Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3638 0 пікір 12 Қыркүйек, 2013 сағат 11:21

"Шығыс шынары" мүшәйрасы

Гүлнәр Салықбай. Мұзтау

(Бас жүлде)

 

Мұзды тауға барар ма ем,

Мұздай сүтін ішер ме ем.

Мұздай әнге салар ма ем,

Мұздай еріп түсер ме ем.

 

Көзімді ашып көргенім –

Көктің күміс тіреуі.

Айқай салып алыстан,

Тұманытқан реңі.

 

Ойларымды от қылмай,

Неге мұз боп жаралдың?..

Ер-азамат боп тумай,

Неге қыз боп жаралдым?..

 

Сен құдайдың елісің,

Ақша бұлттар – қанатың.

Мен – гүлдердің сөлімін

Жапыраққа таматын.

 

Сен – таулардың данасы

Көк аспанмен жалғанған.

Мен – адамның баласы

Жылтыраққа алданған.

 

Тұмандатып баршаны,

Күлдірлеген күйме ме ең?

Бала кездің аңсары

Көздерімді сүйреген.

 

Жанарында алыптың

Қатып қалған жас па едің?!

Жүрегіндей ғаріптің

Мұзға айналған тас па едің?!

 

Сен Алтайдың биігі

Күннен ғана қорқатын.

Мен адамның киігі

Күнін көріп жортатын...

 

Сенен биік тау жоқ шығар деуші едім,

Адамдарда жау жоқ шығар деуші едім...

Гүлнәр Салықбай. Мұзтау

(Бас жүлде)

 

Мұзды тауға барар ма ем,

Мұздай сүтін ішер ме ем.

Мұздай әнге салар ма ем,

Мұздай еріп түсер ме ем.

 

Көзімді ашып көргенім –

Көктің күміс тіреуі.

Айқай салып алыстан,

Тұманытқан реңі.

 

Ойларымды от қылмай,

Неге мұз боп жаралдың?..

Ер-азамат боп тумай,

Неге қыз боп жаралдым?..

 

Сен құдайдың елісің,

Ақша бұлттар – қанатың.

Мен – гүлдердің сөлімін

Жапыраққа таматын.

 

Сен – таулардың данасы

Көк аспанмен жалғанған.

Мен – адамның баласы

Жылтыраққа алданған.

 

Тұмандатып баршаны,

Күлдірлеген күйме ме ең?

Бала кездің аңсары

Көздерімді сүйреген.

 

Жанарында алыптың

Қатып қалған жас па едің?!

Жүрегіндей ғаріптің

Мұзға айналған тас па едің?!

 

Сен Алтайдың биігі

Күннен ғана қорқатын.

Мен адамның киігі

Күнін көріп жортатын...

 

Сенен биік тау жоқ шығар деуші едім,

Адамдарда жау жоқ шығар деуші едім...

Мұзтау...

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
(І орын)
Паң Шығыс – рух

Самала салқар, сан қилы шырақ сайын қар,
Паң шығыс!
Паһ, паһ! Кербұғылардың ұйығы.
Жақұтұяда жалқын шаштары желкіл қайыңдар,
Кекжиген иек, керенау шыңның иығы.
Асқақтық, уайым –
Құдайдың ерен сыйы бұл.
Аршаты, Ақсу батысқа қарай қарсы ағып...
Аршаның иісі өлеңдей – Аспантастардың қиығы –
әр шағыл шағады өзін парша ғып.
Сонау бір шыңда мәңгірген мәңгі
ой – Ағам...
Кебі де үрейлі – кекірейіп тұнған мүсіндей.
Кең Шығыс солай сақалын таңға бояған,
Шағанның шамы – шағиридың
тербелісіндей.
Шыңғыстай көгін көктейді шырдай тырнақ Ай,
Өтпелі күндер-ай, өткендей тағы кісінеп.
Боздайды әлде ботасын ерткен
сырлы Абай,
Қарға адым көкте қап-қара нөсер ішінен...
Паң Шығыс!
Паһ-паһ ұйығым, лағыл тұл үнім,
Белгісіз ымдар, бедерлі мұң бар маңдайда.
Алтайда туған – «Қайдасың қасқа құлыным...»
Шалдығып жеттім, қарлығып жеттім шалғайдан.

Әмірхан БАЛҚЫБЕК, Алматы қаласы
(ІІ орын)
ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАҒАНЫ
Күн нұрындай жылуына жанының
Бүкіл қазақ іңкәр болған дарыным!
Мұзтау сынды маңғаз еді мінезің,
Кенді Алтайдай қазына еді қалыбың.

Марқакөлдей мөлдір еді көзің де
Зергерге үлгі зер жатушы ед сөзіңде.
Би-ағаңды жатқа оқыған бекзатым,
Енді бүгін ұлы атандың өзің де.

Бір ғасырда бір туатын асылым,
Шабыт қысса, Бұқтырма боп тасыдың.
Жайтартқыштай тарттың қағаз бетіне
Туған жердің көкте ойнаған жасынын.

Дауыл болдың, жауын болдың, жыр болдың,
Үлкен-кіші іздеп оқыр сыр болдың.
Ой жайлауға, ерен еңбек төріне
Қойшымен де, кеншімен де бір қондың.

Жылдамдықпен сәулесіндей жарықтың,
Жан дүниеңнің сұлулығын таныттың.
Өзің сүйген елің аман тұрғанда,
Сен де барсың жүрегінде халықтың.

Сол кездерде сен оятқан махаббат,
Бүгін саған жеткені анық «аталап».
Шығармаңнан бастау алған сан сезім
Шөлін әлі баса алмай жүр қаталап.

Күй секілді ағытылған тиегі,
Баба тілдің бәрі арқасы киелі –
Саған әлі бойжеткендер ғашық боп,
Саған әлі өр ұл басын иеді.

Шыңғыстайдың бұйра шашты баласы,
Қара сөзде қаған болды, қарашы!
Он ғасыр деп айта алады кім қазір
Шыңғысхан мен Оралханның арасы!!!

Бақытгүл БАБАШ, Атырау қаласы
(ІІ орын)
Қар қызының хаты
(поэтикалық триптих)
I.
Әппақ... әлем...
Әппақ маржан айналам.
Жаным - көкте,
Жерде жүрген құр сүлдем.
Неге осы мен,
Қайырымсыз дүниеден қайғы алам?
Неге осы мен,
Сіз жайлы ойлап, күрсінем?

Әппақ әлем,
Адыра!
Түнге ғана құмартады жас жаным.
(Қаралығы үшін бе?)
Алма-қыз ем, қапияда қарға айнала бастадым,
Қара ниет Қоңқай шалдың ісінен...

Әппақ... әлем...
Мөлдір мұңның моншақтарын теремін.
Уысымда - толы Бақ.
Ақ қар кешіп, мен Сізді іздеп келемін.
Ыстық,
Мұ-ұ-ұ-ұздай
Жүрегімді қолыма ап...

ІІ.

Айыртауда...
Тағы да түн. Қара түн.
Мен отырмын сыздап сыңар қанатым.
Кім біледі періштелер мекенін?
Кім біледі Жолды Сізге баратын?

Айыртауда...
Қорғалады бүгін Ай.
Ақ жүзімнен сорғалады жас тағы.
Өрімталдай өмірімді, түбі лай,
Суы да сор теңіз етіп тастады...

Айыртауда...
Көңілімнен күй кетіп,
Болмысымды белгісізге билетіп.
Кім біледі, әлі қа-а-анша жүремін,
Боз далада бос шанамды сүйретіп?

Шығыс ұлы!
Менің хұсни-халімді,
Шыңғыстайда біле ме екен бұғылар?
Тау жаңғыртып түнде салған әнімді,
Сізден басқа, Сізден басқа кім ұғар?

ІІІ

Ағатай!
Жеттің бе Айға, алыстап Арманымнан,
Бейуақта кеттің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»?

Бақытқа шөлдедім мен. (Елге не берем үлгі?)
Айтар ма Әулиекөл, сұрасам дерегіңді?

Жай түскен жаным - жара, жаһанның сызы қонып.
Үлбіге шақырсам ба, үндінің қызы болып?

Ағатай!
Жоғалтпадым сіз берген ар жүзігін.
Жаны - өрт, тәні - дертті баяғы Қар Қызымын.

Алыста - қуанышым, қасымда нала қалып,
Сізді аңсап ақ толқыны, Бұқтырма барады ағып...

Ақшоқы баурайында адасқан Кербұғы кім?
Дауасын таба алар ма ем мен оның шер-мұңының?

Мінәжат еттім тағы, Тәңірге тізе бүгіп.
Кезігіп қалам ба деп көзімде жүзеді Үміт...

Әр түні алаңдаймын. Әр күні таппақ болам.
Бәрібір... бара алмаймын... Айналам - әппақ тұман.

Ағатай!
Жерде әлі жалғасуда, Қоңқайдан қалған лаң.
Беймезгіл көштің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»?..

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, Астана қаласы
(ІІІ орын)
Оралханның соңғы ойы

«Ертең өліп қалсаң, мынау дүниенің қылшығы да қисаймайды!»
Оралхан Бөкей

Жұмыр басты пенденің алды тұйық,
Ұшамыз да кетеміз, тәнді қиып.
Бұлдыраған дүниеге көз шіркіннен,
Бұйырмай да екен ғой соңғы қиық.

Мен өлгенмен, жалғасар есіл өмір,
Қадіріңді білмесем, кешір өмір.
Жазғанымша жаздым да, үнсіз жүрдім,
Айта алмастан сырымды шешіле бір!

Шашқандай боп тұрса да түрім ызғар,
Ішімізде шуақты нұрымыз бар.
Адамзаттың бәріне елжіредім,
Суға айналар, ерісе сірі мұздар.

Өмір, өмір!
Әлі де сұрағым көп:
Неге Алтай бұйырды тұрағым боп?
Мен Алтайды таныдым жұмағым деп,
Сұлулыққа шыдамай, жылағым кеп!

Алтай сынды жұмбақтау сырым менің,
Ерте үзілді, қайтейін, гүлім менің.
Өр Алтайдан айнымай жаралыпты,
Ештеңеге селт етпес түрім менің.

Кербұғыдай асқақ ем, еркін едім,
Алтай сенің тұтатқан өртің едім,
«Енді Алашта тумайды ынжық ұлдар» –
деген сенің ең соңғы сертің едім.

Енді маған жарық жоқ, ауырладым,
Қиын болды жат жерде ауырғаным.
Қош болыңдар, бұғылар, өзен-көлім,
Самырсын мен қарағай – бауырларым!

Қош болындар, көнекөз алқаптарым,
Төскейінде еркелеп, шалқақтадым.
Қош бол, туған ауылым, қайран достар,
Қош болыңдар, жақын мен алшақтарым!

Қош болыңдар тау мен тас, қара орманым,
Қош бол туған топырақ – нәр алғаным!
Қош бол, Алтай!
Мен кеттім Тәңіріме,
Оралхан ем, жөн болар оралғаным...

Ерлан ЖҮНІС, Алматы қаласы
(ІІІ орын)
Алтын Кербұғы
Алтайдан ауған Кербұғы,
Алатау жайлап, алқалап,
Ақбас таулардың өрлігін,
Аманатындай арқалап,

Кербұғы кірді қалаға,
Керғасыр тұрды тосырқап,
Керенау мынау санаға,
Келгенде қарсы жас ұрпақ,

Кеңістікпенен астасып,
Уақытты айтып ендігі,
Кербұғы жүрді көш басы,
Сөз басы жүрді «Кербұғы».

Кербұғы кірді қалаға,
Кес-кестеп жүрді Керғасыр,
Кескекті ой кірді санаға,
Қайғысы да асыл, шер де – асыл.

«Неге біз осы?!.» деп келді,
Мимыртқа салған мысындай,
Тәкаппар, маңғаз, өктем-ді,
Кериней Кербұғысындай.

Кериней Кербұғысындай,
Кез болған ісі – алтыннан,
Жебенің алтын ұшындай,
Айнымас асыл қалпынан.

Сом алтын текті, сойлы жұрт,
Соқталы болмыс халқынан.
Алтайды Алтын дейді жұрт,
Кербұғысы да алтыннан!

Үндістан алтын мекен бе,
Үркердей соған ауғанда,
Үндемей ғана кетерде,
Үздігіп қарап тауларға.

Ақырғы қадам аттаған,
Мекенге сол бір аттанып,
Колумб та бұрын таппаған...
Ол тапты...
Оны таппадық!

Толыбай АБЫЛАЕВ, Қызылода облысы, Арал ауданы
(Ынталандыру сыйлығы)
Ай мүйізді арқарым

...Жентек қар жөңкіп сайға, жер жібіді.
Кеп жетті алты ай қыстың соңғы күні.
...Алтайдың арқары тұр ай мүйізді.
Асқарда,
Арлан қасқыр көрді мұны.

...У-у-у!
Көкжал қайтіп ұлымасын?!
Көктемнің жылан жылғы сыны басым.
...Асуда алай-дүлей ақ қар кешкен,
Арқардың арқарлығын ұғынасың.

Ұлиды көкжал елдің есін алып,
Арқарға тігіп көзін тесіле анық.
Алтайдың ақ боранды аңғарынан,
Төменге көшкін жатты көшіп... ағып...

Әрдәйім биікте жөн болған абай!
Өтпейді арқарға бір жан қарамай.
...Тасқын мен топан селге жолындағы тас түгіл,
бұйым емес нән қарағай...

Жандыны Алла босқа жаратқан ба?!
Жаңғырып сел көшеді алапта анда.
Тарғыл төс тауларында тәкаппар аң,
Қасқайып тұрады ылғи қарап маңға.

Алтайдай асқақтаған тектілігі,
Алмасын атып қудың епті бірі.
Маңқиған маңғаз қалпы жай ойнатқан,
Ол үшін үйреншікті көктің үні...

Аттаған ұшқан құстай сай... жарықтан,
Арқарым биік тұр-ау, майдалықтан.
Жалғанда жаны заңғар екендігін,
От тұяқ жануарым қайдан ұққан?!

Тамсанып, тағат таппай ел желіккен,
Тағысын Алтай таудың сен көріп пе ең?!
Ай аптап, Күнмен күптеп ай мүйізін,
Арқарым тұрады асқақ пенделіктен.

Саят ҚАМШЫГЕР, Алматы қаласы
(Ынталандыру сыйлығы)
Майталман

Сенің сөзің көркем сурет, жарасым,
Қатарыңнан оқтай озық, дарасың.
Асыл сөзің аралап жүр Қыдыр боп,
Алтай менен Атыраудың арасын.

Сен тілімнің ең бір биік шыңысың,
Ал мұраң ше?
– Баға жетпес ырысым.
Өлмегенсің, рухыңменен тірісің,
Көркем сөздің сәулесісің, нұрысың.

Қыран болып қалықтайсың көгімнен,
Жанарыңнан тазалығың көрінген.
Қаламыңнан жұпар иіс аңқыған,
Ал жүзіңнен иман нұры төгілген.

Сен, Ор-аға!
Қазағымның сертісің,
Сөз-әлемнің шаһарысың, кентісің.
Сені оқысам көңіліме көктем кеп,
Бұқтырмамен толыққандай Ертісім.

Сені оқысам «Мұзтаудағы» Ақтаның,
Жеңер, бәлкім Алтай жақтың ақпанын.
«Қар қызы» мен «Мынау аппақ дүние»,
«Құм мінезі» мамығындай мақтаның.

Ор-ағамыз!
Сені өлді деп айта алман,
Мұраң гүлдей жадыраған, жайқалған.
Жаның көктем,
көңілің жаз,
тұлғаң тау,
Сөзің жібек,
Ел үшін сен майталман!

Мыңбай РӘШ, Алматы қаласы
(Арнаулы жүлде)
Үлкен жүрек...
О, құдырет, сайрандап,
Қайтпақ едік жыр елін.
Үмітіңді ойрандап,
Кетті ау сыздап жүрегің,
О, құдырет келіп ек,
Фәтәлидің еліне,
Не ғажапты көріп ек,
Низамидің жерінде
– «Сорлы жүрек, - сыздайды!»
Деді бірде Оралхан.
Лап еткендей мұз қайғы,
Шошынумен мен аң-таң.
Көзін жұмған мәңгіге,
Ескерткіштің қасына.
Жеткен едік әлгінде,
Гүлшоқ қойдық тасына.
... Қонақ үйде тағы аң-таң,
Жүрек тағы шанышты.
Дәрі жұтып Оралхан
Ажалменен алысты.
Болған едім сапарлас,
Мен дарынды ініммен.
Жатқан едім қатарлас,
Көз ілмедім түнімен.
Тамылжып күй, ән күнде,
Таусылды той қызығы...
...Үндістанда мәңгіге
Үлкен жүрек үзілді.

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ, Алматы қаласы
(Арнаулы жүлде)
МҰЗТАУДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ ОРАЛМАДЫ
Алтайдың тауы да алтын, тасы да алтын,
Кермарал күрең белде қасынатын.
Күрең күн күз басына асылатын,
Бұқтырма Қара Ертіске асығатын,
Қара Ертіс бұрқ-сарқ қайнап басылатын.

Қара сөз қара өлеңше өрілмеді,
Жұрты тұр Шыңғыстайдың өріндегі.
Мұзтаудың мұзбалағы оралмады,
Алтайдың кербұғысы көрінбеді.

Қайда жүр құлдыраңдап «Қасқа құлын»,
Жеміне айналды ма аш тағының.
«Жесірлер» көз жастарын ағызады,
Құшақтап боздақтардың жас қабірін.

Шыңғыстай - жер биігі, сайран мекен,
Бұқтырма - саумал ма екен, айран ба екен?
Бес күндік баяны жоқ дүниеге,
Шекеден қарайтұғын қайран көкем.

Сымбаты сымға тартқан бөлек еді,
Жол қалсын Қыз Жібектің Төлегені.
Жартасқа жалғыз біткен қарағайдай,
Қасқайып тұрғаны да ерек еді.

Шығыстың топырағына кұрық көктер,
Осы елде қырық «хан» мен қырық «бектер».
Ұлылар сүрлеуімен келе жатыр,
Қалихан, Әлібек пен Ұлықбектер.

«Өр Алтай мен қайтейін биігіңді»,
Сұрмерген атып алды киігіңді.
Тағдырдың салғанына шара бар ма,
Шыңғыстай кім басады күйігіңді?!

Күншілдер мұз жалады, тұз жалады,
Отыз қыз одан бетер қызғанады.
Жиырма жыл өтсе-дағы оралмады,
Алтайдың ақиығы - мұзбалағы!

Бағдат МҮБӘРАК, Қарағанды қаласы
(Арнаулы жүлде)
ҚҰБЫЛЫС
Жасыратын несі бар құбылыс ед,
Кеудесінде дүрсілдеп бір уыс ет.
Біз кімді жоқтамадық айлап-жылдап,
Тірілетін жан болса, тірілуші ед.

Тасымыз содан өрге домаламай,
Сұм тағдыр – көзді жапқан томағадай,
Жазғанын жалпақ жұртқа жайып тастап,
Жарасын көрсетпеген Орағам-ай.

Жалғанды о, тас керең, меңіреу де,
Меңіреуге бола ма еңіреуге.
Қайдағыға қайғырған қайран жүрек,
Қашанғы көтереді сені кеуде?!

Төбесінен жатса егер ақша құйып,
Ғазиз басын пенде өтер патшаға иіп.
Шалқайып жүрмегенің содан шығар,
Сенің еңкейетінің – басқа биік!

Тасын түгендесем де тәспіғымның,
Тілін табу қиын ғой тас тұғырдың.
Жүрегім тоқтап қалды – демесеңіз,
Үнемі басымдасыз жастығымның.

Сұстанып неге мынау түнерді аспан,
Сыпырылып қалардай жүген бастан.
Тартпасын босатса егер құранды ердің,
Қайдасың деп, тартармын күрең қасқам!

Роза СЕЙІЛХАН, Алматы қаласы
(Арнаулы жүлде)
ОРАЛХАН БӨКЕЙ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Мазаны ала берді күдік келіп,
Дос анау бірін-бірі жығып беріп.
Алдымнан бір тосқауыл шығады аға,
Жүргенде жақсылықтан үміттеніп.

Өлген соң айтыла ма шынның бәрі,
Тірліктің тербеп жатыр мұңды ырғағы.
Сіз, аға, бақилықсыз, жаны нұрдан,
Мен болсам бір бейбақпын құрдымдағы.

Есіме түседі ылғи құлын күнім,
Мендегі өрт сезімге жылынды мұң.
Сіз жазған кейіпкерге ұқсап қалам,
Әттең-ай, ұғар бірақ сырымды кім.

Ұзақ түн, келмейді аға, ұйқым менің,
Жазғаның жанға жақын, сиқыр ма едің.
Қатыгез дүниенің көру азап,
Шырқырап, тозақ отта үйтілгенін.

Өр Алтай сыйлаған ғой Сізге бәрін,
Өзіңді тауып алған іздеп ағын.
Ағылып, төгілесіз нөсер болып,
Жемістей беретұғын күзде нәрін.

Арманның арғымағын таң асырдым,
«Тағандай» күйін кештім шарасыздың.
Өзімді-өзім таппай жарық күннен,
Тамшымен жуып көзді аласұрдым.

Шығыстың балқарағай, шыршалары,
Өзіңсіз енді кімге мұң шағады.
Алтайды мекен еткен кер бұғыдай,
Сананы қайта-қайта жыр соғады.

Қалқаман САРИН,(Астана қаласы
(Облыс Әкімінің арнаулы жүлдесі)
ШЫҢҒЫСТАЙ

О, Шыңғыстай, Шыңғыстай!
Саурағы едің өлкенің.
Шың бопты ғой өртеңің,
Ноқталаса қайтеміз?
Көңіл алаң не етеміз?
Хош, аман тұр, аман тұр.
Шешсе ноқта кетерміз,
Адаспасақ, жетерміз.
Көруге тағдыр жазбаса,
Көкіректегі арман сол!
Әбдікерім болыс

«Шыңғыстайға барайық...»
Оралхан БӨКЕЙ
Құдіретің бар қандай, уа, Шыңғыстай?!
Басқада жоқ бақыт тұр басыңда ұшпай.
Туды өзіңде Бөкейдің жалғыз ұлы,
Қағілез һәм қырағы лашын құстай.

Серік етіп арман мен үмітті асқақ,
Сенде ғазиз ғұмырын күліп бастап,
Қас-қағымда ғайыпқа сіңіп кетті ол
Жалғандықтың түндігін түріп тастап.

Күміс нұрмен келтіріп құздың сәнін,
Жарып шығып Мұзтаудың мұз құрсағын,
Күндей болып қарайтын көкжиектен
Сәуле шашып «әлемге» біздің шағын.

Тұлғасы ұқсап тәкаппар тауға биік,
Қара басын көрмеген ханға да иіп.
Асу бермес Алтайдың өр шыңындай,
Мәңгілікті мекендеп қалды ақиық.

Алтын бесік, атажұрт, көне қорым,
Жақынына жатсынбай береді орын.
Бұқтырманың тулаған толқынындай,
Бұғып қалар мінезі жоқ еді оның.

Інжу-маржан – Марқакөл, мөлдір сулы,
Жағасында қалды ізі көлдің шулы.
Өн-бойына сіңірген тазалықты,
Кербез еді ол білмейтін көлгірсуді.

...Мұзарт шыңның мұзбалақ зор құсына,
Аспан тектес бекзада болмысына
Өр Алтайдың өлкесі, орман, тауы,
Тектілігі – ұлы ұстаз болды, сірә!

Қысқа ғұмыр кешсе де ол қасіретті,
Кең құшағын ғаламға ашып өтті.
Қаламының ұшымен қасиетті,
Адамзатты Алтайға ғашық етті.

Жазда жайсаң жер – осы, күзде – дархан,
Кербұғысын тұрарсың іздеп әр таң.
«Суы – кәусар, жұлдызы – жауһар» мекен,
Шыңғыстайға шақырған бізді Оралхан!

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383