Жазушылар одағының басшысын сайлау – жазушылардың өз iсi
Жазушылар одағының басшысын сайлау – жазушылардың өз iсi
БҰҒАН ЕШКIМНIҢ ДЕ, ТIПТI ЕЛ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ ДЕ АРАЛАСУҒА ҚҰҚЫ ЖОҚ
“Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Нұрлан Оразалин ҚР Президентiнiң жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. Елбасының арнайы шешiмiмен бұдан былай Нұрлан Мырқасымұлы сенаторлық пен бұрынғы қызметiн (Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы) қатар атқаратын болды.
“Қазақ әдебиетi” газетi дәл осылай деп жазды (30 тамыз – 5 қыркүйек, 2013 жыл). Бұ қалай сонда? Сенаторлық – оңай-оспақ қызмет емес, кiм-кiмнен де өзiнiң күш-жiгерiн сарқа жұмсауды талап ететiн жауапты жұмыс. Ал ендi Н.Оразалин сенаторлықты да, оған қоса Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметiн де атқарса, онсыз да тұралап жатқан Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы мүлде тоқтап қалмай ма?
Бiз бiр топ жазушыдан осы мәселе жөнiнде пiкiр бiлдiрудi сұрадық.
Қабдеш Жұмадiлов, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:
БIЗГЕ ЖАРТЫКЕШ БАСШЫНЫҢ КЕРЕГI ЖОҚ
Жазушылар одағының басшысын сайлау – жазушылардың өз iсi
БҰҒАН ЕШКIМНIҢ ДЕ, ТIПТI ЕЛ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ ДЕ АРАЛАСУҒА ҚҰҚЫ ЖОҚ
“Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Нұрлан Оразалин ҚР Президентiнiң жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. Елбасының арнайы шешiмiмен бұдан былай Нұрлан Мырқасымұлы сенаторлық пен бұрынғы қызметiн (Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы) қатар атқаратын болды.
“Қазақ әдебиетi” газетi дәл осылай деп жазды (30 тамыз – 5 қыркүйек, 2013 жыл). Бұ қалай сонда? Сенаторлық – оңай-оспақ қызмет емес, кiм-кiмнен де өзiнiң күш-жiгерiн сарқа жұмсауды талап ететiн жауапты жұмыс. Ал ендi Н.Оразалин сенаторлықты да, оған қоса Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметiн де атқарса, онсыз да тұралап жатқан Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы мүлде тоқтап қалмай ма?
Бiз бiр топ жазушыдан осы мәселе жөнiнде пiкiр бiлдiрудi сұрадық.
Қабдеш Жұмадiлов, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:
БIЗГЕ ЖАРТЫКЕШ БАСШЫНЫҢ КЕРЕГI ЖОҚ
– Нұрлан Оразалиндi қайда алып кетсiн, мейлi министр қойсын, сенатор етiп қойсын, онымен еш шаруам жоқ. “Қой асығы демеңiз, қолыңа жақса сақа тұт” демекшi, қолайына жаққан екен, сенатор етiп қойыпты. Ендi бiз, жазушылар, Н.Оразалинмен дұрыстап қоштасып, өз төрағамызды сайлап алуымыз керек.
Бiр қолыммен – сенаторлықты, екiншi қолыммен – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағалығын алып жүрем десе, онда кiм-кiмге де айтарымыз мынау: Бiзге ондай жартыкеш басшының керегi жоқ!
Кеңес өкiметiнiң кезiнде әдебиеттi дамыту үшiн мемлекет арнайы қаржы бөлетiн. Осы қаржы Мәдениет министрлiгiнде пайдаланбай қалған, үнемделген қаржыдан құралып, содан кейiн ғана әдебиетке бөлiнедi екен. Осының жай-жапсарын бiлiп алған өңкей iрi жазушылар “Бұл – әдебиеттi қорлау!” деп, Орталық Комитеттiң алдына мәселе қойғаны есiмде қалыпты. Сол айтқандай, қазiргi күнi әдебиеттiң құлдырап, қадiрi де кетiп, беделi де қалмағаны айтылудай-ақ айтылып жүр емес пе?! Ендi келiп Қазақстан Жазушылар одағын бүтiн басшы да емес, жартыкеш басшы, яки екi қызметтiң тiзгiнiн ұстаған басшы басқаратын болса, әдебиеттi қорлау дегенiмiз де осы ғой. Демек, әдебиет – негiзгi емес, қосалқы, жанама шаруашылық есебiнде басқарылады да сонда.
Бұған жол беруге болмайды! Жедел пленум шақырамыз ба, жоқ төтенше құрылтай шақырамыз ба, мұның алдын алу керек!
Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:
ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ АРЫ МЕН ҰЖДАНЫН АЯҚҚА ТАПТАТУҒА БОЛМАЙДЫ!
– Егер, шынымен-ақ, “арнайы шешiм” бар болатын болса, бұл – бiрiншiден, Еңбек заңына қайшы. Екiншiден, бұл – шешiм жазушылардың азаматтық құқығын ескермеуден туған.
Осының бәрi маған жазушылардың ары мен ұжданын аяққа таптағандық болып сезiледi. Бiздер, жазушылар, өзiмiздiң арымыз бен ұжданымызды ешкiмге қорлатпауға тиiспiз. Басқа төраға сайлап алуға тиiспiз. Шұғыл ұйымдастыру пленумын шақырған жөн.
Мен Н.Оразалиннiң сенаторлық пен Қазақстан Жазушылар одағы басшылығын қатар атқару жоғары жақтың ықпалымен болды дегенге сенбеймiн. Мұның бәрi – қолдан ұйымдастырылған және төменнен ұйымдастырылған тiрлiк.
Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағының тарихында мұндай болған емес, Жазушылар одағын ешкiм жанама түрде басқарған жоқ. Н.Оразалин Жазушылар одағын 18 жыл басқарды. Ешкiм қолынан қаққан жоқ. Қонышынан басып, қолынан келгенiн iстедi. Ендi осы тойғанымен кетуi керек қой...
Темiрхан Медетбек, ақын, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:
БҰЛ — ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАУЫМЫН ҚОРЛАУ
Мен, өз басым, Нұрлан Оразалиннiң президент жарлығымен сенатор болып тағайындалғанына түк те таңғалған жоқпын. Қазiргi таңда көбiне көп елдiң сөзiн емес, билiктiң сөзiн сөйлеп жүрген осындай адамдар ғана лауазымды орындарға ие бола алады. Бұл — үрдiске айналғалы қашан! Әрине, жаның күйiнедi, қаның қайнайды, қолдан келер басқа шара жоқ. Сондықтан да Нұрлан Оразалиннiң сенатор болғанына таңғалғам жоқ.
Менi таңғалдырғаны – президент мырзаның Нұрлан Оразалиннiң бұрынғы қызметiнде, яғни Қазақстан Жазушылар одағын одан әрi басқара бередi деген сөзi болды. Апыр-ау, бұл қалай? Қос палаталы парламентке сайланғаны болсын, тағайындалғаны болсын, бiрде-бiр депутат бұрынғы қызметiн атқарып отырған жоқ қой. Тiптi мұндай үрдiс дүниежүзiнде жоқ. Сонда Нұрлан Оразалин дүниежүзiндегi айқұлақтанып туған ерекше тұлға болғаны ма? Жоқ әлде, ол Жазушылар одағының басшылығынан кете қалса, Жазушылар одағының шаңырағы опырылып ортасына түсе ме? Оған неге осыншалықты айрықша қамқорлық жасалынып отыр? Түсiнiксiз... Әйтпесе, Жазушылар одағының жұмысын шырқ үйiретiн жiгiттер, Құдайға шүкiр, жетерлiк.
Оның үстiне, президенттiң бұл шешiмi заңға қайшы ғой. Жазушылар одағының басшысын сайлау – жазушылардың өз iсi. Оған ешкiмнiң де, тiптi президенттiң де араласуға құқы жоқ. Өйткенi Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым. Егер араласты ма, онда ондай әрекет — жазушыларды жұрт деп санамау, яғни олардың құқын аяқасты ету, оларды қорлау боп шығады. Сондықтан Конституция кепiлi болып саналатын президент мұндай асығыс шешiмiнен бас тартар деген ойдамыз.
Қазiр Нұрлан Оразалиннiң соңынан ерген сөз көп. Кезiнде (В.Храпуновтың тұсында) қалалық әкiмшiлiк тарапынан Жазушылар одағына берiлген жер телiмi “Aягөз” деп аталатын көтерме базарға айналып, жалға берiлген болатын. Ол базар өзiнiң мойнына Жазушылар одағының алдында қаржылай болсын, басқалай болсын, көптеген мiндеттемелер алған едi. Ақырында, сол базармен жасалынған келiсiмшарт та, сонымен бiрге мойнына алған мiндеттемелер де зым-зия жоқ боп кеттi. Сондай-ақ тау беткейiндегi Шығармашылық үйiнiң тағдыры да жазушыларға белгiсiз. Ол да әлгi жалға берiлген жер сияқты қолды боп кеттi ме? Бейхабармыз. Бiрақ түптiң түбiнде олардың бәрi су бетiне қалқып шығады ғой. Ол кезде сенатор Нұрлан Оразалин сенатта отырар ма екен, жоқ әлде...
Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы:
ӘДЕБИ ТӨРЕЛЕР БҰДАН БЫЛАЙ БIЗДI АЛДАЙ БЕРМЕУГЕ ТИIС
– Н.Оразалин сенатор болыпты, президент оған Жазушылар одағын да басқара бер деп айтыпты деген хабар менi таңырқатты. Парламент секiлдi заң шығарушы биiк өкiлдiк мекеменiң депутаттар корпусы өте сауатты, адал, заңнаманы, ақиқатты, шындықты бәрiнен жоғары қоятын әдiл, шыншыл адамдардан жасақталады ғой деп ойлаушы едiм. Ал Оразалиннiң мұндай талаптарға жауап бере алмайтыны бесенеден белгiлi. Өйткенi ол Одақ басшылығына әдiлетсiз жолмен жеткен едi, тап сол әдiлетсiздiктiң түрлi тәсiлдерiн қолдану арқылы, заңнаманы белiнен баса отырып, мiне, он сегiзiншi жыл, қаламгерлер бiрлестiгiнiң өзгермес бастығы болып келе жатыр.
КСРО Жазушылар одағының жарғысы бойынша, қайта құру кезеңiнде шақырылған Қазақстан жазушыларының 1991 жылғы съезi Қазақстан Жазушылар одағының болашақ жарғысының бiрiншi хатшыны баламалы жолмен съезде тiкелей дауыс беру арқылы сайлау, съездi бес жылда бiр өткiзу тәрiздi негiзгi нобайларын белгiледi де, толық мәтiнiн қабылдауды съезде сайланған басқармаға тапсырып, тарады. Тұңғыш жарғының мәтiнi Тәуелсiздiктен кейiн iле-шала, 1991 жылғы желтоқсанның екiншi жартысында өткен басқарма пленумында қабылданды. Сонда белгiленген, жоғарыда аталған ереженi белгiлi бiр мақсатпен ұйымдасқан топ 1996 жылғы съезде бұзды. Жарғыға тиiстi ретпен түзетулер енгiзу арқылы емес, өрескел түрде жаңа жарғы қабылдау жолымен. Жаңа жарғы бойынша ендi бiрiншi хатшы съезде тiкелей дауыс беру арқылы сайланбайтын болды. Ендi бiрiншi хатшы одақтың басқармасында сайланады деп белгiлендi. Бiрақ мұнда мынандай айырмашылық орын алды: егер кеңестiк дәуiрде басқарма мүшелiгiне кандидаттар съез үстiнде ұсынылып, съез делегаттарының жасырын дауыс беруiне жiберiлетiн болса, тәуелсiздiктiң бесiншi жылын бастан кешiп отырған демократиялық дәуiр жазушылары басқарма құрамын сайлауда өз ерiк-жiгерiн еркiн бiлдiруiне мүмкiндiк беретiн жасырын дауыс беру құқынан айырылып қалды. Оразалин сол жаңа жарғы бойынша “сайланды”: съезд төралқасы “басқарма мүшелiгiне лайық” деп мiнбеден оқып берген сексен адамнан құралған тiзiмдi делегаттар ашық дауыспен бекiтiп, тарап кеттi. Ал сайлауға жиналған “выборщиктер” – сол 80-дей басқарма мүшесiнiң қырық шақтысы басқарманың бiрiншi хатшылығына сайлану үшiн жасырын дауысқа түскен үш кандидаттың iшiнен Оразалиндi таңдады. Осылай “таққа” отырған жаңа басшы iс жүзiнде одақтың 600-дей мүшесiнiң 15 пайызының ғана “сенiмiне” ие болған-ды...
Жаңа жарғыда жазушылар съезi төрт жылда бiр өтедi деп белгiленген. Алайда сол жаңа жарғының тап осы мерзiмдiк шарты бiрде-бiр рет сақталған емес. 2000 жылы өтуге тиiс съезд мерзiмiнен екi жыл асырылып, тек 2002 жылы әрең болды да, Оразалин “қайта сайланды”. Жеңiске масаттанған Оразалин мен оның командасы одан кейiнгi съездердi де мерзiмiнен кешiктiрiп, “асықпай” өткiзудi әдетке айналдырды: 2006 жылы күтiлген съездi бiр жыл асырып, 2007 жылы өткiздi, одан 2011 жылы өтуге тиiс съездi тағы бiр жылдан астам уақыт өткеннен кейiн – 2012 жылы шақырды.
Заңдылықты сақтамау сол “ұйым жарғысына сәйкес” шақырылған соңғы съезде де үстемдiк еттi. Күн тәртiбiне жарғыны талқылау туралы мәселе енгiзу ұсынысы қойылғанда, Оразалин: “Жарғы екi жүз адам қатысқан конференцияда қабылданған, ендi оны съездiң күн тәртiбiне қосудың қажетi жоқ” деген уәж айтты. Делегаттар “екi жүз адам қатысқан конференцияда” жасалған жарғылық өзгерiстердi съезде – 777 делегат қатысуға тиiс ең жоғарғы органда – өздерi талқыламаса да, тым құрығанда, қарастырып, дауыс берiп бекiтiп беруге мiндеттi екендiктерiн ойға алмады. Айтпақшы, төраға атауы да – Оразалиннiң жарғыны өз еркiмен бұрмалауының “жарқын” көрiнiсi. 1996 жылғы жарғы бойынша Одақ басқармасының бiрiншi, екiншi және басқа да хатшыларын сайлау көзделген болатын. Кейiнiрек, соңғы он шақты жыл көлемiнде, 1996 жылғы съезде қабылданған жарғыда көзделмеген төраға, төрағаның бiрiншi орынбасары, орынбасары деген лауазымдар пайда болды. Пәлен хатшысы бар хатшылық оларға қоса жүрiп жатыр. Мұндай құрылымдық қым-қуыт бей-берекетсiздiк съездiң талқылауынсыз, жарғыдан тыс жасау қаншалықты көңiлге қонады? Бұл өзi заңды сыйламаушылықпен ағайындас тiрлiк емес пе екен? Әлде мұның бәрi жазушы қауымнан құпия түрде, яғни съездiң қарауына ұсынылмай-ақ, астыртын заңдастырылды ма екен? Осындай-осындай ойына келгендерiн iстей беретiн адам қалайша сенат депутаты сынды аса мәртебелi лаузымға тағайындалған? Ерiксiз таңғаласың.
Жазушылар одағының кезектi бiр пленумында “одақтың құрметтi төрағасы” лауазымы тағайындалған болып шықты. Осынау “құрметтi төрағалыққа” құмартушылықтың астары уақытында көп сөз етiлдi. Оның себебi тереңде екен. Оразалин мен оның командасы Жоғарғы сот судьяларына жол тауып, күллi заңдылыққа пысқырмастан, Қазақстан Әдеби қорын 1997 жылдың басында жойғызып жiберген едi. Әдеби қорды жойғаннан кейiн, оның басқаруындағы Шығармашылық үйдi Оразалин командасымен өз қарамағына алған, бiрақ жұмысын жүргiзе алмады. Он шақты жыл бойы бос қаңыратып қойды. Аздырып-тоздырды. Ақыры Үкiметтiң көмегiмен жөндеуден өткiздi, алайда жөнделген Үйдiң жұмыс iстеуiн ұйымдастыруға жазушыларды тартпады. Одан гөрi, ғимаратты әлдебiреулерге жалға өткiзудi қолайлы һәм тиiмдi көрдi. Қандай құжат жасалды – құпия. Бүгiнде қаламгерлер шығармашылық мақсаттарына орай онда барып тұра алмайды: ол шетелдiктердiң үш жұлдызды қонақүйi, аула салып қоршап алған, күзетi бар. Жанындағы бұрын жазушылар серуендейтiн бақтың кiмге қызмет етiп жатқаны да құпия. Одақ ғимаратының жалға берiлу жағдайы, қала әкiмдiгi берген көтерме базар, облыс әкiмдiгi бөлген алма бағы, Астанадан алынған жер телiмi – бұлар не күйде? Құпия... Осылар жайында Нұрлан Оразалин Жазушылар одағы мүшелерiне ешқашан есеп берген емес, жалпы, шаруашылық мәселесiн бiрде-бiр рет ашық талқыға салып көрген жоқ.
Мiне, ендi Оразалин сенат депутаты болып тағайындалды. Президенттiң сенiмiне бекем кiрген адам екенiн көрсеттi. Ендi кiм не дей алмақ? Бұдан кейiн қай қаламгер қандай ой түймек? Қалыптастырылған жағдайға көндiгiп жүре беремiз бе? Әлде шын тұтастықтың шынайы пiкiр алмасуларда, әдiлеттi шешiмдер қабылдай бiлуде екенiн есте ұстап, өзiмiздi- өзiмiз өркениетке, демократия талаптарына сай тәртiпке келтiруге бiлек сыбана кiрiсемiз бе?! Менiңше, әдеби төрелер бiздi бұдан былай алдай бермеуге тиiс. Оразалин 17 жыл iшiнде жиған тәжiрибесiн сенаттың игiлiгiне жарата берер, ал бiзге әдiлеттi шығармашылық одақ қажет. Халыққа риясыз қызмет ететiн Жазушылар одағы керек. Оны өзiмiз жасауға мiндеттiмiз.
Бұл үшiн не iстеуге тиiспiз? Әрине, алдымен Оразалинге неге наразы екенiмiздi жан-жақты парықтау ләзiм. Оның өз командасымен бiрге жылдан-жылға үзбей айтып келе жатқан өтiрiгiнiң: “Бiр кездерi “ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында” кете жаздаған ұйым ғимараттары қара шаңырақ қарауына қайтарылды” деген жалған “қаһармандығының”, жасанды сылтауының артындағы жазушылардың шығармашылық мүддесiне қатысты iске оралымсыздықтарын ашып талдап, алдағы күндерге дұрыс бағдар жасау жөн. Бұл үшiн бiрiншi кезекте Жазушылар одағын басқаруға лайықты қаламгерлердiң бағдарламаларын тыңдап, талқыға салу арқылы, iштерiнен ең дұрысын таңдауға тиiспiз. Мұндай шараны жүзеге асыра алатын жиынды ұзаққа созбай шақырған дұрыс. Ол төтенше құрылтай болуға керек. Оған барлық одақ мүшелерiн қатыстыруға жағдай жоқ болса, айталық, әр бес жазушыдан бiр өкiл келетiндей етiп, облыстардан, Астана мен Алматыдан делегаттар сайлату қажет. Солар – 777 жазушы атынан шешушi дауыспен келетiн 150–160 қаламгер – қанша уақыт қажет етiлсе, сонша уақытын жұмсап, мәселенi иiн қандыра талқыласын да, әдiл, сындарлы шешiмдер шығарсын. Менiң ұсынысым – осы!
«Жас Алаш» газеті