Қытай сапары: Президент кімдермен кездесті, қандай шараларға қатысты?
Кеше, қазан айының 16-сы күні, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенсек, сапар екі күнге созылмақ.
Сонымен, Мемлекет басшысы Қытайда не істеп жүр, дәл осы сәтке дейін кімдермен келіссөз жүргізіп, қандай шараларға қатысты? Біз қолда бар деректерге шолу жасап көрелік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, яғни қазан айының 17-сі күні, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз басында Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті.
Президент жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
«Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚХР Төрағасы шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады. Мемлекеттер басшылары бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстарға жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы экономикалық даму саласындағы алмасу және ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім;
3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы «Тачэн – Аягөз» теміржолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім;
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттама.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізгеннен кейін өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.
Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталып, энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар Әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударды.
Президент ғұлама ғалымның еңбектері әрдайым өзекті, мән-мағынасын жоғалтпайтынын атап өтті
«Оның шығармалары – әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына қосылған құнды қазына. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндерінің жаһандық тізіміне енгізілді. Біз 2020 жылы осы мерейтойды ерекше атап өттік. Халықаралық ғылыми симпозиумдар, конференциялар ұйымдастырылды. Монографиялар мен жинақтар басып шығарылды. Деректі фильмдер түсірілді. Мұның бәрі Әл-Фарабидің еңбектерін терең түсінуге мүмкіндік береді, оның мол мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашады. Енді Қытай ғалымдары мен жастарына философ жайлы бірқатар ғылыми еңбектер қолжетімді болады. Осы құнды деректермен, ең алдымен, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің оқытушылары мен студенттері таныса алады. Бұл – қуантарлық жайт. Мен де кезінде осы оқу орнында тура қырық жыл бұрын білім алдым. Сондықтан бүгін Әбу Насыр Әл-Фарабидің мүсінін ашу – мен үшін зор мәртебе, – деді ол.
Президент бұдан соң Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті.
Мұнан соң Мемлекет басшысына университетте оқыған кезіндегі өзінің архив құжаттарын көрсетті.
Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш шарадан соң SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдады.
Әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қазақстан мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.
«Біз компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ еліміздің мұнай-газ саласына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сіздің кәсіпорныңызбен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз әрі Сіздің компанияны Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп санаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді.
Бұдан бөлек, кездесуде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ аталған бағытта заманауи технологияларды қолдануға қатысты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Ел президенті бүгін YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны да қабылдады.
Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JDcom секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Әңгімелесу барысында Президентке Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отырғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл уағдаластық «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою аясында бекітіледі.
«Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Сіздің компанияңызбен өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін зор мүмкіндігіміз бар. Бүгінде электронды коммерция – экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан салаларының бірі. Әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 7 триллион доллар қаржысы осы саладан құралады. Қазақстан электронды коммерцияны дамытуға айрықша мән береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Йу Хуэй Дзяо Мемлекет басшысына компанияның Қазақстандағы негізгі жобасы туралы баяндады. Атап айтқанда, кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғарытехнологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр. Мұндай инфрақұрылым тауарды жедел өңдеп, оны Еуропа Одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдеріне шығаруға оңтайлы жағдай жасайды. Ал интеллектуалды IT-шешімдерді енгізу логистика процесін толықтай автоматтандыруға мүмкіндік беріп, электронды коммерция тауарларының кеденнен жылдам өтуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.
Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.
«Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, кездесу барысында инвестиция және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Қазақстан Президенті CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцайды қабылдады.
CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесу барысында машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бір белдеу, бір жол» форумы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылатыны жайында баяндалды. Аталған құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылған.
Президент еліміздің озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның осы мақсаттарға 200 миллион доллар инвестиция құю ниетін құптады.
– 20 жыл бойы Сіздің корпорацияңыз елімізбен табысты ынтымақтастықта жұмыс істегені қуантады. Осы жылдар ішінде Қазақстан компаниядан 300-ге жуық жолаушылар вагоны мен локомотивтерді, сондай-ақ 6 мың жүк вагонын сатып алды. Қазақстанда компанияның өнімдері сапалы екенін көрсетті. Біздің серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге барлық мүмкіндік бар екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Сунь Юнцай Қазақстанның CRRC компаниясына көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, кәсіпорын Қазақстан нарығында қызмет еткен 20 жыл ішінде өзара тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілген.
CRRC Corporation Limited корпорациясы әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады және әлемдік локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызы Қытай компаниясына тиесілі.
Келіссөздер мен кездесулер жалғасып жатыр. Біз алдағы уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай сапары жайлы сараптамамызды оқырман талқысына ұсынатын боламыз.
Abai.kz