Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4376 0 пікір 19 Тамыз, 2013 сағат 12:23

Жастарымыз жалқау ғана емес, есепшіл болып бара жатқан жоқ па?

Сонымен, жастар күні де өтті. Тойладық. Сосын, ойладық. Болашағынан жарқын жетістік күткен ел жастарынан жақсылық аямайтыны жайлы. Рас, елімізде жастардың, жас отбасылардың жақсы өмір сүрулері үшін жасалып жатқан жағдайлар жеткілікті. Мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. Облыс әкімдіктері жанынан құрылған жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың жұмысы да жансыз дей алмаймыз. Солай бола тұра, жастар арасындағы жұмыссыздық, қылмыс, жаман әдет, әлеуметтік мәселелер әлі де бар. Бұл «Үкімет істесін, тауып берсін, алып берсін» деген ниеттегі масылдық психологияға әбден бой үйретіп алғандық па, әлде бүгінгі ұрпақтың нарық талабына сай еңбек етуге қауқары жоқ әлсіздіктен бе? Есірткіге елітіп, біреудің адал ақшасына қол сұққан ұлымыз бен жеңіл жүрістің соңына түскен қызымызды жақсы адам болмасын деп тәрбиеледік пе? Қай жерден қателік жіберіп алдық? Ойланатын бір сауал – осы.

 

Сонымен, жастар күні де өтті. Тойладық. Сосын, ойладық. Болашағынан жарқын жетістік күткен ел жастарынан жақсылық аямайтыны жайлы. Рас, елімізде жастардың, жас отбасылардың жақсы өмір сүрулері үшін жасалып жатқан жағдайлар жеткілікті. Мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. Облыс әкімдіктері жанынан құрылған жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың жұмысы да жансыз дей алмаймыз. Солай бола тұра, жастар арасындағы жұмыссыздық, қылмыс, жаман әдет, әлеуметтік мәселелер әлі де бар. Бұл «Үкімет істесін, тауып берсін, алып берсін» деген ниеттегі масылдық психологияға әбден бой үйретіп алғандық па, әлде бүгінгі ұрпақтың нарық талабына сай еңбек етуге қауқары жоқ әлсіздіктен бе? Есірткіге елітіп, біреудің адал ақшасына қол сұққан ұлымыз бен жеңіл жүрістің соңына түскен қызымызды жақсы адам болмасын деп тәрбиеледік пе? Қай жерден қателік жіберіп алдық? Ойланатын бір сауал – осы.

 

ҚЫЛМЫС КӨП

Жастар арасында ең көп кездесетін қылмыс түрі – ұрлық. Атырауда соңғы жыл­дары жасөспірімдер арасындағы қыл­мыс көрсеткіші 25,2 пайызға төмен­депті. Бірақ әлі 292 жасөспірім түрлі тәр­тіпсіздік­тер­ге барғандары үшін есепте тұр. Облыс­тық ішкі істер департаменті әкім­шілік поли­ция басқармасы бастығының міндетін ат­қару­шы Мұрат Демегенов тоқ­саннан ас­там жасөспірімнің бейімдеу орта­лығына жі­берілгенін айтады. Кәме­летке толмаған­дар істері жөніндегі комис­сияға жолданған құ­жат саны 38-ге жеткен. Яғни әлі де болса қыл­мыстық жағдай­лар­дың алдын алу ша­ра­ларын күшейте түсу керек. Мұрат Де­меген­ов бұл ретте «ата-аналар комитеті мен әлеуметтік психолог­тердің жұмыстарын жол­ға қою керек» дейді. Мінездері сыр бер­ген, тәртіптері нашар балаларды анықтап, олар­мен арада тәрбиелік жұмыстар жүр­гізгеннің де артықтығы жоқ. Облыс бойын­ша қылмыс­тық жағдай күрделі болып тұр­ған аудан­ның бірі – Мақат. Аудан әкімі Ер­бо­лат Омар­ов бұл мәселені мамандар­дың аздығымен байланыстырады. Қазірдің өзінде Мақаттағы ішкі істер бөлімінде 20 орын бос тұр, мектеп инспекторлары да же­тіспейді.

ЖҰМЫССЫЗДАР ЖЕТЕДІ

«Жалқаулық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса». Бірақ аяқ-қолы сау, күш-жігері тасып тұрған жастың сенделіп жүр­гені жақсы емес.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Клара Мұқашке­реева жұмыссыздар есебінде тұрған 5041 жастың 1375-і тұрақты жұмысқа орналас­қаны жөніндегі деректі келтірді. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органына 10 мыңнан астам адам тіркелген, соның 65 пайызы – жастар. Жастарды жұмыспен қам­туда мемлекеттік бағдарламалардың рөлі үлкен болып отыр. «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасының аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі өтіп тұрады. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру, еңбек тәжірибесін ұйымдастыру секілді бірқатар шаралар тағы бар. Соның өзінде жұмыссыздық мәселесінің шешіле­тін түрі көрінбейді. Басқарма басшысы жастардың мемлекеттік органға тіркеле бермейтінін және ұсынылған қызметтің еңбекақысын місе тұтпайтынын да айта­ды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетов жастар ісі жөніндегі кеңесте осы мәселеге тоқталып, 80 мың  мен 100 мың теңге ара­сын­да еңбекақысы бар ұсыныл­ған жұмыс­ты менсінбейтін жастардың аз еместігіне назар аударған болатын. «Олар кемінде 300 мың теңге жалақы алуды ой­лай­ды. Сондай бір жас жігіт менің қабыл­дауыма келді. Биікке ұмтылу дұрыс та бо­лар, бірақ адам алдымен сол биікке лайық болу үшін тәжірибе жинақтап, білік­тілігін шыңдауы керек. Жұмыс сұрап Президентке хат жазу­ға, әкімнің қабылдауына кіруге асыққаннан бұрын жұмыспен қамтитын тиісті органға барып тіркелгені жөн», – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Атырау облысындағы тағы бір мәселе – Қашаған, Болашақ кен орындарындағы жобалау жұмыстарының аяқталуына бай­ла­нысты жұмыстан қысқарған жастарды қайтадан еңбекке араластыру. Бүгінде 3 мың адамның жұмыстан босағандығы жөнінде мәлімет бар.

КӘСІПКЕРЛІК  КЕМШІН

Мемлекет дамуында маңызды рөл ат­қаратын мәселенің бірі – жастардың кәсіп­керлік саласына келуі. Облыстық кәсіп­керлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұма­ғалиевадан білгеніміздей, бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істер біршама бар екен. «Даму» кәсіпкер­лікті дамыту қорының «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 71 жасқа бағыт-бағдар берілген. Шағын және орта бизнес ме­недж­ментін оқыту жобасына алты кәсіп­кер қатысса, жыл басынан бері 36 кәсіп­кер түрлі салалар бойынша тегін кеңес алыпты. Жастардың кәсіпкерлікке келуіне кедергі болып тұрған жайттар ретінде Лариса Жұма­ғалиева банктен несие алар­да кепіл­дікке салынатын жылжымайтын мүліктің болмауы, кәсіпкер ретінде алты айлық табысын дәлелдей алмауы секілді алғы­шарттарды айтады. Шыны керек, қазіргі жастардың арасында кәсіпкерлік, бизнес дегенді дүкен, сауда орындары, көлік жөндеу орталықтары сынды нысан­дар деп ойлау белең алып кетті. Мал өсі­ріп, егін егу арқылы да  мол табысқа кене­луге болаты­нын естен шығарып алдық. Сол кеңес үстінде аймақ басшысы Жайық жағасын­дағы ауыл жастарын мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды тиім­ді пайдала­нуға шақыру керектігін де айтқан еді.

Жастар мәселесі тек бұл үш тармақтан ғана тұрмайды. Бұлардан бөлек те шешімін күтіп тұрған жайттар баршылық. Қалай болған күнде де жастар мәселесі, олардың көңіл күйі мен ахуалы қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Ертеңін ойлаған ел бүгінін аяласа керек-ті.

Автор: Бақытгүл БАБАШ, Атырау

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321