Көршінің ақысы мен қарама-қайшы қақысы
Немесе 2036 жылға дейінгі бір геосаяси түйткіл туралы
Біздің де күнделікті өміріміз бен ең маңызды саяси шешімдерімізге ықпалы баршылық көрші ел – Ресейдің ең басты жаңалығы сол: 1999 жылдың 31 желтоқсанынан елді басқарып келе жатқан Владимир Путин 2024 жылы тағы да, бесінші рет президент сайлауына түсетін болды.
Бұл жерде біз 2008-2012 жылдары президент болған Дмитрий Медведевтің президент, ал Путиннің премьер-министр болғанын бөле-жара еске салмай-ақ қояйық, оның себебі бесенеден белгілі-ақ: ол кезде «тандем» деген ұғым Ресей саясатына орнығып, іс жүзінде Путин бас биліктің тізгінін уысынан шығарған жоқ, ал де-юре мемлекет басшысы болған Дима оның көлеңкесінен шыға алмай қалды.
Ресейдің сайлау заңнамасы мен ондағы оппозицияның құқықтық алаңынан аластатылғанын, әрі анти-путиндік күштердің өзара алауыз және бірегей оппозициялық кандидат ұсына алмайтынын ескерсек, кімнің президент болатыны о баста түсінікті болар.
Путиннің тағы алты жылға таққа отыруының біз үшін қандай салдары бар екеніне тоқталайық:
Біріншіден, Украинаға қарсы ашқан соғысының салдарынан «ұжымдық Батыстың» санкцияларына ұшыраған Ресей Қазақстанды өзінің құлдырап бара жатқан экономикасын сақтап қалу үшін пайдаланады. Санкцияға ұшырап, тыйым салынған тауарларды «параллель импорт» арқылы сатып алу үшін өзімен көршілес әрі әлі де болса, Батыспен қарым-қатынасы орнықты Қазақстанның импорт-экспорт мүмкіншіліктеріне сүйенеді.
Екіншіден, тұтас постсоветтік кеңістікті, соның ішінде, Қазақстанды өзінің саяси ықпалынан шығармау үшін Ресей, ең алдымен, экономикалық тетіктерді қолға алады. Соның бірі – біздің экономикаға қаржы салып, мүмкін болса, іргелі салалар мен кәсіпорындардың меншігіне әртүрлі формада ену.
Бұл бағытта Қазақстанда АЭС салу ісі конкурсындағы «Росатомның» белсенділігі бізді қатты ойландыруы тиіс. Өкінішке орай, Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жыл ішінде біз экономикамыздың Ресейге кіріптарлығынан біржолата құтыла алмадық. Мұнайымыз бен газымызды тасымалдауда да осы елге күніміз түсіп отыр. Жаңадан ашылып жатқан тасымалдау бағыттары аяққа тұрамын дегенше әлемдегі геосаяси ахуал басқаша сипат алатын сияқты. Ол кезде ол бағыттардың маңыздылығы қандай болатынын бір Құдай біледі.
Үшіншіден, Путин өзінің өмірлік кредосына айналдырған авторитарлық ұстаным таяу болашақта шарықтаған шегіне жетіп, толыққанды тоталитаризмге ұласады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», өзінің осы саяси қағидаты мен басқару стилін ол постсоветтік кеңістіктегі, соның ішінде, Орталық Азиядағы мемлекеттер басшыларына насихаттап, өз елдерінде ендіруге тырысары хақ: бұл аймақ демократияланған сайын авторитарлық Ресейден саяси тұрғыдан алыстай берері анық.
Төртіншіден, Украина мәселесінде Путинге шегінер жер жоқ, осы айтып жүргенінен енді ол қайта алмайды. Бұл - Украинамен соғыс таяу арада тоқтамайды деген сөз. Керісінше, сайлаудың қарсаңында Ресей әскері шабуылын үдетіп, Путин өзінің электораттық рейтингін одан сайын көтеруге тырысады деген сөз.
Өзінің келесі жылғы сайлауға қатысатыны туралы басқа жерде емес, аннексияланған Донбастың өкілдері қатысқан әскери жиында мәлімдеме жасауының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл дегеніңіз - Путин насихаттап жүрген «орыс әлемі» доктринасы одан сайын күшейіп, орыс диаспорасы бар елдерге өз ықпалын зорайта түседі деген сөз. Әсіре патриоттық, шовинистік, неоимериялық риторика экономикасы құлдырап, халқының күнделікті күнкөрісі қиындап жатқан
Путиннің сайлауалды бағдарламасының басты ұстыны болатыны айтпаса да түсінікті. Осы (және басқа да) факторлар Қазақстанға да әсер етпейді деп кім айта алады?! Сол жағын осы бастан ойлана берейік!
Әміржан Қосан
Abai.kz