Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 20231 0 пікір 20 Қыркүйек, 2013 сағат 07:54

Нұртуған Айтсапин. Қабанбай батыр Есіл-Нұра бойында туған

Қазақ халқының Ұлы Тұлғалары туралы аса құнды, тарихи маңызы жоғары ғылыми еңбектер, жарық көріп жатыр. Алайда, осы іске жазушы, шежірешілердің орынды- орынсыз араласуы, кей жағдайда бұрысқа бастап барады. Бұған Қаракерей Қабанбай батырдың қайда туып, қайда жерленгені, өмір сүрген кезеңі, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы «Жас Алаш» газетінде жарияланған жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қос мақаласы, Қамал Әбдірахманның жауабы, осы пікір таласқа қосылған Болат Нәсенов деген кісінің мақалалары дәлел.  Сөйтіп, газет оқушылары әбден шатысты. Біз нақты тарихпен үн қосып едік, «Жас Алаш» баспады. Сіздер Сәлімбай Қыржы деген кісінің пікірін басыпсыздар (http://old.abai.kz/content/selimbai-kyrzhy-kabanbai-batyr-kai-zherde-tugan ). Осы себеппен мақаланы Сіздерге салып отырмын. Ескерте кетейін, мен найман емеспін.

 

Қазақ халқының Ұлы Тұлғалары туралы аса құнды, тарихи маңызы жоғары ғылыми еңбектер, жарық көріп жатыр. Алайда, осы іске жазушы, шежірешілердің орынды- орынсыз араласуы, кей жағдайда бұрысқа бастап барады. Бұған Қаракерей Қабанбай батырдың қайда туып, қайда жерленгені, өмір сүрген кезеңі, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы «Жас Алаш» газетінде жарияланған жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қос мақаласы, Қамал Әбдірахманның жауабы, осы пікір таласқа қосылған Болат Нәсенов деген кісінің мақалалары дәлел.  Сөйтіп, газет оқушылары әбден шатысты. Біз нақты тарихпен үн қосып едік, «Жас Алаш» баспады. Сіздер Сәлімбай Қыржы деген кісінің пікірін басыпсыздар (http://old.abai.kz/content/selimbai-kyrzhy-kabanbai-batyr-kai-zherde-tugan ). Осы себеппен мақаланы Сіздерге салып отырмын. Ескерте кетейін, мен найман емеспін.

 

            Жазушы Қабдеш Жұмаділов «1758 жылы Қабанбай батыр Үрімжіге ат саудалап барды» деп, әр сөзінде осы «сауданы» Батырдың Тарбағатай маңында өлгеніне дәлел етіп, үнемі қайталап отырады. «Дарабоз» романында бұл оқиға, тіпті, үлкен жеке тарау. Мүтілім тарихшылар мойындайтын Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев, Н. Мыңжан сықылды ғұламаларымыздың «Қазақ рулары 1810 жылдан бастап қана Аякөздің сол қанатына өте бастады» деген нақтылы құжаттарға құрылған дәлелдерін Жұмаділов оқымаған, сондықтан оларды кәперіне алмайды. Қабанбай батыр өлгенде найман-қаракерей-байжігіттер  Тарбағатайға қоныстанып үлгермегенін тарихшылар 150 жылдан бұрын таңбалап кетсе де, олармен санаспақ түгілі, тарихшыларға жоқ жерден дау айтады. «Наймандар Тарбағатайда емес, Арқада отырса итарқасы қиянға Үрімжіге Қабанбай батыр саудамен келе ме?» деп таласпақ. Апыр- ай, «Қазақтың Бас Батырының, Хан Батырының  саудамен шаруасы қанша?» деп бір мезгіл ойланбайды. Олай болса, Сәлімбай Қыржы көрсетпей кеткен мына құжатқа қарайық. «Біз Чиаң Лоңның 22 жылы (1757 жыл- автор) 7 айдың 22 күні Аякөзде кездескенімізде Абылай да, Әбілпейіз де, Қабанбай да сауда қатынасын орнатуға аса ынталы екендіктерін білдірген... Бас батыр Қабанбайдың баласы Едіге мен інісі Туматай 57 қазақты бастап, 9 айдың 17 күні Үрімжіге келді. Олар 380 неше жылқы әкелді... Атты жанындай жақсы көретін халық ат бағасының айтарлық көтеріңкі болуын талап етті. Біз олармен үш күн бойы келіссөз жүргізіп, олардың өздеріне қажет жүк артатын, мініс, сойыс аттарын шығарып тастап, жарау аттарынан 166 бас, майда жылқыдан 50 бас, барлығы 216 ат сатып алдық... Осылайша айырбас саудамыз көңілдегідей орындалып, 9 айдың 18 күні қазақтар елдеріне қайтты... Біз Едіге мен Туматайдан мынаны ұқтық: осының алдында қазақ саудагерлері екі рет жолға шығып, Үрімжінің жолын таба алмай қайтып кетіпті... Едіге бізге өздерінің 30 күн суыт жүріп келгендерін айтты. Ал Едігелер шығарда біздің қазақтағы елшіміз Науан Абылай, Қабанбай, Әбілпейіздермен жеке-жеке тілдесіп, көмек көрсетіпті.»

            Бұл мәлімет 1991 жылы Пекинде басылған «Мәншиң хандығы кезіндегі батыс-солтүстік ұлттарының сауда тарихы» деген қытай тіліндегі кітаптың «Үрімжі-қазақ саудасы» деген тармағындағы 137 бетінен алынды (көшірмесін тіркедік). Осы деректерден мына жағдайлар анық көрінеді.

1. Қабдеш Жұмаділовтың «Қабанбай батыр 1757 жылы Үрімжіге ат саудалап барды» дегені де, «Дарабоз» романындағы осы оқиғаның суреттелуі де жазушының қиялы.

2. Көкшеде отырған Абылайхан 1758 жылы Арқадан Аякөзге 1500 шақырым жол жүріп,  кездесуге келген. «  Ит арқасы қиянның» өзінен.

3. 1757 жылы Аякөз- қытай мен қазақтың шекарасы.

4. Шоқан Уәлихановтың, М. Тынышбаев, Н. Мыңжандардың Аякөз нақ осы тұстарда қазақ- қытай шекарасы екенін өз тұсында жазуы тарихи шындық. Қазақтар өзеннің сол жағалауындағы, кезінде қалмақ басып алған, қазақ жеріне  әлі өтпеген.

5. Жұмаділовтың 1748 жылдары Қабанбай батыр бастаған наймандар  Аякөзден өтіп, Тарбағатайға қоныстанды деуі қисынсыз.

6. Едіге 30 күн суыт жүріпті. Жылқы күніне 70- 90 шақырым жол басады. Демек, алғашқы қазақ саудагерлері ең кемі 1500- 1700 шақырым жол жүрген. Жолда әр жеті сайын демалып отырған. Сонда бұл ара қашықтық Абылай қонысына көршілес. Байжігіттердің сол тұстағы Ата мекені-  Арқа, Қабанбай батыр Арқада туған, өлер шағында осында отыр. Едіге мен Туматай Қабанбай батырдың сол кездегі мекені Арқадан шыққан.

Газет оқушысының көзі әбден жетуі үшін мына дерекке де сөз берейік: «Міне, 9 айдың 7 күні генерал Шебденжабтың мәлімдемесі келді, онда «Қабанбай өз ұлы Едіге мен інісі Төметайға (Туматай) 50-ден астам адамын бастатқызып, (біз жіберген) елшімен бірге...Үрімжінің қаншалықты алыс екендігін және сондағы саудагерлердің саны қаншы екенін білу үшін келе жатыр. Олар өздерімен бірге 500- дей жылқы айдап келеді.» Дерек тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженқанның «Қабанбай батырға қатысты жаңадан табылған 8 Мәнжу құжаты» деген кітаптың 29 бетінен алынды. Бұл қытайлардың өзара хат алысуы болса, қазақтарға жазған қаттарында қытай былай дейді: «Алдыңғы жолы Сіздердің Қабанбайларыңыз ұлы Едіге мен інісі Төметайды Үрімжіге жіберіп, сауда жасатып қайтқаннан кейін ( біздің цзянцзюяніміз) тағы бір рет патшаға мәлімдеме жазып, сауда базарын ашу ісін қайта бекіткізді (41 бет)». Көрдіңіздер, Жұмадылов Қабанбай батыр Үрімжіге барды деп лағы айтады.

Қабанбай батырдың Үрімжіге ат саудалап барғаны Үрімжіде 1988 жылы шыққан «Қаракерей Қабанбай батыр» деген кітапта қате айтылып кеткен екен. Мұны екі автордың бірі Зейнолла Сәнік мойындап, өзі жариялап жүр. Жазушы Жұмадылов осы кітаптан «үндемей алған» деректемесінің жалған екенін білмеген.

Қаракерей Қабанбай батыр туралы сөйлемес бұрын тарихи құжаттарға жүгінген жөн. Жазушы Қабдеш Жұмаділов бір күн архивте отырмаған, кәсіби тарихшылардың еңбектерімен таныс емес. Өзі сөз етіп отырған найман- қаракерейлердің, оның ішінде Байжігіттердің 17- 19 ғасырдағы мекендерінен мүлде хабарсыз. 17 ғасырдың орта шенінен, 19 ғасырдың ортасына дейін, жазушы айта беретін Тарбағатай, Алтай өңірлерін қалмақтардың қазақтардан уақытша тартып алғаны мектеп оқулықтарына дейін жазылып жүр. Ең құрығанда осыны білгені жөн еді- ау. Қабанбай батыр тұрсын оның арғы аталары да бұл жақта тумаған. Жалпы 17 ғасырға дейін шығыстың негізгі бөлігін найманның үлкен тобы- Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалылар, найманның құрамында болып, кейін бөлінген  арғындардың біршамасы мен керейлердің бір бөлігі мекендегенін Нығмет Мыңжан әуелде жазып кеткен. Ал төрт Төлегетай ол тұста Сырдан Арқаға қоныс аударып кеткен. Басқа ғалымдардан бөліп алып, Мыңжанға жеке тоқталуымыздың себебі бар. Қытайда туып өскен Қабдеш орыс пен қазақ ғалымдарын оқымай- ақ қойсын, бірақ қытайдағы қазақ ғалымдарының атасы Нығмет ағасын оқымағаны таң қалдырады.

Күшіліктің наймандарының алды Таулы Бадақшанға жетіп, Өкіреш наймандар бүгінгі Самарқан, Хорезмді мекендегені әу бастан белгілі. Өкірештен тарайтын Төлегетайдың төрт ұлының алды Аякөздің оң жағалауыннан 18 ғасырдың орта шенінде алғаш рет көрінеді. Мұның алдында Өкіреш Шал ұрпағы Сыр бойын, Арқаны, Омбы етегін мекендеген. Мұны да білмейтін,  Қабдеш Жұмаділов жазушылығымен доғарылып, тарихқа онша- мұнша араласа бермегені жөн сияқты.

Әнеу күні жазушы Қубас ат туралы сөйлеп қалыпты. Бұл «Дарабоз» романында да суреттелетін, жазушының сөз, қияли шеберлігін аса дәріптейтін үлкен тарау. Қу бас атты Қабанбай батырға Боранбай би Ұланбай- Бұланбайлардан (аталарын ұрпақтары осылай қосарлап атайды- автор) алғызады деп жазады жазушы. Осы шын ба? Боранбай биден бес ұл, үлкені- Қойгелді. Қойгелдінің бес ұлының екіншісі- Жанан. Жанан да бес ұл. Олардың үлкені- Ұлан, онан кейінгісі- Бұлан.  Кейін аса байып, екеуін де бай атапты. Сонда Ұлан мен Бұлан Боранбай бидің шөберелері. Бидің өзі де Қабанбай батырға іні тектес, оншақты жас кішілігі бар. Сонда Ұлан мен Бұлан Қабанбай батырдан бері десек 80 жас, ары десек 100 жас кіші, Қабанбай батыр бақилық болған соң туады. Онда қалай Ұлан мен Бұлан Батырға ат сыйлайды? Жұмаділов әдетіндегідей  болмағанды болды деп жазған.

Қабдеш, жазушы бір інісінің өзінен ұрлап жүргенін жазыпты. Онысы рас. Екі романдағы оқиға ұқсас, бірақ екеуі де қып- қызыл өтірік. Жұмаділов бұл уақиғаны ту баста шатыстырып жазған. Құдайәлінің (жазушы Әлі атайды, азанды атын да атай алмайды) бәйбішесі - Қарқара, тоқалы - Мүней ғой. Батырдың екі келінін ажырата алмаған Жұмаділов осы уақиғаға да үлкен тарау арнап, әбден былықтырады. Тоқал Мүнейді бәйбіше деп, тоқалдың үстіне бәйбіше Қарқараны келін етіп түсіреді. Сөзара айта кетсе түк емес қой. Осы жалғандығы жеке, ұзақ тарауды түгел жарамсыз етеді. Олай десек өтірікке өтірік қосқан інісін жазғырмаса да болар еді. Романда осындай үш бірдей тараудың, романның қазығы, негізгі идеясы - наймандардың 1748 жылы түп көтеріліп, шығысқа орналасуы тап- тұйнақ жалған жазылса, ол романның шындығын да шамалаған шығарсыз. Осынша өтірік неге керек болды? Атаны мақтау үшін бе? Дарабоз мадақтауға зәру емес. Ендеше Қабдеш жазушы Қаракерей Қабанбай арқылы өзі де зораймақ қой. Бірақ аяғы мынадай ұятқа соғып жатыр.

Қабдеш Жұмаділов қанша дауласа да Қабанбай батырдың Тарбағатай маңында өлгеніне бір де бір тарихи дерек келтіре алмайды, бір де бір тарихшыға сілтеме жасамайды. Себебі, ондай дерек, ондай тарих жоқ. Жоқты қайдан алсын. Ал тарихи тұлға туралы - тарих сөйлеуі тиіс. Қабанбай батыр аңыз кейіпкері емес, беделіңді ортаға салғаннан дым шықпайды. Беталбаты, менікі жөн деп сөйлей беру  ғылыми дәйекке қарсы қару болмайды. Қабанбай батыр Шығыста өлмеген, Қабдеш жазушы  қанша талассын, таласпасын, өлген жері, моласы Арқада, Есіл- Нұра өзендерінің ортасында.

Қабдеш Жұмаділовтың қатасына Болат Нәсенов үлес қосыпты. Болат Нәсенов кәсіби таришы емес. Есепші. Соңғы оншақты жылдары орыстардан біраз мұра әкелгені рас. Бірақ көшіріп әкелу тарихшы деген мамандықпен қосылмайды. Доктор болу үшін кәсіби тарихшылар бүкіл өмірін арнайды. Бес жыл оқиды, екі жыл аспирантурасы бар, кандидаттығына дайындығы, қорғауы ең кемі бес жыл алады. Сонда он екі жылда жетсе кандидат болады. Ал докторлыққа тағы да 10-15 жыл керек. Нәсеновке атақ берілген, берілмегенін, берсе кім, неге бергенін білмеймін. Он жылда бастауыш тарихшы білімі жоқ адамға не қылған докторлық?

Осы тарихшы мақаласын жазу себебін жасырмай айтыпты. Арқаға арғыннан өзге руды жолатқысы жоқ. «Арқа - арғын жері» деп соңғы мың жылдықтың «жаңалығын ашыпты». Бірақ Арқаға арғын, найман, керей, меркіт, уақ, адай, шеркес, табын, тама, рулары Шыңғыс жорығымен бірге құлап, кейінірек алшын, жағалбайлы рулары алма-кезек отырғаны кез- келген білімді тарихшыға анық. Бүкіл ноғайлы осы жақтан көтерілгені де шындық. Анығында, Арқа ол заманға дейін қыпшақ даласы атанып, қыпшақтардың шығысы Тарбағатай, Алтайды мекендеген наймандармен көрші- олаңды. Арғын ол заманда тарихқа енбеген. Қай рудың құрамында жүргені әлі таласты, нақтылы анықтала қойған жоқ. Шәкәрім Құдайбердиевтің дәлелі белгілі. Ол кісі Шыңғысхан тұсында арғындардың еш ауызға алынбауын, арғындардың найман ішінде болуымен түсіндіреді. Арғынды найманнан таратады.

Арғындардың Арқаға түпкілікті қоныс тебуі 18 ғасырмен аяқталады. Бөгенбай батырдың Қаратаудың етегінде, Бұқар жыраудың Бұқарада тууы арғындардың ,тіпті, 18 ғасырға дейін шашырап жүргенінің, әлі тұтастай жиналмағанының куәсі емес пе. Арғын- тобықтылар қалмақ шапқынының алдында 1723 жылы Сыр өңірі- Шиеліде отырды емес не? Болат Нәсеновтің қаракесектері  Кіші Жүзбен шектесетін. Кіші Жүздегі қаракесектер сонда қалып қойғандар. Осыны білмеген не қылған доктор екенін ұғу қиын.

Таң қалғанымыз, Нәсенов 1830 жылғы орыстар ең алғаш жасаған Арқадағы рулар тізімін «таппай, көрмей» кетеді. Себебін қазір түсінесіздер.  Сөйтеді де 1831 жылғы кейінгі  тізімді алдыға тартады. Бірақ Нәсенов атаған бұл рулар Ақмоладан ары қарай, айнала отырғандар. Ақмоланың өз табанында 1830 жылы орыстар келгенде кім отырғаны мына тізімде жүр:

  « Ведомость о казаках Среднего Жуза  вступивших в подданство Росии, по донесениям отрядных начальников:

1.Подпись Шубина Ф. И.                                             число кибиток

Алтай-карпыковских волостей                                             7085

Сверх того султаны Губайдулла Валиханов, Кунур- Кульджа Худаймендин и Саржан Касымов со всей фамилией.

            2. Подпись Костюрина

            Найман Кара- киреевских волостей                                               8151

                                                                                                                      7146

            Оных же волостей разных родов                                        1910

            Найман матаевских волостей                                                             300

Сверх того султаны Сарт Ючин, Салтабай Бопин и многие другие.»

            Осы тізімнен бөлек найман-төртуылдардың 3400 шаңырағы тіркелген. Сонда 1830 жылы Ақмолада 20607 шаңырақ найман, оның ішінде 15297 шаңырақ қаракерей отыр. Бұл деген 100 мыңнан астам найман, 75- 80 мың қаракерей қой, сол тұстағы найман- қаракерейлердің ең азы 70- 80 пайызы. Нәсеновтің осынша жұртты, 1830 жылғы санақты тұтастай айтпай кеткені ол кісінің Арқада арғындардан өзгені жүргізгісі келмейтінінің айғағы. Елді 1831 жылғы тізіммен алдамақшы. Алайда шын тарих мұндай фальсификациға еш көнбейді. Бұл Нәсеновтің 17- 19 ғасырдағы қазақ руларының қонысынан хабары жоқтығының, тарихи бастауыш білім алмағанының нақты айғағы. Тиянақты, жоғары, кәсіби білімсіз тарихқа бойлай алмайсың.

             Нәсенов, апай жоқ- топай жоқ, Қабанбай батырды 1764 жылы өлді деп шолақ кесіпті. Онда Батыр 72 жасында өлген болып шығады ғой. Бірақ барлық дастанда Қабанбай батыр өз аузымен «Мен келдім жетпіс сегізге» дейді. Қабанбай батырдың өзіне сенеміз бе, әлде Нәсеновке сенеміз бе? Тіпті, Нәсенов бір айламен сөзін сөйлеген Жұмадылов әлдеқашан «Батыр 1770 жылы өлген» деп тіреп қойған. Осы тұсты екеуі келісіп алмаса керек. Қабанбай батырдың 1769- 1770 жылғы қазақ- қырғыз қақтығыстарының бас қаһарманы екені тарихи шындық, осы жылы ат үстінде, 78 жасында жекпе- жекке шығып жүр. Ендеше батыр қалай ол соғыстан 5- 6 жыл бұрын өліп, сол соғыста қол бастап жүреді? Нәсенов 18 ғасырдағы қазақ- қырғыз қатынастарынан жұрдай. Мақаласындағы өзге уақиғалар талдау көтермейді. Жалаң сөз, тарихтан хабары жоқ адамның шимайы.

 Қабанбай батырдың Шығыста өлгеніне, сол тұста найман- қаракерей- байжігіттердің шығысқа қоныстанғанына бір де бір нақтылы тарихи айғағы жоқ екі адамның- Жұмадылов пен Нәсеновтің сонша даурыққаны таң етеді. Қабанбай батырмен бірге қосарланып көрініп, насихаттанып қалу үшін сонша дау көтеру не қажет? Жұмадыловтың мақаласы мәдениетсіз, көргенсіз жазылып, төбелес тілеп тұр. Білімді адам алдымен өз басындағы мінін көрмей ме? Қатесін тап басып, түзетпекшілердің бәріне шапшып сөйлейтіні несі екен? Түк абырой беріп тұрған жоқ. Ал Нәсеновке айтарымыз- тарихшы болу үшін ең алдымен кәсіби тарихшының басты принцптерін игеру керек. «Деректану» дегеннің қаншалықты маңызды екенін үйренуі тиіс. Көшірмешілік- тарихшы деген мамандыққа он қайнаса сорпасы қосылмайды. Екі даукеске айтарымыз- Қаракерей Қабанбай батыр туралы тарихтан хабарларыңыз жоқ екен,  бұл тарихтан аулақ жүргендеріңіз тура.

 

Нұртуған Айтсапин,

профессор

Алматы.

(Мақала Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалды)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303