Мырзан Кенжебай. «Білімсіз бидің ақылы...»
Құданың құдіреті, бақилық болып, одан тозаққа түскен кейбір пендеге үш күн өткесін келіп «шығарып алайын ба?»–десе, «қажеті жоқ, үйреніп қалдым» дейді екен. Сол айтқандай, тәуелсіздік алдық деп шуылдағанына 21 жыл болса да қазекемнің кейбір ақсақалдары, әсіресе тіліміздің тазалығы, оны бұрынғы саф күйіне келтіріп өзге тілдің кір-қоқысынан арылту туралы сөз бола қалса, ілгері басқан аяғыңды кері тартып, адымыңды аңдып керауыз көсемдігін көлденең тартуын қоймай-ақ келеді. Оны А. Чехов бір жаңалық көрсе, «как бы чего не случилось» деп өз-өзінен үргедектеніп жүретін Беликов қып суреттесе, қайран қазекем мұндайларды «көн қатса қалыбына барады» деген екен. Әсіресе, «термин» дегеннің төңірегінде сөз туа қалғанда олар сол қатып қалған қалыптан шықпайтын көнтерілігіне басады. Оларға ол термин деп отырған сөздің өзімізде пәленбай баламасы бар екенін, бұл жөнінде кезінде атақты профессор Марр әлемнің ең бай тіліне біздің тілімізді түркі тілін жатқызғанын айтып дәлелдеу де мүмкін емес. Оларға ол айтып отырған «термин сөз» деген бәлекеттің толып жатқан баламасы кейін өзіміз де, тіліміз де, салт-дәстүрімізде Ресей езгісінде болған кезде ассимиляцияға ұшырап, ұмыт болғанын, енді азаттық алған заманда соның бәрін жаңғырту керек екенін айтып түсіндіру де мүмкін емес.
Құданың құдіреті, бақилық болып, одан тозаққа түскен кейбір пендеге үш күн өткесін келіп «шығарып алайын ба?»–десе, «қажеті жоқ, үйреніп қалдым» дейді екен. Сол айтқандай, тәуелсіздік алдық деп шуылдағанына 21 жыл болса да қазекемнің кейбір ақсақалдары, әсіресе тіліміздің тазалығы, оны бұрынғы саф күйіне келтіріп өзге тілдің кір-қоқысынан арылту туралы сөз бола қалса, ілгері басқан аяғыңды кері тартып, адымыңды аңдып керауыз көсемдігін көлденең тартуын қоймай-ақ келеді. Оны А. Чехов бір жаңалық көрсе, «как бы чего не случилось» деп өз-өзінен үргедектеніп жүретін Беликов қып суреттесе, қайран қазекем мұндайларды «көн қатса қалыбына барады» деген екен. Әсіресе, «термин» дегеннің төңірегінде сөз туа қалғанда олар сол қатып қалған қалыптан шықпайтын көнтерілігіне басады. Оларға ол термин деп отырған сөздің өзімізде пәленбай баламасы бар екенін, бұл жөнінде кезінде атақты профессор Марр әлемнің ең бай тіліне біздің тілімізді түркі тілін жатқызғанын айтып дәлелдеу де мүмкін емес. Оларға ол айтып отырған «термин сөз» деген бәлекеттің толып жатқан баламасы кейін өзіміз де, тіліміз де, салт-дәстүрімізде Ресей езгісінде болған кезде ассимиляцияға ұшырап, ұмыт болғанын, енді азаттық алған заманда соның бәрін жаңғырту керек екенін айтып түсіндіру де мүмкін емес. Әнебір жолы өзін қарт ұстаз Зекебай Солтанбаев деп таныстырған павлодарлық ақсақалдың «Термин сөздерді аудару қажет пе?» деген пікірін оқып, осы ойымның растығына бұрынғыдан да көзім жете түсті. Бұл кісіге термин сөз деген қайдан шыққан, оны басқа ұлттар өз тілінде айтуға болмайды, тәржімалауға болмайды деген қарар, ұйғарым бар ма, болса оны кім шығарыпты десек не дерін өзі білсін. Бірақ осы Зекең мен ол қуана қолдап отырған Саян Серікұлы деген автордың «бағдарлама», «пайыз», «сынып» деген сөздерден үрейі ұша тұра қашуы тағы да әлгі қалыптың ішіндегі қатқан көнді еске түсіре береді екен. Зекебай қарт қазақтың бұл сөздерінің «программа», «процент», «класс» деген латын, грек сөздерінің шаңына ілесе алмайтын жарамсыз екенін дәлелдемек болып отырып атының басы айдалаға кетіп қалғанын да аңғармай қалады: Ол бұларды әлгі қазақ сөздерімен алмастыру «есекке бұзауды телігендей» дейді. Зекебай қарттың бұл жердегі есегі қайсы, бұзауы қайсы екенін өзі де білмей әйтеуір, ауызға келген сөзді айта салғаны көрініп-ақ тұр. Бірақ бұл ақсақалыңыз «программа», «процент», «класс» деген шетелдік үш сөз бүкіл қазақ, бүкіл түркі тілділерден бастап қытай, жапон, корей, үнді, араб, парсы атаулы бетіне келуге болмайтын киелі үш әулиеден кем емес дейтін сияқты. Бұл өмірінше орыс қалай сөйлесе соны қайталап, орыс не істесе соны істесем озық боламын деп ойлайтын надандық пен құлмінезден пайда болған қорытпа немесе дүбәралық демей-ақ қоялық, бірақ... Бірақ Зекең–Зекебай қарт ұстаз біресе қазақша баламасы «алмастыра ала ма?»–деп, біресе аударуға болмайтын термин сөз деп отырған «программаны» да, «процентті» де, «классты» да 2 миллиардқа жуық қытай өз тілінде, 1,5 миллиардқа жуық үнді өз тілінде, жапон, корей, араб, парсы өз тілінде айтады. Ол аз десеңіз, түркі тілді бауырлас ұлттар Зекеңнің –бұл «терминдерін» не өз тілінде, не араб немесе парсы, көне түркі, шағатай тілінде айта береді. Өйткені, олардың министрлері мен ақсақалдары қазақ министрлері мен Зекең ақсақалдар сияқты баяғы қалыптың ішінде көн болып қатып қалмай, сонау 1991 жылы Ресейден азаттық алысымен өздерінің таза ұлттық нышандарын, тілін, дінін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін, ұлттық рухын, яғни, ұлттық намысын, ұлттық ар-ұятын, ұлттық санасын жаңғыртуға бірден кірісіп кетті. Ал біздің қазекеңнің ақсақалдары «көш жүре түзеледі» дегелі 21 жыл өтті. Колбиннің кезінде «қос тіл білу керек», «қос тілің қос қанатың» деп ұрандатқан мұндай ақсақалдар енді «көп тіл білу керек», «үш тіл білу» керек деген ұранды одан сайын өршітіп жүр. Оларға: Апыр-ау, Сіздер құдайдай табынатын орыс та, ағылшын да, француз да көп тіл білейік, үш тіл білейік дегенді аузына алмайды ғой. Өйткені, біріншіден, жастайынан бірнеше тілде сөйлеген баланың миына ауыртпалық түсетінін, екіншіден ол бала өскесін таза өз ұлтының азаматы болмайтынын, өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі болмайтынын, тіпті, туған ата-анасына да тасбауыр болуы мүмкін екенін сол орыстар, ағылшындар, француздар, жапондар жақсы біледі» деп те мұндай қазақ қарттарына түсіндіру мүмкін емес.
Зекебай қарт өзі термин сөз, аударуға болмайтын керемет сөз деп отырып әлгі үш сөздің біріншісі 2 түрлі, үшіншісі тағы да 9 түрлі мағына беретінін айтып өзіне-өзі қайшы келеді. Егер бір ұлттың тілінде бір сөз 9 түрлі мағынаны білдіретін болса, бұл ол тілдің бай емес, керісінше жұтаң тіл екенін көрсетеді. Мысалы, Зекебай қарт айтып отырған «программаның» 9 түрлі мағынасының қайсысы сөз болып отырғанын түсіну үшін бүкіл мәтінді оқып, әңгіменің қай тақырыпта болып отырғанынан хабардар болуың керек. Қысқаша айтқанда 9 түрлі заттың «программа» деген бір ғана атауы болғаны тіл жұтаңдығының белгісі. Ал Зекең оның сол «программа» сөзінің «бағдарлама» деген баламасынан шошынып «іс-жоспарды бағыт-бағдарға теңестіру түсінбестік емес пе?» дейді. Ау, әр істің бағыты, бағдары болмай ма? Бағыт бағдары болмаса ол іс бола ма? Және Зекең бұл жерде «іс-жоспар» деп нені айтып отыр? Қарап тұрсаңыз, гректен шыққан «программа» сөзінің қазақша жоспар, жоба, бағдар, бағдарлама, мазмұн, іс-барысы, нобай, сипаттама деп аталатын толып жатқан баламалары бар. Және ол баламалар «программа» деген жалғыз ауыз сөзбен емес, әр іске, әр қимылға, әр затқа, әр шараға әртүрлі жағдайға орай өз атауымен өз орнымен қолданылады. Бұл біздің тіліміздің байлығының бірден-бір дәлелі. Ал гректің сол «программасын» орыстар әлгі «жобаның» да, «жоспардың»да, «бағдарламаның» да, «тізімнің»де, алға қойған мақсат-мүдденің орнына да концерт, театр, цирк көрсетілімдерінің орнына да қолдана береді. Бұны «термин» деп, «теңдесі жоқ мағыналы», «аударуға болмайтын сөз» деп ұрпақты адастыру үлкен күнә, әрі кінә!
Зекең «процент» деген латын сөзін «термин» деп өз білместігін байқатып алғанымен қоймай, оның «пайыз» деген баламасын –тыныштық, молшылық деген сөздермен шатыстырады. Бұл кісі бұл жерде сірә, «пайыз» дегенді «байыз тауып», «байыз таппай» деген сөз тіркесімен шатыстырып отырғанын да байқамайтын болуы керек.
Зекең тиісуге, яғни, тәржімалауға болмайды деп есептейтін «класс» сөзі де адамның ақыл-ойын сан-саққа салатын нағыз адастырмалы сөз. Латынның бұл жалғыз ауыз сөзін орыстар мектептегі «сынып», қоғамдағы «тап», «санат» (1-ші санатты дәрігер), заттардың, іс-қимылдың жиынтығы, «үлгілік», «үздік», «озат» сияқты алуан салаға қолдана береді. Бұл да тілдің бай тіл емес, керісінше жұтаң тіл екендігін көрсетеді. Зекең бұл сөзді де әулие тұтқанымен қоймай, «сынып» сөзін мазақ қылғансып: «адамдар құрылымын – өзгерім, бөлік, жікке балау, теңестіру» деп айдалаға бет түзеп кетеді. Арғы тегі араб, парсыдан шыққан «файыз», «синф» сияқты бұл сөздерді өзіміз сияқты түркітілдес өзбек, әзірбайжан, ұйғыр және басқалары «сыныф», «синф», «синыф», «пайыз», «фейз», «файз» деп баяғыдан пайдаланып келеді.
Зекең өзінің бұл «қарт ұстаздық» талдауларын «Терминдер барлық елге бірдей, ортақ. Олар аударылмайды. Осыны ескеру керек» деген ақсақалдық тұжырыммен» түйіндейді. Әттең, Зекеңнің «ақсақалдығын» оқып болғанда араб, парсы, түрік, татар, өзбек, орыс тілдеріне жетік, өзі дүниеге келгеннен бастап есейіп, ержеткенге шейінгі әр жылғы мінез-құлқының, өмірге көзқарасының өзгерістерін керемет дәл суреттей отырып, «келгенде 13 жасқа түркі білдім, түркіні тәмам тілдің көркі білдім» деген ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің
Білімсіз бидің ақылы
Тұзсыз тағам секілді,
Фәтуа жоқ сөзінде
Құнсыз надан секілді
Судыраған сабағы,
Дәнсіз сабан секілді
деген жолдары есіңе түсе кетеді екен. Қайталап айтамыз, Зекең айтқандай ешқандай да «Барлық елге бірдей, ортақ» термин сөз деген сөз жоқ. Тек ағылшын, неміс және французға, славян тілдес ұлттарға ортақ, олар сәл өзгертіп айтатын сөздер ғана бар. Және Ресейдің езгісінде 300 жыл болған қазақ сияқты тілі де, өнері де, салт-дәстүрі де отарланып, ассимиляцияға ұшыраған кейбір халықтар мен олардың кейбір ақсақал, қарасақал ғалымдары, биліктегілері ғана соны ортақ тіліміз деп есептейді. Бірақ олар бүкіл дүниежүзіне ортақ сөздер емес. Оларды қытай, жапон, үнді, корей, араб, парсы, түрік қысқасы әлемнің жартысынан көбі өз тілінде айтады.
Ойдан–ой, сөзден–сөз туады. Қаазақстанда жыл сайын 31-желтоқсанның сақылдаған сары аязды түн ортасында әлі күнге Жаңа Жыл тойланады. Және Қазақстан телеарналарын тыңдап, баспасөзін оқып отырсаң, бұл дүниежүзі тойлайтын Жаңа жыл деген қып-қызыл өтірік жыл сайын қайталанып айтылып жатады. Қып-қызыл өтірік дейтін себебіміз, бұл күнді не 1,5 миллиардтан астам қытай, не соған жуық Үндістан, не Пәкістан, не корейлер, не жапондар, не арабтар, не парсылар және басқалары, тіпті мына тұрған Өзбекстан мен Түркіменстан тойламайды. Тек қазекемдер ғана түн ортасында атасы мен әжесі, баласы мен келіні «Новый год», «Жаңа Жыл» (кейбіреулері жаңа деуге тілі келмей «жана» дейді) деп қылқетерлерін (рюмкаларын) соғыстырып шуылдасып жатады. Қазір қазекемнің тең жартысы орысша сөйлесе, ендігі жартысы ағылшынша сөйлеп, «үш тұғырлы ұлтқа» айналып барады. Олардың сөздерінің тең жартысы орысша, қала берді ағылшынша, яғни, қазақ өз ана тілінің сөздерін өте аз қолданатын болып барады. Оған енді Зекебай Солтанбаев сияқты қарт ұстаздар мен «әкімдік», «жанұя», «қолжетімді» деген тегі жоқ сөздерді ойлап тапқыш жолдан қосылған «ғалымдар» қосылып тиісуге болмайтын термин сөздер дегенді ойлап тапты. Сонда жартылай орысша, жартылай ағылшынша, жартылай термин сөзбен сөйлейтін бұл қазаққа өз ана тілінен не қалады? Неше сөз ғана қалады. Қайталап айтамыз, бүйтіп
Ананы да, мынаны да термин сөз деп оған тиісуге, оны өз тіліңде бар сөзбен айтуға болмайды десек, өз тіліміздің түбіне өзіміз жетеміз. «Термин» деген сөздің анықтамасы мынау-ақ: Ол әлдеқашан жоғалып кеткен латын тілінде шек, шекара, жеткен жері, ең ақыры дегенді ғана білдіреді. Ал көне римдік аңыз-әңгімелерде термин дегеніміз шекаралық бағандарды, шекаралық тастарды күзетуші, сақтаушы құдай. Біз термин деп атап жүрген «техника» деген сөздің өзі де бар болғаны гректің өнер, шеберлік деген сөзі ғана.
Біз – Ресейден азаттық алған қазақ халқының көзі ашық бүгінгі азаматтары өзіміздің тіліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, түп-тарихымыз жағынан Еуропаға да, Америкаға да, яғни, Батысқа емес Шығысқа, Шығыс елдеріне жақын екенімізді әрдайым ескеруіміз керек. Қазақтың бүгінгі кейбір шонжарлары мен солардың жандайшаптары еуропашыл болғанымен қоймай, енді қазақтар еуразиялық ұлт деген өтірікті ойлап тауып, соны қазақтың жас ұрпағының миына құйып, сіңіруге кірісті. Бұл өтірік қазір кейбір оқулықтарға да сыналап, білдірмей енгізіліп жіберіпті. Бұл – қазақ ұлтын бүкіл арғы тегінен, Алла жаратқан ұлттық болмысынан айыру үшін кейбіреулер жасап отырған ауыр қылмыс. Бұл –ұрпаққа обал. Айтпақшы, егер осы күнгі терминқұмарларға термин сөз керек болса, ең таза, ең шын термин–осы обал» деген сөз. Өйткені, «обал» деп аталатын бұл қасиетті де киелі сөз ешбір ағылшын, ешбір латын, ешбір грек, ешбір орыс тілінің сөздік қорында жоқ. Бұл қасиетті ұғым тек мұсылман халықтарында ғана бар. Ал христиандарда оған тиіспе, оны өлтірме, оны алдама обал болады деген ұғым жоқ. Олар ең әрі кеткенде «грех» дейді. Ол «күнә» дегенді ғана білдіреді, ал «обал» дегенді түсіндіруге «грех» сөзі қабілетсіз! Міне, шын термин осы «обал» сөзі сияқты аударуға келмейтін сөз болуы керек. Иә, еуропашыл шонжарлар әлгіндей, қанша өтірік ойлап шығарса да біз қазақтар түбіміз түркі, түркі-моңғол, бір сөзбен жағрафиялық жағынан азиаттар екенімізді ашық айтуымыз керек. Егер ата-тегіміз скиф, яғни, сақ екенін айтып жүргеніміз рас болса, онда А. Блоктың «Да, скифы мы, да, азиаты мы, с раскосыми жадными очами» деген жолдарының кейіпкері біздің арғы ата-бабамыз екенін мақтан тұтуымыз керек. Иә, біз шығыстық ұлтпыз. Біздің тілімізге шығыстың араб, парсы, түрік, моңғол тілдері ортақ және оларды өз сөзімізге бейімдеп айту әрі үндес, әрі оңайлау. Ал біз қазір осы өзімізге жақынды жақын тұтудың орнына жатсақ тұрсақ бержағы Ресейдің, аржағы бүкіл Батыс Еуропа мен Американың етегіне жармасып, не істесек те соларға қарап жәутеңдеп, солар қалай сөйлесе жалмажан соны қағып алып қайталап өзімізді-өзіміз солардың алдында кіріптарлыққа салуды әдетке айналдырдық.
Біз термин сөз деп жүрген бірнеше сөзге ғана мысал келтірейікші. Мысалы, біз қазір биологияны баяғыда бабаларымыз –әхия дегені туралы толып жатқан дерек бар. Араб, парсы тілділер әлі де солай дейді. Біз ұлттық намысымызды, тілдік намысымызды жоғалтып алғандықтан күнделікті аузымыз үйреніп кеткен ванная–ғұсылхана, веранда–айбан, область, штат-уәлаят, инспекция–нәзәрат, шанс–мұрсат, пұрсат, функция–уәзипа, уәзифат, аристократ–асылзада, элегия–мәрзия, администрация–әкимият дейікші десең Зекебай ақсақал сияқты терминқұмарлар тағы да баж ете қалуы мүмкін. Біз қазір орыстарға еліктеп «казначей» дейтін болдық. Ол өзіміздің қазынашы деген сөзіміз екенін де ойлаудан қалдық. Студент–тәліб, тәлиб. Қазақта осындай адам есімі бар. Поэзия–назым. Бұл да қыз баланың есімі. Терминқұмарлар «тракторды» да термин дейді. Апыр-ау, бүйте берсек, біздің тілімізге не қалады? Дым қалмайды ғой! Ал түптеп келгенде біз бүгінде арабтікі, парсынікі деп жүрген сөздердің көпшілігі оларға бізден– түркілерден барған сөздер. Ал «портретіңіз»–бар болғаны сурет қана. Біздің аккумулятор деп жүргеніміздің таза қазақша атауы –мырғам. Қазір фарсылар мен арабтар аккумуляторды осылай атайды. Ендеше, бірнәрсені молынан жинақтап пайдаланып жатқан сәтті қазақ «о-ой, мырғамдап жатыр екен» дейтінін есіңізге алып көріңізші. Олай болса, мен «аккумуляторды» өз тілімде «мырғам» деп неге атамаймын? Өйткені, біз жүздеген, ондаған жылдар бойы құлағымыз бен миымызға отарлаушы елден келген сөздерді ғана сіңіріп үйреніп кеткенбіз. Сондықтан, өз сөзіміз өзімізге ерсі, тұрпайы болып естіледі. Мұны «құлағы үйренбеген» дейді. Оны айтасыз-ау «туризм», «турист» деп күніге заржақ баладай қақсап жүріп, оның бар болғаны «саяхат», «сапар», «саяхатшы», «сапаршы», «жиһангер» екеніне де көңіл бөлуден қалдық. Терминқұмарлар оны да «термин» сөз дейді. Профессор Марр айтқан ең бай, көркем, араб, парсы, түркіге ортақ тіліміздің бұлайша ұмыт болуы бір кездері Батыс Еуропаның ислам елдеріне қарсы «крест жорықшыларынан» бастап бүгінгі отаршылдары араб елдерін, ал патшалық Ресей мен Кеңестік Ресей қазақ, өзбек, түркімен, татар, әзірбайжан, башқұрт және басқа да түркі халықтарын бөлшек-бөлшек қып бір-бірінен алыстатып, езгіде ұстауының кесірінен болғанын ескеретін кез жетті, енді! Қайталап айтамыз, бұл «терминсымақтарды» жер шары халқының жартысынан астамын құрайтын қытай, үнді, жапон, корей, араб, парсы, түркі жұрты (қазақтан басқа!) өз тілінде айтады. Оның бәрін термин деп ұлтымызды, ұрпағымызды адастырмайықшы!
Abai.kz