Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2660 0 пікір 27 Қазан, 2023 сағат 12:29

Ажалдың түсі

Әңгіме

«Кетік» оралуыңмен. Біз әлі кез­десеміз…»
Осы басы тілек, соңы ызбарлы да ызғарлы сөзбен сиырқұйымшақтана созыла аяқталып, басқасы табылмағандай, жылан қабыршақтанған қатырма қағазбен жеткен хабар көңілін қаузағалы үш-төрт күн. Мұнда, түстіктегі «Н» қаласына келгеніне де сол шама. Біраз уақыты жолда өтті. Бір кез­де көңіл жарасып, келе-келе аралары суысып кеткен мұңлығымен қайта табысқан сыңайлы еді. Оның да кеуілі мына суық та сұғанақ, іш тартты қағаздан қалып тұр. Обалы не керек, әзірше, сыр білдірмеген кейіп танытқанмен, әліптің артын баққан түрі бар. Онысын өзі жасырғанымен мұң толы жанары мен мұндалайды. Сосын, бұдан 7-8 жыл бұрынғы лақап атын есіне түсіруіне не жорық?.. Болары болып, бояуы сіңді емес пе? Жіберген қателігі үшін ең жақсы, барынша албырт та асау жастығын беріп, бәрімен, барымен есеп айырылысқан жоқ па? Мыналарына жол болсын?! Құрығанда аты-жөн, жөн-жосықтарын көрсетсе етті. Ол да беймәлім. Тағы да, сондағыдай әуенге салып, от бастырмақшы ма? Жоғалтып тапқан, енді айырылмастай болған Алмасының жан толқынысының мұң болып көзіне ұруының да сыры осында. Болмаса, бір түскен суға қайта түскендей күй кешу кімге абырой. Мұны да түсіну керек, түсіну… Ішкі қыжылын сыртқа тептіре алмады. Тептіре алмайтын. Өйткені құшағында жатты, ол.

Апырай, түрмеден шыққаны болмаса, мұнда тартқанын ешкім білмесе керек еді. Әлде ана камералас ант атқан Әмірдің ісі ме? Болмаса, ши қайдан шықты. Білініп-сезілместей із жасырған сияқты еді. Қалай болғанда да қиын, қи-е-ен! Енді сақ болу керек. Милицияға есепке тұрғанына да көп болған жоқ. Бар болғаны үш-ақ күн. Онда да сол Алма арқылы, соның беделді-бекемі арқылы. Соңы өзінің екі бөлмесіне де тіркеген сол – Алма. Бұл болса оған қасірет-қайғыдан басқа не тарттырды дейсің… Екеуінің арасындағы кез­дескеннен бергі жаздың ұзақ күн, қысқа түніндегі нұрлы болашақ, бақытты отбасы-ошақ қасы, бала-шағалы ғұмыр кешу жайлы сырласып, қабірстанға дейінгі махаббат туралы ант-су ішулері албырт алып-ұшпадан ада жастарына қарамай өзінше бір әңгіме.. Жоқ, болмас, бір жағына шығу керек. «Болсам болып, болмасам бордай тозуым» да өз қолымда. Қасындағы төсектес Алманы құшырлана қысып, ұз-а-ақ сүйді. Бүгін көргендей. Ол да әлденеге алаң, алақат көңілді жігіт, сүйгенінің бір шешімге келгенін сезгендей жүрегіне жүрегін, ерініне ернін тақап: «Мен саған сенемін. Қатеден соң қателік жібермейтініңді білемін» дегендей болып көрінді, оған. Олай демеген де шығар бәлкім, бірақ оның әрекетін Алмат солай қабылдады.

Көзін ашып, Алманың орнын сипағанда, төсек суып қалыпты. Қашанғы әдетінше сергек, сезімтал. Өзінің де бір кез­де жастықпен жіберген қателігін түсінетін тәрізді. Бұл да оны бетіне салық қылған емес. Бір-бірін іштей, қас-қабақпен түсініседі. Спортшыға тән әдетімен төсектен жеңіл көтеріліп, жүре киініп асханаға беттеді. Алма да қарсы шыға берді. Қиналғанына қарамай қимастығына басты. Еркелей келіп, мойнына асылды. Осыдан пәлен жыл бұрын да дәп осындай болатын. Екеуі таңғы тамаққа сол ұғысқан көңіл, таза пейілмен отырды.

– Алма, бүгін мен жұмыс қарастырайын. Қамалып отыра бергеннен не шығады. Ескі тамыр-таныстар кез­дессе қызмет сұрармын…

– Мен де іздестіріп жатырмын ғой. Үш-төрт күн бұрын бір мектеп бокстан жаттықтырушы керек дегендей болған. Солармен хабарласармын, – деді Алма оның сөзін іле. Көмейіне кептелген «ескі тамыр-таныс» туралы қоя тұрсайшы деген сөзді Алматтың көңілі үшін бүгіп қалды.

– Айтпақшы, бүгін Талғаттың туған күні, соған барамыз. Кешікпе. Ж..о..оқ, қашқалақтама. Бірге барамыз. Жұртпен «мысық-тышқан» ойнағанымыз жетеді. Кеудемізді тік ұстап, көшеде қатар жүріп, той-томалақта ашық-жарқын қатар отыратын уақытымыз келді, – деді сөзін жалғастыра. Ойын анық та, ашық жеткізсем деген асығыстықтан ба, өзі де толқып кетті.

Бұрын бас-аяғына жаяу-жарым шыға салатын қаланың қолтығы сөгіліп, өрісі кеңейіпті. Биылғы жаз да жарылқап тұрған сыңайлы. Қалыңдыққа келген қоржынның ауызы сөгілгендей айналаны жасыл-ала бояу көмкерген. Өзінің жасыл қала атына сай кескін-келбет танытқандай. Орталық көшенің екі жиегін әдіптей ағып, ағылған көлікті, көліксіз жұртпен жарысқан арық суы да көз толтырып, көңіл қытықтайды. Қаланың тігінен де, көлденеңінен де қанат жайғаны көрініп-ақ тұр. Түстіктің ең көрікті «А» мен «Н» қаласын тел еміп өскен Алматқа бұл да жаңалық. Алып Алатау етегіндегі «А» қаласында туып, ес біліп, етек жиған шаһары – шым қала «Н». Екеуін де бес саусақтай біледі. Екеуін де бірдей сағынады, екеуін де бірдей ұнатады. Негізгі ұсталып, түрмеге отырған жері – А». Оның қос қалаға да кінә артар жөні жоқ, өзі айыпты. Мына етек-жеңді қалада оны біліп жатқан кім бар дейсің! Әлгі құпия, жұмбақ қағаздың жан жеп, жүрек жаншығаны болмаса. Өзін қойшы, Алмаға ауыр.

Қағаз демекші, оның иесін қайдан іздеген жөн. Базар… Вокзал… Монша… Сырахана… Бұлардың қай-қайсысы да оның сыбайластарының құжырасы.
Қазір не көп, базар көп. Жұрттың бәрі саудаға араласып, көшеге шығып кеткен көрінеді бұған, бүгінде. Айналдырған 7-8 жылдың ішінде халық қатты күйзеліп кетіпті. Қайыршылар да қара көбейткен. Олардан тиын-тебенін аямайтын жұрт бүгінде қаша, көз тайдыра қарайтын болыпты. Бұл әділетсіздікті қойсайшы. Бұрын өзі де күшіне сенетін. «А» қаласындағы екі иінін жұлып жеген, ұр да жық талай жігіттердің мысын басып, алдында құрдай жорғалаттырған да өзі еді. Бүкіл екі қаланың көксойылдары бұл не десе ішкен астарын жерге қоятын. Соны біліп, сезетін әкесі ұрысқанда, атасы марқұм «Әй немереме ұрыспа, алдымен өзіңнің кім болғаныңды біл» деп шаң жуытпайтын. Сөйткен атасы да өтті. Иманды болғырдың өлгенін былай қойғанда, кеше қайт­қанда басына да бара алмады. Өтерде немеремді көре алмадым-ау деп үзіліпті. Атасы: «Пәниден бақиға дейін сынық сүйем ғана. Адамды ауру алмайды, ажал алады», – дейтін. Сол шіркіннің түсі қандай өзі? Үзіліп бара жатқан атасының жүзінен де көріп қалмады. Көре де алмайтын. Түрмеде отырды. Неге екенін қайдам, өте берістегі маңдайшасында үлкен әріптермен екі тілде «Шаштараз» деп жазылған еңселі де жарық үйге кіріп, айнаға қарағысы келді… «Алдымда екі ғана жол; бірі баяғы әуен – күш көрсетіп, күн көру, әлдебіреудің жетегінде жүріп, әлдебіреуді жетегінде жүргізу; екіншісі – Алманың етегінен ұстап, дұрысы Алманы етегінен ұстатып бақытты өмір сүріп, үйлі-боранды болу» дегенді де осы тұста ойлап үлгерді. Сол-сол-ақ екен, өңінен әлдеқандай салқын леп есіп, реңі солғын тартып, ақсорланып шыға келген секілді.

Ішінің ыстығын, оқыс көтерілген көңілінің алабажақ, ақшаң алып ұшпасын салқын сырамен басқысы келді.

Бүгінде қаланың қалтарысында не көп арақ, сыра сататын құйрық басты, табан тіретер жер көп. Солардың бірі бұрын өзі білетін, орталық базар жанындағы «Кабакхана» еді. Бәрі солай атайтын. Бұзып тастамаса соған барғысы келді. Отырғанға дейін сан барып, сан мәрте шаңын қаққан жері. Сыралғы. Бар болса қазір де жатсына қоймас. Әлгі қаңбақша қалбалақтаған, ақсөңке қаңқа секілді қауқарына қарамай білдей «Кабакхананы» жатқызып тұрғызатын әзербайжан шал тірі ме екен, өзі. Оның сыртында жігіттері тұратынын жұрт та білетін. Бірақ өзіне келсе олар түкке татымайды. Қайта олар мұның қала көксойларының арасында қаншалықты беделді екенін біліп, алдында құрдай жорғалайтын. Шалға да соны үйретіп қойған. Әккі шал бұл келеннен:

– Ә, «Кетік» (еркелеткен түрі) келдің бе? Жоғарыла, жоғарыла! Әй, нояндар, «Кетікке» қызмет етіп жіберіңдер, – деп қалбалақ қағатын. Содан «кетік» атанып кетті. Не болса да о бастағы ойы, із кесуді осы сырахана, бұрынғыша айт­қанда, «Кабакханадан» бастағанды жөн көрді. Бұл аяқ асты шешім еді.
Жоқ бұзылмапты. Қайта заманына лайық жөндеуден өткен секілді. Бастапқы әсерден именгендей табалдырық атаса да, есін тез жинап алды. Алдымен көзге ұрғаны бұрынғыдай кезек жоқтығы. Адамның қарасы да аз. Әлде базар қызып, ел жинала қоймағандықтан ба екен. Әйтпесе, анау-мынау тәртіпке бой алдыра қоймайтын ел емес пе еді, бұл түстіктер! Оразасын осында ашатындар бұрын да аз болмайтын, қазір де қара көбейіп тұр. Оларды көпшіліктен бірден бөле-жара аңғаруға болады. Бұрыңғы күйелері жоқ па, әлде жындары басылып қалған ба, бір бұрышта үрпиісіп қана топ-топ болып тұр. Жетекшілері жоқтай. Кәрі-құртаң азайып, жастар көбейген бе, қалай?.. Көбісі сары ауыз ауылбайлар сықылды көрінді. Алмат бос орындықтарды көрсе де көрмеген болып, тік көлденең ұзыннан ұзақ жасалған белдеу орын, оқшау тұрған сатушыға қарай беттеді.

Тік кеуде, иықты, сұңғақ бойлы, қапсағай денелі жігіттің нық басқан аяғының тықыры іштегі жұрттың назарын аудармай қоймайды. Ішінен сезіп келеді, мұндағылар бірін-бірі танымаса да, өзді-өзіне көзқарықты болып қалған жайлары барлықтарын аңғартады. Сатушы мен мұның арасы соншалықты қашық болар ма, сірә? Оны іштей өзінің жәй жүріс, ауыр аяқ басысына жорыды.

Қарсы алдында өзінен сәл-пәл ұзын, жіңішке сары тұр. Шашы ұзын, бір қарағанға имек тұмсық. Әйтеуір орыс емес. Шығыңқы қабақ, терең көздерін көлегейлеген қою қас кірпіктері қай ұлт­тың өкілі екенін тұмшалай түседі. Бұған бәрібір емес пе, күніге келіп жатқан жоқ.

«Көп те болсаң армян не еврей шатыссың-ау» деп ойлады. Тау халқының да нышаны бар. Көңілінің төрінен баяғы әзербайжан шал көтерілді. Ол жайлы сұрағысы да келіп кетті. Бірақ аузына:

– Бір кружка сыра, – деген сөз түсті.

– Бізде жайғасып отырады. Қызмет ететіндер бар, – дегенді үзік-үзік есітті. Құлағы ауыр сияқты емес еді. Қызтеке ме өзі? Дауысы қалай-қалай шығады. Қараптан-қарап тұрып сайтаны қозды. Бұны сол үш-төрт күнгі жүйке тозысының көрінісіне жорыды. Болмаса бұл бұлданатындай түк те болған жоқ еді.

– Жоқ, маған қызметтің керегі болмас. Осыннан құй, – деп кесіп айтты. Айт­қанын шегелей түскісі келгендей: – Оны ана отырғандарыңа көрсетерсің, – дегенді де қосты.

Бейтаныс жігіттің төбеден түскендей жауабының ожарлығы ма, әлде тәртібі өтініш орындау ма, сатушы қарсылық көрсетпеді. Ауыр кірпіктерін бір жалп еткізді де сыра құйды. Алмат болса ұзыннан-ұзақ сол белдеу орынның шетіне сырасын қоймай тұрып, кружканың ортасына дейін бір-ақ тартты. Содан соң барып қана айналасына сабырлы, сап-сап көңілде көз жүгіртті. Толық біреуден кейін-ақ салқын сыра ішке түсті. Бағанағы іштің ыстығы басылып, буы сыртқа ұрғандай күй кешті. Кезек күттірмей екіншісін алды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Өзімен-өзі. Бұл реті келген соң айтылған сөз, әйтпесе, Алма да қолын қаққан емес. Өзі де ішімдікке соншалықты әуей-әуестік танытпайды. О баста солай болатын.
Шынында да, осы, шіркін, ажалдың түсі қандай екен, өзі! Көзіне үңіліп бір қараса! Атасының басында болғанда көрер ме, қайтер еді. Үзілерде ұзақ қиналыпты. «Аяқ-қолым суып, тынысым тарылып барады. Немеремді бір көре алмадым-ау» деп барып, жүріп кетіпті. Сондағы ұшпаққа шығарғаны қайсы, басына барып құран оқытуға да шамасы келмеді.

Тіфу, мына бір сумақай, суық ойдың сонша санасын індетіп алғаны несі! Тіфә, Тіфә! Тіфә! Жанына үш түкіріп, ағаш белдеудің жиегін үш қақты. Ырымшыл емес еді, көргенін істеді.

Жоқ, бара-бара келушілердің де қарасы артты. Жаңағы жалғыз саудалаған ұлты белгісіз қызтекенің жанындағылар да қордалана түсті. Бұлар, «Кабакхананың» тілімен айт­қанда, «Ұр тоқпақтары». Әр заманның өз ертегісі болады-ау, сірә! Мыналар, әйтпесе, әлімсақтан аян ертектегі «Ұр тоқпаққа» келмейді. Садаға кетсін. Екеуі екі басқа әлем, екеуі екі басқа тіршілік нышаны. Ойын:

– Жігіт, сені бір жерде көрген секілдімін. Темекің бар ма? – деген дауыс бөлді.

– Бұл ескі тәсіл. Бүгінде олай таныспайды! – деді ол сөзін салмақтай жауап беріп. Ұп-ұзын тұрқына да көз жүгіртіп үлгерді. Бір ұруынан қалмайды. Аяқ қойып, талтая тұрған тұрысының өзі, төбелестің адамы еместігін байқатады. Соған қарамай өзі тартпаса да қалтасында жүретін темекісінен ұсынды. Бұл сонау ала құйын кез­ден қалған әдет. Сонда темекі сұрағандарға қасақана беріп, арамдығын сезсе, екі есе қайтарып алатын. Бұл жолғысы да соның қайтарымы. Әзірше, әліптің артың бақпақшы. Жазықсыз күйіп кетпесін дегені.
– Үйім жақын болғасын жиі келіп тұрамын. Дүйсенбі – демалысым. Зауытта бригадирмін. Сменамен істеймін. Жалғыз бастымын. Осыдан екі-үш жыл бұрын қатын-балам жол апатынан қайтыс болып, жалғыз қалған жайым бар. Түрің таныс дегенге ренжіме, біз – қазақ бір-бірімізге ұқсас келеміз ғой. Болмаса нем бар. Темекінің бітіп қалғаны рас. Жауабыңа қарап, көңіліңе дік алып қалғаныңды сезіп тұрмын, – деп өзінің артық кеткен тұсын жуып-шайды да, әңгімесін одан әрі тағы да кешірім сұрау­мен аяқтады.

– Қанша жылдан бері тұрасыз, бұл маңда?

– О, оншақты жылдан асты ғой.

– Әзербайжан шал қайда кеткен?

Әңгіменің кім туралы болып тұрғанын сезген бейтаныс жігіт сол ашық-жарқын күйінен танбай:

– Осында, бұдан 7-8 жыл бұрын екі топтың жойқын төбелесі болып, оның арты адам өлімімен біткен. Біреу болса екен-ау, бақандай үш жігіт. Олардың да іздеушілері мықты екен, әлгі «сен тұр мен атайын» екі топтың тоз-тозын шығарды. Содан кейін, онда мұны «Кабакхана» дейтін, жауып тастады. Содан сұрап отырған шалдың ұлы ұшты-күйлі жоғалды. Біреулер еліне қайтып кеткен дейді. Енді біреулер көрсетіп бергені үшін қасақана өлтірген деп жүрді, ұзақ уақыт. Әйтеуір әңгіме көп.

Алматтың құлағы елең ете қалды. Бұл не, заңдылық па, әлде кез­дейсоқтық па? Сол жолы шынында да үш жігіт қайтыс болған. Мына, бейтаныс жігіт көзбен көріп, қолмен ұстағандай айтып тұр. Ондай өсектің қала жайлағаны да рас. Ол төбелес соңғы он-он бес жылдағы ерекше бір оқиға болған еді. Қылмыс әлемін аяғынан тік тұрғызған. Сол үшін қанша адам атақ-дәрежесінен қағылды десеңізші! Өлген үш жігітті атқан өзі тұрғылас, бұның қарсыласы «Қыңыр» деген лақап атты баукеспе болатын. Оны ұстап берген шал да, Алмат та емес, өзі еді. Кезекті бір сыраханада мақтанып тұрғанда ұстаған. Олардың тобының шалдан, содан соң Алматтан көргені де бекер емес. Шалдан бұрын «А» қаласына қашып барып, бас сауғалаған Алмат қолға түскен. Бірақ оның ол төбелеске қатысқаны дәлелденбей, бұрынғы аула арасы жекпе-жек төбелесі үшін сотталған. Онда да біреудің жалғыз баласының жағын сындырып жіберген деп айыпталды.

– Естуімше, сол төбелесті ұйымдастырғандардың бірі түрмеден шығып келіпті. Осында мен атақты «Қыңырмын» дегенін де құлағым шалып қалды. Нем бар, «бәледен машайық қашыпты» деген емес пе? – деген бейтаныстың сөзі ойын бұзып жіберді.

– Не дейсің? «Қыңыр» босанып келіп пе, әлде қашып шығып па? – дегенде түсі бұзылып кетсе керек, манадан сампылдап тұрған жігіт әңгімесін сап тыя қойды. Оны қарсы алдындағы қабырғаның жартысын алған айнаға қарағанда өзі де аңғарды.

Шынында да, осы, шіркін, ажалдың түсі қандай екен, өзі? Манағы сауал көңіл төрінен қайта көтерілді. Айнадан боп-боз өзін көрді. Ажалдың түсі осы емес пе? Тіфә! Тіфә! Тіфә! Жанына үш түкірді. Бұл жолы шын ниет, ақжарма көңілімен түкірді. Мұның бәрін көріп тұрған жаңа танысы сыраханадан сырғып шығып бара жатты…

Сол бір төбелестен соң олар «Қыңырдың», тағы да басқа бір топ жігіттердің заң құрығына түскенін шалдан көріп, оны өлтіргеннен кейін ол байғұстың жазықсыз екендігін біліп, бар бәлені «Кетіктен» көрген еді. Міне, зауал!
«Қыңыр» түрмеден шықсын, шықпасын бәрібір, болған оқиғаға өзі жауап беретінін іштей сезінді. Бірақ кімге? Қайда? Қашан? Енді өзін ақтап ала алмайтынына көзі жетеді. Оларды сатпағаны, сатқындық қасиет оған тән еместігі бір ғана Тәңір, содан соң өзіне аян. Дәлелдеп көр! Нені болса да, қалай болса да, бәрі-бәрісін осы жерде күтіп алады. Қасындағы ұзын тұрықты жігіттің қалай сусып шығып кеткенін де байқамай қалды.
Бұл кез­дейсоқтық па, заңдылық па?

Жаздың ұзақ күні өтіп болмастай көрінген. Алманың кешке дегені 6-7 шамасы екенін біліп-ақ тұр. Оның күтетінін де, содан соң туған күнге барып тағы да алаңдап отыратынын да біледі. Алдында бір-ақ жол, ол бұрынғы қарсыластары, оның ішінде достары бар, барлығына өзінің сатқын емес, сатпағанын дәлелдеу. Куә болатын, куәге жүретін де өзі.

«Кабакхананың» іші таңертеңгідей емес, ыю-қию. Тәртіп жайына қалған. Базардан жолы болып, қолына қарға саңғығандары бар, күн ұзақ сауда-сат­тық жасап ойындағысы орындалғандар бар, қойшы әйтеуір құжыра құмырсқа илеуіне айналған. Түлкі ініне салған мордай қара түтінге құрық іліп қойсаң да болатындай. Тек мас болмау керек, мас болмау керек.. Құлағы шыңылдайды. Шынында да, осы шіркін, ажалдың түсі қандай, өзі? Қабырғадағы айнаға қарағанда бағанағы боп-боз емес, жүрек дірілі басылып, өзіне-өзі келген адамды көрді. Ажал тағы түсін алдырмады… Тек мас болмау керек. Іштей екі қайталады. Есік жаққа көзі түсіп кеткенде байқады, манағы «сырласы» қайта еніп келеді екен. Ендігі бар қалғаны әліптің артын бағып, «Кабакхананы» жауып бір-ақ шығу. Болмаған жағдайда сатушы арқылы такси шақыртып, қаланың сыртына шығып, оларды ашық далада қарсы алу. Ойының соңғы шешіміне табан тіреді. Қалай болғанда да жарық барда мәселені шешу керек. Күн ұзақты жүріс-тұрғысынан оңай алдырмайтын жау екенін сезді де, сатушы да айт­қанына «көне» кетіп, такси шақырды.

Такси қаладан шыға, артына қарағанда соңында келе жатқан екі жеңіл машинаны көрді. Таксист оқиғаға қанық секілді. Жақ ашып, сыр бермейді. Бірінші болып өзі тіл қатты.

– Байқаймын, оқиғаның қалай бет алып бара жатқанын білесің. Бұлардың алдында арым таза. Анау-мынау болсам, мына телефонға белгісіз біреу ретінде болған оқиғаны айтарсың. Қорықпа. Ол әйел бәрін біліп, сезеді. Қандай жағдай болса да көніп, төзуге бел байлаған. Милицияға хабарламайды. Енді анау дөңнің үстіне барып тоқтай қой, – деді де, үй телефонын ұсына берді. Сағат тілі 5,30-ды көрсетіп тұр.

Такси бұрыла беріп, соңғыларды күтіп тұрды. Алмат аяғын нық басып барып, көк шалғынға отырды. Күн сіңіп, жел қақты шөптен өмір иісі бұрқ ете қалды. Апыр-ау, мынау өмірдің түсі ғой. Сонда ажалдың түсі қандай болады екен, өзі! Алмат артына қарағанда, манағы өзін әкелген таксидің рөлінен «Қыңыр» түсіп жатты.

Бұл жолы оның көз алдына ажалдың емес, күн сіңді, жел қақты өмір иісі сіңген шөп түсі келді…

Есберген Алауханов, заңгер-жазушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308