Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3521 4 пікір 27 Желтоқсан, 2023 сағат 15:26

Герольд Бельгер. «Қазақ дәптері»

1963 жылдың күзінде КазПИ-ден келе жатып, Советская 32-дегі жатаханаға соқтым. Асқар Сүлейменов жатахананың екінші қабатындағы қуыстай бір бөлмесінде тұратын. Бөлме іші астаң-кестең, көкала түтін, толған кітап, журнал, қобыраған газеттер, әлдебір қолжазбалар. Малер, Бетховен, Моцарттың симфонияларын тыңдап, бұрқыратып шылым шегіп, ойға шомып, инеліктей қатқан Асқар отырар еді.

Екеуміз де ол кезде аспирантурада оқимыз. Таусылмайтын әңгімеміз әдебиет, музыка, саясат. Асқар сол кездің өзінде әрі декадент, әрі диссидент. Білмейтіні жоқ. Сөзі кесек, ойы бөлек, тілі қыршаңқы. Орысша-қазақша аралас сөйлейді. Кафка, Камю, Малларме, Хемингуэй, Борхерт, Томас Манн, Генрих Белль, Джойс дейді. Ара-арасында тамсанып қойып, «рухани катарсис» деп қояды. Мен бұрын естімеген сөздерді айтады. «Трансцендентальная апперцепция» деп мені әбден шатастырады. Кеңес саясатын әшкерелейді, партия көсемдерін келемеждейді, мысқылдап, кекетіп, мұқатып күліп қояды. Екі сөздің бірі Ницше. Орыс жазушыларын айта бастаса, «глупость», «тупизм», «маразм», «примитив» дейді. Горкийдің өзін кәдуілгі Иван деп менсінбейді. Қазақ жазушылары сөз болса, тісінің арасынан «қыр-тым-бай-ство» деп сызылтады. Әлбетте, Әуезовты пір тұтады, қатарласы Әбішті мойындайды. Пақыр кедей болып жүріп, бүкіл стипендиясын пластинкаларға жұмсайды. «Бетховеннің симфонияларын тыңдағанда, қолыңа тас алып, көшеге шыққың келеді» дейді қабағын түйіп, түтінге қақалып. «Иә, солай!» - деп қостап қоямын. «Бірақ сіз Бетховенді біржақты ғана білесіз. Ойлы, мұңлы сонаталарын білмейсіз. Сонаталарында Бетекең – философ». Мен өз білетінімді мойындаймын.

Бірде Малердің симфониясын тыңдаймын деп Асекеңе келсем, маған бейтаныс үш қазақтың жігіті отыр. Алдарында бір шөлмек арзан шарап, тісбасары жоқ. Ұрттап қойып, бәрі жарыса сөйлейді. Әңгімелерінің түрі өзгеше, ойлы, өрлі, көтеріңкі. Бірінен бірі асқан ақылмандар. Шашы бұйра, тойған қозыдай біреуі биязы күлімсіреп, жібектей жұмсақ сөйлейді. «Сайын. Новеллист», - дейді Асқар біздерді таныстырып. «Қайдағы новеллист? Новеллист деп Цвейгті айт. Біз жай ғана тышқаншылап жүрміз ғой « - дейді бұйра шашты. Бейтаныстың екіншісі тарамыс, қара сұр, бойшаң, арық, келбетті, сұлу жігіт. «Зейнолла. Сыншы. Серікқалиев», - деп таныстырды Асқар.

Үшіншісі - қырылдаған дауысы бар, кетік тіс, тапалдау, шашы жұқалау, Асқармен таласа сөйлейтін, айтысқанда есесін жібермейтін, жан-жағына алақтай қарайтын, қуақылау, келемежге оңтайлы жылтыр қара. «Қалихан. Прозаик», - деп қояды Асқар. Үшеуі де маған салғаннан ұнады. Үшеуі де «Гера! Гера!» деп мені жатырқамай, ескі танысындай жақын тартты, үйірлеріне қосты. Көп ұзамай мені Әбдіжәмил Нұрпейісов «Жұлдыз» журналына «литсотрудник» қызметіне алды. Сонда осы жігіттермен ақи-тақи танысып, достасып кеттім.

Енді, міне, Асқар да, Зейнолла да, Сайын да жоқ... Басымыз қосылған жерде қазақ әдебиетінің келешегі сөз болатын. Сондағы ойымыз: Мұқаң (Әуезов) жоқ, ал Сәбең (Мұқанов), Ғабең (Мүсірепов), Ғабаң (Мұстафин), Әбекең (Тәжібаев), т.с.с шалдар кеткеннен кейін көш басында кімдер қалар екен? «Орталық шабуылшы Тахаң (Ахтанов) болады», - дейтін үзілді-кесілді Асқар, - Оң жақ шабуылшы - Әбекең (Нұрпейісов). Левый нападающий – Зекең (Қабдолов)». «Ал қорғаушыларың кім?» - деймін. Асқар мүдірместен жауап қайтарады: «Сафуан. Тәкен. Бердібек.» «Қақпаға кімді қойсақ екен?» - деп күлеміз. «Хаха. Қаратаевтың өзін қоямыз. Ол соцреализмнің сақшысы. Бірде-бір допты өткізбейді. Запасной қақпашы Шашкин болады. Ол жанталасып жүріп, күйбеңдеп допты өз қақпасына өзі түсіреді. Хе-хе-хе!» Мәз боламыз.

Е-е... әдебиетіміз өлмейді екен. Жаңағы Асқар атаған «футболшылар» ол кезде қырыққа тақағандар еді, ал, біздер – жиырма алты, жиырма тоғыздың аралығындамыз.

Ойбой... енді, міне, Қалихан, Қадір, мен жетпістен асып барамыз. Анау «футболшылардан» жалғыз Әбекең (Нұрпейісов) қалды тоқсанға қарай адымдап. Әдебиет, Құдайға шүкір, құрыған жоқ. Біздер де Қалтай (Мұхамеджанов) айтпақшы, ретін тауып бір күні кетерміз.

Еділбек Дүйсенов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320