Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 4643 5 пікір 30 Қазан, 2023 сағат 12:05

Күйреген империя. Қалмақ елі қалай тарады?

Ойраттар

Өз уақытында, Орталық Азия елдерін шапқыншылыққа ұшыратып, қилы заманға түсірген, дәуірі жүріп тұрған кезде, күндей күркіреген Жоңғар империясының көшпенділері кейіннен Қытайдан қырғын тауып, әупірімдеп аман қалған қалдықтары Алтай тауына барып паналап, сол арада орнығып қалады.

Ұзақ ғасырлар көлемінде орыстар бұларды «алтай татарлары» деп атап келген. Алтайлықтар (Ойраттар) Хакас пен Қырғыз тілінің аралық тіліне ұқсайтын, түркі елдерінің қатарына кіреді. (Жалпы, Ресей Федерациясындағы түркілерге: татар мен башқұрт, сондай-ақ якутпен бірге алтай деп аталатын  ойраттар мен хакастар да кіреді.) Қазіргі қасымыздағы қырғыздар да, кезінде дүниеге дүрбелең салған ойраттар да, сонымен қатар, хакас жұрты да өз заманында Енесай (Енисей) бойын қатар жайлаған қанаттас елдер деуге болады. Осы арада мынаны ескерте кетейік: қазіргі ресейлік кейбір ғалымдар қырғыздарды, ойрат хандығына бағынышты ел болған соң, сонау Енисей бойынан Алатау маңайына алдына салып, құлша айдап келген Ойрат тайпалары дейді. (Геннадий Корнеев - директор центра по развитию калмыкского языка).

Тағы айтарымыз, Қырғыз бен Ойрат көшпенділері, сонау XIII ғасырдың басынан, қазіргі Тува (Туба) аумағынан бері жылжығандар. Яғни айтқанда, келімсектер деуге болады. Мұндағы жергілікті тайпаларды  ығыстырып шығарып, Алатаудың екі бетіне жайла қонып, өздеріне тұрақты қоңыс етеді. Тіпті, қазақтармен шекаралас ұйғырлардың өзі де, кезінде осы іргесіне көшіп келген Енесай қырғыздарынан күйрей жеңіліп, (Ұйғыр қағанаты) ақтабан шұбырындыға ұшырап, жан сауғалап, қазіргі Шыңжан аумағына көшіп келгендер. Енді, міне, кезінде  сол ұйғырларды тасталқан қылып, алыстағы қиырға тентіретіп жіберген, қырғыз  рулары, Ойраттардың күш-қуатына бағынып, солардың айдауымен осы Алатау бөктеріне келіп, мекен ете бастайды. Сондай-ақ Жоңғар хандығының күшейуіне, қанатын кеңге жайуына және кейіннен әлемге әйгілі Жоңғар - Қалмақ империясының негізін салуға көп көмегін тигізеді.

Сөйтіп, Жоңғар хандығына топтасқан: ойраттар, дүрбіттер, хошоуыттар, шоростар, торғауыттар, сондай-ақ, қасындағы  қырғыз руларының әскери көмегімен, ұланғасыр аумақты жаулап алып, тарихта Жоңғар хандығы аталған империяның негізін қалайды. Осы темірдей тәртіпке бағынған, орасан күш-қуатқа ие, алып қағанат, артынан тұтас Орталық Азия елдерін жаулап алады. Ресейлік ғалымдардың айтуы бойынша, Орталық Азия халықтары сол дәуірде ойрат тілінде іс жүргізіп, өзге мемлекеттермен осы тілде қарым-қатынас жасаған, - дейді. Өздерін өсіре дәріптеген-ау.

Дегенмен, бұлардың үнемі шапқыншылығы мен тонауынан мазасы  кеткен, Қытайдың Цин династиясы Жоңғар хандығына ойламаған тұстан бір реткі жойқын жорығымен (Қытайлық генерал Пу Денің армиясынан), бұл хандықты түбегейлі құлатып, орасан зор қырғынға ұшыратады. 

Ресейлік қалмақ ғалымдары, өздерінің жазған жұмыстарында, - қалмақтардың қай тайпасы, кезінде, қазіргі қазақ жерінің қай тұсын  мекендегенін арнайы көрсетіпті. Мысалы: Дүрбіт – Зайсан батыр, қазіргі Шығыс Қазақстан аумағын, яғни, Зайсан (қазақша Жайсаң), Гүршім даласын (Күршім), сонымен қатар, Ойрат тайпалары Қаскелең, Шамалған, Боралдай, Шонжы, Кеген, Сарқан өңірлерін, Хошоуыттар, Шоростар - Қырғыз еліндегі Түп жағалаулары мен Ыстық көлдің  оңтүстік жағын мекендеген екен және осы шоростардың біразы  Шәуішек, Үрімші жағында тіршілік кешкен көрінеді.

Егер, Жоңғар хандығына байланысты, сол тұста тарихқа енген «қалмақ» сөзіне келетін болсақ, «қалмақ» сөзі, «татар», «моңғол» деген сөз секілді, жалпылама атау ғана. 

1640 жылы жоңғарлар, яғни, ойраттар «Далалық жарғы» деген атпен әскери және азаматтық заңдар жинағын шығарады.

Өтірік пе, шын ба, қазақтар «Жеті жарғыны» бізден көшіріп алған,-  дейді қалмақ ғалымдары. Әрине, бұған сенбейміз. Олар, асыра көрсеткен.

Тарихи еңбектерге үңілгенімізде, сол кездегі Жоңғар хандығының сарбаздарының саны жүз мыңнан асып жығылады екен. Олардың алпыс мың жауынгері қоңтайшының тұрақты әскері болған.

Жоңғар хандығы елінің рухани бірлігін қамтамасыз етуде Тибет ламалары да елеулі рөл атқарды.

Алайда, ойраттар құрған Жоңғар хандығын қоя тұрып, біз, әрі қарай қазіргі Алтайлықтар деп аталған ойрат еліне оралайық.

XVIII – XIX ғасырда Ресей империясының отарлық езгісінде болады. Төңкеріс кезінде, яғни, 1922 жылдары Ресей құрамындағы Ойрат автономиялық облысы болып құрылады. Дегенмен, 1948 жылы бұлар, Ресей құрамындағы Таулы Алтай автономиялық облысы деп аталып, өзгертіледі. 1990 жылы Таулы Алтай автономиясы өз тәуелсіздігін жариялап,  Ресей Федерациясы құрамындағы Алтай Республикасы болып құрылады.

Ойрат – Алтайлықтардың дәстүрлі кәсібі: мал бағу, егін салу, сондай-ақ ұсталықпен айналысады және сырмақ басу, алаша, кілем тоқу, тері илеу, зерлеу бұлардың ата кәсібінің бірі деуге болады. Алтайлықтардың көнеден келе жатқан бай ауыз әдебиеті бар. Оны жырлаушыларды қайшы деп атайды. Осы ауыз әдебиетінің нұсқалары XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қағаз бетіне түсіріле бастады. Кейінгі жылдары осы елдің  эпос үлгілерінің жеті томы – «Алтай батырлары» жарық көрді. Сонау, өткен ғасырдың 1922 жылынан  бастап ойрат тілінде «Алтайдың чолмоны» (қазақшалағанда «Алтай шолпаны») газеті шығып келеді.

Алтай Республикасы Ресей Федерациясы құрамындағы ұлттық – мемлекеттік құрылым. Жоғары заң шығарушы органы – Әл (Ел) Құрылтай, ол төрт жыл мерзімге сайланатын жиырма жеті депутаттан тұрады. Жоғары атқарушы органы – Үкімет, оны төраға басқарады.  Орталығы  Таулы Алтай қаласы. Республика аумағы – 92902 шақырым. Халқы – 201,6 мың адамнан тұрады. Ресми тілдері – орыс, қазақ,  және ойрат тілдері. Республиканың 31% пайызы ойраттар, 62% пайызы орыстар, өзгелері қазақтар. Республика он ауданнан тұрады.

Сонымен, сонау бір ғасырларда Жоңғар хандығы деп аталған ауқымды империяның негізін құрған және оның алға қарай өсіп, дамуына мүмкіндігінше тер төгіп, еңбек сіңірген, сондай-ақ империяны біраз уақыт күндей күркіреп ұстап тұрған, заманында дақпырты алысқа кеткен азулы ойрат тайпасының,  кезінде қытайдың қырғынынан аман қалған, кішігірім бөлігі осы – Алтайлық түркілер. Бұлар түркі тілінде өсіп-өніп, тіршілік кешіп жатқан елдің бірі.

Ойрат - Алтайлықтардың жалпы сенімі (діні) шамандық болғанымен, кейіннен орыстардың бодандығына түскен соң, бұларды күшпен христиан дініне енгізеді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053