Әзіз НЕСИН. Әкім сайлау
Көзілдірікті: Кәне, бүкпей, бұқпай айтыңдаршы, қаланың қазіргі әкіміне қайсың ырзасың?
Мұртты: Түк те ырза емеспіз!
Көзілдірікті: Неге?
Мұртты: Өй, нағыз есуас, жарыместің өзі екен!..
Көзілдірікті: Одан бұрынғысы да оңып тұрған жоқ еді...
Мұртты: Әй, осы орынға отырғандардың оңғанын көргем жоқ.
Көзілдірікті: Өзімізге де обал жоқ. Бұдан былай ең ақылды, ең есті, ең елеулі біреуді екшеп, елеп алмасақ, алданғанымыз алданған!
Мұртты: Өзімізден дейсің. Немене, бұрынғыларды Алланың өзі көктен түсіріп пе еді? Олар да алғашқыда ең ақылды, ең есті, әлгі, немене еді... ең елеулі болатын. Келе-келе құдайын танымай кеткені болмаса...
Көзілдірікті: Жә, жарайды, өткен өтті, кеткен кетті. Енді кімді таңдап, кімді қалаймыз, соны айтайық та?!
Мұртты: Талқанбай ше?
Көзілдірікті: Ойбай, болмайды! Талқанбай дегенше Талтаңбай десеңші оны. Ертең танауы таңқиып, аузымызды аңқитып кететін сол!
Мұртты: Қалқанбай ше?
Көзілдірікті: Ойбай, атай гөрме ол пәлені. Күні ертең Қалтабай болып шыға келмесіне кім кепіл?!
Мұртты: Онда, онда... айтпақшы, анау Шортанбай ше?
Көзілдірікті: Кәне, бүкпей, бұқпай айтыңдаршы, қаланың қазіргі әкіміне қайсың ырзасың?
Мұртты: Түк те ырза емеспіз!
Көзілдірікті: Неге?
Мұртты: Өй, нағыз есуас, жарыместің өзі екен!..
Көзілдірікті: Одан бұрынғысы да оңып тұрған жоқ еді...
Мұртты: Әй, осы орынға отырғандардың оңғанын көргем жоқ.
Көзілдірікті: Өзімізге де обал жоқ. Бұдан былай ең ақылды, ең есті, ең елеулі біреуді екшеп, елеп алмасақ, алданғанымыз алданған!
Мұртты: Өзімізден дейсің. Немене, бұрынғыларды Алланың өзі көктен түсіріп пе еді? Олар да алғашқыда ең ақылды, ең есті, әлгі, немене еді... ең елеулі болатын. Келе-келе құдайын танымай кеткені болмаса...
Көзілдірікті: Жә, жарайды, өткен өтті, кеткен кетті. Енді кімді таңдап, кімді қалаймыз, соны айтайық та?!
Мұртты: Талқанбай ше?
Көзілдірікті: Ойбай, болмайды! Талқанбай дегенше Талтаңбай десеңші оны. Ертең танауы таңқиып, аузымызды аңқитып кететін сол!
Мұртты: Қалқанбай ше?
Көзілдірікті: Ойбай, атай гөрме ол пәлені. Күні ертең Қалтабай болып шыға келмесіне кім кепіл?!
Мұртты: Онда, онда... айтпақшы, анау Шортанбай ше?
Көзілдірікті: Апырай, саған адам жақпайтын болды ғой! Ойдағыны да, қырдағыны да айтып тауыстым, енді кім қалды? Әп-бәрекелді, таптым-таптым! Қалай бұрын есіме түспеген десеңші?! Масылбай! Масылбай! Иә, иә, дәл соның өзі! Кәне, бұған не дейсің?!
Мұртты: Әй, қайдам, аты анау болғанда, затын кім білсін?!
Көзілдірікті: Түһ, сен де бір!.. Атында нең бар-ай? Өзіңнің атың оңып тұрғандай!
Мұртты: Е, мен әкімдікке ат жарыстырып, бақ таластырып тұрғам жоқ қой әлгілердей?..
Көзілдірікті: Әй, болды. Көп сөзді қояйық та сол Масылбайға тоқтайық. Өзі бір тойған қозыдай моп-момын, тап-таза адам. Сойған түлкідей зымияндардан құдай сақтасын.
Мұртты: Әй, дұрыс айтасың, ана... бұрынғыларға қарағанда мына Масылбайымыз бірқос тәуір. Тәуір ғана емес – адал, білгір, сыпайы, жомарт.
Көзілдірікті: Е, бәсе, саған да адам жағады екен-ау! Бірақ, сол Масылбайдың өзі бұған не дер екен? Келіспей кергіп жүрмесе.
Мұртты: Одан өзге адамның ауызға түспей тұрғаны. Не де болса көндіру керек!
Көзілдірікті: Иә, көндіру керек! Көндіру керек!
***
(Екеуі бәтуаласып, Масылбайдың алдына барады).
Көзілдірікті: Масеке, ақылдасып, мақұлдаса келе Сізді ел-жұрт болып қаланың әкімдігіне сайлауға ұйғардық. Халқыңыз бір ауыз рұхсатыңызды алуға мына біз – екеумізді жіберді.
Масылбай: Астапыралла, ойбай-ау, не деп отырсыңдар?! Немене, келемеж еткілерің келе ме?
Мұртты: Ойбай-ау, Масеке, анау шемішке шенеуніктерден сіздің қай жеріңіз кем?! Он екі мүшеңіз сап-сау әрі түп-түгел!
Масылбай: Он екі мүшесі несі, әкімі несі? Екеуінің бір-біріне қандай қатысы бар? Айттым ғой, сендер мені не орға, не көрге итергелі келіп отырсыңдар...
Көзілдірікті: О не дегеніңіз, Масеке-ау! Сізден артық осы маңайда кім бар? Сіз ақылдысыз, Сіз білгірсіз, Сіз ілгірсіз. Сіз...
Масылбай: Жо, жоқ... айта көрмеңдер! «Тек жүрсең – тоқ жүрерсің» деген. Әсіресе, мына заманда...
Мұртты: Жә, Масеке, ел алдындағы парыз-қарызды ұмытпаңыз! Халық қалап отырса, қайда барасыз? Әрі-беріден соң бұл мемлекеттік маңызы бар мәселе. Білдіңіз бе?! Бізді халық жіберіп отыр, ойланыңыз!?
Масылбай (ойланып): Ойпырмай, болмадыңдар-ау, тіпті... Қайтсем екен, ә? Жарайды, көнейін. Бірақ, бір шартым бар.
Көзілдірікті, Мұртты (қосарланып): Айтыңыз, бөгелмеңіз?
Масылбай: Айтсам, шартым мынау: жандайшап-жарамсақтарды ит етінен жек көрем. Бұл – бір. Менің атымды аспанға шығарып мадақтау деген болмасын. Бұл – екі. Маған бола жайылған ағыл-тегіл дастарханның да керегі жоқ. Бұл – үш. Осы үш шартты орындаймыз десеңдер ғана әкім болуға келісім беремін. Әйтпесе...
Көзілдірікті: Әміріңізге құлдық, Масеке, бәрін де орындаймыз!
Мұртты: Әй, аз-заматым-ай! Жігіттің сұлтаны, жылқының тұлпары осындай-ақ болсын да!
Көзілдірікті: Жаса, жаса! Масылбай біздің осындай!
***
(Сонымен не керек, сайлауда Масылбай жеңіп, қала әкімі болады).
Масылбай (кеңсесінде): Айттым ғой, көпірме құттықтаулар мен лепірме лебіздер көбейеді деп. Кәне, не деп сайрайды екен менің халқым:
«Аса құрметті Масылбай! Сен халқымыздың ең елеулі де қалаулы перзентісің. Әкімдігің әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, одан әрі шөпшекке... жалғассын! Абыройың алға ассын! Әумин!».
Масылбай: Дуалы ауыз ақсақалдарымыздың бірі болды ғой. Нағыз тісқаққан әрі іштартқан жақыным екені көрініп тұр... Ал мынаусы не дейді екен:
«Қадірлі Масылбай Мадақбайұлы! Қаламызда Сізден асқан кім бар?! Өз орныңызды енді таптыңыз, ең кемінде он жыл отырыңыз! Өзіңіздің Пәленше Түгенше ініңіз».
Масылбай: Әй, жылпос неме, әй, жылтыр неме! Қалай-қалай сілтейді-ай? Өзіңіздің...
(Есік қағылады).
Көзілдірікті: Масылбай, жо-жоқ кешіріңіз, Масеке, құттықтап, былай, қолыңызды қысайын деп...
Масылбай: Ойбой-ау, неменесіне әуре болдыңыз?..
Мұртты (ол да сығалай кіріп): Айтқанымыз келді, дегеніміз болды, Масеке. Құдай оңдап, біз қолдап дегендей...
Масылбай: Рахмет, рахмет сіздерге. Жә, жарайды, біреу-міреу...
Көзілдірікті, Мұртты (қосарланып): Айтпақшы, Масеке, Сізге халқыңыз жіберіп еді екеумізді. Былай, әкім болуыңыздың рәсімін өткізейік деп... дастархан басында...
Масылбай (қабағын түйіп): Кешегі шартым...
Көзілдірікті: Амал жоқ, Масеке, халқыңыз солай ұйғарып отырса не істейік енді.
Мұртты: Жамағаттың өзі қалап жатқан соң солай болады-дағы.
Масылбай: Апырай, ә, бармасқа амал жоқ десеңдерші?!
Көзілдірікті: Солай, солай. Бүгін де, ертең де сол халықпен жұмысыңыз жүреді ғой, Масекем...
Мұртты: Халқыңыздың басында да, қасында да бола бергеніңіз жөн ғой, Масекем...
***
(Арада жарты жыл өтеді).
Көзілдірікті: Әкім асқынып кетті. Құдайын ұмытты!
Мұртты: Әкімдікке сайлаймыз деп басымызға бәле сатып алған өзіміз емес пе?
Көзілдірікті: Сұмдық! Масылбайдың озбырлығы бұрынғылардан он есе асып түсті!
Мұртты: Менменсуін қайтерсің! Аспанды жалғыз өзі тіреп тұрғандай! Өй, шірік неме!
Көзілдірікті: Бәрінен де өзіңдікінің өзекке тепкені жаман екен. Кешегі шөмиген шөженің бүгін қоқиған қораз болып шыға келгенін қайтерсің?!
Мұртты: Ойбай-ау, біз... мына біз емес пе едік оны әкімдікке сайлаған, елдің аузын байлаған, ә?! Енді келіп...
Көзілдірікті: Әй, өзімізге де обал жоқ, басқа адам құрып қалғандай...
Мұртты: Осы сен «Масылбай, Масылбай» деп болмаған. Сол неменің атынан-ақ түңіліп едім о
баста!
Көзілдірікті: Жә, енді не істейміз, соны айтсаңшы? Кезектегі сайлауға дейін мына немеден қалай құтыламыз? Осындайда сенің бір тауып кететінің болушы еді ғой?
Мұртты: Ойбай-ау, ол дегенің оп-оңай-ақ емес пе?! Оның орны – анау анау... жындыхана! Жатсын соған барып! Бәрінен де жұрағатты былай қойып, үй-жайын мұрағатқа айналдырып алғанын көрмейсің бе, малғұнның!..
Көзілдірікті: Анау қала алаңының қақ ортасына өз ескерткішін орнатам деп жүрген көрінеді ғой ол сабазың?..
Мұртты: «Тауықтың түсіне тары кіреді» деген. Ой, шікін-ай!..
Көзілдірікті: Нақұрыс болмаса, өсте ме?
Мұртты: Нақұрыс дейік, нәкәс дейік, одан қайтіп құтыламыз енді? Соны айтсаңшы?
Көзілдірікті: Әлгі, өзің айтқан... жындыханаға бір-ақ тықпаймыз ба?
Мұртты: Қалай? Қалайша, Қайтіп?
Көзілдірікті: Е, ол дегеніңіздің осы заманда нешеме түрі бар емес пе?! Менің бір мықты дәрігер досым бар...
Мұртты: Бұл жолы абайламасақ болмайды. Тағы да опық жеп қалармыз. Өткен-кеткенге түфәй күйсін! Осы жолы қателеспейікші, жарай ма?
Көзілдірікті: Дұрыс! Бопты! Қайдағы біреуді сайлағанша, былай өзіміздің адамды...
Мұртты: Иә, өзіміздің адамды... Кеттік, ендеше!
Көзілдірікті: Кеттік!..
Аударған Исраил САПАРБАЙ