Жыл өтті ғазиз жүрек тоқтағалы
Шымкентте Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйі ашылса екен
Қазақстанның Швейцариясына баланатын Түлкібас ауданының тамаша табиғаты кімді болса да таңдандырып, таңқалдырады. Мұндағы таулар мен қырлар, балбұлақтар, сан түрлі өсімдіктер мен жануарлар әлемі жан сүйсінтеді. Пістелі ауылында еліміздің еш жерінде кездеспейтін биіктігі бес метрге жетеғабыл, жаңғақ тұқымдас керемет ағаш - таупістесі өседі. Бозторғай деген елді мекенде қазақтың болашақ классик жазушысы Мархабат Байғұт көкем туған екен. Міне, осындай өңірде өмірге келген Махаңның, Мархабат Байғұттың қаламгер болмауға хақысы жоқ сияқты тұғын.
Тұтас Түркі әлеміне танымал жазушы, журналист, драматург, аудармашы Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Түлкібас ауданындағы Пістелі ауылында дүниеге келген. Аудан орталығы – Ванновка селосындағы (қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылы) Абай атындағы мектеп-интернатта оқыған. Кейіннен, 1985 жылы сондағы шәкірттік шағы жайында «Интернаттың баласы» деп аталатын қызғылықты хикаят жазған.
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін бітірген. Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.
1978 жылы «Шілде» атты тұңғыш кітабы шыққан. «Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Әдеби көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», –деп жазған екен Тәкен Әлімқұлов сонда.
2003 жылы «Қозапая» әңгімелер мен повестер жинағы, 2005 жылы төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Марқұм баласы Баубегіне арнап қызғылықты хикаят жазған. «Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» атты хикаятын толқымай, тебіренбей, тітіркенбей, түршікпей оқу мүмкін емес. Ана тіліміздің ең мәйектерін тауып, ұлтына ұсынуы тіліміздің тереңдігін, ғажайып сұлулығын, кіршіксіз тазалығы мен мөлдірлігін жеткізуі оны хас талант иесі екенін шүбәсіз дәлелдейді», –деп жазған Сайлаубек Жұмабек.
«Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты акцияның авторы әрі тұрақты жүргізушісі ретінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырза Әли, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Нұрлан Оразалин, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып, Мұхтар Шаханов, Смағұл Елубай, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, тағы басқа қаламгерлерді оқырмандармен жүздестіруге ұйытқы бола білген. Кейіннен «Ырыс алды – ынтымақ» форумын өткізуге бастамашы ретінде талай ізгілікті де игілікті іс-шараларды атқарғаны жұртшылық жадында.
Қостомдық шығармалар жинағы баспа бетін көрген. Туған жерінде жетпіс жасқа толған мерейтойыны сән-салтанатымен өткен. Сол жылы әріптестерімен бірге Шымкенттен жетпіс шақырым жердегі Шұбайқызыл шоқысына дейін жаяу жүріп өткен. Түлкібас ауданында «Таупістелі тағылымы» деген іс-шара, «Шырайлым – Шұбайқызылым», «Ақсу-Жабағылы алауы – Шұбайқызыл жалауы» дейтін әдеби-көркем фестиваль, «Мархабат оқулары» өткізіліп келеді. Бұған «Мархабат шыңы» атты жастар арасындағы шығармашылық байқау қосылған. Осылайша «Мархабат Мирас» қоғамдық қорының талай ізгілікті де игілікті іс-шараларға ұйытқы болып жүргені баршаға мәлім.
2016 жылы жазушының үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрген. 2018 жылы «Аршакие» атты әңгімелер мен толғамдар жинағы баспадан шыққан. Абайды оқуға арнап «Бес асыл іс. Бес дұшпан» атты керемет кітапша шығарған. Осылайша ол оқырмандарды «Абайды оқы, орында!» – деген мәніске шақыра білген. 2021 жылы баспа бетін көрген «Түркілер төрі – Түркістан» деп аталатын эссе кітабы көпшілік көңілінен шыққан. Бұл кітап қытай тіліне тәржімаланды. Алдағы уақытта ағылшын тіліне аударылмақ. Жалпы, бұл кітап --түркітілдес елдердің тілдеріне тәржімалануына тиіс тамаша туынды. Биыл «Әкімнің әйелі» деп аталатын әңгімелер жинағы оқырман қолына тиіп отыр.
«Бүгінгінің Бейімбеті» деп бедерленіп жүрген Мархабат Байғұттың – эстет эссеист жазушы. Драматург ретінде Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрында қойылған «Қарлығаш әулие – Төле би» (Шойбек Орынбаймен бірлесіп жазған), «Бозторғайдың ұясы», «Көксу комедиясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Әттең-ай, әттең...», «Асқаровтың аққайыңдары» атты пьесалардың авторы. Аудармашы ретінде Василий Макарович Шукшин, Юрий Покальчук, Екатерина Андреевна, Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың шығармаларын, Уашингтон Ирвингтің Мұхаммед Пайғамбар туралы кітабын төл тілімізде сөйлеткен. Ал өзінің шығармалары орыс, украин, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрік, саха (якут) тілдеріне тәржімаланған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасымен жарық көрген қазақ әдебиетінің 64 авторынан тұратын «Қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазақ прозасының антологиясы» атты қостомдығы 60 мың таралыммен Біріккен Ұлттар Ұйымының ағылшын, француз, испан, орыс, араб, қытай секілді негізгі алты тіліне аударылған. Аталмыш антологияға Мархабат Байғұттың «Гамбургтегі қазақтар» атты әңгімесі енген. Бұл жинақ дүние жүзінің 93 еліндегі кітапханалар, университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтарына таратылған.
Енді әріптес қаламгерлердің Махаң жайлы жазған пікіріне құлақ түрелік: «Қазір Мархабат Байғұтовтың нағыз көсілер шағы. Біз оған көп жаз демейміз. Өйткені, ол – өз кейіпкерлерін жанымен ұғып, жүрегімен танымайынша қолына қалам алмайтын жазушы. Тек біздің бір білетініміз – Мархабат Байғұттың қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен үміт күтіп отырған ортаңқолдай өкілі екені» (Қалдарбек Найманбаев).
«Әдебиетті көп адам жасамайды. Әдебиет – жеке адамдардың еңбегінің жемісі. Біздің тәуелсіз еліміз енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі отырғанымыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес. «Где все хорошо, там писателю делать нечего», – депті ғой Бернард Шоу деген ағылшындық қаламгер. Ал, бізде проблема көп. Проблема көп жерде жазушы ауадай қажет. Себебі, сол проблемаларды жолға қою үшін қара күш, дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл, уытты сарказм керек. Ондай юмор мен сарказмның иесі арамызда жүр. Оның аты-жөні – Мархабат Байғұт» (Дулат Исабеков).
«Біздің қазақ әдебиетінде Оңтүстік мектебі бар десек, қалай қарайсыз? Мысалы, Қарауылбек Қазиевтен бастап, осы Мархабат Байғұтты қосып айтқан кезде соңы келіп Нұрғали Оразға дейін тірелгенше бәрінің стилінде ортақ бір ұқсастық бар сияқты. Ішкі иірімі үйіріп әкететін жылы ағыс бар» (Жүсіпбек Қорғасбек).
Мархабат Байғұт – жазушы, журналист, публицист, драматург, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). «Құрмет» (1996), «Парасат» (2014), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2021) ордендерімен, «Ерекше қызметі үшін» медалімен (2007), Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен (2007) марапатталған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стипендиясының иегері (2010). Халықаралық «Алаш» Халықаралық сыйлығының (1996), Тұрар Рысқұлов атындағы сыйлықтың, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, түбі бір туысқан Түркияның «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығының лауреаты. Республикалық «Жалын» баспасы белгілеген сыйлықтың екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының үш дүркін иегері. Қазақстанның Құрметті журналисі (2009). Түркістан облысының (2007), Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы тұғын.
Рухани қазына-байлығы мол Мархабат Байғұт – төрткүл әлемге танымал тұлға екені даусыз. Күншуақты өңірдің – түрленген Түркістан мен шырайлы Шымқаланың паспортына айналған марқасқа Махаң тұғын. Ол өзі «Сирек сыбызғыға» теңейтін ақын Нармахан Бегалыұлы, «Бауыржан Батырдан бата алған» Ханбибі Есенқарақызы сынды аға-әпке буын өкілдерімен бірге Әбілда Аймақ, Бақытжан Алдияр, Момбек Әбдәкімұлы, Сабырбек Олжабай, Мұхтар Шерім, Әбдісаттар Әліп, Дәркен Танабайұлы, Дәурен Айманбетов, Сүндет Санаев, Арайлым Мұратәлева секілді бір шоғыр талантты қаламгерлер қауымын қалыптастырып шығаруға белсене атсалысқан болатын.
Шымкенттің «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» музейінде қызмет істеп жүргенімде Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерейтойына орай Махаңның бастамасымен «Таупістелі тағылымы: Бозарықтан Бозторғайға» тақырыбында жеті шақырымдық жаяу жарыс ұйымдастырғанбыз. Сонда жол-жөнекей, барып-қайтар кезде де жазушының туған жері жайлы жан жадыратар жылы сөздері жадымызда жатталып қалған.
2020 жылы менің құрастыруыммен «Мархабат музасы» Әңгімесі роман жүгін арқалап...» атты әдеби-сын мақалалар, рецензиялар, эсселер жинағы баспа бетін көрген болатын. Кітапханамызда қазақтың көрнекті қаламгері Мархабат Байғұттың көзі тірі кезінде де, дүниеден өткеннен кейін де сан түрлі іс-шаралар өткізудеміз.Келешекте қаламгердің 80 жылдық мерейтойына орай Махаң, Мархабат Байғұт жайлы естелік, эсселер жинағын шығаруды қолға алсақ дейміз.
Әкем Асан Құдайбергенов ертеректе қайтыс болып кеткендіктен, Махаң, Мархабат Байғұт менің екінші әкем іспеттес аяулы жан болатын. Жанашырлық, қамқорлығын аямайтын. «Түркі әлемінің таңғажайып қызысың!» – деп мерейімді өсіретін. Болашағымнан мол үміт күтетін. Бір ғажабы, қос әкем де 26 қараша мына жарық дүниемен қоштасып кетті. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – демекші, соңына өзінің мол рухани дүниесін қалдырып кеткен Мархабат көкемнің есімі ешуақытта ұмытылмайды. Халық жадында мәңгілік жасай бермек.
Төрткүл әлемге танымал тұлға Мархабат Байғұттың таяуда өткен жылдық асына келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Елшіл, Алашшыл, Ұлтжанды азамат Дархан Қамзабекұлы Мыңбай Шымкент қаласының су жаңа әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековке арнайы жолығып, оған өзінің бірқатар ұсыныс, пікір, тілегін айтқан. Солардың арасында егемен еліміздің үшінші мегаполисі – шырайлы Шымкент шаһарында Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ашу мәселесі болатын. Болашақта ашылатын бұл орталықта тек Махаңның ғана емес, күллі күншуақты Оңтүстік өңірі қаламгерлерінің жазған-сызған дүниелері сақталатын болады. Зиялы қауым өкілдері бас қосып, әдеби-көркем шығармаларды талдап, талқылап, сан түрлі кездесулер, әдеби-сазды кештер өткізілетін болады. Осындай ізгілікті де игілікті ниетке белгілі әдебиет сыншысы, Халықаралдық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, тағы басқа да Махаңның замандас, қаламдастары қызу қолдау білдіріп отыр. Қымбатты оқырман қауым! Сіздерді де біздің осы ізгі ниетті тілегімізді қолдауға шақырамыз.
Қорытындылай айтқанда, Мархабат Байғұт көкеміз – қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алған кемеңгер классик қаламгер екені екінің біріне аян. Провинцияда (қазіргі егемен еліміздің үшінші мегаполисі) тұрып-ақ өзінің шығармаларымен Алматыдағы мүйізі қарағайдай талай қаламгерді мойындатқан ойы ұшқыр, қаламы үшкір жазушы екені даусыз. Ғажайып әдеби-көркем дүниелері жанымызға керемет таусылмас ләззат сезімін сыйлайтын. Бұған қоса-қабат жан жадыратар жібектей көркем мінезімен үлкен-кішінің көңілін табатын. Қамқорлық қасиетін көп көргенбіз. Кей-кейде өлең жазып, ән салып, бөлекше бұралыңқырап би билейтінін де білеміз. Әзіл-қалжыңы көпшілікке жарасымды тұғын. Біз, Махаңды мақтамай, онымен мақтануымыз керек. Оның атындағы Әдебиетшілер үйі шырайлы шаһарымыздың ғана емес, бүкіл байтағымыздағы қаламгер қауымның бас қосып, мол рухани байлыққа кенелетін тамаша киілі орын болатынына бек сенімдіміз.
Ақмарал Асанқызы Құдайбергенова,
Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының директоры, Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының профессоры.
Шымкент қаласы
Abai.kz