Тәрбие басы – еңбек
Итальяндық ғалым, суретші Леонардо ДаВинчи «Еңбек еткенге бақыт өзі басын иеді» деген. Еңбек – адамды өмір сүруге жігерлендіреді, тәніңді сау етіп, рухыңа сарқылмас күш береді, өз маңдай теріңнің дәмін татқан адамнан асқан бақытты жан жоқ. Еңбек жемісі сізді шексіз қуантады, өмір сүруге бейімдейді, үнемшіл болуға үйретеді, күн өткен сайын ширатады, шынықтырады. Қазақтың ақтаңгер ақыны М.Мақатаев түнімен өлең жазып, таңғы шайда сол өлеңді сондай бір шаттанып шалқып оқиды екен. Міне бұл да бір еңбектің ләззаты.
Адамның адам болуында еңбек шешуші рөл атқарған. Бүгінде мектеп жасындағы балалар еңбекті білмейді. Жалқау, шыбық тимес шыңқ етер, ақ саусақтар. Кәдімгі Салтыков-Щедриннің «Бір шаруаның екі генаралды асырауы» деген атақты әңгімесі есіме түсе береді, онда анау төбесінде самсап тұрған алманы танымайтын, табанында жатқан тау жуасын білмейтін өмірі кәбинеттен шықпайтын бейшара, тоғышар тек елге бұйрық беріп отыратын арам тамақ екі генаралдың аштықтан бұратылған хәлін жазушы қандай тамаша көз алдыңа келтіреді. Бізде бүгін сол "болашақ "ақ саусақ генаралдарды" тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба?", деп кейде дөңбекшіп ұйқым қашады.
Қазір балаларға үйде де істейтін шаруа жоқ, қазақтың қаладағысы көп қабатты үйде, ал қала сыртындағысы бес соттық жерге салынған баспананың шағын ауласында өсуде, онда қандай еңбек ететін мүмкіндік болсын?! Адамдар бүгінде картоп,қызанақ, қиярын да өздері егіп, баптамайды. Барлығын базардан сатып алады.
Еңбек - тәрбие басы. Онда үлкенді сыйлау, өзара ынтымақ, бұйрыққа бойсұну, тазалық, әмірді орындау, жауапкершілікті сезіну бар. Мектептегі бала әрине қабырғасы қатпаған, қалыптаспаған, сол себепті де оларды жұмсақ мінезбен жұмсау шарт. Ұл балаларды мектеп ауласын тазалау, қыста қар күреу, күзде жапырақ жинау, көктемде ағаш, гүл егу, ал қыздарға аудиторияның тазалығын жасауды міндеттеп, аптасына, айына жарты күн болса да еңбектің дәмін сездіру керек.
Еңбек арқылы барлық жетістікке жетуге болатындығын түсіндіру, оқушыларға еңбектің шешуші ұлттық фактор екенін ұғындыру, отан үшін еңбек етуді санасын сіңіру, адам еңбегін бағалай білуге, еңбек адамдарын сыйлай білуге тәрбиелеу қажет.
Еңбексіз өскен бала тұяғын қимылдатпай ақша табуды аңсайды, тез байығысы келеді. Бұл ел ертеңі үшін аса қауіпті болмақ.
Бұл заман онсыз да адамнның жүгі жеңілдеп, еңбектен алыстаған заман. Барлық адам смартфонның ішінде тұншыға өмір сүруде.
Дамыған елдер әлдеқашан еңбек арқылы өркениет жолына түскен. Елдің еңсе көтеріп, табысқа жетуі үшін халықтың білімді, өнерпаз, еңбеққор болғаны маңызды. Ал білім де, өнер де адал еңбекпен келеді. Адал еңбегімен өз кәсібінің шыңына шыққан адамды айналасы ерксіз құрметтейді. Данышпан Абай айтқандай, «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».
Еңбек адамды шынықтырып, мінез - құлқын қалыптастырады. Еңбек етуде адам өзіне тапсырылған іске деген табандылық пен ынта - жігерді, құндылықты, тындырымдылық пен жауапкершілікті қалыптастырады. Адам ерінбей еңбек ету арқылы қуанышқа, шаттыққа бөленеді. Еңбексүйгіш, еңбекқор және еңбекті бағалай білген адам ғана бақыттың дәмін сезеді. Адам еңбек арқылы тәбиеленіп, нағыз кемел адам болады.
Фото: ғаламтордан
Нұрхалық Абдырақын
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің PhD докторы, жазушы
Abai.kz