Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3783 0 пікір 6 Қыркүйек, 2013 сағат 10:59

Мақсұт Нәрікбаев: «Халық пен билік арасын жалғайтын күш керек...»

Мақсұт Нәрікбаев: «Халық пен билік арасын жалғайтын күш керек...»

 

Алматыдағы Прайм плаза орталығындағы Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған оқиға жұртшылықты түрлі ойларға жетеледі. Сайттарда, әсіресе әлеуметтік желілерде адамдар бірнеше топқа бөлініп, біреулері әншіні қолдаса, біреулері жауапқа тарту қажеттігін айтты. Тіпті жанжал шығарған жастардың ісі  дұрыс деп бағалап, енді бірі оның себебін сыртқы күштерден іздеді. Осы орайда заңгер, заң ғылымының докторы, «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, профессор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың да өз пікірі бар екен.

- Мақсұт Сұлтанұлы, Қайрат Нұртастың концертінің арты сондай үлкен дауға, қақтығысқа ұласуының себебі не деп ойлайсыз? Оқиғаның дәл Президенттің немересінің үйлену тойы болып жатқан уақытта болуының саяси астары бар ма?

Мақсұт Нәрікбаев: «Халық пен билік арасын жалғайтын күш керек...»

 

Алматыдағы Прайм плаза орталығындағы Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған оқиға жұртшылықты түрлі ойларға жетеледі. Сайттарда, әсіресе әлеуметтік желілерде адамдар бірнеше топқа бөлініп, біреулері әншіні қолдаса, біреулері жауапқа тарту қажеттігін айтты. Тіпті жанжал шығарған жастардың ісі  дұрыс деп бағалап, енді бірі оның себебін сыртқы күштерден іздеді. Осы орайда заңгер, заң ғылымының докторы, «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, профессор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың да өз пікірі бар екен.

- Мақсұт Сұлтанұлы, Қайрат Нұртастың концертінің арты сондай үлкен дауға, қақтығысқа ұласуының себебі не деп ойлайсыз? Оқиғаның дәл Президенттің немересінің үйлену тойы болып жатқан уақытта болуының саяси астары бар ма?

- Кез-келген оқиғадан үлкен саяси астар іздеудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Менің ойымша негізгі кемшілік концертті ұйымдастырушылар тарапынан болғанға ұқсайды. Қандай да бір халықтық, ел көп жиналатын шараларды өткізу барысында ең алдымен сол шараға қатысушы адамдардың қауіпсіздігінің сақталуына аса мән беру керек. Көрермен арасында ішімдік ішкен немесе мінез-құлқы тұрақсыз адамдардың болуы да мүмкін. Сондықтан олардың әншінің жұмысына кедергі келтірмеуін жіті қадағалау керек.  Көптеген концерттерде сахна мен көрермен арасында бос жер болады. Арнайы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаушы адамдар көрерменнің сахнаға шығуына жол бермейді. Ал аталған концертте әннің ортасында –ақ адамдар сахнаға шығып кеткен. Видеоматериалдардан, ақпарат құралдарының жазып жатқандарына қарағанда әншіге әртүрлі заттар лақтыра бастаған. Мен ойлаймын, ол лақтырылған заттар әншіге емес, сол сахнаға шығып кеткен көрерменге бағытталуы да мүмкін. Енді арнайы органдар оның ақ-қарасын ажырата жатар. Бірақ біз бұл оқиғадан үлкен сабақ алуымыз керек...

- Ойыңызды өрбіте түссеңіз, осы жағдайдан қандай қорытынды жасауға болады?

- Ең бірінші ойыма келгені, қай қоғамда болмасын тыныштық пен тұрақтылық өте нәзік жағдайда болатынын ұмытпау керек.  Егер қандай да бір ойы бұзық, пиғылы дұрыс емес, еліміздің тұрақтылығын бұзғысы келген күштер болса үлкен сілкіністер жасау, ел тыныштығын бүлдіру оларға аса қиынға соқпайтын сияқты. Ол үшін үлкен әлеуметтік шиеленіс емес, бір танымал адамды байқатпай пайдалана салса да жетіп жатыр. Ал бірі қызғаныштан, бірі басқа да бір ой-пиғылмен, тіпті саяси мақсат қойып, билікке келу жолында әрекет жасап жатқандар аз деп атйта аламыз ба? Айта алмаймыз!

- Ия, шынымен де өз өміріне, тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмайтын, наразы адамдардың қатары баршылық. Бұл Сіздің ойыңызша билік жүргізіп отырған саясаттың салдары ма, әлде бұл жалпы әлемдік үрдіс па? Өйткені дүмпулер болып жатқан елдер, мемлекеттер қатары да көбейіп жатыр ғой?

- Дәл мына фактордан ғана деп айту қиын, тіпті мүмкін емес. Өйткені оның себептері де, салдары да алуан түрлі. Бір жағынан елдегі әлеуметтік жағдайдың әлі де болса кемеліне жетпей жатқандығы, елді жайлаған жемқорлық адамдардың ертеңгі күніне, болашағына деген сенімін жоғалтатын бірден-бір себептер. Жемқорлық күшейген қоғамда әділдіктің әлсірейтіні белгілі. Әділдік болмаған, заң орындалмаған, заң алдындағы барлық адамның теңдігі сақталмаған мемлекетте тұрақтылық пен тыныштықтың патшалық құруы мүмкін емес.

Менің бір байқап жүргенім, қазір қоғам мүшелерінің біразының  басында өзінің шешілмеген мәселесі көп. Қаншама адамның төленбеген несиесі бар. Несие сорып жатқан әр үй қалаған тамағын ішіп, қалаған киімін киіп, қалаған жағына бара алмайтыны белгілі. Ол да адамның ішкі қиналысын туғызады. Екіншіден, адамға қажетті заттар, әсіресе тамақтың қымбаттауын  айлық пен зейнетақы көлемінің артуы қуып жете алмай жатыр.

Дабыралап жарнамалап жатқан индустриялық инновацияның жақсылығын қарапайым халық толыққанды көріп отыр ма? Жоқ. Ауыл шаруашылығы дамып жатыр ма? Өз деңгейінде емес...  Орта және шағын бизнес дамып жатыр ма? Қарқынды дамуда деп ешкім айта алмайды. Осыдан барып, жұмыссыздар қатары азаймай тұр.

Біздің халқымыздың тең жартысына жуығы ауылды жерде тұрады. Сол сегіз миллионға жуық халықтың әлеуметтік жағдайы жаңағы айталған себептерге сай көңіл толарлық емес. Мал шаруашылығын дамытамыз дедік, бәрін жекеге бердік. Ал енді өсірген малдың етін де, сүтін де пұлдау оңайға түспей отыр. Себебі, Кедендік Одааққа мүше елдердің тауарлары отандық өнімге қарағанда бәсекеге қабілетті.   Ол жақта өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау жақсы жолға қойылған.  Қазақстандай аграрлы мемлекетке сырттан ет, сүт, май, жұмыртқа импорттау деген нағыз масқара, ұят нәрсе.  Кеше ғана «Таң шолпан» бағдарламасында Шынжан алмасының 80 пайызы Қазақстанға сатылатынын мақтан етіп айтып жатыр.

Тағы бір күрделі мәселе - ауылда жұмыс жоқ, ауыл бизнесінің дамуына қолдау болмай отыр. Соның салдарынан жастардың көбі, басым бөлігі ірі қалаларға, Алматы мен Астанаға ағылуда. Ал ол ірі қалалар ол жастарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етіп үлгермеуде. Өйткені бір жылда жүз адам жұмыс тапса, мың адам жаңадан келіп жатыр. Ал жұмыссыздар көбірек шоғырланған жерде қылмыстың да, бұзақылықтың да өрши түсетіні белгілі.

Сондықтан біз ауыл жастарының ауылда өз ісін ашып, ауылда тұрақтануына жағдай жасауымыз керек. Егер осы мәселе шешілмесе жастар қалаларға ағылуын тоқтатпайды, ал оның арты жақсылық емес. Әсіресе аулымыздың болашақта иесіз қалу қаупі қобалжытады.

Тағы бір айта кетететін нәрсе бізде бизнесті, үлкен өнеркәсіпті дамытуды мемлекеттік қолдау өте түсініксіз жүргізіледі. Әрине мен экономист емеспін, жай қарапайым адамның көзімен қарап ой елегінен өткізсеңіз, біздің бизнесті қолдауымыз үлкен қаржы жұмсап, зор күш шығарып баланы дүнеиеге әкеліп, сосын қарамай, бақпай тастай салған ана сияқты көрінеді. Үлкен зауыт, фабрикаларды миллиардттаған ақша жұмсап саламыз, ал оның аяғынан тұрып, басқа елдермен бәсекеге қабілетті етуге жағдай жасамаймыз. Мұның бәрі айналып келгенде ел экономикасының дамуын тежеп, елдің әлеуметтік жағдайының нашарлауына әкеліп соғады. Ал ол жағдайлар, халықтың наразылығын, өкпе-ренішін туғызады.

- Ел ішінде байлар мен кедейлердің ара қатынасы да алшақтап барады ғой. Біреулер тым бай, ал көпшілік кедей... Осы да үлкен мәселенің бірі ғой?

Нарықтық экономиканы мемлекет негізі ретінде мойындағаннан кейі,  сол жолға жалтақтамай бет алғаннан кейін, бай-кедей деп бөлуді тоқтату керек. Ең қажеттісі, байдың бай болуы, бай болғаннан кейінгі  іс-әрекеті қоғамдағы заң шеңберінде заңдылық  тұрғыда болуы тиіс.

Жоғарыда атап өткенімдей  заң орындалмай, әділеттік болмай қалған кезде наразылық күшейеді. Бізде заңды кім орындамайды? Қолында билігі, шотында ақшасы бар адамдар. Ақшасы бар адам кісі өлтірсе де сотталмай жатса, лауазымы бар адамдар миллиардттап қаржы жымқырып жатса, енді біреулер ипотекеға пәтер алып, оның ақшасын құя алмай жатқанда енді біреулер заңсыз жолмен тапқан ақшасына зәулім сарайлар тұрғызып жатса, біреулер жаны қиналмай миллиондап айлық алып, енді біреулер табан ақы, маңдай терінің өтемін ала алмаса қоғамда қандай тұрақтылық пен тыныштық болуы мүмкін?

- Ия, шынымен де айта берсек қоғамдағы қайшылықтарды айтып тауыса алмаймыз. Енді одан шығар жол бар ма?

- Әрине бар. Қазіргі қиындықтар мен қайшылықтарды еңсеруді ең алдымен халық пен билік арасындағы байланысты күшейтуден бастау керек. Қазір билік бір құрлықта, халық бір құрлықта өмір сүріп жатқан сияқты. Десек те, биліктің түрлі шешімдері, ұстанымдары халықтың көңілінен шығады деп те айта алмаймыз.

Мәселен, кейбір сарапшылардың тұжырымдауынша, үмітіміз зор, пайдасы да бар болғанмен, Кедендік Одақтың ел экономикасына, бизнестің дамуына тигізіп отырған кері әсері жоқ емес. Өйткені ол Одаққа қатысушы елдердің тең құқықтығы сақталмаған. Оны Белоруссияның Президенті жақсы айтты. «Россия бізді алдады» деп мәлімдеді. Ал біздің жағдайымыз ол елмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі, әлдеқайда төмен.

«Протон» зымыранының құлауы үлкен экологиялық апат болды. Алайда одан да біз дұрыс сабақ алған жоқпыз. Мысалы, еліміздің  экология министрі  «Протон» зымыраны апат салдары жойылғанша ұшырылмайды деп мәлімдеді. Ал «Роскосмостың» ресми сайтында зымыранның 17 қыркүйекте ұшырылатынын жариялады. Бұл да ел ішінде наразылығын туғызуға септігін тигізбесіне кім кепіл?

Қытаймен визасыз қатынас жасау да біз үшін, ұлтымыз үшін жақсылыққа әкелмейтін шаруа екені белгілі. Жалпы айта берсек мәселеден аяқ алып жүргісіз.

Осы мәселенің бәрін билік қоғаммен, халықпен байланысын нығайта отырып, Конституцияны өзгертуден бастап үлкен-үлкен саяси рефоромалар жүргізуі тиіс.

Мәселен, осы жылдың қазан айында «Нұр Отан» партиясының съезі өтейін деп жатыр. Арнайы саяси доктрина дайындалу үстінде. Сол алқалы жиында партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің дамуы мен жаңа саяси қадамдарды айқындап береді деген ойдамын.

«Нұр Отанның» артықшылықтары мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, белсенді қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, халық пен биліктің арасындағы байланыс пен түсіністікті нығайту қажет-ақ. Қарап отырсаңыз қазіргі қоғамымызда кейбір патрияларға қарағанда қоғамдық ұйым жетекшілерінің, жекелеген қоғам белсенділерінің беделі артып келеді. Осы жағдайды еліміздің өркендеуі жолында, жаңа заманға сай жаңаша реформалар жасауға пайдаланған дұрыс деп ойлаймын.       

- Жалпы саяси реформа туралы аз айтылмайды. Бірақ сол реформалардың нақты көрінісін көре алмай-ақ келеміз. Ол реформаны кім бастап, кім жүргізуі тиіс?

-  Сіздің бұл тұжырымдамаңызбен келісе алмаймын, өйткені еліміздің бүгінгі шыққан шыңдары өткен 22 жылдағы жасаған саяси реформалардың нәтижесі екендігіне қалай күмән келтіреміз? Ал ол реформаларды еліміздің Бірінші Президенті Назарбаевтың басшылығымен іс жүзіне асырдық емес пе? Ендеше егемен еліміздің ертеңін шешетін реформалардың негізін қалаушы да Елбасы болатындығында ешбір күмәнім жоқ. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы жылдың шілде айында телеэкранға шыққан «Назарбаев лайф» деректі фильмінде ашық айтып кетті.

Әңгімеңізге рахмет.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364