Қазақ аудармасы жетім баланың күйін кешуде...
Қазір қазақ аудармасы нарыққа бейімделмей, жетім баланың күйін кешіп отырғаны жасырын емес. Ұлттық аудармаға қатысты бір ауызға аларымыз, «Семей - рухани астана» деп тегін аталмағандығын осы аймақтағы Достоевский атындағы музей танытты.
Танытты дегеніміз – облыс орталығындағы жас ақындар арасында оқ бойы озық тұратын дарын Ерік Қайратбекұлы қазіргі қазақ аудармасының проблемалары мен болашағына қатысты «Менің жаным өлеңнен дем алады» атты шығармашылық кездесуін өткізді.
Осы кездесудің өтуіне аталған музейдің басшылығы мұрындық болды.
Кездесуге қаламыздың N 36 және 22 мектептерінің ұстаздары және онымен бірге өнерге талабы бар жас өркен шәкірттер де қатысты. Осы шығармашылық кездесу барысында Ерік Қайратбекұлы белгілі әдебиеттанушы, Abai.kz порталының Абай облысы бойынша өкілі Әбіл-Серік Әбілқасымұлымен бірлесіп «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы» қоғамдық қорын құрғанын мәлімдеді.
Және осы шығармашылық кездесуге қатысушыларға Ерік Қайратбекұлы аталған қорды құрудағы мақсатын кеңінен түсіндіріп өтті.
Осы кездесуде талантты ақын өз аудармаларын орыс және қазақ тілдерінде оқыды. Оқыды дейтін себебіміз, Ерік полиглот аудармашы болғандықтан, көзіміз үйренген орыс тілін былай қойғанда, қырғыз, әзербайжан, түркімен, өзбек және түрік пен ағылшын тілдерінен тікелей аударма жасайды. Бұған дәлел ретінде кезінде Ерік оқыған университетте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген рухтас әрі өлең мен өнердегі жанашыр апайы Евгения Станиславовна Рыбченко-Демьяненко өз шәкіртінің авторлық аудармасындағы төл туындысын оқып беріп, оған терең әдеби талдау жасады.
Қатысушылар өтінуімен сахнаға шыққан аудармашы ақын ертерек және кейінгі жазған өлеңдерін оқып, жас талап ақындардың қойған әр қилы сұрақтарына жауап берді. Кездесу қыза түсіп, N 36 және 22 мектептің өлеңге бейімі бар оқушылары өз шығармашылықтарын сахна төрінен паш етті.
Ерік Қайратбекұлы мен белгілі әдебиеттанушы, Abai.kz порталының Абай облысы бойынша өкілі Әбіл-Серік Әбілқасымұлдары өз кітаптарын музейге сыйға тартты.
Сана Сарсембекова,
«Ф.М.Достоевский» атындағы әдеби-мемориалдық музейінің экскурсиялық-көпшілік жұмысы секторының меңгерушісі
Abai.kz