Тоқаев: «Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес»
Мемлекет басшысы алдағы наурыз айында өтетін Ресейдегі президент сайлауының жаһандық ықпалы туралы айтты.
«Ресейде өтетін президент сайлауының біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені баршаға аян. Өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз.
Былтыр Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі болғаны анық. Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.
Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі. Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі.
Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық.
Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады»,-деді президент.
фото: ашық дереккөзден
Abai.kz