Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3739 0 пікір 19 Тамыз, 2013 сағат 12:27

Әміржан Қосанов. Мұра және мұрагерлiк

ҚАЗАҚ ҚАУЫМЫ ЕЛ ТАҒДЫРЫНА ҚАТЫСТЫ БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУЫ ТИIС

ҚАЗАҚ ҚАУЫМЫ ЕЛ ТАҒДЫРЫНА ҚАТЫСТЫ БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУЫ ТИIС

Бiз өзi қарама-қайшылыққа толы елмiз. Бiреу тойып, екiншiсi тоңып секiрген елмiз. Ат төбе­лiндей топ “Форбс” журналының миллиардерлер тiзiмiнiң төрiн бермейтiн, ал қалың жұрт екi қолға бiр жұмыс тауып алуға шамасы келмейтiн елмiз.Қараңыз, қандай парадокс: қағаз жүзiнде 2030, керек десеңiз, 2050 жылдар­ға дейiн “даму Стратегиясын” анықтап алған Қазақстанның iс жүзiнде саяси болашағы бұлдыр. Тiптi 2017 жылы не болатынын, кiмнiң Назарбаевтың саяси мұрагерi болатынын ешкiм кесiп-пiшiп айта алмайды. Менiңше, сол айта алмайтынның қатарынан қазiргi президент те табылып қалады, өйткенi саяси шешiм қабылдау механизмi бiзде тым күрделенiп, топтық сипат алып кеткен. Бұған дейiн “саяси шешiм­дердi тек қана елбасы қабылдайды”, “алдымен Құдай, содан кейiн президент бiледi” деп, жалпылама сөзбен құтыла салатынбыз. Және де бұл сылтау қаншама саясаткер мен саясаттанушының еңбегiн жеңiлдете­тiн: әйте­уiр, не болса да, бәрiн президентке ысыра салуға болатын. Ендiгi жерде үйреншiктi жал­пақ­ше­шейлiктен арылып, нақты әңгiмеге көшетiн кез келген се­кiлдi. Сол әңгiменi бастайық.
 
МҰРАГЕР ИЕ БОЛАР МҰРА ҚАНДАЙ?
Кез келген мұрагердiң қолына тиер мұра болады. Бiздiң тақырыпқа қатысты ол мұра – тұтас бiр мемлекет болғалы тұр. Әрине, мемле­кет­тiң сипаты жайында Конс­титуцияда жазылған. Яғни, “демократиялық, әлеу­меттiк, құқықтық және за­йырлы” деп. Бiрақ бiздiң Ата заңның баптары “Хабар” мен “Егемен Қазақстанның” жаңалықтары секiлдi: экран мен қа­ғазда бар да, нақты болмыста жоқ.
20 жыл Тәуелсiздiк iшiнде бiздiң билiктiң қолында орасан зор мүмкiншiлiктер болды! Бiр күннiң iшiнде кешегi Мәскеудiң диктатынан құтылып, жаңа мемлекеттiк құрылым, жаңа экономика, жаңа әлеуметтiк орта, жаңа рухани болмысты қалыптастыруға болатын едi.
Ол мақсат толығымен орындалды деп ешкiм де айта алмайды.
Жо-жоқ, формальды түр­де бәрi өз орнында секiлдi: ел аман, бюджет жыл сайын толығуда, жақсы ма, жаман ба, әйтеуiр, елдiң бiра­зы мем­­лекеттен айлық алып, ал бiразы өзiн-өзi асырап жатыр. Оған да тәубе деп, әңгi­менi доғара салуға болар едi.
Бiрақ классикалық саясаттану тұрғысынан келсек, 20 жыл iшiнде қол жеткен жетiстiктен гөрi, қол жеткiзе алмаған биiктер көбiрек.
Соның бiрi әрi қоғамтану тұрғысынан ең бастысы – құрылған мем­ле­кеттiк жүйе­нiң ешбiр елдегi аналогқа ұқсамайтын формасы.
“Демократиялық” мемлекетте билiктiң үш тармағы бiр-бiрiнен тәуелсiз әрi өкi­леттiгi өзара тең болады. Бiзде ше?
“Әлеуметтiк” мемлекетте әрбiр азамат мемлекеттiң қолдауын iс жүзiнде көре ала­ды. Ең бастысы, әлеу­мет­­тiк жағынан қорғалмаған топтар тиiстi әрi толымды жәр­­демақы алады. Бiзде ше?
“Құқықтық” мемлекетте Заң бәрiнен де жоғары тұрады. Бiзде ше?
“Зайырлы” мемлекетте дәл қазiргiдей әлеуметтiк әрi дiни негiздегi сектанттық пен топшылдық орын алып, оның арты лаң­кестiкке ұласпайды. Бiзде ше?
Сондықтан да бiздегi қа­зiргi мемлекеттiң типi ерекше, ондай форма ешбiр ел­де жоқ деп айтуға болады.
Бұдан бұрынырақ бiз “бiр адам – президент басқарып, қоғам өмi­рiнiң барлық саласы тiзгiнiн өз қолында ұстап отырған” мемлекет деп сипаттайтынбыз. Менiңше, осы жалпыламалықтың да күнi өтiп бара жатыр.
Сонымен бiздiң мемле­кет­тiк құрылымның қысқаша суреттемесi мынадай.
Экономикалық тұрғыдан ол компрадорлық, яғни ұлт­тық емес, шетел капиталының сойылын соғушы олигархия үстемдiк еткен жүйе. Кезiнде бiзге келген шетел­дiк компаниялардың жолы бола қалды: олар оп-оңай табыс табудың екi қайнар көзiне жолықты. Бiрi – Менделеев таблицасындағы бар элементтерден құралған жер байлығы, екiншiсi – бұған дейiн ешнәрсе көрмеген, ашқарақ әрi ұлттық мүдденi сатқыш шенеунiктер.
Әрине, бiзде шағын және орта бизнес те бар. Бiрақ олар жалпыұлттық iшкi өнiм­нiң 20 пайызынан сәл астамын құрайды.
Мұраның басты базисi – қазба байлықтарды сатуға ғана негiздел­ген және де ертеңгi күнi мұнай бағасы күрт төмендесе, банкротқа ұшырауы әбден мүмкiн, заманауи талаптарға тiптi сай емес экономика.
Мұраның қондырмасы – олигархтардың сойылын соққан мемле­кеттiк институттар, азып-тозған мораль, “барып кел, шауып кел” ролiне әбден бейiмделген, халықтың емес, белгiлi бiр ықпалды топтардың мүдде­сiн бiлдiруге дағдыланған партиялардан құралған сая­си орта.
Мораль демекшi. Билiктiң 20 жыл бойы өзгермеуiнiң тағы бiр қиын жағы бар: яғни таққа отырар мұрагер орасан зор мүмкiншiлiктер­ге қоса осы уақыт iшiнде жiберiл­­ген қателiктер үшiн де жауап­кершiлiктi амалсыздан мойнына алады! Ал оның iшiне саяси қарсыластардың қолдан өлтiрiлуi, нақты тұлғаларға жасалған басқа да қиянаттар кiредi.
Әрине, уақыт өте, мұрагер өзi­нiң ол қылмыстарға қатысы болмағанын айтып, ақтала бастар. Бiрақ, қолын мезгiлiнен кеш сермеп қалуы да мүмкiн.
Голливуд фильмдерiнде адамның қанын сорғыш (вампирлер) монстрлар бар. Олар тек қараңғыда ғана өмiр сүре алады, күннiң көзiне түссе, өлiп жатады. Бiздiң саяси жүйенiң болмысын анықтап жатқан олигархия да сол вампирлер секiлдi: олардың өмiр сүру, әрекет ету ортасы – қараңғы құпия, жұрттан жабық ахуал. Соның бiр салдары – қоғамдық өмiрде ашық үлгiдегi демократиялық, топтар мен тұлғалардың тiл табысуына негiзiделген византиялық дәстүрлер үстемдiк етедi. Оның бiр көрiнiсi – әртүрлi сипаттағы өсек-аяңдар. Мәселен, белгiлi бiр тұлғалардың денсаулығы жайындағы ақпарат.
Өз басым жеке саяси тұлғалардың рас-өтiрiк ауру-сырқаты туралы алып-қашпа әңгiмелердi жаратпаймын: менiңше, бiреудiң денсаулығы туралы сырттай тон пiшкен мәдениеттiлiкке жатпайды. Әсiресе, осындай сөздерге шектеу қойып тастаған қазақи сана, ырым тұрғысында. Оның үстiне, осындай долбарлардың ар жағында сүй­кiмсiз мысықтiлеу жатқан секiлдi: жаны ашып, “жазылып кетсiн” деп қамкөңiл болып жатқан ешкiм жоқ.
Бiрақ, өкiнiшке қарай, бiр адамға тiрелiп қалған саяси жүйе жағдайында ең басты шешiмдердi қабылдайтын жеке тұлғаның рөлi мейлiнше маңызды. Ықпалды адамның жеке өмiрi, оның iшiнде, денсаулығы да нағыз саяси факторға айналып кеткен. Сондықтан да билiктегi тегеурiндi тұлғалардың денсаулығы туралы арагiдiк пайда боп қалатын әртүрлi рәуiштегi әңгiмелер бiздi Қазақстанда үстемдiк еткен сая­си жүйенi “денсаулығы” жайындағы үлкен әңгiмеге жетелеуi керек деп ойлаймын...
Ең бастысы мынау: кiм болмасын, ол мұрагер бiр нәрсенi түсiнуi керек: Тәуелсiздiкпен бiрге бас билiкке келген Назарбаевқа деген халықтың 90-жылдардағы ыстық ықыласы мен оның орнына келер мұрагерге деген қилы-қилы көзқарасты тiптi салыстыруға болмайды! Қазiргi қоғамның сана-сезiмi бөлек. Талаптары ерекше. Қазақстандықтар өзге өркениеттi елдерде билiктiң мәдени түрде тып-тыныш ауысып жатқанын көрiп-бiлiп жатыр. Бұл қоғам ендiгi жерде “екiншi Назарбаевты” көтере алмайды!
Мұраның да мұрасы бар. Мен кейде: “осыншама мұраға кiм өз еркiмен ие болып қалғысы келедi екен?” – деп өз-өзiмнен сұрап қоямын. Сөйте тұра дәл жауабын таба алмай қаламын...
 
МҰРАГЕР КIМ БОЛМАҚ?
Бұған қатысты жорамал көп-ақ.
Әрине, ең басты шешiмдi шынымен де президент қабылдайды. Ол тү­сiнiктi. Бiрақ ол тарихи таңдау қабылдайтын қазiргi кезеңнiң өз ерек­шелiктерi бар, оларды елбасы ескермесе, жағдай ушығып кетерi хақ.
Бiрiншiден, бiраз сарапшы династиялық, отбасылық вариантты атайды. Осыдан бiраз уақыт бұрын бiр күйеу бала: “монархия жариялайық!” деп бiр шулатып едi елдi. Оның үстiне прези­денттiң сол туысының қоғамда қандай құбыжық рөл атқарғанын ел ұмыта қойған жоқ әлi. Сондықтан бұл жерде “аузы күйген, үрiп iшедi” прин­ципi орнығып, ондай таңдау сөзсiз қоғамның мықты қарсылығын туғызады. Формальды түрде демократиялық процедураларды қолдайтын шетел қоғамдастығының позициясы да қандай болары белгiсiз: сыртқы саясатта тонның iшкi бауындай достық болмайтынын кешегi Берлусконидiң өзi көрсетiп жатқан жоқ па?
Сонымен бiрге президенттiң өзiнiң тiкелей туысын мұрагерлiкке ұсынуы қоғамда қалыптасып қалған кланаралық жағдайға терiс әсер етуi мүмкiн. Бiрiншiден, ол мұрагердiң өзi белгiлi бiр топтың өкiлi боп шығады да, қал­ған топтар оны қолдамауы ықтимал. Екiншiден, мұндай таңдау сол топтардың “бiздiң арамыздан лайықты адам табылмай қалғаны ма?” деген сипаттағы наразылығын туғызары анық. Және де олар бұндай шешiмдi талай жыл президентке адал еңбек етiп келе жатқан өздерiне деген сенiмсiздiк деп қабылдары хақ.
Келесi әрi бәрiнен де жиi ауызға алынып жүрген жорамал – “президент өз айналасындағы бiр тұлғаны мұрагер етiп қалдырады” деген сөз.
Шынын айту керек, жеке адамның саяси ерiк-жiгерiне негiзделiп қалған жүйе үшiн қисынды болжам.
Әртүрлi адамдардың аты аталуда. Кейде “солар өздерi иелiк еткен БАҚ арқылы өздерiн мұрагерлiкке ұсынып жатқан жоқ па?” деген әсерде қаласың. Бұрын есiмi елге беймәлiм боп келiп, ендiгi жерде БАҚ-тың төрiнен орнын ойып алған әлеуметтiк зерттеу орталықтары қаптап кеттi. Олар да бiр-бiрiмен жарысып, қазiргi шенеунiк­тердiң рейтингiн “өлшей” бастапты. Кейде олар президенттiң өзiнiң түсiне кiрiп-шықпаған пайыздарды иеленiп жатады! Құдды бiр Уильям Теккерей­дiң “Даңғойлық жәрмеңкесi” романының кейiпкерлерi секiлдi. Бiр қызығы сол: рейтингi “сұмдық” шенеунiктiң аты-жөнiн қалдырып, қазiргi қызметiн алып тастаса, оның аспанмен талас­қан рейтингi жермен-жексен боп қалады.
Айтқаным айтқан және мен бұл пiкiрiмнен айни қойған жоқпын: президент көзi тiрiсiнде қазiргi қызметiнен кетпейдi. Менен кейiн күл болмаса, бүл болсын деген наполеондық прин­цип­тi ұстанып, өмiрiнiң аяғына дейiн тағында отырады.
Дегенмен, мынадай сценарий де жүзеге асуы мүмкiн. Президент 2017 жылы сайлауға түспей, кезiнде қабылданған “Тұңғыш президент туралы” заңды iске қосады. Ол Заңда оның мәртебесi аса биiк, мемлекеттiк саясаттың басты-басты мәселесiне тiкелей араласып отырады. Және де ол Заң бойынша ол ешнәрсеге жауап бермейдi, мерзiмдi түрде сайлауға да түсуiнiң еш қажетi жоқ.  
Ал формальды түрде президент ретiнде ол өз мұрагерiн ұсынып, бiраз уақыт бойы кланаралық тепе-теңдiктiң сақталуын қамтамасыз етiп, iзба­сарының қоғамда орнығуына, күш алуына алғышарттар жасауға тырысады.
Осы уақыт iшiнде саяси реформаны жүзеге асырып, Парламент пен Үкiметтiң өкiлеттiктерiн күшейтуге болар едi.
Қайталап айтамын, бұл – көп жорамалдың бiрi ғана. Өйткенi басқа да варианттар бар. Және бiздiң жағдайда Сiз бен бiздiң үш ұйықтасақ түсiмiзге кiрмеген мүлдем адам сенгiсiз жоба, фантастикалық шешiм қабылданып қоюы ғажап емес.
 
МҰРАГЕР ТАҒАЙЫНДАЛМАЙДЫ, САЙЛАНАДЫ
Бiрақ қандай жоба болмасын, ол мынадай бiр шешушi факторсыз толыққанды жүзеге аса алмайды әрi ел iшiндегi тұрақтылықтың кепiлi бола алмайды. Ол – болашақ мұрагердiң тек қана президент пен билiктегi топтардың алдында ғана емес, барша қоғам алдында саяси легитимдiк алуы. Қа­зақша айтқанда: “Мен заңды түрде билiкке келдiм. Сондықтан да менi мойындаңыздар!” – деп, бойын тiк ұстап, ел алдына шыға алуы.
Ал ондай легитимдiктi тек қана әдiл де бәсекелес сайлау қамтамасыз ете алады. Бұл талап онсыз да аса маңызды шаруа саналатын келесi президент сайлауының мәртебесiн аспанға бiр-ақ көтерiп тастайды.
Ол үшiн, кем дегенде, үш басты талап орындалуы тиiс.
Бiрiншiден, президенттiң мұрагерi саяси қайраткер ретiнде қоғам танып-бiлген, оның бiршама бөлiгi тұлға ретiнде мойындап, сайлау кезiнде нақ­ты түрде қолдайтындай үмiткер болуы тиiс. Өз болашағын олйайтын ел оның тек қана қазiргi президенттiң өзi қалаған биiк мәртебесiн мiсе тұта қоймасы анық: жұрт одан саяси дербестiк пен мiнез талап етедi, “мен Нұрекеңнiң адамымын” деген уәж мүлдем жеткi­лiксiз әрi күлкiлi.
Жұрт мұрагердiң аты-жөнiне қарап қоймайды, оның не iстеп, не қоятыны туралы бағдарламасын күтедi. Мұндай сын сағатта жалпылама түрдегi “Пре­зиденттiң iсiн жалғастырамын!” немесе “2050 Стратегиясының аясында қыз­мет етемiн”” дей салу – жеңiлу­мен пара-пар.
Ел басқаруға қажет жалпыға белгi­лi қасиеттерiмен бiрге онда постназарбаев кезеңiнде қоғамның басты қозғаушы күштерiн шын мәнiнде өз маңайына топтастыра алатындай орасан зор саяси әрi адами кеңдiк болуы шарт. Керек десеңiз, осы қасиет бүкiл Қазақстанның ертеңгi тұрақтылығының аса маңызды кепiлi болмақ.
Президенттiң маңайында осындай жалпыұлттық әлеуетi бар тұлғалар бар ма? Қиын сұрақ, өйткенi қазiргi бiздiң бiр адамға – қызметтегi президентке ғана бағышталған бүкiл мемлекеттiк саясат ол кiсiнiң маңайында жарық жұлдыздардың пайда болып, қалыптасуына еш мүмкiндiк бермей келедi. Қылт етiп бас көтерiп, көзге түскен­дер­дiң тағдыры қандай болғанын көрiп келемiз: атылды, сотталды, шетел асып кеттi, басқаша формада тұқыртылып тасталды. Менiңше, ұзақ жыл бойы орын алып келген осы терiс саясаттың “жемiсiн” билiк ендi көрiп жатыр. Және де оны тез арада түзеуге бола ма, болмай ма, белгiсiз.
Әрине, кешегi Ельциннiң iзiмен бұрын ешкiмге де белгiсiз боп келген қазақстандық “полковник Путиндi” бiр сәтте өз орнына қалдыруға да болар ма? Бiрақ 1999 жылғы Ресей мен 2013 жылғы Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалды, толып жатқан объективтi әрi субъективтi факторларды қатар қоюға болмайды. Бәлкiм, 14 жыл бұрын “кремльдiк сценарий” бiзде де жүзеге асып кетуi мүмкiн бе едi. Бiрақ қазiр ол тiптi де орынсыз әрi, шынын айту керек, қауiптi.
Екiншiден, мұрагер өзiн толыққанды заңды сезiнуi үшiн ашық та әдiл сайлауда шын мәнiнде президенттiкке лайық саналатын қарсыластарды же­ңiп шығуы тиiс. Ендiгi жерде қолдан жасалған, халықтың етi үйренiп, тiптi жиiркенiштi боп кеткен жасанды үмiт­керлер тiптi жарамсыз. Оларды жеңген мұрагердiң арты қуыс боп қалады, ол Ақордада тыныш отыра алмайды.
Мысалы, мына тұрған Ресейдi алайық. Мәскеудiң мэрiн сайлау нау­қаны басталды. Қазiргi дуанбасы Собянинге қарсы шығатын лайықты үмiт­кер болмағандықтан Кремль 5 жыл түрмеге жапқан Навальныйды келесi күнi өз қолымен босатып, сайлауға қатысуына мүмкiндiк берiп отыр. Қанша авторитарлық болып саналса да, Кремль Собяниннiң осы сайлаудан мейлiнше лайықты өтiп, легитимдi басшыға айналуына мүдделi. Әйтпесе, ол жақта да бiздегiдей “кезекшi” кандидаттар жетiп жатыр емес пе?!
Және де Путин мұндай қадамға Мәскеу секiлдi аса iрi мегаполисте Кремльдiң саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып жүрген миллиондар бар екен­дiгiне қарамастан барып отыр. Бұл деге­нiңiз “нағыз ле­ги­тимдiк” де­­генге Мәс­кеу қаншалықты мән бе­рiп отырғандығының жарқын кө­рi­нiсi.   Керек де­­­­се­ңiз, кеше ғана На­валь­ный­дың өзi “жү­лiктер мен ұры-қарылардың пар­тия­сы” деп ма­зақ еткен “Еди­­ная Рос­сияның” өзi оп­позиционер­дi қолдап қол жинап беруге мәж­бүр болды. Мi­не, саяси ерiк-­жiгер деген қайда жатыр!
Осы орайда соңғы кезде ырду-дырдуымыз көбейiп кеткен бiздiң, Қазақстан оппозициясының да алдына жаңа талап қойылмақшы: ертең билiк барлық мүмкiншiлiгiн бiр үмiткердiң маңайына топтастырып, өз сценарийi бойынша сайлау өткiзбек боп бiлек сыбана кiрiскенде бiздiң тактикамыз қандай болмақ?
ҚПК мен “Азат” партияларының тағдыры екiұшты әрi қиын халде. ЖСДП-ның қазiргi басшылығы бiрегей “ЖСДП-Азат” партиясының болашағына обал жасап кеттi. “Алға” партиясы сот шешiмiмен жабылды. Оппозициялық алаңға партиялардан да өткен белсендiлiк танытып, жаңаша идеялар мен заманауи технологияларды пайдалана бастаған партиялық емес күштер келе бастады.
Мiне, осыншама алуан-түрлi күштер мен тұлғалар ертең, шешушi сәтте бiрегей үмiткер ұсына ала ма, жоқ па?
Оппозиция атын жамылып, билiктiң шылауында жүрген кейбiр партия өкiлдерi ертеңгi күнi билiкпен сепараттық келiсiм жүргiзiп, алдағы президент сайлауына “бәсекелестiк”, “демократиялық әрi заңды” сипат беру үшiн жұмыс жасамауына кiм қазiр кепiлдiк бере алады?!
Мiне, оппозиция iшiнде соңғы кезде жүрiп жатқан қиын процестерге осы тұрғыдан да жiтi қарап, тиiстi қорытынды шығаруымыз керек сияқты.
Бiрақ ол – өз алдына бөлек бiр әңгiме. Оның да уақыты келе жатар...
Әмiржан ҚОСАНОВ
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320