Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6212 0 пікір 11 Қыркүйек, 2013 сағат 11:16

«ЖАС АЗАМАТ» - 95 - АЛАШ ҰРАНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ГАЗЕТІ (БАСЫ

Суретте: тарихшы Зарқын Тайшыбай

1918 жылы 30 шілдесінен 1919 жылдың 8 ақпаны аралығында барлығы 22 саны жарық көрген «Жас азамат» газетінің шыққанын биыл 95 жыл толып отыр.  Осы орайда порталымыздың тұрақты авторы, тарихшы ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай және тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова екеуі бірлесіп, «Жас азамат» газеті туралы көлемді зерттеу материалын жолдапты. Материалдың бір бөлігі – «Жас азамат» газетінің бес бірдей саны.

Авторларымызға редакция тарапынан алғыс айта отырып, зерттеу материалды оқырман назарын ұсынып отырмыз.

Abai.kz 

 

«ЖАС АЗАМАТ»  газеті 1918 жылы Қызылжарда шыға бастаған

Суретте: тарихшы Зарқын Тайшыбай

1918 жылы 30 шілдесінен 1919 жылдың 8 ақпаны аралығында барлығы 22 саны жарық көрген «Жас азамат» газетінің шыққанын биыл 95 жыл толып отыр.  Осы орайда порталымыздың тұрақты авторы, тарихшы ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай және тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова екеуі бірлесіп, «Жас азамат» газеті туралы көлемді зерттеу материалын жолдапты. Материалдың бір бөлігі – «Жас азамат» газетінің бес бірдей саны.

Авторларымызға редакция тарапынан алғыс айта отырып, зерттеу материалды оқырман назарын ұсынып отырмыз.

Abai.kz 

 

«ЖАС АЗАМАТ»  газеті 1918 жылы Қызылжарда шыға бастаған

Қазақ тарихының, оның ішінде мәдениет тарихының көкейкесті мәселелері еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана нақты деректер негізінде, тарихи әділет тұрғысынан зерттеле бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Бұрынғы КСРО-да жүргізіліп келген ұлттық саясатты зерттеп, ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар... Біздің тарихи түсініктеріміз, әсіресе, жаппай сана деңгейіндегі түсініктеріміз объективті емес, үзік-үзік екенін, көптеген тұрпайы социологиялық сүзгілерден өткізілгенін мойындауымыз керек» [1]. Ел тарихының құрамдас, аса маңызды тарауы мәдениет тарихы десек, мұның өзі, сайып келгенде баспасөз тарихынан да көрініс табады.

Мемлекеттік саясат жөніндегі Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық кеңес 1994 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананың қалыптасу тұғырнамасын» [2] қабылдады. Өмір қажетінен, тәуелсіздік табиғатынан туған бұл құжатта Қазақстан тарихын жасаудың өзекті мәселелері ғылыми тұрғыда сараланып, нақты бағыттар айқындалды. Осы тұғырнаманың негізгі қағидалары мынадай:

«...Қазақстан тарихының үзілмей дамығандық идеясы осы елді мекендеген халықтардың тегі, тарихы мен мәдениеті де үзілмей жалғасып отырды дегенді білдіреді», немесе «Қазақ халқы Қазақстанды мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетінің ізбасары, соларға тән өмір салтын, тіл мен мәдениетті алға апарушы», дегенмен «Қазақстан тарихын тек қана көшпенділер тарихы тұрғысында баяндауға болмайды». Тарихи ізденістердің іргетасы болып табылатын осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, «Қазақстанның тарих ғылымы үзіп алушылықтан бас тартып, тарихи сананы бұрмалаудан арылып, елдің өткендегі тарихын объективті түрде жаңғыртуы қажет», деген тұжырым басшылыққа алынуға тиіс [3].

Бұл айтылғандар, толығымен, қазақ баспасөзінің тарихына тікелей қатысты. Мәдениеттің аса маңызды саласы болып табылатын баспасөз тарихын әділет пен шындық тұрғысында жасау арқылы халықтың өткенінен объективті хабар беруге болады. Өкінішке қарай, қазақ баспасөзінің тарихы туралы алғашқы әңгіме осыдан сексен жыл бұрын таптық, коммунистік жүйе тұсында басталса да, ол соңғы кезге дейін тұтас ғылым ретінде толық қалыптасып болған жоқ.

Жалпыға мәлім, кеңес дәуірінің тарихшылары Кеңес одағындағы халықтардың бүкіл тарихын, оның ішінде мерзімді баспасөз тарихын билеуші ұлт – орыс халқының тарихымен сабақтастырып қарауды ғана жөн санады. Коммунистік идеологияға тән мұндай бұрмалаушылықпен күресетін күш болмады. Тіпті, қазақ баспасөзі тарихының ғылыми негізін қалаушы профессор Хайыржан Бекхожиннің өзі: «Қазақ баспасөзі ХІХ ғасырдың ІІ жартысында, яғни Қазақстанның Россияға қосылуының нәтижесінде пайда болды» [4] деп айтуға мәжбүр болды. Осындай беделді маманның мына жазғандары бүгінгі ұрпаққа тіпті түсініксіз болғанымен, кеңестік кезеңнің ұстанған негізгі бағыт-бағдарларын білдіреді. В. Лениннің тапсыз, тап тартысынсыз қоғам болмайды, яғни мүдде қайшылығы үшін күрес тоқтамайды, немесе бүкіл адамзат баласының тарихы бай мен кедейдің арасындағы тартыс тарихы деген идеясын басшылыққа алған кеңестік тарихшылардың бірі болғандықтан ол: «...Қазақ баспасөзінің тарихы дегеніміз, қазақ халқының дамуындағы екі бағыттың – Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін пайда болған прогресшіл, демократиялық бағыт пен керітартпалық, байшыл-ұлтшылдық бағыттың тарихы деуімізге болады», немесе «Революциядан бұрынғы қазақ баспасөзінде біріне-бірі қарама-қайшы әлеуметтік күштер арасындағы күресі, екі түрлі мәдениеттің әсері көрінетінін естен шығаруға болмайды» [5], дегенде автор «егер Ресей Қазақстанды басып алмағанда, осы уақытқа дейін мерзімді баспасөз пайда болмас еді», дегендей ойға еріксіз мезгеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін мерзімді баспасөз ұлттың мәдениет тарихының елеулі құбылысы, баспасөздің дамуы - ұлттың қоғамдық ой-санасының өсу үдерісін көрсететін өлшем деп емес, тек қана маркстік-лениндік ілімді насихаттаушы, коммунистік партияның сөзін сөйлеп, жырын жырлаушы, саяси күрестің пәрменді құралы ретінде ғана қарастырылып келді. Бұл дұрыс па еді?

Баспасөз, жалпы алғанда бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда қандай міндет атқаруы керек? Баспасөздің ақпар таратушы, қоғамдық пікір қалыптастырушы, ғылым-білім жетістіктерін насихаттаушы, Қазақстанды мекендейтін түрлі діндегі, әртүрлі тілде сөйлейтін халықтардың басын қосып, ынтымақта өмір сүруге бастаушы т.б. қызметі жөнінде ұстанар бағыт қайсы? Бұл жөнінде тарих тәжірибесі не айтады?

Осынау көп сұрақтардың жауабын іздеп-табу үшін еліміздің тәуелсіздікке дейінгі тарихын тереңірек оқып, зерделеу қажет. Яғни, таптық жіктелу деген желеу-түсініктен арылып, бір ұлттың тұтастығын меншік түрі мен мөлшеріне қарай екіге жарып, бірімен-бірін атыстырып-шабыстырып қойған жағдайды бүгінгі ұрпақ өз бетінше саралап, ақиқат тұрғысында түсінуге талпынғаны жөн. Гуманитарлық ғылымда зерттеу әдістемесіне бірден-бір негіз болған маркстік-лениндік таптық ұстаным [6] өзінің бүкіл кесір-қырсығын, отарлық бұғаудың қасіретін көп шеккен қазақ халқына тәуелсіздік идеясын ұмыттырып, бірнеше ұрпақтың санасына сіңіріп келгенін мойындаған жөн.

Рас, ХХ ғасырдың басында қазақ баспасөзінің тарихын қоғам дамуының заңдылықтарына байланыстыра қарап, ақиқатты айтуға талпыныс жасаған Алаш ардагерлері болған.

Баспасөз тарихшылары арасында алдыңғы орын көрнекті қаламгер, ұлт тәуелсіздігі үшін жанын қиған Міржақып Дулатұлынікі. Ол, сонау 1923 жылдың өзінде-ақ бұқаралық баспасөздің ұлттық сана-сезімнің оянуына қалай әсер ететінін ғылыми тұрғыда былай түсіндіреді: «Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді. Яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық. Бұған ешнәрсе білмейтін надандар, соқырлар болмаса, көзі ашық, көңілі тетіктер көптен иман келтірген. Сондықтан, Еуропа жұрты баспасөзге «алтыншы билік» деп ат қойған, деп М. Дулатұлы сол кезде-ақ тұжырымдаған болатын [7]. Автор өз тұсындағы Қазақстан аймағында шығып тұрған мерзімді баспасөз нұсқаларын алғашқысынан бастап, 1923 жылға дейін толық санамалап шыққан. «Қазағы, қырғызы бар Қазақстан, Түркістанды қосқанда, бұл күнге шейін шығып тоқтаған һәм шығып тұрған газет, журналдар мыналар...» деп: 1. «Дала уалаятының газеті», 2. «Серке», 3. «Айқап», 4. «Қазақстан», 5. «Қазақ», 6. «Қазақ газеті», 7. «Сарыарқа», 8. «Алаш»..., 9. «Жас азамат» газетін атайды.

М. Дулатұлы қазақша газеттердің атауларын осылайша тізіп өткенде, қайсының ілгері, қайсының кейінде тұрғанын уақыт ретімен қатаң сақтауды мақсат етпеген. Сондай-ақ, баспасөздің тарихқа мағлұм аттарын ғана атаған, шын мәнінде әуелде басқаша аталып, кейінде аты өзгеріп, дәстүрі жалғасып келе жатқандығына назар аудармаса керек. Сондықтан да: «Бұлардың 32-сі марқұм, 10 шамалысы ғана шығып тұр», деп көрсеткен. М. Дулатұлының мына сөздеріне назар аударсақ, біраз жайға қанығамыз: «Тоқтағандардың ең көп жасағаны «Қазақ» газеті, мұның да өмірі 7 жылға толған жоқ, ең өмірсізі – бір күндік» [8].

 «Қазақ» газетінің ұлт тағдыры мен тарихы үшін қандай маңызы болғаны туралы ұлы ойшыл Мұхтар Әуезовтің 1923 жылдың өзінде берген бағасы күні бүгінге дейін аса сындарлы және ғибратты. «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ахаң сөйлегенде, менің есіме «Қазақ» газетінің әндері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «Кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», қалың қазақ жұрты елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді.

Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінде, анда-санда оқып отырған әсерлі, анық сөздер, қауіптің пішінін айқын ғылып көрсетіп беруші еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқанда, «Қазақ» газетін көрген жерден қадалып тұрып қалатын»....«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денеге қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», -дейді М. Әуезов [9].

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде Алаш баспасөзінің тарихы жөнінде, қазақ даласында алғашқы газеттер мен журналдардың қалай пайда болғандығы, баспасөз түрлерінің қандай міндет атқарғандығы жайында әңгіме қозғала бастады.

 Әрине, алды 140 жылдай, арты 70 жылдай ілгеріде шыққан қазақ тіліндегі баспасөзді талдау, шынайы ғылыми әділдік тұғырнамасын ұстана отырып, солардың әрқайсысын байсалды зерттеу Отан тарихын құрметтеуге бастайды. Әрбір оқиға мен құбылыстың бағасы өз заманының айнасынан ғана айқын көрінеді. Сондықтан, «баспасөз қашан да өз дәуірінің шежіресі» [10] деген негізгі ұстанымды басшылыққа алып, салыстыру, жарыстыра талдау, баспасөз тарихын әдебиетпен, тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, экономика сияқты ғылымдармен шендестіре зерттеу арқылы ғана ана тіліндегі баспасөздің қадіріне жетуге болады. Тағы бір есте болатын нәрсе, тарихи әдебиет өткен дәуірді қамтиды, сондықтан, кейбір атау-ұғымдар, оқиғалар мен құбылыстар бүгінгі оқушыға түсініксіз болуы мүмкін. Бұл орайда да, сілтемелер мен түсініктерге, пайдаланылған әдебиеттер тізіміне назар салып, өз бетінше қорытынды жасауға ұмтылған жөн дер едік.

       Қазақтың ұлттық баспасөзінің тарихында елеулі орны бар «Жас азамат» газеті ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті [11]. 1918 жылдың сәуір-мамыр айында Омбы қаласында өткен қазақ жастарының тұңғыш құрылтайының шешіміне орай, «Бүкілқазақтық жастар ұйымының тілі» ретінде бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген.

 Газеттің дәл осы кезде Қызылжар қаласында шыға бастауы аймақта Кеңес өкіметінің құлауына байланысты, билікті қолына алған «Алашорда» үкіметінің саяси шешімінің нәтижесі еді. 1918 жылы маусымда Алашорда үкіметі жергілікті жерлерде нақты билікке қол жеткізу үшін біркатар декреттер қабылдады, соған сәйкес Алаш автономиясының аумағында Кеңес өкіметі шығарыпи үлгерген барлық құжаттар мен заң актілері жарамсыз деп танылды. (Трудовое Знамя, 1918, 7 апреля, 1 и 18 мая; Вестник Семиреченского трудового народа, 1918, 25 октября.) Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ тіліндегі жария баспасөз органы арқылы Алаш басшылығы II Бүкілқазақ съезінің шешімдерін жүзеге асыру шараларын насихаттау, халықтың саяси сауатын ашып, ұлттық санасын оятуды көздеді. Күн тәртібінде тұрған аса маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселелер: Құрылтай жиналысы мен ұлттық автономия мәселесін түсіндірумен қатар, аймақтық үкіметтермен байланыс орната отырып, үшін тездетіп ұлттық қарулы күштерді құруы тиіс болды. «Жас азаматтың» әр санында осы тақырыптар көтерілді. Мысалы, жергілікті өзін-өзі басқару органы – Земство жүйесі оқырманға кең түсіндірілді. Өйткені, соның алдында ғана 1918 жылғы 24 маусымдағы заң актісімен «Алаш аумағында 1917 жылы 17 маусымда Уақытша үкіметтің қаулысымен енгізіліп, оны Кеңес өкіметі жойып жіберген земстволық мекемелер қайта қалпына келтірілді». (Трудовое Знамя, 1918, 9 апреля).

Тұңғыш қазақ жастары газетінің қалай шыққандығы туралы С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» мынадай жолдар бар: «Май айында, 1918 жылы, Омбыдағы оқудағы Алашорда жастарының ұйымына айналған «Бірлік ұйымы» «Жалпы жастар съезін» жасады. Съезге әр жердегі жастар ұйымынан екіден өкіл шақырды. Біз «Жас қазақ» ұйымынан Абдолла Асылбекұлын жібердік. Біріне Омбыда оқып жүрген Жанайдар Сәдуақасұлын сайлап, телеграмма бердік... Абдолла майдың аяқ кезінде қайтты. Жастар съезіне Ақмола, Семей, Қостанай губерналарының жастар ұйымдарының өкілдері жиналыпты... Съездің көпшілігінің қаулысы бойынша, енді барлық жастар ұйымдарының бұрынғы аттарын қалдырып, «Жас азамат» деуге қаулы қылған. «Жас азаматтың» басқармасын сайлаған. Басқарма төрағасына Мұрзаұлын, мүшелігіне: Смағұл Сәдуақасұлын, Мұратбек Сейітұлын, Гуля Досымбекованы (Міржақып Дулатовтың балдызы. – Авт.), Әбдірахман Байділдәұлын сайлаған. «Жас азамат» ұйымының тілі қылып «Жас азамат» атты газет шығармақ болған. Газеттерін Қызылжарда, жабылып қалған Көлбайдың газеті «Үш жүздің» орнына шығармақ болған. Шығарушылыққа Кемеңгерұлын сайлаған» [12].

Жоғарыда айтылғандай, газеттің редакторы белгілі қайраткер Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, басқарма құрамындағылар: Смағұл Садуақасұлы, Мұратбек Сейітұлы, Гүлнәр Досымбекқызы, Әбдірахман Байділдәұлы еді.

Тұңғыш жастар газетінің алғашқы саны «Жас тілек» деген басмақаламен ашылған. Онда дәл сол кезеңде Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай сараланған. Тәуелсіздіктің болымсыз ұшқыны алыстан көрінгендей болып, газет ел бостандығы үшін ұйымдасуға шақырады. Мұндай ұлы үміт жолындағы күрестің алдыңғы шебінен тек жастарды көргісі келеді. Газеттің осы бас- мақаласындағы мына сөздердің маңызы әлі де ортайған жоқ, салмағы жеңілдеген жоқ. Өз ұлтының тағдыры үшін шырқыраған көсемсөз шеберлері былай дейді:

«Жастар съезінің тілегі орындалды, өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. Келешектің қараңғылығы, саяси һауанының күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей, апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болуы-болмауы, әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» [13].

Алғашқы санының өзінде Алашшыл жастар ұйымының алға қойған міндеттерін айқындап, «Жанам деген жүрекке от беремін!» деп ақын айтқандай, қазақ көсемсөзінің озық үлгісі деуге тұрарлық, шын Отаншыл сезіммен суарылған зор қуаттың, бел шешіп күреске түскен саналы күштің екпінін сеземіз. Әрі қарай оқып көрейік: «Бұл тілекке жету үшін «Жас азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дүшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ер қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады.

Осы айтылған жолдарда қарсы күш - қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.

«Жас азамат» қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін «ыстық қан, жас жан құрбан!» деген пікірден қайтқандығы жоқ...

Бұл мүмкін емес, өйткені, жүректеріне нық байланып, ыстық қандарына сіңген зат - бір буыннан бір буынға көшіп отыратын қасиетті мұра.

Алты миллион Алаштың, жарық ойлы жастары арасындағы жалғыз «Жас азаматты» алып шығып, асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегіне тарихи үят таңбасы басылады.

Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі көркеюі, «Алаш Орданың» абыройы, айбыны болуы сендерден. Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын, «төрелерге» құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын.

Мәдениеті жоғары ұлттардың жастары ұзақ жылдар от өмірді ғарып қылып, көз жасын, жүрек қанын сел-дария қылып, ойлаған мақсатына жетіп отыр. Көз алдымыздағы орыс студенттері алпыс жылдан астам азаттық жолында ескі үкіметпен күресіп келді!».

Осыдан 95 жыл бұрынғы қазақ жастарының жалпы білім деңгейі қазіргімен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Ал, саяси сауаты ше? Әрине, ол да төмен. Бір ғажабы – сол кездегі күрескер аталарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу еді. Олар, ешнәрседен тайынбай, «Қазақ халқы тәуелсіздік алуға тиіс және сөзсіз алады!» деп көрегендікпен болжады. Сол бостандыққа жету жолдарын анық таңдады, өз ізбасарлары – Алаштың жастарын соған бастады. «Жас азаматтың» басмақаласына жазып сол жолды былай көрсетті: «...Біздің Алаш жастары 1905 жылдан ғана бастап, әлеумет қозғалысына кірісіп, саяси күреске ат салыса бастап еді. Енді мінеки, аз жылдың ішінде өз міндетін көздеген нысанаға тигізіп отыр. Алаш ұранының үкіметі «Алаш Орда» құрылды.

Аз бейнетпен табылған дәулетті салақсып, ұсақ жұмысқа кірісіп, қолдан шығарып жіберу - кешілмейтін кінә.

Жастар! «Алаш Ордаға» мәдени күш беретін күндерің туды! Жер-судан, бірлік-берекеден айырылған кәрі буынның осы уақытқа дейін істеген зор қателері, жетер!

Билік тізгінін қолға алатын күндерің туды.

Ел үшін, жер үшін: «Алаштап!» Ақ ту көтеріп, найза салып, садақ тартатын күндерің туды!»

Атап өтерлік бір жай, «Жас азаматтың» беташарындағы осынау сөздердің сарыны содан 11 жыл бұрынғы «Серкенің» [14] (1907 жылы С-Петербург қаласында бір саны шығып тоқтап қалған «Серке» газеті туралы сөз болып отыр.-Авт.) алғашқы санына Міржақып Дулатов жазған «Біздің мақсатымыз» деген басмақалаға өте ұқсас. Арада он жыл өтсе де, ұлттық екі басылымның, ұмытылмаған, үзілмеген мұндай үндестігі тәуелсіздік жолындағы күрескерлердің ұрпақ жалғастығы, дәстүр сабақтастығы күшті болғанын көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, М. Дулатовтың аталған мақаласына оқырман назарын аударайық. Автор мақаланың айдарына «Қазағым менің, елім менің!» деген сөздерді елжірей жазғанын оқимыз. Басталуы былай:

«Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады... чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып алып...» [15].

Бұл жерде «Жас азамат» шыға бастаған кездегі саяси ахуалды тағы да еске алудың реті келіп тұр.

 1918 жылдың басында Қазақстанның қалаларында билікті большевиктер басып алып, қара халықты қанға бөктірген болатын. Ал, 1918 жылы жазға қарай, кеңеске қарсы күштердің белсенді бола түсуіне байланысты, өлкедегі саяси жағдай шиеленісіп кетті. Азамат соғысының етек алуына бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқынға түскен Австрия-Венгрия армиясының солдаттарынан құрылған Чехословак корпусы бүлігінің үлкен маңызы болды. Жақсы қаруланған 50 мың адамдық корпус 1918 жылы мамырдың аяғында Еділ бойы мен Сібірде —Транссібір магистралінің ұзына бойында кеңестерге қарсы шықты. Корпустың бір бөлігі ішкі контрреволюциялық күштермен бірлесе отырып, Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды. Чехословак корпусының бас көтеруі большевиктерге қарсы барлық күштерге серпін берді. 1918 жылы 11 маусымда кеңес өкіметі Семей қаласында құлатылды. Билікті қолына алған большевиктер үкіметі сөз, қағаз жүзінде езілген ұлттарға теңдік, бостандық жариялағанмен, іс жү­зін­де жүзеге асырған жоқ еді. Осы шешімдер арқылы автономия алып кетуден үмітті болған Алаш аза­маттарының осы жолдағы есіл ең­бегі ақталмады. Ол ту­ралы «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл­ғы 22 наурыздағы № 35 санында бы­лай делінген: совет үкіметі өткен декабрьдің ішінде бүкіл Россия­дағы жұрттарға «Бас билік тізгінің өзіңде. Мейлің Россия­мен қанаттас автономия бо­лып отыр, мейлің Россиядан бөлі­ніп, өз алдыңа жеке мемлекет бо­лып отыр, ерік өзде­ріңде» деп жария қылған еді. Онысы жалған болды».

 Антанта елдері қолдаған чехословак корпусының көмегімен Самарада эсер-ақгвардияшылар үкіметі - Құрылтай жиналысы комитеті (Комуч), Омбыда адмирал Колчак баскарған Уақытша Сібір үкіметі құрылды. 1918 жылы 18 қаңтарда соғыс бастаған атаман Дутов кеңестерге қарсы қайта шабуылға шықты, 1918 жылы 3 шілдеде Орынборды басып алып, кеңестік Түркістанды Орталық Ресейден бөліп тастады.

 Қазақстанның көптеген өңірлерінде азамат соғысы етек жайғанда, «Алашорда» (Алаш автономиясының үкіметі) кеңестерге қарсы бірігіп күресу үшін, Орынборда атаман Дутовпен одақ құруға мәжбүр болды, Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен және Самарадағы Құрылтай жиналысы комитетімен (Комуч) тығыз байланыс орнатты, Кеңестерге қарсы бірлесе күрес жүргізу мақсатымен Орал, Сібір және Жетісу казактарымен ынтымақты нығайта түсті.

 Осындай аумалы-төкпелі заманда «Алашорданың» тағдыры қыл үстінде тұрған. Қазақ халқының тәуелсіздікке деген үміті де бұлыңғыр еді. «Жас азамат» газеті: «Келешек қараңғы, жағдай күн сайын құбылған, апатты күндер туды, қазақ халқының дүниеде болу-болмауы тарих безбеніне тартылды, ұлттың өмірлі құқықтары аяққа тапталды, жаңа билік халықтың қанын сорып отыр...» деп,  алапатпен келген апатты, ел басындағы қайғылы халді түсіндіріп, көзге шұқып көрсетіп, қазақты сақтап қалу үшін жастардың «тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шыққанын» хабарлады, белді буып, етекті жиып, күреске кіргенін паш етті.

Сол кезде де, кейінде де ұлт мүддесін шен мен шекпенге, арзан атақ пен уақытша қызметке айырбастап жіберген кейбір мансапқор аталарымыз өздері де, өзгені де зор қайғыға, қасіретке ұшыратты. «Алашорда» үкіметі ойлаған міндетін орындай алмады, сыртқы дүлей күштің, ішкі алауыздықтың, жаңа отарлау саясатының құрбаны болып, күйіп кетті. Бұл ақиқат қазір ғана, Қазақстанның дербес мемлекет болып тарихи даму дариясына өз ескегімен қайық салған кезде ғана мәлім болып отыр.

Алашордашылардың бұл газетті шығарудағы мақсат-сыры оқырманға жолдаған «Ашық хатында» көрінді. Осы ұйымның кіндік комитеті: «Ел көп топырдың ортасында аяқасты бас қосайық деген пікір туып еді. Бұл пікірді туғызған – көкті қаптаған қара бұлт - большевик дауылы еді. Бұл дауылдан қазақ елін шамамыз келгенше аман сақтап қалайық, шамамыз келгенше тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде деген мақсұт еді» [16], - деп түсіндірді.

Алғашқы қазақ жастарының газеті, Алашшыл жастардың үні - бұл газеттің шығуына бастаушы 1918 жылғы сәуір-мамырдағы бірінші съезд екенін, ол жөнінде Мұхтар Әуезовтің «Тұңғыш қазақ жастарының съезі», «Қазақ жастарына» деген мақалалары болғаны да мәлім. Газеттің біздің қазіргі журналистік іс-тәжірибе түсінігінен мүлде бөлек, аса қиын жағдайда шыға бастаған еді. Сондықтан, Ресейді іштей бүлдіріп, бір туғанды өзімен-өзін қырқыстырып жатқан саяси күштерден қазақ зиялысы үлгі алмауы керектігін «Жас азамат» ерте-ақ ескерткен.

 Газеттің бірінші санында «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деген саяси шолу басылды. Онда: «Большевиктер орыс зиялылары мен жұмыскер-қарашекпендердің арасына жік түсірді, бұл ауру бізге жұғып жүрмесін» [17], деп ашық айтып, аз қазақты бірлікке шақырды. Мақала авторы, қазақтың көрнекті көсемсөз шебері, Алаш жастарының жетекшісі Қошмұхамбет Кемеңгеров болатын.

 Бір кезде С. Сейфуллин көрсеткендей, сол заманда шығып тұрған қазақ тіліндегі баспасөз нұсқаларының басшылыққа алғаны – «Қазақ» газеті екендігі анық байқалады. «Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ-күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқау беріп, хат жазып жатты», деген еді «Тар жол, тайғақ кешудің» авторы.

 Жас қаламгердің және олардың тілектестерінің бұлайша алаңдауына себеп көп еді. Қазақ жастарының Омбыда өткен бірінші съезінде (С. Сейфуллиннің көрсетуі бойынша) Ақмола уезі жастарынан құрылған «Жас қазақ» ұйымының атынан барған А. Асылбеков сияқтылар нақты жағдайды түсінбей, қазақ тұтастығын бұзып, өздерінше төңкерісшіл, большевикшіл бола қалған еді. Орыс төңкерісшілерінің желбуаз, жалған ұранына сенген қазақ жастарының бұл тобы саяси күрес тәжірибесінен ада, қоғамдық құбылыстарды өз бетінше, саналы бағалай алмайтын. Тіпті, олар саяси күрес, пікірталас дегеннің не екенін білмегендіктен, өздеріне қосылмағандарды балағаттап, жала жабудан тайынбады. Кейінде мұндай алауыздықты отаршыл, шовинистік билік пайдалана білді. Ұлттық мемлекет, тәуелсіздік ұранын көтерген қазақ зиялыларын түгел құртып жіберді.

Алашорданың саяси ұйым ретіндегі қызметіне баға беріліп, Кеңес құрылысына қарсы шыққандығы қылмыс емес, саяси қозғалыс деп танылып, 1919 жылы кешірілсе де, қазақтың кейбір азаматтары коммунистік билікке жағынып, қоламтаны қайта көсегенін тарих біледі. Мұның өзі санасы оянған халықтан қорқып, әділетсіз саяси қуғын-сүргін науқандарын бастаған тоталитарлық жүйенің отына май құйды. Басқалармен бірге, «Жас азаматтың» қаламгер қайраткерлері де жаппай атылды. Кеңес коммунистері өрттей қорқатын «Алашорда» деген сөз қайта-қайта еске салынып, қазақ зиялыларының ел тәуелсіздігі үшін күресі қылмыс ретінде насихатталды.

 Мысалы, аталарымыздың бірі: «Жалғыз-ақ, аз болсын, көп болсын қолынан келгенше қайрат (қазірше белсенділік) көрсетіп жатқан Алашорданың жастары екені газеттерінен көрінеді. Алашорданың жастар ұйымы барлық Қазақстанның ұлтшыл жастарына нұсқа беріп, Қызылжарда «Жас азамат» газетін шығарып жатыр» [18] деп жазды. Әрине, автор қазақ жастарының газет шығарған талпынысына қуанып отырған жоқ, жылдар өтіп кеткеннен кейін де, коммунистік идеология тұрғысынан әшкерелеп, кекеткен болып жазғанын түсіну қиын емес. «Жас азаматқа» жаны қас болса да, кеңестік жазушы қазақ жастарының осындай басылымы болғанын, сол газетті шығаруға «қолынан келгенше қайрат, белсенділік көрсетіп жатқан Алашорданың жастары...» туралы тарихи маңызы бар мағлұмат қалдырып отыр. Бұған да шүкір.

«Жас азаматтың» Қызылжарда қалай шығып тұрғанын, қазақ жастарының, жалпы қазақ қауымының тәуелсіздікке деген арман-мұңын айғақтап, қоғамдық сананы оятуға күш салғанын Жүсіпбек Аймауытов көрсеткен. Ол Семейдегі «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 20-ақпандағы санына [19] «Газет, жорнал оқушыларға» деген мақала бастырып, Семейдің орысша газетінің қазақ баспасөзін ғайбаттап, «оқушылары болмағандықтан қазақтың бір газеті мен жорналы жабылып қалыпты» деген хабарына қарсы сөйлеп, түсінік берген: «Бұл хабар бекер, - депті Ж. Аймауытов, - «Жас азамат» күні бүгінге дейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма, деген кірбің болып еді. Енді тоқталмас дейміз. Өйткені, Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтерушілер табылатын көрінеді» [20].

Зерттеуші Д. Қамзабекұлы газеттің 22 санын қарап шығып, «№ 1 - № 11 сандарының редакторы Қошмұхамед Кемеңгерұлы, № 12 - № 16 сандарына қол қойған Біләл Малдыбайұлы, № 17 - № 22 сандарында қайтадан Қошмұхамед Кемеңгерұлы болған» деген құнды тұжырым жасайды.

 Сол дәуірдегі журналистика дәстүрінде мақалаларды қол қоймай жариялау, немесе бүркеншік аттарды пайдалану жағдайы жиі кездеседі. Сондықтан, газет материалдарының авторларын анықтау қиынға соғады. Мысалы, «Жас азаматтың» бірінші санында басылған «Жас тілек» деген бас мақаласын авторы көрсетілмесе де, оның редакторы Қошмұхамед Кемеңгерұлы жазған деп топшылауға болады. Мақалада жаңа газеттің бағыт-бағдары көрсетіліп, келешектте бет-бейнесі қандай болатыны айтылған, оқырмандарға тілек арналып, газет жұмысына белсене қатысып тұру сұралған. Демек, мұндай мазмұнды сөздер, әдетте, редактордың ғана қаламынан туады.

«Жас азаматтың» осы санында Алаш партиясы атынан «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен ашық хат басылған. Қазақ жастарының тұңғыш және бірден-бір газеті бетінен ұлт саяси ұйымының көсемдері жастарға үндеу тастап, «Алаш Орда тігілді, Ақ ту көтерілді. Енді әркім шамасына қарай, ұлтына қызмет қылуы тиіс» деген тарихи міндетті алға тартады. Одан кейін: «Жастар! Атқа мін! Басқа жұрт көрсін!» деген ұранның құдіретті қуатын дәл қазір көзге елестетіп көрейікші. Қашан да келешек - жастардікі. Мысалы, біздің Отанымыз Тәуелсіз Қазақстан Республикасының келешегі де жастар. «Жас азаматтың» 95 жыл бұрын жар салып таратқан шақыруын дәл қазір де қайталаудың жөні келіп тұрған жоқ па!

«Жетісіне бір рет шығады» деп хабарланған газеттің алғашқы санын кеңірек сипаттауымыз тегін емес. Жастар баспасөзінің қарлығашына талмас қанат, ұзақ ғұмыр тілеген құттықтауларды дәл қазір де тебіренбей оқу мүмкін емес.

Мысалы, Жүніс деген автордың өлеңі: «...Ұлтына мәңгі бақыт, ерік тілеп, Қол созды «Жас азамат» нұр аспанға!» деп аяқталады. Ақмоладан келген жеделхатта: «Жас азаматтың» нұрлы шырақ жас жалауы болып, бақыты өрлеп, күші молайып, көздеген мақсатына жетуіне тілектеспін» делінсе, Семейдегі «Жанар» атты жастар ұйымы: «Ыстық жүрекпен «Жас азаматты» қарсы аламыз! Тартқан бағытына хайырлы сәт тілеймін», деп құттықтайды. « Әр ұлтты өрге сүйрейтін, өрнек болып тура жолға бастайтын басшы дат - газет болғандықтан, ұлт пайдасын ойлап, адал ниет, ақ жүректен шығатын жасөспірім жаңа талап «Жас Азамат» газетінің бауы берік болуына тілектеспіз!», деп ағынан жарылып қол қойғандар Мұхаметсәлім Кәшімов пен Хасен Темірбеков екен.

Қамтыған тақырыбы жағынан қарағанда, жарияланымдарда саясат мәселесінің басым болуы – уақыт талабы екені байқалады. Және қазақ жерін отарлауды тежеу туралы сол кездің өзінде ашық пікір таратқан жастардың ісіне айызың қанады. Айталық, 1918 жылғы 18 тамыздағы 3-санында шыққан «Өлген тірілмекші» деген мақалада Ресей үкіметінің келімсек қарашекпендерді қоныстандыру мекемесі жойылып, Қазақстан жеріне ішкі Ресейден ауып келіп жататын «қоныстанушылар» легі саябырлаған болса, «Қазақ жерінің бір кезде әзәзілі болған переселен мекемесі қайтадан тіріледі деген қауесет бар. Ондағы тірілудің мақсаты: Оралдың ар жағында жерсіз, қара құрттай қайнаған мұжықтарды миллиондап әкеліп, Сібір жеріне орнықтыру. Өткен жылы Уақытша үкіметтің Сібірге переселен жіберілмейді деп бекіткен қаулысын қолданбаймыз деседі. Мұндағы жергілікті жұрттар мен қашақтар сиыса алмай жатқанда, тағы қанша переселендерді төге салу үшін переселен мекемесін тірілту қамына кірісу, саясат жағынан көзқарастың өзгергендігін көрсетеді. Қашан үлкенді-кішілі құрылтайлар құрылғанша, қазақ жерінің үлеске түспесіне іс басындағы Алаш азаматтары қам қылуы керек. Әр жерде жергілікті мұжықтармен қосылып, переселен мекемесін тірілтпеске тырысу керек». Автор Жәдігер-Жаныстың бұл жанайқайы сол дәуірде-ақ келешекті ойлаған әр қазақтың қайғысы десе болғандай.

Халықтың бостандығы үшін күресетін, оның алдағы тағдырының қандай болмағын айқындайтын көзі ашық, жаны таза, саналы жастар екендігін бұл басылым әуелден-ақ жария етті. Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай.

Газеттің үшінші санына басылған 25 жастағы ақын Мағжанның «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Мағжан шумақтарына беташар болған, көсемсөз түріндегі нұсқалы сөз мынау: «Жастар! Жүрек толқытқан шерді, мый толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар! Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар!

Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар! Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға, ер жетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар!

Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!! Жасасын, «Алаш Орда!» Жасасын, Алаш көшбасшылары! Жасасын, Алаштың жаужүрек, ұлтшыл жастары!» Жас ақынның жалындатқан шақыруы тек өзінің ғана емес, алты миллион қазақтың атынан айтылып, қазақ көгіне шалқи көтерілген Ұлт ұраны еді:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!..

 

«Алаш!» - айбынды ұраны,

Қасиетті құраны.

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!

 

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш - елім дер.

Алтын Арқа - жерім дер

Мен жастарға сенемін!..

 

Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға

Шығарар олар, бір таңда!

Мен жастарға сенемін!

Смағұл Садуақасовтың аузынан шыққан: «Мағжан – қазақ жастарының ой-санасының әміршісі» деген сөздің түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлең жолдарында жатқан шығар.

Зарқын Тайшыбай, профессор,

Сәуле Мәлікова, тарих ғылымдарының кандидаты.

Қызылжар қаласы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383