Қарағандыдағы апат: Еліміздің туы енді төмен түспесін!..
Кеше марқұм болған кеншілерді жоқтап, ел боп аза тұттық. Бүгін жергілікті басылымдар жер астында қалған 46-кеншінің мәйіті табылғанын хабарлады. Ақшейіттердің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына, мұқым Қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз.
Жалпыұлттық Аза тұту күні Қазақстанда осымен 13-рет жарияланды. Бұл, жалпы алғанда, тәуелсіздік алғалы бері екі жарым жыл сайын Туымызды төмен түсірдік деген сөз. Басқасын былай қойып, кейінгі 5 жылда 6 рет Жалпыұлттық Аза тұту күні жарияланған екен.
2019 жылдың 27-желтоқсанында Алматы әуежайы маңында таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Астанаға бет алған әуе кемесі ұшу барысында бетон қоршауды бұзып, екі қабатты нысанға соғылды. Ресми мәлімет бойынша 13 адам қайтыс болды. Сол жылы желтоқсан айының 28-і күні Жалпыұлттық Аза тұту күні жарияланды.
2020 жылдың 8-шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені COVID-19 коронавирусының салдарынан қайтыс болғандар үшін ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
2021 жылдың 26-тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлімнің оқ-дәрілер сақталған қоймасынан өрт шықты. 13 адам мерт болып, 98 адам жарақат алған. Жарылыс ошағына жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Қоймадағы оқ-дәрілердің кейбірі дәл осындай жарылыс болған Арыс қаласынан әкелінгені белгілі болды. 2021 жылғы 29 тамызда ел Президентінің Жарлығымен Қазақстанда ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2022-жылдың басында Қанды Қаңтар оқиғасында кем дегенде 238 адам қаза тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев 10-қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Биыл маусым айының 8-і күні Абай облысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында басталған ірі табиғи апатты бірнеше күн ауыздықтау мүмкін болмады. Нәтижесінде 14 адам қаза тапты. Мемлекет басшысының Жарлығымен маусым айының 12-сі күні Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Араға төрт ай салып, кешегі трагедиялы оқиға болды. Осы оқиғалардың әрбірінен кейін марқұмдар мен жапа шеккендердің отбасыларына материалдық-психологиялық көмек көрсетілетіні айтылып келеді. Бұлай болуы заңды да. Алайда табиғи апаттардан, әлемге төнген індеттен басқасы алдын алуға болатын оқиғалар еді. Билік басындағылар өткеннен сабақ алуы керек деп есептейміз.
Еліміздің туы ендігәрі төмен түспеуін, қалың қарашаның енді қайтып қара жамылмауынан тілейміз! Аспанымыз ашық, жұртымыз аман болғай!
Abai.kz