Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4712 0 пікір 23 Қыркүйек, 2013 сағат 10:40

«Жас Азамат» газетінің үшінші саны

3 - сан

1918 жылғы 18 август

Петропавл қ.

ҚАЗАҚ ЖЕРІ

 

Қазақтардың қандай еңбек сіңіріп иеленген жерлері үшінші өзгерістің дәуіріне кірді.

Бірінші, монархия (патша) дәуірі. Ол дәуірде қазақтың жері, суы, ағашы мемлекеттікі деген қалың түпті закон кітабында зорлық соқпағымен жүретін шолақ статья болды. Сол статьяға арқа таянған переселен төрелері, Николай нөкерлері қазақ жерін қақпайға салып, ойына келгенін істеді. Ең аяғы, бұрғышылар мен жер өлшегендер де, ақ үй тікпеген, бағылан тоқты соймаған, тақсырлап тұрмаған ауылдың күлін көкке ұшырып, жерінен кең алып жүрді.

Талай ауылдардың шілденің қызу күндерінде жайлаудан «төрелердің» бұйрығымен еріксіз көшіп, төрт түлік малды азынатып, шөлде сандалып жүргендері көбімізге мәлім. Жайлы қоныстан айырылса, қазақ шаруасына кемшілік келеді деген адамшылық сөздер переселен төрелерінде болмағандығы тағы мәлім.

Монархия дәуірінде үкіметтің қазақ жеріне ерте тісі тиді. Алдымен, үкімет табақты казак-орыстарға тартты. Бұларға егінге қолайлы маңдай жерден 9 жарым миллион десятина қиып берді. Ондағы үкіметтің табақ тартудағы мақсаты - саяси құқы бар орындарға казак-орыстарды орнықтырып, қазаққа күзетші қою еді.

3 - сан

1918 жылғы 18 август

Петропавл қ.

ҚАЗАҚ ЖЕРІ

 

Қазақтардың қандай еңбек сіңіріп иеленген жерлері үшінші өзгерістің дәуіріне кірді.

Бірінші, монархия (патша) дәуірі. Ол дәуірде қазақтың жері, суы, ағашы мемлекеттікі деген қалың түпті закон кітабында зорлық соқпағымен жүретін шолақ статья болды. Сол статьяға арқа таянған переселен төрелері, Николай нөкерлері қазақ жерін қақпайға салып, ойына келгенін істеді. Ең аяғы, бұрғышылар мен жер өлшегендер де, ақ үй тікпеген, бағылан тоқты соймаған, тақсырлап тұрмаған ауылдың күлін көкке ұшырып, жерінен кең алып жүрді.

Талай ауылдардың шілденің қызу күндерінде жайлаудан «төрелердің» бұйрығымен еріксіз көшіп, төрт түлік малды азынатып, шөлде сандалып жүргендері көбімізге мәлім. Жайлы қоныстан айырылса, қазақ шаруасына кемшілік келеді деген адамшылық сөздер переселен төрелерінде болмағандығы тағы мәлім.

Монархия дәуірінде үкіметтің қазақ жеріне ерте тісі тиді. Алдымен, үкімет табақты казак-орыстарға тартты. Бұларға егінге қолайлы маңдай жерден 9 жарым миллион десятина қиып берді. Ондағы үкіметтің табақ тартудағы мақсаты - саяси құқы бар орындарға казак-орыстарды орнықтырып, қазаққа күзетші қою еді.

     Казак-орыстан қалған қазақтың шимайлы жерлері переселендердің алдына тартылды. Переселенді қазақ жеріне төгудегі үкіметтің мақсаты - помещиктердің жерлеріне қол созған мұжықтардан құтылу һәм қазақ ұлтына орыстық рухын сіңдіру еді.

     Екінші, большевик дәуірі: бұл дәуірде қазақ жері іс жүзінде тілгіленіп, талауға түскен жоқ, бірақ, большевиктердің қазақ жері туралы жасаған пландары болды. Қазақ жерін коллективтендіру керек. Сонда бізге жолдас болады, араларына Россиядан келген қашақтарды кіргізіп, шама келгенше қазақты бірыңғай шөлге қуу керек. Бір қазақта жиырма мың жылқы бар, соны қашақтарға бөліп, жерін алып беру керек, деген.

     Әр жерлерде ортақшылдар шығып, қазақтан жер иелігін алғандар болды. Құдай сақтады, енді біраз тұрса, большевиктер қазақ жеріне кілең кесірлерін тигізетін еді.

     Үшінші дәуірдің өзгерісіне қазақ жері жаңа кірді. Қайырлы Алаш автономиясы болса, жер мәселесі оңай шешілмек, онда қазақ ешкімге ұпай жібермейді. Шапқыншылықпен, яки басқа бір себептермен Алаш автономиясы болмай қалса, қазақ жеріне еншілестердің көбейетіндігіне шек жоқ.

     Кадеттердің, социалист сымақтардың беттерін жыртып, Алаш автономиясына қарсы болып жатқандықтары - Алашты қимағандықтан емес, әркімге жоқ Алаш жерін қимағандықтан.

     Сібір жеріне ішкі Россиядан келген қашақтар қалай орнамақшы? Бұл әлі шешілмеген мәселе. Мұндағы жергілікті крестьяндар қашақтарға тулақтай жер бермейміз, деп кесіп отыр. Крестьяндар қарсыласса, бермеске шамасы келеді. «Әуеден шоқпар түссе, сорлыға тиеді», - дегендей, айнала сорлайтын қамсыз біздің қазақ болады-дағы.

     Германия әскерінің бастығы Гиденбург жарлық шығарған, он бес миллион немісті Россиядан алған шет облыстарға орнықтыру керек деп. Ол облыстардың бұрынғы иелері қашақ болып, Сібір аймағында жүр. Осы жақтан жер алу үмітінде.

     Адам баласының тіршілігі жерге байлаулы, жерсіз - ел болу жоқ. Жерсіз ел - көлеңкемен бір есеп.

     «Жыламаған балаға емшек бермейді.» Қайткен күнде, сыбағалы жерден құр қалынбайды, соның тезірек қамына кірісу керек. «Алма піс, аузыма түстің» заманы өтті.

  

Ішкі хабарлар: өлген тірілмекші

Қазақ жерінің бір кезде әзәзілі болған Переслен мекемесі қайтадан тіріледі деген қауесет бар. Ондағы тірілудің мақсаты - Оралдың ар жағында жерсіз қара құрттай қайнап, миллиондап әлі келіп жатқан мұжықтарды Сібір жеріне орнықтыру. Өткен жылы Уақытша үкіметтің Сібірге переслен жіберілмейді деп бекіткен қаулысын қолданбаймыз деседі. Мұндағы жергілікті жұрттар мен қашақтар сиыса алмай жатқанда, тағы қанша переселендерді төге салу үшін, переселен мекемесін тірілту қамына кірісу - саясат жағынан көзқарастың өзгергендігін көрсетеді. Бұған мұндағы мұжықтар қарсы.

     Қашан үлкенді-кішілі құрылтайлар құрылғанша, қазақ жерінің үлеске түспесіне іс басындағы Алаш азаматтары қам қылуы керек.

     Әр жерде жергілікті мұжықтармен қосылып, переселен мекемесін тірілтпеске тырысу керек.

     Осы күнде бұл переселен мәселесі министрлер мәжілісінде қаралып жатыр.

                                                    Жәдігер-Жаныс.

* * *

 

Асбест заводы бұйымдары мен қыстыкүні қанышерлердің заманында «халықтікі» деп жарияланып, бұрынғы комитет орнына «совдеп» ашылып еді. Жұмысшылар ақыларын молайтып, бейнеттерін азайтып, төрелік құрып жүруші еді. Большевик туы құлаған соң, баяғы басшылары қайтып келіп қолына алды. Тізе қақпайлап, белсенділік көрсеткен жұмысшыларды шығарып жатыр. Соңғылардың үштен бірісі ғана қалатын түрі бар.

     Өкініші сол: қой аузынан шөп алмайтын жұмыскер жаламен шығарылып жатыр. Ішінде елге жетерлік қаражаты жоқтар да бар. Қалған жұмысшылардың ақысы тар қалыпқа түсті.

     «Азат басың болсын құл - қолдан келмес іске ұмтыл», – деп Абай мархұмның айтқаны болды. Қолдан келмес іске бой ұрған басшы мырзалардың, жұмыскерлердің кесапаты - жан асырап, табан ақы, маңдай терімен күн көріп отырған момындарға тиіп кетті.

                                                                          

ЖАС ӘЛТАЙ

 

Қарқаралымен шегаралас Ақмолаға қараған елде де ұры қатты. Жалаңаштық одан жаман. Тақа бай үйлерде болмаса, орта үйлерде көйлек қана бар. Нашарларда ол да жоқ. Бір үйлі жанның ортасында бір-екі шүберек киім бар, оның өзінде далба-дұлба.

Мұхамедсалық.

 

ҰЙЫМДАР

 

8 июльде (жаңаша) Алаш қаласында «Жанар» ұйымының жалпы жиылысы бекіткен қаулылары:

1) ұйымның қаражатын күшейту үшін әрекет жасау;

2) Семей облысындағы ұйымдардың съезін шақыру;

3) Омбыда болған жалпы Қырғыз – қазақ жастар съезінің қаулыларын мүшелер тегіс қабыл алған. Мұндағы «Жанар» ұйымының атын өзгертіп, «Жас Азаматтың» облыстық бөлімі делінген.

4) «Жас азамат» газетіне екі жүз сом жарна жіберу.

Телеграмма: Ұйымның секретары Нұралы Асылбаевтан. «Керекуде «Жас Азамат» бөлімін аштық. Бар күшімізбен қолтықтаймыз!»

Сүлейменов, Нұрымов.

 

Орал, Ырғыз облыстық қазақ съезінің бекіткен қаулылары:

     1) Қазақ өлкесі жалпы бұқараның ынтымақтасу негізінде құрылған Россия республикасының толық құқылы бір мүшесі болып, өз істерінде ерікті штат болсын;

 2) Қазіргі саясат күйі мен Оралдан бастап, бес облыс, бір губернияның бөлімі мен құрылған Қазақ өлкесі явочный порядокпен автономия жарияласын;

 3) Совет тұрғанда, автономияны іске асыру мүмкін емес себебі: совет үкіметі ұлтшылдаққа қарсы, ұлттар үшін зиянды саяси ұйым, сондықтан:

 а) Қазақ халқы совет үкіметін танымасқа һәм бойұснбасқа тиісті.

 б) Оралдың казак-орыстары мен бірігіп, Орал қазақтары большевиктермен күресуге тиісті.

 Бірақ күрес Қазақ пайдасын сақтау болмай, басқа мақсатқа ауса, ондай күреске қазақ қосылмасын.

 4) Орал облысы Орал ұлысы аталсын! Жеті кісіден әзірге штат болсын. Орал ұлысы «Алаш Орданың» уақытша бір бөлімі болып, Алаш автономиясы жарияланып, билік түрін белгілеп аяқ басқан соң, бар әкімшілікті «Алаш Ордаға» тапсырсын.

 Басқармадан: Орал облысындағы бауырларымыздың саяси барлыққа жетіп, ат төбеліндей жерде үкіметті ел болғандарына қуаныштымыз. «Алаш Орданың» үстіндегі ауыр жүкті бөлісіп алғаны жақсы ғой. Бірақ, жалпы Россия құрылтайын сылтау қылған ауыруға шалдығып (Орал үкіметі балығы болмаса бақасынан деп) ала қойды бөле қырқып жүрмесе, жарар еді.


Мен жастарға сенемін!

 

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!

     Көздерінде от ойнар,

     Сөздерінде жалын бар.

     Жаннан қымбат оларға ар,

     Мен жастарға сенемін!

Жас қырандай балапан,

Жайып қанат ұмтылған,

Көздегені көк аспан,

Мен жастанға сенемін!

     Жұмсақ мінез жібектер,

     Сүттей таза жүректер,

     Қасиетті тілектер,

     Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,

«Айбынды Алаш - елім!» дер,

«Алтын Арқа – жерім!» дер,

Мен жастарға сенемін!

     Қажу бар ма, тұлпарға,

     Талу бар ма, сұңқарға,

Иман күшті оларда -

Мен жастарға сенемін!

«Алаш!» айбынды ұраны,

Қасиетті қыраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!

     Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға

Шығарар олар, бір таңда!

Мен жастарға сенемін!

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты -

Мен жастарға сенемін!

                                        Мағжан.

 

ОМБЫ ХАБАРЛАРЫ

 «Алаш Орда» бастығы Әлихан Бөкейхан, мүшесі Әлімхан Ермеков Сібір үкіметімен сөйлесіп жатыр. «Алаш Орданың» ұсынған шараларын Сібір үкіметінің арасынан шығарған комиссиясы қабылдап өткізген. Енді тез арада Министрлер советінде қаралмақшы.

 

* * *

 Ақмоланың облыстық земское собраниесі 4-інші августе (жаңаша) тарқаған. Қазақ гласныйларының бір-екеуінен басқасы, бір ауыздан сөз шығарып, Алаш берекесінде болды. Орыс гласныйларынан Алаш берекесін күндеп, іштері күйгендері болыпты. Орыс гласныйлары ерегеспен өздеріне тиісті облыстық земский управаға сайлайтын төрт кісінің екеуін ғана сайлаған. Оның өзіне де кадет табы риза емес. Біздің қазақ гласныйлары өздерінің үш кісісін бір ауыздан сайлаған; председатель жолдасына (орынбасар) өткен кезде Түркістан үкіметінің ішкі істер министрі болған Әбдірахманбек Оразай баласын, мүшелеріне Ақмоладағы «Алаш Орданың» облыстық советінің бастығы Ережеп Итбай баласын һәм Омбыдағы политехнический институтта оқып жүрген студент Мұқтар Самат баласын.

 Жиылыстың қаулылары тез арада қазақ тілінде басылып шықпақшы. Бұл жиылыста Ақмола облысының қазақтары мүшелі сыбағаларын алған. Оқу шаруасына бірнеше жүз мыңдар берілмекші болған. Бұл қазақтың екі жүз жылдан бері көрген бірінші теңдігі. Бұрын қазақтан түрлі алым-салықтар алынушы еді. Бірақ, қазақ пайдасына жұмсалмаушы еді. Енді соның үшін алдымен, земство салықтарын беріп отыру керек.

     Оқу-оқыту шаруасы, жер-су, азық-түлік - барлығы земствоның қолында. Осындай күші зор, пайдасы мол земстводан қашу шайтанның «биссмилладан қашқанындай» болады.

     Бірақ, земское собраниеге де, управаға да сенімді, бұқара пайдасын ойлайтын кісілерден сайлау керек. Алаштың берекесіне әрекет келтіретін кісілерден сақтану керек. Өткен земское собраниеде Ақмола уезінің қазақтарының атынан келген саудагер, татар жігіті Шәріп Ялымов деген шет жайылып, түрлі-түске боялып, қысқа күнде қырық құбылып, қара бұқараның пайдасына қастардың қамшысын соққан. Еуропа халқы заңда қай таптан сайланса, сол таптың мақсаттарын қолына қаршыға қып ұстайды. Көріне шет жайылмайды. Шәріп Ялымов бұқараның терісін жамылып, орыс байларының пайдасын қуаттаған.

     Қаратаудың қожасына сиыну аңқау қазақтың табиғаты болушы еді. Бірақ, земство ондай сиынуды көтермейді. Аңқау елге арамза молда болудың заманы өткен. Шәріп Ялымов сияқтыларды земствоға сайлау - қазақ шаруасына қасқырдан қойшы салғанмен бірдей.

 

* * *

БОЛЬШЕВИК СОҒЫСЫ

Сібір аймағында большевиктер құруға жуықтады. Түркістан да большевиктерге қарсы қозғалып жатыр. Жетісуда елеулі жерлердің көбі үкімет әскерлерінің қолына кірген. Семейден барған қазақ отрядтары да большевиктерді шапты, тұрғын халықтар да тегіс қаруланып жатқан көрінеді. Дон, Кавказ, Қырым, Орынбор, Орал бойы большевиктерден тазарып, кеміген. Енді орта Россия ғана большевик тырнағында қалды. Қазан қаласы да алынды.

* * *

Түрлі хабарлар

Екатеринбургте өз алдына аудандық Орал үкіметі жасалмақшы. Жасау тәртібі төрт партияның екі-екіден шығарған кісілеріне тапсырылған.

Оңтүстік-Сібір темір жолының жүретін бетін тексеріп болған. Енді жол жабдықтарын істеуге кіріскен. Жол сызығы Орск – Атбасар – Ақмола – Шідертіден бір бұтақ бұрылып, Кереку – Барнауыл кетеді. Екінші бір бұтақ Семей кетеді. Үзын бойы 2400 шықырым. Бұл жолдың бойында кей жерлерде темір, мыс, қорғасын, тас көмір барлығы білінген. Темір жол жүрген соң, осы жерлердің бәрі пайдаға аспақшы.

Шаруа ғалымдары айтады: темір жол екі жүз шақырымның ауданындағы елдердің тұрмыс-салтын, шаруа қалпын өзгертеді, ата кәсібін қалдыртады, деп. Соған қарағанда, бұл оңтүстік темір жолының бойында отырған қазақ елдері біраз жылдың ішінде осы күнгі шаруа түрлерінен айырылады һәм шаруаның қай тарауына болса да, қымбатшылық кіреді деп есептеу керек.

Атбасарда. Сібір темір жолындағы Есілкөл станциясында оба ауыруы білінген. Обадан сақтану туралы келесі нөмірлердің бірінде жазамыз.

Сібір теміржолындағы станцияларда 800 000-дай қашақтар бар. Көбінесе осылар - аурудың ұясы. Себебі: аш, жалаңаш, кір, ауру-сырқау, бәрі де қашақтардың жолдасы болады.

Түрік сұлтаны Мухаммед Ришад өлген. Түрік заңында сұлтанның [отырған ] тағы, хан тұқымының үлкеніне көшеді. Қазіргі үлкені - өлген сұлтанның інісі Уахдалдин.

«Дело Сибири»

 

Орны толмайтын өлім

Жетісу облысы, Аякөз маңындағы соғыста Отыншы Әлжанов шейіт болған, Аманжолов жараланған. Екеуі де «Алаш Орда» мен учредительное собраниенің мүшелері еді.

Басқарма: бұл хабар газет жасалып қойған соң, келіп, толық жаза алмадық. Келесі нөмерде Отыншы туралы жазылады.

Басқармадан

Әр жерлерден «Жас Азаматты» құттықтаған хаттар келіп жатыр. Бәрін түгел басуға газет бетіне симайды һәм уақыт жететін емес. Іріктеп басайық десек, газет қуанышына ортақтасқандарды бір дәрежеге қоймағандық болар деп, құттықтауларды басуды бірінші нөмірмен доғардық. Газетке ықылас-көңілдерін білдіргендерге жалпы тәңір алғысын айтамыз.

Қазақ жерінде ашылған жастар ұйымдары өздерінің қысқаша тәжрибе-халдарын баяндап, әдірістерін жіберулерін өтінеміз!

«Жас Азамат» газеті мұсылман харіптері аз типографияда басылады. Оның үстіне жаңа қазақ емілесіне қажет харіптер жоқ. Сол себепті кейбір сөздер қате кетеді. Осындай кемшіліктері үшін оқушылардан кешірім сұраймыз.

 

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Зарқын Тайшыбай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303