысын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан адам...» деген бағытты байқастап көрмек.

Ескі Қазақстанның өкілдерін жауапқа тартпай көңілі көншімейтін қазақ қоғамын мұндай тұзы жоқ, су татыған ақпаратпен алдай алмайсың. Соған қарағанда әлгіндей контент шетелдік аудиторияға арналған сынды. Біздіңше, мұның астарында саяси және қаржылық стратегия жатыр. Әлтуристің образын сомдайтын Нұрәлі осы арқылы шетелдегі активін заңдастыра алады әрі салықтық жеңілдіктерге ие болады.

Әлиевтің бизнес-империясы туралы аз айтылған жоқ. «Unit Telecom» ТОО-сы арқылы «Транстелекомның» 75 пайызына иелік ететін Нұрәлі теміржолдағы баға саясатына ықпал етті. Оператор пойыз билетінің бағасын мың құбылтып, бұдан түскен түсім тікелей Әлиевтың әмиянына ауып отырған. Мұны әдетте афера деп айтады. Компания (25 пайыз үлесі ҚТЖ-ға тиесілі) былтыр өзінің топ-менеджерлеріне 560,9 млн теңге дивидент төлеген.

Бұған дейін Қаржымин Жамаубаев «компания мемлекетке қайта ма?» деген сауалға жауап бере алмай дағдарған еді. Әлиевтің қазіргі тұрғылықты мекені Араб Әмірліктері деп тұспалдаймыз. Астана әкімінің орынбасары болған тұста (2014-2016 ж) Нұрәлі шетелдік инвестицияға жауап берген. Сол жылдары Абу-Дабидың шейхі Әл-Нақаянмен жиі жүздескен Әлиев өзінің Capital Holding компаниясы арқылы Емираттағы жылжымайтын мүлікке инвестицияны үйіп-төкті деуге негіз бар. Capital Holding бертінге дейін даңқты боксшы Геннадий Головкинге демеуші болғанын білеміз.

Ал Сол жағалау әлі күнге «Ескі Қазақстаннан төнетін қауіп сейілген жоқ» есептейді. Бұл туралы алдағы уақытта тарқатып айтамыз.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383