Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 8127 0 пікір 3 Қыркүйек, 2013 сағат 09:22

Төлен Әбдікұлы. Тұғыр мен ғұмыр (басы)

«Өзекті жанға – бір өлім

          емес, мың өлім».

                                             NN

(хикаят)

 

 198... жылы күзде аудан орталығынан шалғайда жатқан «Жеңіс» поселкесінің шетіне кештетіп шағын автобус тоқтады. Автобустан, үстінде сұр плащ, басында сұр қалпақ, қолына таяқ ұстаған қарасұр егде кісі түсті. Әжім айғыздаған көңілсіздеу жүзінен кәріліктен бұрын сырқаттың азабын көбірек тартып жүргені байқалады. Сөмкесін жерге қойып, ауыр демалып, қалтасынан орамалын алып, терін сүртті. Содан кейін бейберекеттеу салынған шағын поселкеге, әлденені есіне түсіре алмағандай, аңтарыла қарап, біраз тұрды.

«Өзекті жанға – бір өлім

          емес, мың өлім».

                                             NN

(хикаят)

 

 198... жылы күзде аудан орталығынан шалғайда жатқан «Жеңіс» поселкесінің шетіне кештетіп шағын автобус тоқтады. Автобустан, үстінде сұр плащ, басында сұр қалпақ, қолына таяқ ұстаған қарасұр егде кісі түсті. Әжім айғыздаған көңілсіздеу жүзінен кәріліктен бұрын сырқаттың азабын көбірек тартып жүргені байқалады. Сөмкесін жерге қойып, ауыр демалып, қалтасынан орамалын алып, терін сүртті. Содан кейін бейберекеттеу салынған шағын поселкеге, әлденені есіне түсіре алмағандай, аңтарыла қарап, біраз тұрды.

Үйлер қыр басында қаз-қатар болып көше түзегенмен, өзенге тірелетін ойпаңда суатқа топырлаған мал секілді   сапырылысып, қиқы-жиқы болып кеткен. Орта тұста қос қабат екі-үш үй көрінеді, шамасы, совхоздың кеңсесі, тағы басқа қоғамдық-мәдени ғимараттар болар. Одан әрі жайқалған ағаштардың төбесі, оның арасынан ескерткіш секілді бірдеңе қарауытады.

Автобустан түскен өзге жолаушылар түйіншектерін көтеріп, балаларын жетелеп, асығыс-үсігіс жан-жаққа тарап  жатыр. Біршамада автобус та кері қайтты. Егде кісі, осы жерге қате келген жоқпын ба дегендей, төңірегіне жатырқай қарап әлі тұр. Әлден уақытта сөмкесін алып, таяғына сүйене ырғала басып, шеттегі үйге қарай жүрді. Жақындай бере, әлдене есіне түскендей, ойланып тоқтай қалды.

«Мынау баяғы мектептің орыны ғой»,- деді күбірлеп. Иә, поселкенің шетінде болатын. Оның аржағында – интернат. Мынау шатырлы биік үй бұрынғы мектептің орынына салынған жаңа мектеп болуға тиісті. Сол жақтағы шеткі үй сол кездегі мектеп директоры Сәлімгерейдікі болатын.

Өз ойына өзі сеніңкіремей, жолаушы Сәлімгерейдікі болуға тиісті  шеткі үйге келді. Жақындағанда көрді - үй мүлде бөлек үй. Көз алдындағы көрініс қайтадан жаттанып, алыстап сала берді. «Одан бері не заман, - деді іштей өзі ойынан өзі қорыққандай болып.- Жер бетінен тұтас мемлекеттер құрып кетіп жатқанда, қырық жыл бұрынғы жеркепені іздегеніме жөн болсын...»

Жолаушы қамыс шарбақпен қоршалған аулаға кіргенде, отын жарып жатқан жас жігіт, жұмысын тоқтатуға себеп табылғанына қуанғандай, балтасын тастай сала:

- Ассалаумағаләйкүм! - деп жүгіріп келіп амандасты.

Жігіттің елгезектігіне іші жылыған жолаушы:

- Әликісалам, айналайын,- деді ентіге сөйлеп.- Кімнің баласысың, шырағым?

- Кәрімнің.

«Бұл қай Кәрім болды екен, - деп ойлады.- Ондай адам бар ма еді?.. Бәлкім сырттан келген біреу болар»...

- Е, бәрекелді. Мен алыстан – сонау Ресейден келе жатқан, негізім осы жерлік жолаушы едім. Жүрегім қысылып, автобус тоқтайтын жерден осы араға әрең келдім.

- Ойбай, үйге кіріңіз,- деді жігіт одан бетер елпілдеп.

Үйдің іші жұпынылау секілді. Қызыл күртеше киген арықтау жас келіншек төрге көрпе төседі. Көп ұзамай дастархан жайылып, шәй келді.

Шәй үстінде жолаушы үй иесінің ата-тегін сұрады.  Жігіттің өз аты Қайсар екен, әкесі 50-жылдардың аяғында Алматыдан институт бітірген соң,  осында қызметке келіп, содан біржола тұрып қалған, былтыр қайтыс болыпты. Шешесі аудан орталығында үлкен ұлының қолында екен. Арғы тектері Ақмоланың қыпшақтары көрінеді. Бірақ қай қыпшақ екенін жігіт таратып бере алмады.

Жолаушы: «Е, бәрекелді»,- дегеннен басқа ештеңе деген жоқ.

Бір тұста менің де бірдеңе сұрауым керек шығар деген оймен Қайсар да:

- Ағай, кешіріңіз, өзіңіз кім боласыз? – деді, дұрыс айттым ба дегендей, келіншегіне бір қарап.

Жолаушы сәл-пәл үнсіз отырып:

- Менің атым Борис болады,- деді төңірегін таңдандыра түскісі келгендей нығарлай сөйлеп. – Борис Николаевич Иванов. - Содан кейін жұмысақтау үнмен: - Орыстың арасында жүрдік, паспортқа солай деп жазылып кетті, - деп жуып-шайғандай болды.

Жігіт пен келіншек  таң қалып, бір біріне қарады.

- Поселкенің  аты да, түр сипаты да өзгеріп кетіпті. Бұрынғы аты Ақшоқы болатын. Қазір мүлде бөтен жер секілді. Бірақ таныс белгілер де қалғанға ұқсайды. Мына шеткі шатырлы үй мектеп емес пе?

- Иә, мектеп, - деді Қайсар.

- Сол орында соғысқа дейін де мектеп болатын. Сендер отырған осы жерде екі отбасына арналған шағын қоржын үй болды, соның бір жағында мектеп директоры Сәлімгерей деген кісі тұрушы еді. Әлгінде сол үй емес пе деп бұрылған едім. Жақындағанда көрдім, ол үйлерден  із де қалмаған секілді.

- Ағай, Сәлімгерей ата қазір де бар, осында тұрады. – деді Қайсар оқыс Сәлімгерейдің осында екеніне өзі таң қалғандай бір үнмен.

- А-а? – деді жолаушы әлде шошына, әлде таңдана. Содан кейін: - Осындасы қалай? - деді осы үйде ме дегендей жан-жағына қарап.

- Жоқ, осы поселкеде дегенім ғой. Қашық емес, төрт-бес үйден кейін. 

Өзінің жоспарында жоқ бір оқиғаға кез болғандай, жолаушы бірауық үнсіз ойланып қалды.

- Биыл сексен төртте. – Қайсар Сәлімгерей туралы әңгімесін жалғады. – Кемпірі қайтыс болған. Жесір қызының қолында тұрады. Шал әлі тың, той-томалақтан, жиналыстардан қалмайды.

Шай ішіліп болды. Келіншек «енді не істеуім керек» деген сұраулы жүзбен күйеуіне қарады. Күйеуі ойланбастан:

- Тамақ сал, - деді.

- Жоқ,   тамаққа әуре болмаңдар. Мен Сәлімгерейге барайын. Қайсар мені апарып салсын. Алда разы болсын, шырағым.

Сыртқа шыққаннан кейін, Қайсар жолаушының сөмкесін алып, өзін қолынан жетелеп алды.

- Аға, байқаңыз! Біздің үйдің тұсында свет жоқ. Жолы да нашар. Былай қарай  тура жүрейік.

Үй-үйдің арасымен жүріп, бұлар ауласы ағаш шарбақпен қоршалған, төбесінде шатыры бар, сырты аппақ тап-тұйнақтай үйдің қасына келді.

- Кіре беріңіз, - деді Қайсар шағын қақпаны шалқайта ашып. – Ит жоқ.

Ауланың іші де тап-таза. Үй иелерінің тазалық пен тәртіпке мән беретіндері байқалады. Бұлар қаракөлеңке дәлізбен жүріп, оң жақтағы киізбен тысталған есікті ашып, ішке кіре бергенде, алдарынан  сыртқа шығып келе жатқан әйелмен соқтығысып қала жаздады. Әйел аңтарылып шегініп, алдымен жол берді:

 - Жоғары шығыңыздар. - Қалаша киген киімінен, шаш қойсынан қызметкер әйел екені көрініп тұр.

- Атай, жоқ па? – деді Қайсар әлдеқалай басын шайқап.

- Ол кісі әлгі қазірде бір жаққа шығып кетіп еді, келіп қалар. Төрге шығыңыздар.

Сырттан келгендер атайдың келетініне де, әйелдің шын ықыласпен  шақырып тұрғанына да сеніңкіремегендей, ошарылып тұрып қалды.

- Мына ағай алыстан келе жатқан жолаушы, тегі осы жерлік. Атайды біледі екен, көрейін деп едім деген соң, алып келіп едім...- Қайсар «енді қайттім» дегендей жалтақтап әйелге қарады.

- Енді осы арада тұрасыздар  ма, жоғары шықпайсыздар ма? - деді әйел Қайсардың басы артық сөзіне қынжылғандай бір үнмен.

Қонақтар төргі бөлмеге өтті. Қаланың пәтеріндей қабырғаға тірелген стенка, ортада стол, оң жақта диван мен екі кресло тұр. Шалғайда жатқан поселке жұпыны болғанмен, мынау үйдің мәдени тіршілігі қатардан биік екені байқалады.

«Баяғыда да мұнтаздай киініп, шашын тарап, тіп-тік жүруші еді ғой» - деп есіне алды жолаушы бір кездегі ұстазын.

Бұлар   қабырғаға ілінген фотосуреттерге, сөредегі кітаптарға қарап, тым-тырыс ұзақ отырды. Әйел бұлардың келгенін ұмытып кеткен секілді, өз шаруасымен сыртта жүр.

Әлден уақытта сыртқы есік сарт ашылып:

 - Кімдер дейсің?.. Сұрамайсың ба?..Немене? О, хұдауанда! – деп дабырлай сөйлеп кірген адамның үні естілді.

Үй иесінің келгенін сезіп, екеуі орындарынан тұрғанда, есіктен шашы аппақ қудай, қабағы мен кірпігіне дейін аппақ, төңірегіне шақырая қараған кішкентай шал көрінді.

Жарыса сәлем берген екеуіне ерінінің ұшын жыбарлата, жақындап келіп амандасты да,   «танымадық қой» дегенді білдіре,  бейтаныс жолаушының қолын жібермей, ойланып қалды.

- Мен Сібір жақтан келемін, Сәке,- деді жолаушы күлімсіреп. – Елден ерте кеткенмін. Осы жаққа жол түскен соң, сізге сәлем берейін деп келіп едім.

 - Е, бәрекелді, шырағым,- деп, мән-жайға түсініп, шал плащын шеше бастады.

 Шал креслоға жайғасқанда, Қайсар орынынан тұрды:

- Ата, мен кеттім. Мына ағай сіздің үйді сұраған соң, әкеп тастайын деп келгенім ғой.

- Жарайды, шырағым. 

Қайсар кеткеннен кейін, екеуі әңгімені неден бастарын білмегендей, үнсіз отырып қалды.

Жолаушы ентіге демалып, орамалын алып, терін сүртіп, көзінің қиығымен анда-санда үй иесіне қарап қояды. Бір кездегі киіктің асығындай ып-ықшам, сыпа да сырбаз жігіт кіп-кішкентай шүйкедей шал болыпты. Көзі жыпылықтап, шеке тамыры адырайып, баяғы беймаза шақарлау мінезден белгі беріп тұрғандай. Химия пәнінен сабақ беретін, өте ұқыпты, білімді мұғалім еді.

Кенет, әлде жол азабынан, әлде аурудан, жолаушы аяқ астынан қысылып, жанталаса қалтасынан дәрі алып, аузына салды да, онан сайын борша-борша болып терлеп, жағасын ағытты. Жантәсілім күйде ентіккен жолаушыны көріп, үй иелері үрпиісіп қалды. Жолаушы әлден уақытта есін жиғандай болып, өзіне үрейлене қараған үй иесіне үн қатты.

- Денсаулықтан айрылғанымызға көп болған. Жолда өліп қалам ба деп қорқып ем... әйтеуір, аман жеткен секілдімін. Оған да тәубә!

- Қисайып жатсаңызшы... Атыңыз кім болады?

 - Атымды әзірге Борис деп қабылдаңыз. Шамам жеткенде түсіндіріп айтармын...

Жолаушы диванға қисайды да, өзінің бөтен үйді әбігерге салғанына ыңғайсызданғандай: «Апырай, апыр-ай», -  дей берді басын шайқап.

Алғашқы көрген әйел мұның қасына келіп:

- Дәрігер шақыртсақ қайтеді? – деді.

-  Жоқ, әбігер болмаңыз.  

Сүтпісірім уақыт шамасында қонақ та өзіне өзі келгендей болды. Дәрісі де көп екен, бірінен соң бірін ішіп, бірауық үнсіз жатты.

Үй иелері, мазасын алмайық дегендей, мұны бөлмеде жалғыз қалдырып, шығып кетті. Жолаушы, жүрегінің қысқаны сәл-пәл басылғандай болып, дүние қайта кеңіп, тіршіліктің рахатын сезгендей бір күйде маужырап жатқан.

Көзі ілініп кеткен екен, түс көрді. Түсінде ай далада төрт-бес адам жол бойында автобус күтіп тұр. Құдай-ау, жапан түзде неғылған автобус? Көкжиекте қалқыған сағым. Төңіректе тіршілік белгісі білінбейді. Желкілдеген боз селеу мен шилер, одан әрі ағарған шағыл құмдар көзге түседі. Қанша күткендері белгісіз. Бәлкім бір күн, әлде бірнеше күн. Кенет, төзім таусылып, үміт үзіліп тұрған кезде, қайдан пайда болғаны белгісіз, алдарына шағын автобус келіп тоқтап жатыр екен. Көңілінде әлдебір қуаныш сезімі жылт еткендей болды. Автобусқа отырайын деп ұмтыла бергенде оянып кетті.

Ең ғажабы,  осы түсті ол ертеде, бәлкім, жас кезінде, бір рет көрген еді. Дәл сол күйі. Қу дала. Сарғайып күту. Мұның бүкіл өмірі өзі де анықтап білмейтін бірдеңені күтумен өткендей еді. Бірақ онда автобус келмейтін. Енді міне қанша жылдан кейін сол түсті екінші рет көргенде, зарыға күткен автобусқа кезігіп отыр.

Жолаушы түсін қалай жорырын білмей, әйтеуір көкірегінде жылт еткен бір қуаныш сезімін көңіліне медет қылып, шүкіршілік етті.

Бөлмеге Сәлімгерей кіріп, қонақтың жағдайын сұрады.

- Шүкір,- деді бұл көтеріңікі дауыспен өзінің сауығып қалғанын білдіре.

Көп ұзамай шай келді. Қонақтың аман-сау басын көтергеніне бәрі де қуанышты еді.

Әйел де күлімсіреп:

Шай үстінде де әңгіме жүріп кете қойған жоқ. Үй иелерінің «Ауданға қашан келдіңіз», «Автобус жүріп тұрған шығар», «Қарасиырдың жаман бөгетінен аман өттіңдер ме» деген секілді ұсақ-түйек сұрақтарына жолаушы қысқа ғана жауап береді. Әңгіме айтқың келмесе, одан әрмен дегендей Сәлімгерей де шақырая шалқайып, селқостау отыр.

Бір заманда ет келді. Үлбіреп піскен бағыланның еті исі бұрқырап тәбетті қозғап-ақ тұр. Бұл үйдің дәмі тамақты талғап ішетін қарт адамға арналып жасалатыны байқалады. Бірақ қонақ ауыз тигені болмаса, ештеңе жеп жарытпады.

- Ет дәмді екен... Жарықтық, бұл жақтың еті осындай ғой,- деп өзінің жей алмай отырғаны тамақтың сапасына қатысы жоқ екенін білдіргендей болды.

Еттен кейін әйел үстел үстін жинастырып, өздері шешіліп сөйлессінші дегендей, есікті жауып шығып кетті. Сәлімгерей креслоға отырып, қонаққа диванды  көрсетті:

-  Отырыңыз,  әйтпесе, қисайып жатсаңызшы.

-  Жоқ, отырайын, - деді жолаушы. Екеуі де  әңгімеге ыңғайланғандай түр білдірді.

- Ал, - деді Сәлімгерей қонағына қарап. Онысы       енді жөніңді айтатын кез келген шығар дегенді білдіргендей болды.

Жолаушы төмен қарап, неден бастарын білмегендей, біршама отырды да:

 - «Адамның басы - Алланың добы» дейді екен, Сәке, - деді әлде қалай даусы қарлығып. - Мен де бір сондай допша домалап, тағдырдың тәлкегіне түскен жанмын. Өмірім күн мен түн секілді. Қысылмай, қиналмай еске алатын сәттерім де бар, айтуға аузым бармайтын тұстарым да аз емес. Бірақ соның бәрі қалай болды: әлде өзімнің жіберген қателігімнен бе, әлде маңдайыма жазылған ғұмыр осы болды ма, ол жағы бір құдайға аян. Кінәмнің не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, өмір бойы  еркімнен тыс, санамнан тыс бір зорлықтың ықпалында жүргендеймін...

         Жолаушы әңгімесін әріден – балалық шағынан бастады. Сәлімгерей әлденені есіне түсіре алмай тұрғандай, қонағына сұраулы жүзбен қарап, емініп қалған.

         Бір тұста есік болмашы ашылып, әйелдің жүзі көрінді де, бұлардың ұзақ әңгімеге кеткендей түрлерін көрген соң, есікті қайта жапты.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3334
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6105