Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4043 0 пікір 8 Қазан, 2013 сағат 06:41

Қуат Қайранбаев. Сырлы саз

Сірә, қаламгер туралы, соның ішінде өлеңі өзіне, өзі өлеңіне айналған ақын жайлы жазудан қиын ештеңе жоқ шығар. Сондықтан болар, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, тағдырлы ақын қыздарымыздың бірі Марфуға Айтхожа турасында жазбақ дүнием кейіндей берген. Шынын айтсам, ақынның қиын да қызықты ғұмырын, оның сан қырлы шығармашылық әлемін өз дәрежесінде ашып көрсете аламын ба деген күмәнді ойлар иектеп алып, жазуға жүрексінген едім. Ақыры нартәуекелге барып, көптен бері көкірегіме сыр болып құйылған ойларды ақ қағазға түсіруге кірістім.

Бала кезімнен әдебиетке үйір болғандықтан ба, ақын –жазушылардың есімдеріне ерте бастан қанық болып өскенмін. Бәлкім содан шығар, Марфуға ақынды ес білгелі білетін сияқты боламын да тұрамын. Оның өлеңдерімен қай кезде, қалай танысқаным жадымда қалмапты. Бірақ, шуақты жырлары жүрегіме жылылық ұялатып, өмір жолымда бірге келе жатқандай әсерден арылған емеспін. Шынайы поэзияның басты қасиеті де осы емес пе.

Сірә, қаламгер туралы, соның ішінде өлеңі өзіне, өзі өлеңіне айналған ақын жайлы жазудан қиын ештеңе жоқ шығар. Сондықтан болар, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, тағдырлы ақын қыздарымыздың бірі Марфуға Айтхожа турасында жазбақ дүнием кейіндей берген. Шынын айтсам, ақынның қиын да қызықты ғұмырын, оның сан қырлы шығармашылық әлемін өз дәрежесінде ашып көрсете аламын ба деген күмәнді ойлар иектеп алып, жазуға жүрексінген едім. Ақыры нартәуекелге барып, көптен бері көкірегіме сыр болып құйылған ойларды ақ қағазға түсіруге кірістім.

Бала кезімнен әдебиетке үйір болғандықтан ба, ақын –жазушылардың есімдеріне ерте бастан қанық болып өскенмін. Бәлкім содан шығар, Марфуға ақынды ес білгелі білетін сияқты боламын да тұрамын. Оның өлеңдерімен қай кезде, қалай танысқаным жадымда қалмапты. Бірақ, шуақты жырлары жүрегіме жылылық ұялатып, өмір жолымда бірге келе жатқандай әсерден арылған емеспін. Шынайы поэзияның басты қасиеті де осы емес пе.

Есімі тұтас бір ұлттың ұранына айналған, аты тарихи бір кезеңнін оқиғаларын айшықтайтын, өз ұлысының ары мен ұятындай адамдар болады. Құдайға шүкір, Алашым да сондай азаматтардан кенде болып көрген емес. Мысалы, Атилла, Томирис, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Махамбет пен Құрманғазы, Абай мен Шәкәрім, Ілияс пен Сәкен атауларына анықтауыш қосудың қажеті жоқ.¦рпаққа олардың қай кезде дүниеге келіп, қай кезеңде өмір сүргені де маңызды емес. Олар кешегі, бүгінгі ћәм болашақтың құрдастары. өмірден кеше озған Мұқағали, Қадыр, Тұманбайлар да құдіретті поэзиялары арқылы мәңгі жас болып қала бермек. Осындай ұлы тұлғалардың қатарына арамызда аман-есен жүрген Марфуға Айтхожаны қоссам, мұнымды ешкім әбестік көре қоймас. Себебі, Марфуға десе кез-келген қазақ шұрайлы жыр мен шынайы сезімді еске алары хақ. Марфуға – өлең болып өрілген қыз –ғұмырдың бейнесіне айналған тұлға. Демек, ол туралы айтқанда «Марфуға Айтхожа» немесе «Марфуға ақын» демей-ақ «Марфуға» десек жеткілікті. Ендеше...

Мен Марфуғаны тұңғыш рет Ақын Сараның жүз жылдық мерейтойында көрдім.Сымбаты мен сыры үйлесім тапқан әсем тұлғасын асқақ ұстайтын ақынның болмысынан тәккапарлық аңғарылатын.Оны өз шамасын білген адамның айбыны, рухы биік ақынның асқақтығы, сұлу әйелдің сұңғыла назы деп қарасаң да жарасады. Толқындаған қолаң шашының шекесіндегі бір шөкім бурыл шаш шыңға  түскен кіршіксіз ақ қардай әсер қалдырады. Әйтеуір Марфуға менің ұғымымда поэзияның ару бейнесіне енген көрінісіндей болып сақталып қалыпты.

 Өлең деп аталатын өмір додасынан дәмеміз болса да, ауыл баласына тән ұяңдықпен жанына барып тілдесуге батылымыз бармай, алыстан қарай бергенбіз.Бойын тік ұстап жүрген кербез жүрісі,төкпе ақындай төгілдіре сөйлейтін шешендігі, тыңдаушысының жанын елжірете оқыған мөлдір өлеңдері кімнің де болса жан-жүрегін баурап алады. Поэзияға құштар бозбаланың ақын әпкесін алғаш көргендегі әсері осындай болғаны анық.

Жылжып жылдар өтті. Біз де есейіп, кейінгі толқын жастарға кеңес беретіндей кезеңге келгенбіз. өзіміздің де жазған-сызғанымыз біршама болып қалғанымен, бала кезден пір тұтып өскен қаламгерлерге деген құрметіміз ортаймапты. Сол алғаусыз сыйластық мені жыр Аққуының алдына жетелеп әкелді. Міне, біз емен-жарқын әңгімеге көшкелі де біраз уақыт болыпты.‡немі асығып жүретін журналистер қауымының әдетіне салып, әзірлеп әкелген сұрақтарыма жауап алысымен қайтамын ғой деген алғашқы жоспарым әдірем қалды. Алдымен қонағын шайға қандырып алған ақын әңгіменің тиегін ағытқан. Тіпті, сөз арасына сөз қыстыру қиын. Айтқанын ұмыту, бір сөзін екі қайталау, оқиға желісінен жаңылу деген бұл кісіде болмайды екен. Жай сөздерінің өзі өлеңдей өріліп, түйдек-түйдегімен түседі. Құдды бір, өлең оқып отырғандай әсер қалдырады. Сонау бір жылдары Ғафу Қайырбеков ағамызбен бірге болудың сәті түсіп, әңгімесін тыңдағанымыз бар еді. Сонда ақынның қара сөзге ерекше жүйріктігіне қайран қалғанмын. Көкірегі ұлтының ұлағатты сөздеріне толы мұндай жандармен аз-кем әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Бұл жолы Марфуғада да сондай қасиет бар екеніне көзім жетті. Айта түссе дейсің, тыңдай бергің келеді.

Адамды шығармашылыққа бастайтын – тағдыр деп жатады. «Мұң бар жерде поэзия бар»-дейді Дидро. Сыртынан қарап, төрт қабырғасы түгел, үлде мен бүлдеге оранып өскен еркетотай болып көрінгенімен, тағдыр тауқыметі Марфуғаны да айналып кетпепті. Адамның басын ойыншыққа айналдырған кешегі зұлмат заман тентекті де, тектіні де, момынды да бірдей  тепкіге салған екен-ау. Әйтпесе, білімі мен өжеттігінің арқасында Меккеге барып, бір қауым елдің серкесі болып отырған Айтхожа би, шешен әрі қажының ұрпағы азап пен тозақтың сан сынағына түсем деп ойламаған болар. Жетісу өлкесінің ең шұрайлы аймағы,  атақты Маман, Тұрысбек байлардың құтты қонысы болған, Молықбай мен Ілиясты, Сара мен Ғалиды қанаттандырған Қапалдай қасиетті өлкеде бақуатты ғұмыр кешіп жатқан әлеуетті әулеттің шаттықты шаңырағын шайқалтқан Қазан төңкерісі болатын. Бұл қасіретті күндерді Марфуға көрген жоқ, әрине. Алайда, қаймана қазақты туған жерін тастай қашуға мәжбүр еткен Голощекиннің қырып-жою саясатын бастан кешірген  ата-ананың  көздерінен жас орнына қан аға отырып айтқан әңгімелері  зерек жастың жүрегіне мәңгілік жазылып қалыпты.

Сол бір зұлмат заманның оқиғаларын жаның түршікпей тыңдау мүмкін емес. Қазақ ұлтын жаппай қырғынға ұшыратқан қолдан ұйымдастырылған геноцид Айтхожа қажының да шаңырағын айналып өтпеген. Атақты Мамания мектебінен білім алып, қазақша, орысша, арапша сөйлей де, жаза да білетін Ғали Айтхожин тіміскілерге таптырмайтын олжа екені белгілі. Білгірлігімен танылып, ел билігіне араласа бастаған талапты жігіт алғашқылардың бірі болып нысанаға ілініпті. «Жапон тыңшыларына мәлімет беріп жатқан жерінде ұсталды»-деген жаламен айыпталған ол өзі сияқты сормаңдайлармен бірге Алматыға жаяу айдалады. Мұншама азапты бұрын-соңды білмеген тұтқындардың біразы жолға шыдамай, қызылмай болып өліп жатты дейді осыны көзімен көргендер.

Алматының қабағы ерекше қатулы еді. Қаладағы түрмелерде орын болмағандықтан Ғалиларды «Мүттәйім бақ» деген бақта терең етіп қазылған орға әкеліп тоғытады. Күндіз қара жұмысқа жегіліп, кеш бата қайта орға қамалатын тұтқындарды сырттарынан мылтық асынған сақшылыр күзетіп жүреді. Күн сайын шетінен әкетіп жатқандардың біреуі де қайтып оралған емес. Бұл тықыр Ғалиға да таяп қалған. Осыны сезген ол амалын тауып қашып шығады да, барар жер, басар тауы қалмағаннан кейін шекара асады. Ал, ауылда қалған «халық жауының» жары мен балалары киетін кеп те әмбеге аян. Осылайша Бифатима ауыр жұмысқа жегіліп, ұлдары  Құдиярхан, Төретұрсын, Балатұрсын, Айтмұханбет пен қызы Гүлмәнуәр аштықтың құрбанына айналған. Ажалдан тек атасы Айтхожа қажының тәрбиесіндегі Шаяхмет қана аман қалыпты.

Білімдінің қай жерде де беті ашық. Қытайдағы ағайындарға ақылшы болып, ағаштан мектеп салдыған Ғали Айтхожин бұл жақпен астыртын хабарласып отырып, ақыры орайын келтіріп жары мен баласын алғызады.¦зақ жылғы сағыныштан кейін сүйген жандар осылайша қайта табысқан екен. Болашақ ақын Марфуға міне, осы махаббаттың жемісі.

Қайсыбір оқырман арғы тарихты ұзын-сонар баяндап жатқаны несі деп ойлауы да мүмкін. Алайда, әлгінде айтқандай, адамды ақындыққа әкелетін – тағдыр дейтін болсақ, Марфуғаны шығармашылыққа бастаған соқтықпалы-соқпақты жол қалай өрбігенін білуіміз қажет. Себебі, ата жұртынан жырақ кетіп,өзге елде табан тіреген отбасының қайғы-қасіреті мұнымен де бітпеген. Сталин мен Шыңжаң өлкесінің әміршісі Шың Сы Сайдың астыртын қылмыстық әрекетінің нәтижесінде ондағы аз ұлттарға жасалынған озбырлық саясат тағы да талай оғландарымызды орып түсірген. Солардың қатарында тағы да Ғали Айтхожаұлы жүргені анық. Қытайдың Сүйдініндегі қатыгегездігімен аты шыққан Айранбақ түрмесіне қамалып, кейіннен жылымық кезінде аман-есен елге оралған әкесінің естеліктерін естіп өскен Марфуға жақынының ғана емес, жалпақ жұртының жайын ойлап қамықпады деп кім айта алады. Кейіннен, қыздар гимназиясында ұстаздық етіп жүрген оны бай-бағландардың ақсаусақ балаларын еңбекпен түзеу қажет деген ұранмен төрт түліктен басқа көз сүріндірер қарайғаны жоқ құлазыған далаға  жер аударғаны шерлі жүрекке шер қосып кеткен. Соңын ала Құлжадан «Қалаға қайтарылмасын!»-деген бұйрықтың жеткенін Марфуға ақын қабырғасы қайыса отырып еске алады. Тек, өзіне қамқор болған әкесінің досы қолғабыс жасап, сары ауруға шалдыққан жас қыз отбасына оралған екен. Қызының тағдырын ойлаған әке енді оған жұмысқа шығуға тиым салады.

Түннің артынан күн шығатыны сияқты, бір қайғыдан соң бір қуаныш жүретіні белгілі. Сол сияқты, қытайдағы қазақтар да үнемі түнекте болмаған. Қыс-қыстауын Ақсудың бастауында өткізіп,  жазда  Талқы тауындағы Сайрам көлін жайлайтын жұртшылық қашанда қазақы сән-салтанатын жоғалтпауға күш салған. Ата-анасының сағынып көрген перзенті, дүйім елдің аяулысы Марфуға асылдан киім киіп, жорғадан жүйрік мініп, бала кезінен ойын-сауықтың ортасында өскен. «Анам ауылдың қыз-келіншектеріне: «Әлдекімдерше алба-жұлба киінбей, тәуір киімдеріңді киіп жүріңдер!»-деп өзі қадағалап отыратын»-дейді Марфуға сол күндерді еске түсіргенде. Екі адам бас қосса жыр жырлап, ән салуға бейім тұратын сауықшыл ауылда есейген ол бала кезінен қоржынының бір басына домбыра салса, екінші басына мандолин  артып жүреді екен. Алты ай жаздай жайлауда жағасын кеңге жаятын жұртшылық шілдеханадан бастап, бесікке бөлеу, тұсау кесер, сүндет той, құда түсу, қыз ұзату деп жалғаса беретін береке-думандардың бірде-біреуін құр жібермейтін. Ал мұндай сәттері сері жігіттер мен өнерлі қыздардың айы оңынан туатыны белгілі. өз жанынан өлең шығарып айтатын Бифатима осындайда отырыстың  сәні болатын. Ол халық әндерімен қоса, елге деген сағынышын, басынан кешірген қасіретті жайларды өлеңмен  өріп, жүректердегі шемен болған шерді тарқатудың шебері атанған. Анасы айтқан әндегі мұң, өлең жолдарындағы талайлы тағдырлар, атажұртқа деген алғаусыз аңсау,өзгенің қиянатын көрумен өткен өмірге деген өкініш, бәрі-бәрі бала Марфуғаның жадында мәңгілік жазылып қалған. Қызының тәрбиесіне зерделі әке де бейжай қарамағаны байқалады. Ол қытайда қазақ тілінде шығып жатқан кітап, газет-жорналдарды айтпағанда, Қазақстанда жарық көрген жақсы дүниелерді іздетіп жүріп алдырып, оқуға ұсынып отырған. «Абай жолының» арап қарпімен басылған екі томдығын әкеліп: «Балам, Мұхтар Әуезовтың осы кітабын зерделеп оқып шықсаң,  бүкіл өміріңе жол ашылады. Сен жазушы дегеннің кім екенін, қаламгер әлемінің жан-дүниесін осыдан ұғасың. Бұдан асқан құдірет болмайды»-дегені естен кетер ме екен. Абай, Ілияс, Қасым, өзге де қазақ ақындарының поэзиясы Марфуғаға бала кезінен таныс болатыны сондықтан. «Елге бара қалсаң онда Ғали Орманов деген ағаң бар. Оны Ақсудағы Қарағаш мектебіне оқуға орналастырған мен едім. Қазір ол Қазақстандағы үлкен ақындардың бірі. Есіңе сақтай жүр, қызым»-дейтін көрінеді перзентінің бойында ақындық қасиет бар екенін аңғарған  әке. өзінің ықтиярынан тыс, қалауынан бөлек , ата қанымен, ана сүтімен сіңген қасиет арқылы құнарлы топыраққа қонған дәндей бала жүрегінде поэзия гүлі бүр жарған еді.

– өзгені қайдам, мен ес білгелі әке-шешемнің асыл арманы –туған жерге, ата жұртқа қайтып оралу болатын. Ол ойларын жария етуге қытайдың жымысқы саясатынан жасқанса да, іштеріндегі сағынышты жасыру мүмкін емес,- дейді ақын алыста қалған сол күндерді есіне түсіріп.- Тіпті әкем бізге Қазақстанның куәлігін де алдырып қойған болып шықты. Бұл кейіннен екі мемлекет арасындағы жылымық кезінде  біздің алғашқылырдың бірі болып елге өтуімізге септігін тигізді. Осылайша 1958 жылы Қазақстанға қайтып оралдық.

 Бізді сол кездегі Қапал ауданына қарасты Абай атындағы кеңшардың төрағасы Нұрболат Түшкенов деген кісі Қорғас шекарасынан қарсы алды. Азды-көпті алып өткен жүгімізді қорапты машинаға тиеп, өзімізді жеңіл көлікпен алып жүрді. Ол кезде қазіргідей тас жол жоқ, өзімді құлазыған қу далаға келе жатқандай сезінгенім есімде. Бір тұсқа келгенде әкем машинаны тоқтатуды өтінді. Көліктен түскен ол он қадамдай жүріп барып, тізерлей отыра кеткен. Қос қолымен топырақты уыстап алып, құшырлана иіскеп, сүйгені дәл қазіргідей есімде. Селкілдеген иықтарынан әкемнің жылап отырғанын түсіндім. Жалалы болып түскен орыстың түрмесінен қашқанда да, қытайдың түрмесінде басына шеңбер салып, көзін сыртына шығарып азаптағанда да қара емендей қасқайып, көзінен бір тамшы жас шығармаған болаттай қайсар жанның  топырақты құшақтап жылағанын көргенде туған жерге деген сағыныштың қандай болатынын тұңғыш сезінгендей едім. Кейін білгенімдей, бұл әкемнің балалық, жастық шағы өткен Ешкіөлмес тауының баурайы екен.

Отбасы Көшкентал ауылына қоныс тепкеннен кейін көп ұзамай Марфуға арман қала – Алматыға аттанады. Домбырада құйқылжыта күй тартып, ән салатын  көрікті қыздың алғашқы ойы - әртіс болу болғанымен, бұл жолы да әке балаға жол сілтеп, қызына ақындықтың жалына жармасуға кеңес берген.Осы кеңесті қабыл алған Марфуға сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. өлең жазуды өмірлік мұрат еткен ол төгілдіре жыр жазуға кіріскен. өлеңсүйер қауымның  «Аспаннан күтіп жүрген ақынымыз қасымыздан табылды»-дейтіні де осы тұс. Алғашқы туындылары қытайдағы «Шұғыла» журналына шығып тұрған Марфуғаның өлеңдері енді біздің басылымдарда топ-тобымен жарияланып жатты. Көп кешікпей «Балқұрақ» атты тұңғыш жыр жинағы да дүниеге келген.

Сонау Құлжада жүргенде кітаптарын оқып, өлеңдеріне тәнті болған ақындардың көзін көру, қасында жүріп, ақыл-кеңестерін тыңдауды арман еткен Марфуға «Көркем әдебиет» баспасының табалдырығынан аттайды. Басқа орын болмағандықтан машинка басушы жұмысын атқаруға келіскен ол осы қызетіне де риза болған. Баспаның директоры Мұхаметжан Қаратаев, бас редакторы Тайыр Жароков, поэзия бөлімінің меңгерушісі Ғафу Қайырбеков, оның қол астында жап-жас Тұманбай Молдағалиев пен Шәміл Мұхаметжанов, Қайрат Жұмағалиев, Байронды қазақша сөйлеткен тентек ақын Төлеубай Смаиловтар осы жерде еңбек ететін. Олар жандарына келген жас ақын қызды алақандарына салып еркелете білді, қастерлей алды. Қасым Қайсенов анда-санда келіп: «Марфуға, сен ақынсың ғой, сондықтан қатесіз басасың. Мына дүниемді теріп бере қойшы?»-деп, ағалық базынасын айтуының өзі не тұрады. Алыстағы Қарақалпақ елінде жүрген Төлеген Айбергенов:

Сен қарайсың мен бе деп,

Жаралғанды айтуға.

Мен қараймын сен бе деп,

Желбіреген бар туға.

Ей, сырлы саз, сырлы саз,

‡лбіреген Марфуға.

Сендей қызға өлең аз,

өмір керек тартуға...! - деп арқалы ақынның асқақ жырын арнаса, кейін елге танылып, ақын қыздардың алдыңғы легінде атала бастаған тұста Керім Елемес:

Ана-Қыран,

Марфуға – жыр Анасы.

Бөбек жыр жүрегіңе ем,

Жыламашы.

Бөбек жыр

Анаң осы –Айтхожина,

Ана-Қыран – Марфуға,

Жыр Анасы,- деп ақтарылды.

 Сол ағаларының қолдауының арқасында кейін Марфуға Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтының жанындағы жоғарғы әдеби курсына оқуға аттанған. Желкілдеп өсіп келе жатқан екі қызын қимай қиналғаны есінде. Сонда тағы да әкесі ақыл қосып: «Балам, балаларың ер жетеді, сен олар үшін алаң болма. Ал, болашағың үшін білім керек. Мен сенің үлкен ақын болатыныңа сенемін»-деген еді-ау.

Мәскеу. Ол кезде бұл қала КСРО аталатын алып отанымыздың жүрегі еді-ау. Қазақстаннан Сайын Мұратбеков, Аян Нысаналин, Ерлан Әбеновтармен бірге әлем әдебиеті жөнінен дәріс алды, осы бір ғажап өнердің тылсымына бойлады. Терең білім шалқар шабыт шақырады. Осында жүргенде Марфуға өндіре өлең жазған. Тың туындыларын өзімен бірге оқитын ерлі-зайыпты орыс ақындары Татьяна Кузевлева мен Владимир Совельевтер бірден орысшаға тәржімалап, «Литературная газета», «Правда», «Дружба народов», «Знамя» газеттеріне жарияланып жатты. Осы кезеңде  Мәскеудегі «Художественная литература», «Советский писатель», «Молодая гвардия», «Детская литература» сияқты үлкен баспаларынан Марфуғаның «Бір уыс топырақ» -«Горст земли», «Дала пернесі» - «Струна степей», «Тұлпар тұрманы» - «Украшение коня», «Жазғы шық» -«Летние росы» кітаптары бірінен кейін бірі жарық көрді. Ақын Мәскеуде өтіп жататын, жалпы одақ көлеміндегі көптеген мәдени шаралардың құрметті қонағы болып, қазақ ұлтының абыройын сан асқақтатқан. Тірсегіне түсетін толқындаған қара шашына қарап оны бірде «су перісі –русалка» деп атаса, енді бірде ойлы да көркем өлеңдері мен аққудай әсем мүсініне орай «Пушкин күндерінің ханшайымы – королева пушкинских дней» деп әспеттейтін. Қай жерде жүрсе де Марфуға қазақ қызы деген атты жорғары ұстап, дала перзентінің дархандығы мен даралығын, алғырлығы мен асаулығын таныта білді.Сол қасиеті арқылы қадірін арттырды.

–Маған басшылар ешқашан қызмет ұсынған емес,- дейді Марфуға Мәскеуден келгеннен кейінгі кезеңді еске алғанда.- Мен де оны сұрамадым, білем. Мен өз бақытымды өлеңнен тапқан адаммын. Осы жолда көп еңбектендім. Бір жаққа демалуға барсам да, іссапарға шықсам да, қонақта жүрсем де қолымнан қалам түспейтін. Тіпті, көлік ішінде келе жатып та өлең жаза беретінмін.

  Ақынның бұл сөзімен келіспеске болмайды.Мысалы, қазақстандық делегация құрамында Болгарияға барғанында бас-аяғы бір аптада 700 жол өлең жазып қайтқан еді. Олардың барлығы кейін болгар тіліне аударылып басылды. Осы жайлы ақынның өзі: «Сапарларға шыққанда мен ас ішіп, аяқ босатпай, өлең арқалап қайтатынмын,- дейді.- Бұл менің әдетіме айналған. Барған жердің адамдары, табиғаты, мөлдіреген көлі мен тау-тасы өлең болып өріле береді. Және жазар алдында ұйқас, форма іздеп қиналмаймын. Ойларым бірден лақ етіп құйылып түседі. Жазғандарымды некен-саяқ түзетемін»

Болгария дегеннен шығады, ‡стемтаптың озбырлығына төзе алмай әке-шешесінің шекара асуға мәжбүр болғаны ғұмыр бойы Марфуғаның алдынан шығып отырғанын айта кету керек шығар. Мысалы, «Струна степей» кітабы үшін Мәскеуден Бүкілодақтық комсомол сыйлығына ұсынылғанда ел жақтан: «оған бұл сыйлықты беруге болмайды, себебі Айтхожина қытайдың тыңшысы»-деген домалақ арыз жетіп, жолы кесілсе, талай рет шет елге шығар сапарында осы айыппен Мәскеуден қайтқанын қайтіп ұмытсын. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар»,-дейді ол бұл жайлы әңгіме қозғалған кезде.- Мен атақ-абырой іздеген жоқпын. Табандарын тас тіліп, тау асып, құм шайнап, көздерінен жас орнына қан ағып, елге деген сағыныштарынан құлындаған дауыстары құраққа жете жылап жүрген шеттегі қазақтардың мұң-зарын, солардың аманатын арқалап келіп, ақ қағазға өлең етіп түсірдім. Бәлкім сол сағыныш, сол аманат мені ақын еткен болар. Ендеше мен бақытты адаммын»

Марфуға туралы жазбақ болғанымда оның шығармашылығы жайлы, сырлы да нәзік өлеңдері турасында ой толғамақ болғанымды жасырып қайтейін. Алайда, ақын әңгіме тізгінін бірден өз қолына алды да, өзінің тағдырлы өмір-тарихын баяндай берген. өлең оқығандай өрелі сөз тіркестерімен өрілген бұл баян мені бірден баурап ала жөнелді. Марфуғаның басынан кешкендері аға ұрпақтың жүріп өткен ауыр да азапты жолын алдыма әкелгендей еді. Осы кезде «адамды шығармашылыққа әкелетін – тағдыр»-деген тәмсілге илана түскенмін.

«Сен менен хал сұрама, жырды сұра...»- деп Мұқағали айтқандай, біз де апамыздың ақұлпа бұлттардай жөңкілген жырларын естігіміз келген. Ол жайлы өтінудің өзі қажет болмай қалды. Азғана отырыста ақын әлденеше өлеңін оқып үлгерді. Әр кезеңдерде жазылған туындыларын жаңылмай, жатқа оқуы мені таңдандырған әрі сүйсіндірген. Осы кезде өз өлеңдерімді жатқа білмейтінім есіме түсіп, қарадай отырып қысылғаным бар.

   Менің талдықорғандық Әбен Дәуренбеков деген ақын ағам, топырағы торқа болғыр, жазғаны жайлы айта бастаған ақын інілеріне: «Әй, өлеңге коментарий жасап керегі жоқ. Сен оқы, жақсы болса өзіміз-ақ түсініп аламыз»-деуші еді. Шындығында, жүректен шыққан жақсы жыр жүректерге барып құйылып жатады. Марфуға өлеңдерінің артықшылығы да осында жатыр ма деймін. Әйтпесе қарақалпақстандық Дарина Жаңабаева деген сазгер ақынның 30-ға жуық өлеңдеріне ән шығарар ма еді.

 Енді бір сәт ақын апамыз әлденені есіне түсіргісі келгендей терезе сыртына сұқтана көз салды да, бір өлеңін оқи жөнелді:

Дүлей теңіз мендегі сезім деген,

Жан бар ма сезім күшін сезінбеген.

Бар өмірге қимас ем, әттең дүние-ай,

Жалғыз сәтті өткізген өзіңменен...

Мөлдіреген сезім, сартап болған сағыныш көз алдыңа түзіліп жүре береді.

– Поэзияның өзі махаббаттан басталады емес пе. Мына өлеңіңіз шынайы сезімнен туған толғаныс қой...-деймін.

– Мен бір адамға ғашық болып, оған қол жеткізе алмаған жанмын,- деді кенет ақын ағынан жарылып.- Бәлкім, қосылған болсақ, ынтық сезімдеріміз тұрмыстың толқындарына шайылып, көмескі тартар ма еді, қайтер еді. Алайда осы махаббат ғұмыр бойы менің жүрегіме нұр құйып, жанымды жылытумен келеді. Әйтпесе:

өзің едің өмірдегі бір теңім,

Әр кеудеге қона бермес жыр тегін.

Көңіл дымқыл, күн көзіне құрғатып,

Көз жасымды ақ бұлттарға сүртемін...

Немесе:

өтер жастық, келмес қайта оралып,

өтер күлкі, өтер қайғы – ол анық.

өтер бәрі, тек махаббат мызғымас,

Қалғаныңша жер көрпеге оранып,- деген өлең туар ма еді?! Ол адам қазір өмірде жоқ. Балаларымның әкесі де дүниеден өткен. Алайда сол іңкәрлік шоғын үрлеумен бүгінгі күнге дейін махаббат жайлы өлеңдер жазып келемін.

–       Жарыңыз туралы білгіміз келеді?

–       Ол да сол жақтағы белгілі азаматтардың бірі еді. Бірақ, жүрекке әмір жүрмейді емес пе. Сірә, некенің бұзылуына ұйытқы болған мен шығармын...

    Бұл жақта отасқан жары киноактер, әнші әрі композитор Абылай Жұмаханұлы болғаны белгілі. Ол да өнер саласында өзіндік әлемі бар азамат емес пе. Алайда бұл әңгімеге тағы бір орайы келгенде орала жатармыз.

«Егер адам талантты болса, ол бар жағынан талантты»- деген тәмсіл бар. Осы жолы Марфуға апамыздың сазгерлік қырына тәнті болып қайттық. Ең алғаш Пәкістанға сапарға шығар алдында  «Исламабат аспаны» деген өлең туып, ізінше әуені дүниеге келген еді. Содан бергі он жыл шамасында ол тыңдармандарының жүрегіне жол тартқан романстар шығарумен келеді екен. Табиғат, сезім, адамдық турасындағы дүниелері өз бағасын алып үлгерсе, Елбасына арналған «Дара тұлға» романсына Президенттің өзі ризашылығын білдіріпті. «Көкірегіме бір әуен келіп құйылады да, әнге айналып жүре береді. Оны қыздарым, інілерім нотаға түсіріп, қалыпқа келтіріп беріп жүр. Бір концерттен кейін талғамы жоғары тамаша әншіміз Ермек Серкебаев: «Марфуға, айналайын, әнің керемет. Заманға лайық осындай бір ән керек еді. Егер опера жазар композиторлар болса сенен кеңес сұрауы керек екен»- деп әзіл-шыны аралас айтқаны бар»-дейді сазгер-ақын жаңа әуесқойлығы жайлы.

   өткен жылдар маңдайына өз ізін қалдырған Марфуға Айтхожа әзірге жасым ұлғайды деп отырған жоқ. Алғы күндерге шығармашылық жоспарлар құрып, белестерді бағындыруға әлі де бейім екенін аңғартады. «Жанарымның сәл жасығаны болмаса, өлең жазудан, ән шығарудан жалыққан емеспін. өлеңсіз өз өмірімді елестете алмаймын»-дейді ол сөзін қорытындылап.

Айтпақшы, Марфуға апай өзге тұстастары сияқты балаларын, немерелерін мақтан етеді.  «Әкелері де, шешелері де өзім бола жүріп Әлия мен Жанбота атты қыздарымды тәрбиелеп өсірдім. Екеуі де жоғары білім алып, білікті маман атанған. Олардан өрбіген немерелері – Айжан, Мөлдір, Нәзік және Ермұрат әжелерінің поэзиясын терең түсініп, ұлттық болмысымызды бойларына сіңіріп өскен жеткіншектер. Айта берсе олардың жеткен жетістіктері жетерлік екен. Марфуға апамыздың айтқан әңгімесінен оған да құлағымыздың құрышы қанған.

Біз біраз отырып әңгімелестік.  Әңгімелестік дегенім бекер болар, негізінен ол сөйледі, мен тыңдадым. өмір үшін, өлең үшін, өрен үшін Адамның, Ақынның, Ананың бітіспес майданы көз алдымда кинодай жүріп өтті. Сондағы түйгенім, кез-келген адамның өмірі – жазылмаған кітап дейтін болсақ, Марфуға ақынның соқтықпалы- соқпақты ғұмыры том-том кітап болары анық. Мына баянымыз соның бастамасы ғана шығар, сірә.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364