Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7583 0 пікір 13 Қыркүйек, 2013 сағат 06:47

«Жас азамат» - Алаш ұранды жастардың газеті (жалғасы)

Үлкен тебіреніспен, күйзелген жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да: «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран екпіндес, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын толқындар, көкірегінде сәл ғана шоғы бар саналы пендені жалындататын күшті көрік еді. Осы ұлы ұранды туғызған кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Кемеңгерұлы 24-те, білікті көсемсөз шебері ретінде танылған Смағұл Сәдуақасұлы 20 жаста ғана. Осындай от жүректі, озық ойлы қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін пайдаланған.

Осы бірінші санының беташарына «Омбыдағы Алаш партиясының бас комитетінің» атынан «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен жарияланған әкелер мен ағалар сөзі «Алашорда» үкіметі қанаттанып, ел билігін қолына ала бастаған, сол айлардағы саяси ахуалды түсіндіруге арналған. Қатардағы үгіт пен насихат емес, жастардың өздері шығара бастаған «Жас азамат» газеті үшін арнайы жазылған, салмақты сөз, салиқалы ақыл-кеңес былай басталған:

Үлкен тебіреніспен, күйзелген жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да: «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран екпіндес, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын толқындар, көкірегінде сәл ғана шоғы бар саналы пендені жалындататын күшті көрік еді. Осы ұлы ұранды туғызған кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Кемеңгерұлы 24-те, білікті көсемсөз шебері ретінде танылған Смағұл Сәдуақасұлы 20 жаста ғана. Осындай от жүректі, озық ойлы қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін пайдаланған.

Осы бірінші санының беташарына «Омбыдағы Алаш партиясының бас комитетінің» атынан «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен жарияланған әкелер мен ағалар сөзі «Алашорда» үкіметі қанаттанып, ел билігін қолына ала бастаған, сол айлардағы саяси ахуалды түсіндіруге арналған. Қатардағы үгіт пен насихат емес, жастардың өздері шығара бастаған «Жас азамат» газеті үшін арнайы жазылған, салмақты сөз, салиқалы ақыл-кеңес былай басталған:

«180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағанда, [одан кейін] жеті айдай зорлықпен, қан ішерлік пен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды.

«Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, социализм үшін, жұмыскер христиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды.

Қолдан мал, бастан ерік кетті. Бостандық, теңдік арманы - арамтамақ, қаны бұзақылардың тепкісіне түсті. Халықты қараңғыдан жарыққа шығару жолында аюдай үкіметпен алысып, абақтыда бит-бүргеге жем болып, қыршын өмірлерін қоршылықта, таршылықта өткізген саяси сабаздар, олардың бейнеті, қаны мен мыйынан табылған олжа да, зорлықшылдардың аяғының астында қалды.

Ел таланды, шабылды, ашықты, ер азамат қанға батты, алыстағы алысқан жау былай қалып, аяқ астынан жауласып, ағайын жұрт бірінің етін бірі жеді.

Қара халықтың өзі сайлап қойған мекемелері тас-талқан болды. Ұры-қары, ит мінезді азғындар халықтың қасиетті тағдырына ие болды. Халық қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті...»

Жағдай осылай болған соң, не әрекет қылмақ керек? В. Ленин бастаған большевиктер, бірінен кейін бірін жалғастырып, екі декрет шығарғаны мәлім. Оларда барлық ұлттардың өзін-өзі билеу құқын өз қолына бермек болған, тіпті мұсылмандарға жеке үндеу тастап, «өз мемлекеттігіңді өзің құрып ал», деп дәмелендірді. Билік үшін күрестің бастапқы кезінде осылай сайраған коммунистер, жеме-жемге келгенде Ресейдің ғана мүддесін қорғайтынын білдіріп, басқа жұрттарды алдап кетті. Сондықтан, Алаш көсемдері шындықтың бетін ашқан: «Бұратаналардың билігінің өз қолында деген арман-үміті қапыда аққан қан болды. Қырым, Кавказ, Башқұртстанның, Түркістанның... қанды оқиғалары, большевиктердің қанқұмарлықтарына айдай айқын дәлел. Алты миллион Алаш халқы көз жасын төгіп, құдайдан тілеген Ақ ордасын тіге алмады. Алаш азаматтарының қайсысы қараңғы тар абақтыны көрді, қайсысы бұлт жамылып, мұз төсеніп қашып жүрді, қайсысы жасылданып жанған отқа, шапқан қылыш, атқан оққа қарсы жүрді.

Алаш үшін ажалдан тайынбады, басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа деген екеу болды. Өзімшілдігін ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат шықты.

Қашан да болса, ақтық-шындық үстіге шықпақ, жауыздық жоғалмақ – тұрмыс заңы. Большевиктердің һәм большевикшілдердің жеті айдың ішінде істеген зорлықтары өздеріне жендет болды. Қар суындай, қазанның күйесіндей большевиктер жоғалды. Большевик бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты, нұрын төкті.»

Заңды билікке ие болған үкіметі жоқ Ресей іштей бүлініп жатқанда, большевиктер де құлап,[барша қазақ] Алаш туы астына жиналып, аз ғана қайраткерлерінен үміт күткен шақ еді ол. Сондықтан күрестің жаңа ұраны мынау болмағын «Жас азамат» былай үндеді:

«Азаматтар! Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті.

Алаш Орда тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ. Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ!

Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы - бәрі де енді ұмыт болды. Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені - бір уақытта қазақты алға шығарды.

Ақсақалдар, ағалар! Ақыл айтып, жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар!

Қазақ-қырғыз бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып, билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді?

Дәулетті байлар, мырзалар! Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс!»

Міне, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде, Тәуелсіздіктің 22-ші жылында, біз сол азаттықтың қалай келгенін, қай кезде кімнің қайрат қылғанын түсінгіміз келсе, «Жас азаматтың» беттерін ақтарып, көз салайық, көңіл қояйық, түсініп, түйсініп оқиық. Осы бір асылдың сынығындай, ақ алмастай жарқыраған ұлы мәртебелі Көсемсөздің тамаша үлгісін алдарыңызға жайып отырмыз. Тағы бір-екі лебіз мынадай:

«Жастар! Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін! Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін!

Япырмай! Кеше ғана ел емес пе еді? Алты миллион Алаш баласының басы құралмай, жер-судан айырылып, пендеге пенде болып жүргені, мейірімсіз тасбауырлардан рахым тілеп жүргені.

Міне! «Алаш Ордаға» жәрдем қылмасаңдар, Ұранға қызбасаңдар, сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр.

Ардақты азаматтар! Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық. Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық. Иншалла Алаш жасайды! Жасасын Алаш Автономиясы!!!» Бұған сөз қосудың өзі артық болар. Күні бүгін Көк туымызға жазып қоятын асыл лұғат осындай-ақ шығар.

 

Жер-жердегі жастар ұйымдарынан редакцияға келіп жатқан хабарлар да ірі маңызды, әрі қызық. «9 июльде Алаш [Жаңа Семей] қаласында «Жанар» ұйымының жалпы жиылысы бекіткен қаулылары: 1) ұйымның қаражатын күшейту үшін үйін жасау; 2) Семей облысындағы ұйымдардың съезін шақыру; 3) Омбыда болған жалпы Қазақ жастары съезінің қаулыларын мүшелер тегіс қабыл алған. Мұндағы «Жанар» ұйымының атын өзгертіп, «Жас азаматтың» областной бөлімі делінген; 4) «Жас азамат» газетіне екі жүз сом жарна жіберу. Жеделхатқа қол қойған – жастар ұйымның секретары Нұралы Асылбаев». Немесе: «Керекуде «Жас азамат» бөлімін аштық. Бар күшімізбен қолтықтаймыз! Әлиманов, Нұрымов».

«Жас азаматтың» 4-саны сол кездегі оқырмандарды селт еткізген оқыс қайғылы хабармен ашылды. Оны «Алаш құрбаны» деген тақырыппен жазған Міржақып Дулатұлы. «Алаштың бағланы Отыншы Әлжанұлы қанішер большевиктің оғына ұшты. Мәлік Аманжолұлы жараланды. Жетісу қазағы қырғынға ұшырап жатыр...» деп бастаған Жақаң, өз кейіпкері Отыншы Әлжанов марқұмның ұлты үшін атқарған ғибратты ісін өзгелерге үлгі ете отырып, талдап, баяндап шыққан.

«...Алаш милициясын құру қамын қылып басшы сайлап, енді Алаш Ордаға жүремін деп тұрғанда, Отыншы төрт ай сарғайып, көрмеген бейнетті көріп, өлімнен қалып, әрең құтылғандығы «Сарыарқада» жазылған. Бұлар абақтыдан шыққанша, большевиктер күшейіп, Лепсідегі қазаққа тиген 500 мың сомды алып қойды, жұртқа ойран сала бастады. Отыншы абақтыдан шыққан соң, жолдастарымен бірігіп, елді қырғыннан қалай алып қалу шарасына кірісті. Ұрыжар, Лепсі жағына келіп, ер азамат жинап, большевикпен соғысуға бел байлады...ұлты үшін өлімнен қорыққан жоқ, оқтан тайынған жоқ. Есіл ер, Алаш жолында ғазез жанын құрбан қылды. Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын, аяулы Отыншы! Ұлтың үшін қан жыладың, қамын жедің, қызықты ғұмырың абақтыда, айдауда өтті. Сонда да тауың шағылмады. Қамалға шаптың, қанға боялдың, қаза таптың, бірақ арманда кеттім, Алаш көргенін көре алмадым деме. Сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас! Хош бауырым!»

Осы оқиғаға байланысты газет редакторы Қошмұхаммет Кемеңгерұлы да газеттің екінші бетінде лебіз білдіріп, Отыншы марқұмның қазасына оқырмандар атынан қатты қайғырған. «...Жаңа гүлденіп келе жатқан Алашың көшбасшы азаматтарға өте мұқтаж уақытта қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айырылмадың. Білім дариясынан сусындауыма, саяси көзімнің ашылуына себепкер болып, ұлытшылдықтың өріне сүйреп едің, алыста жатсаң да, ақыл сабағыңды хатпен беріп, асқар болып едің».

 Газеттің бесінші саны Алашорда өкіметінің Ресейдің Сібір үкіметімен, мемлекеттік думасымен байланыстары, келіссөздері туралы егжей-тегжейлі мағлұмат беретін көлемді саяси шолумен ашылған. Мысалы, Челябі қаласында шақырылмақ мәжіліске ерекше назар аударып: «осы совещанияға қатысып, Алаш автономиясы басқа Орал бойы, Орынбор, Башқұрт, Сібір автономияларымен терезесі тең келіссөз жасап, өз сыбағасын алып қалуы» керектігі негізгі мақсат ретінде қойылған.

 1918 жылғы 24 маусымдағы заң актісімен «Алаш аумағында 1917 жылы 17 маусымда Уақытша үкіметтің қаулысымен енгізіліп, оны Кеңес өкіметі жойып жіберген земстволық мекемелер қайта қалпына келтірілді». [24] (Сары-Арқа. 1918, 8 шілде). Сонымен бірге, Алаш автономиясы барлық әдіс-амалдармен Ресейдегі жаңа құрылған түрлі үкіметтерден II Бүкілқазақ съезі шешімінің негізінде қазақ автономиясын мойындауларына бар күшін салды. Әртүрлі үкіметтермен (Құрылтай жиналысының комитеті, Сібір облыстық думасы, Уақытша Сібір үкіметі және т.б.), Ресейдің бірқатар саяси партияларының көсемдерімен келіссөздер жүргізе отырып, Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда басшылары қандай жағдай болса да, қазақ халқына ұлттық мемлекеттілік құру мүмкіндігін күн тәртібіне қойды. Газетте бұл тақырыптар сауатты игерілген.

 Жастар газеті шын мәнінде қазақ жастарының санасы оянуының, олардың мәдени жағынан гүлденуінің әрбір қадамын көрсетіп отырды. Мысалы, Ахмет Жантәліұлы деген автор газеттің 1918 жылғы 5-санында Қызылжар жастарының «Аш қазақ-қырғызға жәрдем ету» жөніндегі жоспарларын жария етті. Бұдан кейін газетте осы мұқтажға қаржы жинау мақсатында, «15 қарашада Қызылжардағы «Талап» жастар қауымы Қ. Кемеңгерұлының үш бөлімді «Әулие тәуіп» пьесасын қойды» деп хабарлады. Сондай-ақ, қазақ жастары Қ. Кемеңгерұлының «Бостандық жемісі» драмасы мен М. Дулатовтың «Қызыл қашар» деген фельетонын сахнаға шығаратынын газет арқылы жария еткен. Және «Түскен қаржы «Жас азамат» газетасына, аш-жалаңаш, қырғыздарға, тұтқын түріктерге һәм соғыстан жараланған чех солдаттарына берілетінін» жеткізген. Сол жылғы 13 желтоқсада, Алаш автономиясының бір жылдығы Қызылжарда үлкен той болып өткен. Осыған байланысты «Талап» жастары театрда спектакль қойып, одан түскен 4409 сомның 1231 сом 15 тиынын «Жас азамат» пайдасына қосқан. Дәл осындай мәдени шараның 1919 жылғы 3 қаңтарда Омбы қаласында өткені, оны ұйымдастырған қазақ жастарының «Тілек» қауымы екені 22-санында хабарланған. «Бұл ойында көбірек қызмет көрсеткен қарындасымыз Аққағаз бикеш Досжанқызы болды. Аққағаз бір бөлмені қазақ үйіне айналдырды. Ішін жасаумен көркейтіп түрлендірді...», дейді тілші.

Мұндай ұйымшылдық пен саналы әрекеттер әркімнің қолынан келе бермейтіні мәлім. Дәл осы аты аталған жастар кемелденіп, содан кейінгі 5-6 жылда-ақ қазақ халқының азаттығын баянды ету күресінің маңдай алдынан көрінді. Ғұмырлары ұзақ болмағанымен, кейінгі ұрпаққа отансүйгіштіктің ғажайып үлгісін көрсетіп кетті.

 Ерекше атап өтуге тұратын жайт, «Жас азаматтың» 19178 жылғы 16 желтоқсандағы саны редакция атынан «Екінші Жалпы қазақ съезінде алты Алаштың баласы түгел бас қосып, қазақ ұлтының келешектегі елдігіне негіз құрған тарихи 13-інші декабрь күн бүтін Алаш ұранды Қазақ өлкесіне құтты болсын!» деген құттықтаумен ашылып, түгелдей Алаш автономиясының бір жылдығына арналды. Басмақаладағы мына сөздер сол дәуірдегі Тәуелсіздік аңсаған әр қазақтың жігерін жанып, асыл арманға бастаған жалынды ұран еді. Тоқсан бес жыл өтсе де, тебіренбей оқу мүмкін емес:

«[1917 жылғы] 13-інші декабрь - Екінші жалпы қазақ съезінің Ақ орда тігіп, Алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіреген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрьге - тап бір жыл.

Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, от алып, [қамысқа түсуді] көтермейді. 13 декабрьдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл - бір. Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл - екі. Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл - үш.

Осындай, өлгенді тірілткен, өшкенді жандырған, өткен дәуренді, ұшқан бақты еске түсірген 13 декабрьді өте құрметтеп өткізуге, саясат дүниесі сау қалпында емес. Бірақ қоюланған түн тараңқырап, кейін бұлт ажырап, нұрын төгіп, таң ататын. Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар!»

Ұлт көсемдерінің «Тәуелсіздік!» деген бір сөзге сиған арманы орындалды, бірақ, 13 желтоқсанды Ұлт Мерекесі етсек деген аманатын әлі ескере қойған жоқпыз. Бұл да – өкінішті шындық.

Газет қаламгерлері осы газет арқылы оқырмандарына сөз тастап, азаттық күресінің жылнамасын жасауға шақырады, естеліктер мен құжаттарды «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай» басқармаларына (редакцияларына.-Авт.) осы бастан жинауға қам қылып, оларға Алаштың азаматтары тартынбай, керекті нәрселерді уақытымен жеткізіп тұрса екен», деп сұрайды. Өйткені: «Мәдениет жолына аяқ басам, жарыққа қол сермеймін, деген жұртқа өзінің һәм басқаның бұрынғы кім екенін танып, таразыға салуы үшін тарих керек. Өткенді еске түсіріп, жақсыдан жаманды, қараңғыдан жарықты айырып, адамның көз алдына айқын ашып көрсететін - осы тарих. Надандық ұйқысынан жаңа бас көтеріп, жарық жолға қарай қарманып, қол сермеушінің бірі - біздің қазақ. Және сол жарық жолға жетуге дауа болатын көп құралдың бірі де – тарих». Қазір бұған біздің сөз қосуымыз артық болар.

 

«Жас азаматтың» 1918 жылғы 4 қазандағы алтыншы санында жарияланған Смағұл Сәдуақасұлының «Өмір үшін күресу» деген мақаласы кемел ойдың жемісі десе болғандай. Әлқисасын қалың қазаққа таныс әрі түсінікті тіршілік түйткілдерінен бастап: «Адам баласына жан- дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер білімін кәсіп қылу, жалға жүру, тіленшілік құру, ұрлық қылу - бәрі де жан- дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісінікі жаман,- дейді де, автор:- Бұлай болудың себебі - күресушілерде әдіс-тәсіл жағынан айырма барлығы» екенін айтады.

Автор өз ойын айқын түсіндіру үшін қазақ халқы мен алыстағы неміс жұртының тұрмыстық жағдайларын салыстыра отырып, қалың қазағын озық немістің деңгейінде көргісі келеді. «Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын, әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы, тұрмыс жүзінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм ең әдіссіз біздің қазақты алайық, екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай өзгеріп отырады», дей келіп, уақыт талабына сай тіршіліктің амал-әрекеті де бейімделіп отыруға тиіс екендігін насихаттайды. Демек, «Шаруаны түзеуге әртүрлі әдістер қолдану үшін, саяси кеңдік болып, хүкімет жағынан бір де қысымшылық болмасқа керек». Билік орындарының қоғамды демократияландыруы қажетті шарт екенін көрсетеді. Байқасақ, мұндағы Смағұлдың саясат пен шаруашылықты ажырағысыз бірлікте көруі де сұңғылалық. Бұл жөнінде ол: «Бұрынғы уақытта біздің қазақтың оқыған азаматтары біріңғай саясат жолымен жүруші еді. Әлі де азаматтарымыз сол жолда. Бұлай жүрмеске осы күнгі заман ағымы қоятын емес. Сонда да шаруаны кейінге қалдыруға болмайды».

Сол кездегі басты мәселе, қазақтың бүкіл тағдыры шешілетін, келешегінің қандай боларына себепкер жер мәселесі «Жас азаматтың» негізгі тақырыптарының бірі болғаны заңды еді. Газетті шығарушылар «Қазақ жері» деген мақалада: «Қазақ жерін Ресей-сүлік сорды. Большевик көп нәрсе істеген жоқ, бірақ қазақты түгел кедейлендіріп, орыс қылып жібермекке бел буды», (25) деп тарихи шындықты ашып көрсетті. Қ. Кемеңгерұлы «Қазақ жеріне қолқа салушылар» деген мақаласында кеңес үкіметінің қазақ жері жөніндегі саясатына өз көзқарасын білдіреді. Кейінде жүзеге асқан бұл саясаттың бастау-қайнарына көз жіберу үшін, «Жас азаматтың» бетіндегі осы материалға аз-кем тоқталайық.

«Өткен аралықта қазақ жеріне салқынын тидіретін төмендегі төрт түрлі жобаның ізі көрінеді: Ресей «Алтай, Семей, Ақмола, Енесей аудандарында свекла-қант зауыттарын ашпақ. Әр зауытқа жылына үш жүз мың пұт қант шығарғандай мөлшермен жайлы, жайсызы аралас 20 мың десятина жер керек», деген Лебедевтің баяндамасынан Қ. Кемеңгерұлы: «Ақмола, Семей туралы пікір жабық болса да, айдай анық: бұл екі облыстағы қазақ жеріне ауыз салынатынын» сергек жүрекпен сезеді. «Үкіметтің Ақмола, Атбасарға қараған Нұра, Теңіз көлі-Есіл арасында жеті жүз мың десятина жерге Қызылжар, Атбасарға қараған ел мен Торғай шекрасында сегіз жүз десятина жерге арық жүргізіледі... Осы айтылған аудан суарылып, бірбеткей егін шаруасына қолайланса-ақ, келімсек қарашекпен-переселенге толтырылады. Жерлердің ежелгі заңды иесі көшпелі қазақ шөлге қарай жылысады», деген автордың көреген болжамы, кейін, ХХ ғасырдың ортасында «тың игеру» деген дақпырт науқан түрінде орындалды емес пе?

Сондай-ақ, «Жас азамат» қазақ жерінің қазба байлықтарын шетжұрттық алпауыттардың талап-тонауына қарсылық білдірді. «Шет мемлекеттердің капиталы кен қазу, фабрик-зауыт салуға (бұлар да қазақ жеріне орнайды) кірсе» қазақ бұл қазынадан тағы да айырылады.

Жастар газеті осындай нақты дәлелдерін көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай келтіреді де, мынадай түйін жасайды:

«Мінекей, Алаш! Автономия болмаған күнде, шегіне беретін қолқаң осы. Жер – мәңгі байлық, алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшаңнан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрып жатқанымыз – Жер үшін!» [21] Бұл арада әңгіме «Ұясы бұзылған Ресей мемлекетіне» енді табынудың жөні жоқ екендігі, қазақ халқы тәуелсіздік үшін, өз болашағының тізгінін өз қолына алу үшін күресуі, соның бәрі қазақ жерінің бүтіндігі туралы болып отыр. Өкінішке қарай, сол бір аласапыран тұста қазақ көсемдері қолындағысынан айырылып қалғандай көрінеді. Әрине, оның объективті және субъективті жақтары да болды, бұл – басқа әңгіме.

Жас қаламгерлер өз басылымына осы сөздерді жаза отырып, большевиктік Ресейдің де Қазақстанға тәуелсіздік сыйламайтынын әшкереледі. Ал, «Өлген тірілмекші» деген басқа мақалада осы идея одан әрі дамытылып, жер мәселесі жөнінде большевиктер патша өкіметінің тарихи мұрагері екені айтылады. «Қазақ жерінің бір кезде әзірейлі болған переселен мекемесі қайтадан тіріледі деген қауесет бар» екендігін хабарлап, халық өзінің саяси көсемі Алаш төңірегіне топтасуы арқылы ғана тәуелсіздік күресіне қосылады деген пікірді ортаға салды [22].

Осындай-осындай саяси және қоғамдық тақырыптарға қалам тербеген «Жас азамат» авторлары сол кездегі өзара тірескен саяси күштердің ара салмағын бағамдап, халыққа түсінікті тілде баяндап беріп отырды. Байділдә Мырзаұлы мен Ғабділдә Найзабекұлының «Бұны не дейміз?» деген талдамалы мақаласында большевиктердің қазақ даласындағы іс-әрекеттерін әшкереленеді. «Жетісу жағында большевиктер қазақ болсын, қазақ-орыс болсын, қойдай қырып, қанын судай ағызып жатыр. Ең аяғы Бийскіде емшектегі нәресте балаларды мылтықтың ұшына шаншып, қанын ағызып жатқанда, біз қолымыздағы большевиктерді еркелетіп отырған жөніміз қалай?» деп халыққа ой салады. Қолдан туғызған азамат соғысындағы қатыгездік, адамгершіліктің барлық өлшемін сырып тастап, шетсіз, шексіз ауыртпалық әкелген большевиктердің билікке таласу әдісінің заңсыз екендігін газет ашып көрсетеді. Таптық мүдде дегенді желеу етіп, әкесінің сақалына жармасқан бала, ағасын атқан іні, шешесін сатқан қыз... азамат соғысының басты қаһармандары осы болғанын мерзімді баспасөздің сол кездегі сандары сендіре насихаттағанын байқаймыз.

Газеттің бірінші қыркүйекте жарық көрген санында «Алашорда» деген ортақ тақырыппен Омбыдан берілген хабарлар топтамасында: «Учредительное собрание» члендерінен құрылған үкіметпен сөйлесуге барған «Алаш Орда» мүшелері Ахмет Байтұрсынов, Халел һәм Жиһанша Досмұхамедовтер 19 августа (жаңаша) Омбыда Сібір үкіметімен сөйлесіп жатқан «Алаш Орда» бастығы Әлиханды сымсыз телеграфқа шақырып, мынадай сөздерді сөйлесті», деп бастайды да, «Алашорда басшылығының 1918 жылы 23 шілдеде Сібір үкіметінің премьер-министріне жолдаған хатына» байланысты түсінік берілген. Келіссөз үстінде Әлихан Бөкейхан бастаған өкілдер Алашорданың басшылығы басқару органдарын құру мен Алашорда үкіметінің заңдылығын дәлелдеуге тырысқан. «Дәл қазіргі сәтте Ресей бірыңғай біртұтас мемлекет ретінде өмір сүріп отырған жоқ. Сол себепті автономиялық облыстар мен халықтар большевиктер билігінен құтылып, өзін-өзі басқару жолына түсуге тиіс... Демек, «Сібір мен Алаш арасындағы мүдде жақындығы екі автономияның тығыз одақ құруын қажет етеді. Өзара түсіністік олардың күшін біріктіреді. Біз Сібір автономиялық үкіметінің талқылауына өзара келісімнің мынадай пункттерін ұсынамыз:

Сібір үкіметі мен Алаш автономиясы бірін-бірі тану, мойындау арқылы қарым-қатынасқа түседі» [23]. Келесі талаптардың мазмұны мына тұрғыда болып келеді: 1) Алашорда тек қазақ халқының ғана билік органы болып табылады; 2) ұлттық әскер жалпысібірлік басқарма мен Алашорданың әскери бөліміне бағынады; 3) банк пен қаржы-қаражат мекемелері Сібір үкіметінің қарамағына беріледі; 4)федералдық үкімет құру үшін большевиктерден тазарған өңірлер халқының конгресін шақыру қажет.

Бұл жазбалардан қазақтардың өзін танытуы, яғни, Алашорда үкіметі келіссөз жүргізу барысында өз мемлекеттілігін көрсетуге ұмтылысы, Алашорданың бірыңғай ресейлік биліктің күйреуі жағдайында дербес өмір сүру заңдылығын дәлелдеуге талпынысы, елде Алашорда билігін қалыптастыруға тырысуы анық көрінген болатын.

«Жас азаматтағы» осы мақалаға тақырып болған келіссөздер туралы Әлихан Бөкейхан кейін былай деп жазған болатын: «Біздің Сібір үкіметімен ұзаққа созылған келіссөздеріміз Орал облысындағы Алаш автономиясын жойды. Мүмкін, большевиктерден азат етілген қазақ облыстары Алаш автономиясын күтіп отырмастан, Түркістанмен жақындасудың бағыт-бағдарын іздер». (24). Ресей Алаш автономиясын мойындамаған жағдайда Түркістаннан айырылады, ал Сібір Алаш сияқты одақтасын жоғалтады: «Автономияның құлау қаупі Алаш партиясына қалай болғанда да, Алашорданы Сібірмен одақ болудан бас тартуға, Алаш автономиясын жариялауға және қазақ халқының бірлігін сақтап қалуға тырысуға мәжбүр етті. Сібір үкіметінің Алаш автономиясын мойындауы Түркістанды Ресей аумағындағы федерациялық құрылым ретінде орнығуына мүмкіндік берер, деп үміттендік».

«Жас азамат» уақыт тамырын дәл басып, үлкен саясатқа батыл араласып, сұңғылалық танытқаны оның әр санынан байқалады. Қазақ Ұлттық автономиясын құру туралы II Бүкілқазақ съезінің шешімін жүзеге асыруға кіріскен Ә. Н. Бөкейханов бірден кезек күттірмейтін бірқатар маңызды мәселелерді қарастырды. Қазақстанның батысында, солтүстігінде, шығысында саяси жағдай біркелкі емес еді. Алаш қайраткерлерінің басқа саяси күштерге қатынасы да түрліше қалыптасты. Бөкейханов пен онын айналасындағылар бұл жағдайларды толықтай есепке алды. Семейде Кеңес өкіметі құласымен, осында келген Ә.Н. Бөкейханов жаңа жағдайда қимыл жасау тактикасы туралы нұсқау берді. Мәселен, Орынбордағы Торғай облыстық Алаш комитетінің басшысы Сейітқазым Қадырбаевқа жіберілген жеделхатта былай делінген болатын: «24 маусымда Алашорда өз жұмысына кірісті. II Бүкілқазақ съезінің шешімдерін жүзеге асыратын болады. Башқұрт және Сібір автономияларына туысқан автономиялар ретінде қараймыз. Большевиктерді тарату ісінде олармен одақтаспыз. Басқа облыстарда да тізе қоса отырып, жұмыс істейміз. Торғайда Алашорданың облыстық бөлімін, уездерде уездік бөлімдерін ашуға кірісіңіздер. Олардың мүшелері земстволық мекемелерден құралсын. Уездік бөлімдер 3-5 адамнан тұрады, олардың біреуі, қазақ милициясына қатысты істерді жүргізеді. Екіншісі, ақша қаражатын жинаумен айналысады. Земство белгілі бір уақытқа дейін сақталады. Земство ісіне Алашорда араласпайды» Бұл - жаңа ғана қалыптасып келе жатқан ұлттық жаңа мемлекеттің жүйесі туралы сөз болатын.

Алашорданың келешегі туралы Челябі қаласында өтуге тиіс Сібір өкіметімен келесі келіссөз-кеңестің 25 тамызға белгіленіп отырғанын хабарлаған «Жас азамат» тілшісі «Алаш Орда» атынан Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Түркістан автономиясының бастығы Мұстафа Шоқаев бармақшы болып отырған бұл жиылыста қаралатын «үлкен жұмыс әр автономиялы үкіметтерден бас біріктіретін ортадан барлығына бірдей үкімет тұрғызу» екеніне, «егерде бұл жиылғандар ынтымақтасып, сөзді бір жерден шығарса, бұлардың қаулысы бұзылмайтын болып бекімекші» екеніне назар аударады. «Бұл совещаниеден үміт зор. Алаш Орданың ұнатуы бойынша жиналысқа бұрынғы Учредительное собраниеге сайланып шыққан бар мүшелер кірмекші. Һәм Автономиялы жұрттардың сайланып белгіленген үкімет өкілдері де» қатысады деп атап көрсеткен.

Газет бетінде өте-мөте маңызды оқиға ретінде тәтпіштеп жазылған осы кеңестің кейін қалай басталып, қалай аяқталғанын зерттеп қарағанымызда, мәжілістің Челябіде емес, Уфаға шақырылғанын, жобаланған 25 тамызда емес, сәл кешігіп, 1918 жылы 8 қыркүйекте ашылғанын байқаймыз. «Оның жұмысына 147 адам қатысты, оның ішінде 81 адам Құрылтай жиналысының мүшесі болды. Оған барлық қазақ облыстары, оның ішінде Түркістан автономиясынан Ә. Бөкейханов, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, С. Досжанов, Б.Жақан-

дамов, А.Байтұрсынов, Ғ.Әлімбеков, М.Тынышбаев, М. Шоқай, Е. Тұрмұхамедовтар қатысты. Уфа мемлекеттік мәжілісінің қараған басты мәселесі Бүкілресейлік жоғарғы өкімет билігін құру болатын. Жаңа үкімет Директория деген атқа ие болды. Ол эсер партиясы ОК-нің мүшесі Н. Авксентьев төрағалық еткен бес адамнан тұрды [24].

Ал, бас қосудың қорытындысы қалай болды? десек: «Н.Д. Авксентьев пен оның әріптестері Алашорда үкіметі жойылсын, оның кызметі мәдени-тұрмыстық және шаруашылық-экономикалық мәселелермен шектелсін деген шешімге келген [25].

Алашорданы тарату туралы мұндай шешім Ә. Бөкейханов пен барлық Алаш қайраткерлеріне мүлде күтпеген жағдай болды. Мысалы, «Саясат күйі» деген мақалада осы мәселелермен қатар, Ресейдің уақытша үкіметі мен Алашорда үкіметінің ара-қатынасы сөз болады. Осы сандағы екінші бір материалда Уфадағы «Құрылтай жиналысы» ұйымының мүшелері мен социал-революционерлер партиясы кіндік комитеті мүшелерінің абақтыға жабылғаны айтылған. Саяси көзқарасы, ұстанған бағыты үшін азаматтық еркінен айырып, зорлық-зомбылық жасаудың әділетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айыптап жазды.

        Газеттің 1918 жылғы 15 қазан, сейсенбідегі 7-санында жарық көрген «Қала думасына сайлау» деген мақалада Қызылжар қаласындағы қазақтардың қала билігіне белсене араласуы қажет екендігі саяси үгіт дәстүрінде берілген.

«Жаңа тәртіппен думасын сайлап алған һәм сайлайын деп жатқан қалалар бар. Шаруа өнер-білім, дәрігерлік, қазына жұмысы қай қалада болсын думаның қолында болады. Бұл уақытқа дейін қала қазақтары думаның бейнетін жиысып, рахатына ораза ұстап келді («биліктен шет қалды» деген мағынада.-Авт.) Қаладағы қазақтар жағы тұрғын санатына алынбай, өздеріне арналған мектеп-медіреселердің, басқа жеңілдіктердің болмауы, жетім сыбағасына да қолы жетпей көлеңкеде қалуы жоғардағы пікірге дәлел. Бұрын кінә үкіметтің сыңар езу саясатында болса, енді кінә қала қазақтарын өздеріне ауды. Өткен жылы дума сайлауына кірісуге қазақтар комитет сергелдеңіне ұшырап, алаң болды. Енді неге алаң болады?», деп ащы шындықты айтып, бетке басады да, әлі де самарқау отырған қазақ жұртшылығын намысқа шақырады.

«Бұл жолы дума сайлауына кіріспей қалу ұят. Әсіресе, бұл дума жоғарыдағы жұмыстарды орындаудан басқа, саясат таразысында салмақтасуға керек. Қазаққа жаны ашитын социалистер бұл сайлауда көпшілік дауыс ала алмас. Өйткені, бостандықтан көңілі қалып, бір күнде жұмақ орнамады дегендер социалистерге жұрт салқын қарай бастады. Орыстың бір білімданы айтқан: «Орыс халқы бір әкімшілікті ұзақ сүймейді, әлденеше байды тойдыратын нәпсісі зор қатын сияқты» деп. Өткен жылғы Керенский үкіметі жақпаған соң, күдерді үзу керек. Осы күні әсіре- қызылданып жүргендердің ертең сырт беріп кетуі, орыс табиғатынан күтілмейтін ғажап іс емес. Соның үшін көпшілік кадет-монархистер жағында болуға мүмкін. Бұл кей қалалардың сайлауында көрініп қалды..». Мұны жазып отырған, әлбетте, саяси күресте тәжірибе жинап, шыныққан, Міржақып, Қошмұхаммет, Смағұл, Мағжан... деңгейлес, сауатты автор екеніне күмән жоқ.

 

Жастар газетіне аса көрнекті қазақ публицисі, алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтың қатысып, мақала жазып тұруы басылымның бетін айқындап, беделін өсіргенін байқаймыз. Мысалы, оның «Алаш құрбаны» деген мақаласын осы газет басқанда, халық азаттығы үшін қаза болған жас азаматтың есімі мен ерлігін замандастарының санасына жеткізуді көздейді.

1918 жылғы 6 наурызда Алаш милициясының бастығы Қазы Нұрмұхамедұлы орыс большевиктерінің қолынан қаза тапты. Ол ешқандай қылмыс жасамаған, бір топ қарусыз қазақ жігіттерін жаттықтырып жатқанда большевиктер келіп, нақақ жанды атып өлтіреді. Алаш азаматын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, айтқан Шәкәрім Құдайбердіұлының жалынды сөзі көпшіліктің жүрегінде ұрандай жатталды. Ол мына сөздер еді: «Мұны өлді демеңдер. Бұл күні һәм мұнан соңғы азаматтар мына мен сияқты болып «ұлтым деңдер», деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті... Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ, құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек».

Осы қайғылы оқиға туралы «Сарыарқа» газетінен «Қазаққа» көшіріп басып, түсініктеме берген Жанұзақ Жәнібековтің көрсетуінше, Жүсіпбек Аймауытұлы былай деген: «Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бір-ақ арманың кетті: ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың. Тым болмаса, ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің». (26) («Қазақ», 1918, 30-маусым) «Жас азамат» М. Дулатұлының «Тұңғыш құрбан» атты өлеңінде Алаш күресінің қолдауға барша қазақ жастарын шақырды. Ол өлеңнің мына жолдарын жас қауым жаттап алғаны сөзсіз...

 

Мақсаты ұлттың жолына

Туын ұстап қолына,

Жас ғұмырын пида еткен.

Қош бауырым, жолдасым!

Армансыз сенің өз басың...

 

Газеттің әр нөмірін қазіргі заманғы кәсіби журналист маманның көзімен қарағанда, уақыт өткен сайын басылымның пісіп, жедел ширап келе жатқаны байқалады. Тақырып таңдаудағы әуелгі шашыраңқылық тыйылып, келелі мәселелердің жүйесін тауып, батыл барлап, терең қазу, кең қамту басым. Мысалы, «Біздің ұлтшылдар» (№18) деген мақалада Тәуелсіздік үшін күреске кіргендерге мынадай кеңес берілген:

«Көңілсіз болу - шын ұлтшылдарға лайық емес, өйткені, ұлт жұмысына белсене кіріспей жатып, қажып қалу, анық толық екі жылға жетпей, ұлтшылдардың еңсесі түсіп, салы суға кетіп, қажып қалса, бұқараның жапқан көңілін кім ашады? Ұлтты теңдікке кім жеткізеді? Мұны ойласақ, еріксіз табанды әскер, ұлтжан боламыз. Ұлтжан болған кісі айға-жылға деп кесіп кірмейді. Өлшеулі күні ойлаған мақсатына жете алмаса, жұртқа сөзін тыңдата алмаса да, «қажыдым» деп тартынбас керек, әр тарапынан кедергі қойылған сайын, қайраты артып, қуаты күшейіп, тасқын судай екпіндей бермек.

Шегіну, жасқану, қажу - ұлтшылдықтың жауы. Сонда да, дұрыс ойынан қайтпайтын, түзу, таза, мықты пікірлі болмақ керек. Имам ағзам айтады: «бір пікірді дұрыс деп сенгеннен кейін, біреу келіп: «пікірің дұрыс емес» деп, дұрыс еместігіне дәлел қылып, таяқты көз алдыңда жыланға айналдырса да, бір сенген пікіріңнен қайтпа!» деп». Осыған мазмұндас, «Ештен кеш жақсы» деген мақалада саяси күрестің дәл сол сәттегі міндеттерін былайша көзге түрткендей етіп нұсқайды:

«Өз үстіме келгенде бір-ақ көрем» деп отыру, алыстан келе жатқан өрттің алдынан шықпай, ойда күтіп отырғанмен бірдей. Бұдан пайда жоқ. Милиция жинаудан бастап, шара жасаудың бірі - елді апаттан қорғау. Соның үшін Алашорда жұмысы уақытша қандай күйде болса да, Алаш милициясы табан тайдырмай, қызметін істей беруі лайық. Ақсақал батасын, бай малын, молла [дұғасымен қолдап,] жастар күшін аямай, елді жаудан қорғау керек. Жау оң бүйірден де, сол бүйірден де қысып келеді. Ел қорғау - құрғақ сөздің «жиылысына» байланбайды, ықыласты көңілден, жігерлі қолдан шыққан іске байланады».

Дұрыс ұйымдастырылған баспасөздің үгіт-түсінік қарым-қабылетін мейлінше тиімді пайдаланудың, ұйымдастырушылық қызметінің үлгісін «Жас азамат» сол кезде-ақ көрсетіп кетіпті. Саяси мақала, көпке таныс әуезе әңгіме, тіпті шағын ақпар, тақпақ-өлең түріндегі материалдардың кейіп-көркі, газетті күн озған сайын тартымдырақ етіп, әр шаңыраққа қонақтатуға күш салғаны байқалады.

 

Қорыта айтқанда, «Жас азамат» аз уақыт ішінде саяси бағыт-бағдары анық, өз бетін тапқан, оқырмандарының ықыласына бөленген басылым болды.

«Жас азаматтың» соңғы саны 1919 жылғы 3-ақпанда шықты да, тоқтады. Зерттеуші Дихан Қамзабекұлы атап көрсеткендей, жастар газеті ұлт болашағы үшін ақырғы санына дейін адал қызмет етті.

Енді осы газеттің ақырғы санындағы кейбір материалдарға шолу жасайық. «Ел баласының» (Қ. Кемеңгерұлы. – Авт.) «Ештен кеш жақсы», деген мақаласында большевиктердің мемлекет билігін заңсыз басып алуына байланысты қазақ оқығандарының екіге жарылып: бірі–бұрынғысынша тәуелсіздік күресінің жолын бекем ұстанғаны, екінші–большевиктердің алдарқатқан жел-қызыл сөзіне сеніп, тәуелсіздік үшін күреске іріткі салғанын ашына баяндалады.

«Ертеңгісіне есек қайғырады» - қазақ халқының жабайы болып жүрген дәуірінде шыққан мақал. «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» - қазақтың мәдениет дәуірінде шыққан мақал, деп екі мақалды салыстыра отырып, автор: «Соңғы мақал туралы кеңінен толғанғанда «келешегіңді, үрім-бұтағыңды ойла» деген ақыл сөз шығады», дейді.

«...Біздің қазақтың бір аяғы мәдениет ауданында тұрса, екінші аяғы әлі тағылық ауданында тұр. Тағы адамға ғана хас сабырсыздық, не істе болса да алдын болжай алмайтындық, көзі көрмесе сенбестік тән. Бұл сипаттар біз түгілі, мәдениеттің сыртын алып, желбуаз болып жүрген орыс халқында да бар. Мен бұл арада Алаш өлкесінде қазақ елінің сабырсыздығынан, алдын болжай алмағандығынан, сенбегендігінен көрген қорлықтарын санап өтемін».

«Жұрттың көбі большевиктердің әдемі сөздеріне, «әр ұлттың өз тізгіні өзінде болсын» дегеніне семіріп жүргенде, саяси қырағылар «большевиктен сақтаныңдар!» дейді.

Бұл арада әңгіме кеңес үкіметі 1917 жылғы 2 қарашада жариялаған «Россия халықтары праволарының декларациясы» туралы болып отыр. Бұл құжат бойынша большевиктер Ресейдің барлық аймақтарын мекендеген халықтарға теңдік, тіпті дербес мемлекет құруға дейін баратын өзін-өзін билеу құқықтары берілетінін жария еткен болатын. Осыған мазмұндас уәде сол жылғы 20 қарашада кеңес үкіметі қабылдаған «Россия мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне» деген үндеуінде қайталанды. Алаш көсемдері мұндай алдарқатуға сенбеуге дер кезінде-ақ шақырған болатын. Жастар газеті осы жағдайды ескертіп, мәселенің аса маңызды екенін қалың қазаққа тағы да көрсетуді мақсұт деп білген.

«Ғалихандар (Әлихан Бөкейхан.– Авт.) большевиктерден бас қорғау үшін Орынборда съезд шақырғанда [27]6 «қорлық көргендерге большевик тиюші ме еді?» деп, Ғалихандарды кінәлағандар болды», деп келеді де, автор бұдан әрі большевиктердің қазақ даласын қанға бөктіріп, азамат соғысын қолдан туғызып, ушықтырып жібергенінің мысалдарын атап-атап көрсетеді. Бұл мақаланың танымдық мазмұны ерекше екенін айта отырып, журналистің шеберлігіне де назар салған жөн болар еді. Қазіргі журналистер үшін де мұндай өнеге өте керек. Сондықтан, осы еңбекте бұқаралық ақпарат таратудың қазақ журналистикасынде ертерек қалыптасқан тәжірибесін таныстыру мақсатында газет жарияланымдарынан кесек-кесек үзінділер берілді. Қарап отырсаңыз, заман талабына, уақыт тарлығына байланысты қаламгерлер ақпарат жеткізудің төте, оңтайлы әдіс-тәсілдерін таңдай білген. Әрбір оқиға ширақ тұжырымдалып, түсінікті мәтін түрінде қысқа қайырылып отырады. Мысалдар мынау:

«Алаш өлкесінің халі: большевик заманынан Жетісу, Сырдария қазағы қанға тұншығып жатыр. Кейбіреулердің айтуына қарағанда құруға жуықтаған». «Большевиктер Бөкейлік қазақтарын еріксіз солдатқа алды деген хабар бар». «Орал қазақтарынан толық хабар жоқ. Бірақ, Орал қаласын большевиктер алғанға қарағанда, хал нашар болуға тиіс». «Торғай облысында, Ақтөбе жағы қырғын. Аман тұрған Ақмола еді, соңғы хабарларға қарағанда Шу бойына [28] большевиктер келе бастапты».

«Семей облысының жігіттері ерлік көрсетіп, Жетісу бармаса, ендігі Семей де қырғынға ұшырайтын еді.

Бас аман, мал түгел елдер бір жылдың ішіндегі қанды соғыстардан, талаулардан неге үлгі алмайды? Өз үстіме тигенде бір-ақ көрем» деп отыру алыстан келе жатқан өрттің алдынан шықпай, үйдің іргесіне келгенде шыққанмен бірдей. Бұдан пайда жоқ».

«...Милиция жинаудың [29] басты мақсаты – елді апаттан қорғау. Соның үшін «Алашорда» жұмысы уақытша қандай күйде болса да, Алаш милициясы табан тайдырмай қызмет істей беру керек. Алаш полктарына кіріп, ел қорғау – жастардың мойнындағы парызы. «Қырық жыл қырғын келсе де, ажалды өледі» [30]. Осындай-осындай, көздеген нысанаға дәл бағытталып, бүкпесіз, батыл басталып, шұғыл қайтарылған ықшам сөйлемдердің ықпал-әсері күшті боларын, газет бетін ұқсата, үнемді пайдаланудың жолын тапқан аталарға рахмет.

1919 жылғы ақпанда жарық көрген «Жас азаматтың» бетіндегі осы тектес хабарлар сол кездегі қазақ жеріндегі саяси хал-ахуалды мейлінше айқын көрсетіп берген. Осы уақытқа дейін баспасөз тарихын зерттеушілер назарына алмай, тиісті бағасын бермей келген мақала – Алаш насихатының тұздығы деуге әбден лайық. Сәуегейлік жасау артық болар, бірақ «Жас азаматтың» осы шақыруы іске асқандай болса, қазақ тарихының дөңгелегі басқаша айналар ма еді, қайтер еді? Өкінішке қарай, ел ішінен жік шығып, «таптың мұңын жоқтаған, кедейшіл, бұқарашыл» болып, тұлыпқа мөңіреген азаматтар Қазақстанның тәуелсіздігін бөтеннің қанжығасына байлап бергенін бүркелемей, ашық айтатын уақыт жетті. Қазақтың «жаңа большевиктерінің» көбі білімі аз, саяси сенім қазығы тиянақсыз, жеке бастың өкпесін өр тұтқан, сол үшін ұлт мүддесі деген түсінікті қызмет лауазымына айырбастаған еді. Кейін ғой, сол большевиктер тап күресінің теориясын терең меңгерген, социализмнің стратегиясын алдын-ала болжап білген «қайраткерлер» санатында аталып тарихта қалғаны... Саяси күрес дегенді кітаптан ғана оқыған аңқау көңіл, сәби ұрпақ оларға құлай сеніп, құлдық ұрды.

Тарихи дерек ретінде «Жас азаматтың» соңғы санында басылған осы мақала қымбат десек, «Қазақ» газетімен күрестес-үндес болғандықтан, оның құны тіпті арта түседі. «Қазақтың» мерзімді басылым ретіндегі ғұмырының соңындағы 1918 жылғы 264-санында басылған Міржақып Дулатовтың «Қайтсек жұрт боламыз» деген мақаласына көз салайық. 1914-1918 жылдардағы астан-кестен оқиғаларды еске ала отырып, Алаш көсемі былай деп жазған: «... Дүние ойран болды. Даңқы жер жарған зор мемлекеттер жоғалуға айналды. Ат төбеліндей аз елдерге есе тиді. Мұндай зор өзгерістер болған емес. Мұнан соң да бола бермейді. Әркім қалай жұрт боламыз, деп жан таласып жатқаны осы. Патша түсіп, ескі тәртіп жеміріліп, бостандық туғанына жыл жарым болды....Большевик деген бір пәле шығып, Николайды сағындырғаны да рас. Мұнан соң, қандай жамандық боларына қара халықтың көзі жетпей, бостандықтан көңілі суынып тұрғаны да рас... Бәрі жұрттығын сақтау үшін қырғын көріп, бейнет шегіп жатыр.

Қазір кім дегеніне жетеді? Кімнің мерейі үстем болады? Кім біреудің қанжығасында кетпейді?

- Кімнің білегі жуан болса, сол жұрт болады. Кім күшті болса, сол дегеніне жетеді.

- Күш не?

- Күш - әскер.

- Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл». Бұдан кейін «Қазақ» газеті Алаш әскерін құруды бірінші кезектегі, қазақ халқының тағдырын шешетін мәселе ретінде атап көрсетеді. Міржақып Дулатовтың аузымен «Алашорда» үкіметінің халыққа арнаған үндеуі былай аяқталады:

«Сөз байлауы сол - әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса, біз автономия бола алмаймыз. Автономия алмасақ, жұрт бола алмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана жұрт боламыз».

Салыстыра қарағанда, бес жыл бойы шығып келген, жан-жақты білімді, саяси күресте шыныққан қазақ күрескерлерінің аға ұрпағының үгіт-насихат құралы «Қазақтың» ықпалы «Жас азаматқа» шамшырақ-ұстаз есебінде болғанын байқаймыз.

«Жас азаматтың» дерек көзі ретіндегі құнына баға жетпейді. Осыдан 95 жыл бұрын қазақ көгінде жарқырай көрінген бұл басылымның әр саны, әр автордың ағынан жарылған адал ниетті пікірлері халқымыздың рухани қазынасының толықтыра түсті. Газеттің авторлары туралы анықталған деректермен қоса, ашылмай қалған лақап есімдерді де еске салсақ, артығы болмас. Мұнда, Міржақып, Мағжан, Смағұл, Қошмұхамбет, Малдыбаев Біләл, Кәшімов Мұхаметсалық, Серкебаев Бекмұхамбет, Нұралин Төлебай, Ахмет Жанталин, сияқты ысылған қаламгер-журналистермен қатар, азан шақырып қойған аты-жөні жасырын тілші-хабаршыларды да тізіп өтейік: «Жолаушы», «Тілші», «Шаңқан», «Жүніс-оптимист», «Дала баласы», «Ел баласы»- Қошмұхамет Кемеңгерұлы, «Мәшім» -Ғабдрахман Байділдин болуы мүмкін, «Жәдігер-Жаныс», «Жас Әлтай», Сайменов, Нұрымов, Ғабдолла Найзабеков, Жасым Темірбеков, Хамза Ибрахимұлы, Байдай Мырзалин, Смағұл Байкебаев, т.б. Еліміздің тәуелсіздігі, жеріміздің бүтіндігі үшін күрескен ардақты ұлдарымыздың қатарында осылардың әрқайсының да лайықты орны бар. Осы азаматтардың ұрпақтары арамызда жүргені де шындық.

Алаш жастарының алғашқы басылымы туралы бұл монографиялық мақала авторлар, әрине, газеттің әр санында жарияланған материалдарды түстеп, түгендеп, мазмұндап, талдап беруді мақсат етпейді. Ол жағын от жүректі жастарымыздың ынта-ықыласына, санасы мен білім-білігіне қалдырамыз.

Сөйте тұрсақ та, ұлы ойшыл Мұхтар Әуезовтің қаламынан 21 жасында туған мына қолтаңбасына тоқталмай кетуді жөн көрмедік. «Жас азаматтың» 1918 жылғы 15 қазан, сейсенбі күнгі жетінші санында басталып, он күннен кейін сегізінші санында нүктесін қойған «Ескеру керек» деген мақаласында заман кескіні дәл беріліп, сол заман талабына қарай, қазақ халінің қандайлығы, одан арғы келешектің кейпі турасында толғанады. Кейін, кемел ойлы данышпан Мұхтардың жасындағы аяқ алысы, қалам тербесі, құлаш сермесі мақаланың әрбір жолынан атойлап көрінеді. Әуелі әріден бастайды:

 «Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман - киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хәл бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлденеше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс, жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толып, неше кішірейіп, шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты...»

Иә, солай. Оқырманын терең ойға жетелей келіп, жас Мұхтар: «Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да, халық жоғалмайды, бақыт қайта оралып күліп қарайды, деген үміт Алаш жүрегін қуантып тұр. Бір жұрттың басынан кешкен әртүрлі дәуір, сол халықтың қалпына әртүрлі із қалдырып отыратыны тарих жүзінен белгілі. Бастан кешкен шабыншылық, бұзақы-тентектік, батырлар, хандар заманы қазаққа өзге бір мінез беріп, халықтық қалпын басқа бір түрге түсірген.

 Заман талқысы: шабыншылық, бассыздық еріксіз сондай қылып отырса, кешегі өткен ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін әділетшіл билердің заманы, жұрт мінезінде ол да өзінше бір із қалдырды. Одан бергі, арты бүгінге дейін сейілмей отырған, ел қамқоры басшыдан, берекеден, тәртіптен, намыс-қайраттан айырылып, құлдық пен зорлық арқанында матаулы болған заман, тағы да басқа түрлі із тастап, келешектегі жұртшылыққа өзгеше бір рухты бұл да беріп кетіп отыр». Автордың ойынша, сондықтан, жаңа ғасыр, жаңа дәуірде қазақ өзіне-өзі ие болып, келешегін санамен салмақтай білсе, кәні! «Енді бұл соңғы айтқан дәуірге басымызда оқыған біліміміз, қолға ұстаған саясат деген құралымыз барлар бір келіп, алынып отырмыз. Әрине, оқығаны бастаған бұл соңғы дәуір де, қазақ жұртын гүлдентіп, ажарландыратын дәуір. Бірақ, көкіректі қарсы айырған арман, қуаныш болып тарқап, көксеген бақыт қанат қағып, қолға елпілдеп келе жатқанда, біздің қолға қазақ қандай күйде тиеді? Соған сын көзді салу керек. Өткен күннің істеген ықыласын есептеу керек. Қазақ бұрын пәлендей батыр еді, ақылды адам еді, деп құр сөзбен желіктіріп, осы күнгі жұртты батыр намыскер қыла қояйын деген ой менде жоқ.»

Мәселе, қараңғылық түнегі сейіліп келе жатқан шақтағы қазақ қандай? Оны «...заман ыңғайы еріксіз «қорқақты көп қуып батыр қылды ма», жоқ өздігінен сүйегіне сіңген мінезі ме еді, әйтеуір бұрынғы қазақтың бұл күнге дейін бар мінезі әрі екені анық еді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды... күнде айдап, тықсырып отырғандықтан болса да, басшыдан қалмайтын намыскер, шыныққан, тарамыс қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа-қуана, күйінішке-күйіне білмейтін, салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ өтірікші жұрт алды».

Бірақ, М. Әуезовтің түсінігінше, олай бола беруі мүмкін емес. Белді буып, білекті түріп, етек-жеңді жиып, ішкі алауыздықты тыйып, бір көсемге бағынып, адал еңбектен бақыт іздейтін кез бұл. Ол үшін пәрменді, әділ билік, күшті заң керек. Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам. адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді, Адамзат қоғамы дамуының алдыңғы легіндегі елдерді мысалға келтіре отырып, Мұхтар Әуезов мынаны ескертеді: «...олардың осынша дәрежеге жетуіне, әділ билік, тәртіпті, ашық саясат болған. Олардың басшысы ел қамын жақсы ұғып, әуелгі мақсатына көптің қамын қойған. Осыдан, басшысын көбі сүйіп, артынан ергіш болған... Ендігі халық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе - құрыш құрсаулы әділ, қатал билік...Іші түтін болса, сыртында бүтіндік жоқ, ертең күл болып көкке ұшады.. Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзгеріске мойын ұсынамыз, заман еріксіз мойын ұсындырады».

Қай заманда да, қоғам мүшелерінің бірауыздылығы – қайтпас-қайсар қуат беретінін дәлелдей келіп, «Алаш мұраты үшін жасаған әрбір қадамың ұрпағыңа үлгі болсын», деген тілекпен Мұхтарша бастап, Мұхтарша аяқтаған көсемсөз шеберінің осы бір ғана мақаласының өзі «Жас азамат» оқырмандарына ой салғанын сезінудің өзі бақыт екенін енді біліп отырмыз.

Қазақ» газетінің бағытын жалпы жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, азаматтық ой-сананы ілгерілетуге септігі тиген...«Жас азамат» ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті» деп жазған оқымысты Дихан Қамзабекұлының [31] бағасын толық құптай отырып, тарих ғылымдарының докторлары Сағымбай Қозыбаев пен Қырықбай Алдабергеновтің: «Қазақ жастар баспасөзінің тарихы қазіргі айтып жүргендей, 1921 жылдың наурызы айынан емес, 1918 жылдың шілде айынан басталады.... Ал «Жас Алаш» газеті болса, Кеңес өкіметі орнап, нығая бастаған тұста Түркістан республикасында қазақ жастарына арналып, жаңа бағытта шыға бастаған алғашқы басылым. Яғни «Жас азамат» газетінің ізбасары» [32] деген пікірлеріне басқа сөз қосу артық болар. Аты – жастар баспасөзі болғанымен, заты - асыл, ұлт тәуелсіздігінің туын алғаш көтерген рухани шам-шырақтар қатарынан «Жас азаматты» көреміз.

Баспасөз тарихына зер салып, қазақ баспасөзінің елдің тәуелсіздігі, жердің бүтіндігі үшін күресте қандай саяси-қоғамдық мәні болғанын түсіну  үшін Ахмет Байтұрсыновтың мына сөздері бағыт-бағдар болуға тиіс. «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес», - деген еді ол. «Олай болмаған болса, - дейді А. Байтұрсынов алдыңғы ойын жалғастырып, - онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады». Осынау ащы айтылған шындықтың алдында бас имеуге бола ма? Демек, қазақ баспасөзінің жүз жылдық тарихы осы арнада ақты, ол өсті, өсіп, жетілді. Қазақ публицистерінің (Ақаңша – «қаламгерлер») мандайына ұстаған темірқазық тақырыбы да қазақтың мұңы, қазақтың арманы, қазақ тартқан азапты жеңілдетудің жолын іздеу, десек дұрыс.

Зарқын Тайшыбай, профессор,

Сәуле Мәлікова, тарих ғылымдарының кандидаты.

Қызылжар қаласы

Соңы

(Мақала Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жарияланды)

 

         Пайдаланған әдебиеттер және деректер тізімі

  1. Назарбаев Н. Тәуелсіздігіміздің бес жылы. А. 1996 ж. 256 бет.
  2. Қазақстан Республикасында тарихи сананың қалыптасу тұғырнамасы // Егемен Қазақстан, 1994, 14 қыркүйек.
  3. Сонда.
  4. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. А. 1964 ж. 3-бет
  5. Сонда.
  6. Сонда, 5-6-беттер
  7. «Еңбекші қазақ», 1923 ж. 5 мамыр
  8. Сонда.
  9. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық жинағы. 2-том, А., 1998 ж. 63-75-беттер
  10. Омашев Н. Қазақ радиожурналистикасы. А., 1993 ж.
  11.  Қамзабекұлы Д. «Алашқа тыныс болған «Жас азамат»,//»Ана тілі»,1993, №14, 8 сәуір.
  12. 16 Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу, А., 1960. 66-79-беттер.
  13. «Жас азамат», 1918 жыл, 30 шілде, №1.
  14. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары, А., 1964. 70-бет.
  15. Дулатұлы М. Шығармалары, 2-том, Алматы, 1997. 179-180-беттерг
  16. «Жас азамат» газеті, 1918, № 17.
  17. Сонда.
  18. Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу, А., 1960. 66-79-беттер.
  19. «Сарыарқа» газеті, 1919 жыл, 20 ақпан
  20. «Сарыарқа» газеті,1918, 8 шілде.
  21. «Жас азамат» газеті, 1918 жыл,18 тамыз.
  22. Сонда.
  23. Сонда.
  24. Алаш-Орда. Сборник документов..., 126-127-6.
  25. Сибирская речь. 1918, 1 августа.
  26. Алаш-Орда. Сборник документов..., 129-6.
  27. Сонда.
  28. «Қазақ», 1918, 30-маусым.
  29. Сонда.
  30. Сонда.
  31. Қамзабекұлы Д. «Ана тілі», №14, 1993 ж.
  32. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, «Қазақ әдебиеті», 16.03.2001 ж.
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5388