Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4171 11 пікір 6 Қараша, 2023 сағат 12:51

Министрге дат: Кеңестік көзқарастан арылған жоқпыз!

Бар ғылымның түп атасы-
Таза ақылмен ойлану...
              ***
«Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл»
                                  Шәкәрім.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың назарына!      

Әлемдік өркениетті елдер мен дамудың ең жоғары сатысына шыққан мемлекеттердің озық тәжірибелері көрсеткендей кез-келген елдің экономикасының дамуы, әлеуметтік жағдайының өсуі барлығы да сол елдің білімі мен ғылымына тікелей байланысты екендігі анық. Тіпті, не табиғи  байлығы жоқ елдердің әлемдік экономикада үстемдік жүргізу себебі де – сол елдердің ғылыми зияткерлік әлеуетінің жоғары екендігін аңғартуда.

Міне сондықтан да Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы, еліміздің экономикасының өсіп, әл-ауқатының күшеюі ол – еліміздің білімі мен ғылымына тікелей тәуелді екендігі анық. Дамудың биік шыңында тұрған елдер инновациялық білімі мен ғылыми зияткерлік, патриоттық әлеуетінің арқасында жоқтан бар жасап елдің болашағын жарқын етіп өркениетті елге айналса, ал ғылымы мен білімі артта қалған елдер қолындағы бар табиғи байлығын игере алмай, өзге елдерге экономикалық тұрғыда тәуелді болуда. Ал, экономикалық жағынан тәуелді елді толыққанды Тәуелсіз ел деп атауға болады ма?!

«Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» - дейді «Оқу жайы» мақаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Міне сондықтан да еліміздің білімі мен ғылымын өркениетті дамыған елдердің озық, инновациялық тәжірибелері негізінде дамытудың уақыты жетті деуге болады. Егер де дер кезінде еліміздің ғылыми әлеуетін дамытып, ондағы күрделі мәселелерді шеше білсек, ғылымның экономикамыздың дамуына ықпалын тигізсек,  еліміздің ғылымы мен білімін Тәуелсіздігіміздің дамуымен үндестірсек, онда Тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзақ, тұғыры берік болары анық.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 07.12.2011 ж. №514 бұйрығымен бекітілген Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстарының тізбесі бар.

Аталмыш бұйрықтағы байқаулар, олимпиадалар, ғылыми жобалардың дипломдары ғана мұғалімдерді аттестациядан өткізу кезінде жарамды құжат болып саналады екен?! Ал ол тізімде жоқ байқаулар, ғылыми жобалар, олимпиадалардың дипломдары жарамсыз екен?! Неге десек? Ақылы ғылыми жобалар мен байқаулардың дипломдары «жарамсыз» дейді?!

Шындығында ғылыми жобалар мен шығармашылық байқаулардың мақсаты -  оқушылардың ғылыми ойлау қабілеттерін дамыту, дарынды оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру болып табылуы тиіс.

Бұл туралы "Бар ғылымның түп атасы-таза ақылмен ойлану" деген Шәкәрім дана. Сондықтан да таза ақылмен ойлануға, ғылыми ойлауға баулитын тегін және ақылы ғылыми жоба байқауларын өткізу қажет деп білеміз. Өйткені оқушының шығармашылығы мен ғылыми қабілетін арттыратын кез-келген байқаудың пайдасы зор.

Екіншіден, қазіргі жаһандану дәуірінде үйдегі бесіктен белі шықпаған баладан, үйдегі үлкендеріңе дейін смартфонға телмірген заманда, болашақ ел иесі болатын өскелең ұрпақтың уақытын тиімді пайдаланып, оның уақытын білім мен ғылым игеруге, шығармашылыққа баулу үшін осындай ғылыми және шығармашылық байқаулардың маңызы зор деп білеміз! Өйткені оқушы шығармашылық байқауға қатысу барысында өздігінен оқи бермейтін көптеген әдеби және ғылыми кітаптар мен әдебиеттерді оқи отырып, өзінің шығармашылық қабілетін арттырады, ізденеді, ғылымға бет бұрады.

Үшіншіден педагогтер мен оқушылардың білім деңгейі жаттанды тестпен (ҰБТ) және (педагогтің біліктілік көтерудегі тесті) өлшенген заманда педагогтер мен оқушыларды шығармашылыққа баулитын, білім мен ғылымға ынталандыратын жобалардың маңызы әлдеқайда жоғары деп білеміз.

Төртіншіден №514 бұйрықтағы байқаулар еліміздегі барлық педагогтардың сұранысын және шығармашылық қажеттілігін толық өтей алмайды, яғни ол байқаулар аздық етеді.

Бесіншіден №514 бұйрықтағы байқаулардың дені ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты мемлекеттік ұйымдардың ұйымдастыруымен өтетін "тегін" байқаулар болғандықтан кейбір тегін байқаулар өз деңгейінде, өз уақытында өтпей жатады. Себебін сұрасаң дер кезінде қаражат та бөлінбейді екен.

Біздің қоғам әлі де кеңестік көзқарастан арыла алмай жүргеніміз осыдан көрінеді. Өйткені бізде "бәрін мемлекет қана жасайды" және "тегін" болсын деген кеңестік шіріген көзқарас бар санамызда.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің біз жоғарыда мысал еткен бұйрығы осы сөзімізге дәлел болса керек.

Біз баланы ғылыми ойлауға немесе ғылым табуға баулуды емес, ғылымды тізімге тәуелді етіп тұрмыз. Ал негізгі мақсатымыз баланы шығармашылық пен ғылыми зерттеуге үйрету болу керек еді.

Осылайша ҚР Оқу-ағарту министрлігі өзінің бұйрықтары арқылы педагог ұстаздарды және оқушыларды ғылыммен, шығармашылықпен еркін айналысуын шектеп, ғылымды тізіммен тізгіндеп тастады.

Ғылым ол тәуелсіз дамиды. Оны министрліктің бұйрығымен бекітіп, тізім жасап, тізіммен тізгіндей алмайсың.

Мысалы Марк Цукерберг Facebook-ті ойлап таппаса онда әлеуметтік желінің игілігін халық қазіргідей көрмес еді. Ол да ғылым. Ғылым не? Ол - жаңалық. Міне ғылымның пайдасы.

Мемлекет қана бәрін жасаса неге жеке адам ойлап тапқан ғылыми жетістіктерді пайдаланамыз бәріміз. Тіптен мемлекеттің игілігіне айналған қазіргі инновациялық жаңалықтардың барлығы Шәкәрім дана айтқан жеке адамның "таза ақылмен ойлануы" нәтижесінде пайда болған ғылыми жетістіктер емес пе? Оны қалай жоққа шығарасың?

Ал бізде қалай? Ол аттестацияға жарайды ма екен?! Ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен бұйрығында бар ма екен? деп жүрсек онда қазақтан Цукербергтер қайдан шықсын?

Ал жоғарыдағы аталған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен бұйрығына келсек. Ол да келмеске кеткен кеңестік жүйенің сарқыншағы деп білеміз. «Мемлекеттік қана болсын» деген. Кешегі кеңестік жүйенің қалай күйрегенін білеміз. «Бәрі мемлекеттік болсын» деді. Ақыры мемлекеттік болсын, "тегін" болсын деп жүрген кеңестік жүйе «ТЕГІН» КҮЙРЕП ТЫНДЫ.

Ал Батыстың өркениетті елдерінде олай емес. Бәрі нарық заңымен дамып, ғылым да, білім де өркендеп барады. Кезінде кеңестік жүйеде жүріп батысты сынағандар енді сол батыстың үлгілі жоғары оқу орандары – Кембридж, Оксфорт т.б. балаларын оқытып, батыс біліміне, батыстық техникаға, сол дамыған елдердің инновациясына тәуелді болып тұр. Неге? Өйткені ол елде ғылым мен білімді біздікіндей бұйрық шығарып тізіммен тізгіндемейді?! Ғылым ба ол еркін даму керек деп, соған қолайлы жағдай жасалған.

Сондықтан да ол елдерден Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Масктар т.б. өнертапқыштар шығып жатыр, шығып жатыр. Ғылымы да дамып, дамуыдың ең жоғары сатысына шығып, тіпті басқа ғаламды зерттеуге кірісіп кетті Илон Масктар.

Бізден неге шықпайды Илон Масктар? Өйткені біз білім мен ғылымды тізімнің деңгейінде түсінеміз, бәрін мемлекет қана жасайды деген кеңестік көзқарас әлі өшкен жоқ санамыздан...

Екіншіден, мемлекеттік дамуымыздың ұзақ мерзімді стратегиясында айтылған бәсекеге қабілеттілік ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бір тізімінің деңгейінде дамымайды. Бәсеке ол кез-келген салада өзіне бәсекелесетін мүдделер шыққанда ғана пайда болады, дамиды, өсіп-өркендейді.  Енді біз бір тізіммен бәсекеге қабілеттілікті қалай жасай аламыз? Егер де ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тізімін ғана жаратып, өзге бәсекелесетін жекеменшік мүдделерді тұншықтырсақ?! Оны қалай түсінуге болады? Бұл ҚР Президенті үнемі айтатын «бәсекеге қабілеттілікке» қарсы қадам емес па?!

Үшіншіден әлемнің ең дамыған елдерінің ғылымы мен білімінің соңғы жетістіктері көрсеткеніндей бәсекеге қабілеттілік тек жекеменшік мүдделерде басымдығы артады. Оны бізге Илон Масктың ғылым мен білімдегі және инновациядағы соңғы жетістіктері дәлелдеп берді.

Шамамен 52 жыл бұрын НАСА адамзат үшін бір үлкен секіріс жасап,  Айға сәтті қонғандығы белгілі. Ол уақытта SpaceX -тің бас директоры Илон Маск әлі туылған жоқ еді. Дегенмен 18 жылдық тәжірибесі бар жеке меншік SpaceX компаниясы, 62 жылдық тәжірибесі бар және үкімет қаржыландыратын NASA-ны инновация тұрғысынан түбегейлі жетістіктермен басып озғандығын көзіміз көрді.

Илон Масктың әлемді таң қалдырған бұл жетістігі - ғылым мен білімнің және инновациялық дамудың мемлекеттік меншіктен жеке меншікте әлдеқайда көбірек дамитындығын дәлелдеп берді.

Ғылым мен инновациялық даму бәсекеге қабілетті болғанда көбірек дамиды. Ал бәсеке ол жекеменшік мүдделерде ғана болатындығы анық. Илон Масктың біз жоғарыда келтірген инновациясы осы сөзімізге дәлел. Ол үшін бізде де өркениетті елдер сияқты ғылым мен білімді жекеменшік мүддеде дамуына жағдай жасалу керек. Біздің ҚР Оқу-ағарту министрлігі сияқты ғылымды тізіммен тізгіндесе не өнеді?! Білім мен ғылымымыз қалай дамымақ?!

Ал егер де бәсекеге қабілеттілік жекеменшік мүдделерде басым дамыса, онда неге жоғарыда айтқан мемлекеттік тізімде жекеменшік мүдденің, бәсекеге қабілеттіліктің оң тетіктері қарастырылмаған, яғни барлық жобалар «тегін» өтсін делінген.

Тіпті оған қазақ даналығы та жауап берген: «Ол не деген батпан құйрық, тегін жерде жатқан құйрық» деп.

Енді қазақи даналық негізінде сұрақ қойсақ: «Тегінге кім мүдделі болмақ?» «Өркениетті елдерде ақылы негізде жоба да, инновация да дамыса?», «Тегін тізім, тегін жоба дегеніміз өркениетті елдердің жолына және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияның басым бағыттарына қайшы емес па?!».

Илон Маск егер де тапқан жаңалығын «тегін» жасап, «тегін» қызмет көрсетсе, онда SpaceX компаниясы, 62 жылдық тәжірибесі бар және үкімет қаржыландыратын NASA-дан асып түсір ме еді? Әлемге инновациялық өркендеу мен ғылымның соңғы жетістігіне жетер ме еді, әлем оның игілігін көрер ме еді?!

Сол секілді Марк Цукерберг Facebook ті ойлап тапқан соң оған қаржы құймаса, ол «тегіннен-тегін» дамып бәріміздің игілігімізге айналар ма еді?!

Шәкәрім дана: «Ақылға еркін ой керек, Матаудан ойды азат қыл» дейді. Сондықтан еркін оймен дамитын білім мен ғылымды бір тізімнің матауынан шығарып, дамуына қолайлы жағдай жасайық, еліміздің ғылымы мен білімін жоғарыдағы тізімге тіремейік, немесе ғылымның деңгейін тізімнің деңгейіне түсірмейік, өркениетті елдердің үлгісінде дамытайық ғылымды!

Ғылым ол тәуелсіз дамиды. Біздің де ғылымымыз өркениетті елдер сияқты дамысын десек онда ғылымға оң көзқараспен қарау керек. Өркениетті елдер сияқты ғылымды дамытуымыз қажет. Ғылым мен білімді тізіммен тізгіндемеуіміз керек!

Оқушы жастардың дені смартфонға тәуелді болған заманда және білімнің деңгейі жаттанды тестпен (ҰБТ) өлшенген заманда оқушыларды ақылы негізде болса да ғылыми және шығармашылық байқауларға қатысуына шек қоймауымыз керек.

«Мың жылдығын ойлаған ұрпақ тәрбиелейді» дегендей, ата-ананың ұрпақ болашағына, оның біліміне жұмсаған қаражатының пайдасы болмаса, зияны жоқ деп білеміз.

«Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді. Егін салсаң, шықпай қалып, босқа шығындау ықтимал, мал жисаң, өліп қалып, босқа шығындау ықтимал, білім бәйгесінен пайда болмаса, шығын болмайды. Пайдасы боларлық істі істемей, бәйгеге ешкім қол созбайды. Солай болған соң, бұған шығарған ақша босқа кетуге тіпті орын жоқ» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының арманын орындайтын уақыт жетті деп ойлаймыз!

Құрметті Ғани Бектайұлы!

Жоғарыда айтылған мәселелерге оң көзқарас танытып, шешімін табуына ықпал етуіңізді сұраймыз.

Біздің елдің де ғылымы мен білімін өркениетті елдердің үлгісіндей дамуына қолдау жасаңыз.

А.Сатылғанов,                                                  

«BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364