Сейсенбі, 1 Қазан 2024
1153 1 пікір 20 Қараша, 2023 сағат 12:31

111 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

1 қарашадағы жағдай бойынша 111,2 мың отбасындағы 583,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 64,7 млрд теңге бөлінді.

АӘК негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мынаны көздейді:

— табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайын қосымша төлем беру. 1 қарашадағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды;

— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға грант беру, біліктілікті арттыру курсына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар