Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1655 3 пікір 8 Қаңтар, 2024 сағат 12:02

Тәрбиенің ішкі сырлары

Адам табиғи эволюция заңдылығымен жетіледі. Ендеше не себептен адамзат қоғамы үнемі жоғары өрлеп, өркендеп, жетілудің орнына кейде құлдырау жолына түседі? Оның себебі – адамдардың өздеріне берілген табиғи ерікті дұрыс пайдалана білмей, тән құмарына беріліп кетуінде. Жан өзінің табиғи болмысын дұрыс пайдаланбағандықтан өмірді дұрыс түсініп, білімін жетілдіре алмайды. Бүкіл қоғам надандық шырмауына түсіп қалады.

Өмірді дұрыс түсінуді үйрету бала тәрбиесінен басталады. Бала тәрбиесін дұрыс түсініп, оны дұрыс жолға қоюдың қоғам өмірінде үлкен маңызы бар. Абай өзінің жиырма бесінші, отыз жетінші, отыз сегізінші сөздерінде бала тәрбиесінің қандай болу керектігін толық жазып кеткен. Баланың дұрыс тәрбие алып, жақсы адам болып жетілуіне тек қана ата-ана ғана емес, бүкіл қоғам міндетті. Бұл туралы Абай отыз жетінші сөзінде «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» дейді. Сондықтан бүгінгі еліміздегі жағдайға бір адам емес, бүкіл қоғам кінәлі. Ендеше бұл мәселені де бүкіл қоғам болып шешуіміз керек.

Бала тәрбиесінің өзіндік заңдылығы бары белгілі. «Баланы жастан» дейді қазақ. Тәрбиенің міндеті – баланың мінез-құлқын дұрыс қалыптастырып, заманға сай азамат етіп шығару. Біздің заманымызда, өкінішке орай, керісінше, тәрбие баланың табиғи жетілу заңдылықтарын бұзып, дұрыс жетілуіне бөгет жасайды. Рухани надандықтың әсерінен бала тәрбиесі оның келешегі үшін керек мінез-құлқын қалыптастыру емес, күнделікті тән қажеттіліктерімен қамтамасыз етуден аспайды. Осылай бала туған күнінен бастап, соңғы тынысына дейін қорлық көреді деуге болады. Дәлел келтірейік.

Бес жасқа дейінгі алғашқы кезеңде балаға ерік берудің орнына ата-анасы оның барлық іс-әрекетіне шек қояды. Ойлары – егер бала тыныш отырса балаға да жақсы, өздеріне де жақсы. Өмір қызығына ұмтылған ата-ана баланы ойыншыққа айналдырып жібереді. Оны ермек етеді. Немесе, өздеріне тыныштық үшін балаға «тыныш отыр», «ананы істеуге болмайды», «мынаны істеуге болмайды» деген тежеулермен баланың еркін шектеп, білуге деген ынтасын жояды. Баланың келешегін ойламағандықтан, оның адами болмысының қалыптасуы ұмытылады. Өздері сезім қанағаты деңгейінде. Осылай шек қойылып, баланың жігер-қайратын байлап, еркіндік бермейді. Не болмаса, керісінше, баланы еркелетіп, өз бетімен жібереді. Осылай ол жақсы мен жаманды айыра білмейтін, басқаның ақыл-кеңесін бағаламайтын, ерке және «бейбастақ» болып өседі.

Еркеліктің әсерінен, не болмаса ата-анасының шектеуімен көріп, естіп, иіскеп, қолына ұстап табиғатпен таныса алмаған бала осылай бес жастан кейінгі, келесі – ақыл қалыптастыру – кезеңге өтеді. Бұл кезде бала өмірді ақылымен қабылдай бастайды. Сыртқы көріністерді еркін қабылдап үйренбеген сезімдері қоршаған ортаға селқос болып, бала жігерсіз-ынжық, бейқам болып, ақылы дұрыс қалыптаспайды. Сырттан түскен хабар толық болмаса, ақыл да толық жетілмейді. Жетілмеген ақылды сезімдер оңай жеңіп, баланың ақыл-есін билеп кетеді. Осылай ақыл сезімдерді басқара алмай, керісінше, ақылын сезімдері басқарып кетеді.

Ата-анасы баланың сезімдерін тежеп ақылдың өсуіне көмектесуі керек. Бірақ іс жүзінде олар баланың көңілін аулап, оның шексіз тілегін орындайды. Осылай алыс-беріс заңдылығы бұзылады. Тек қана алып үйренген баланың психикасы өзгере бастайды. Алыс-беріс тепе-теңдігі бұзылғандықтан, нәпсі күш алып, жақсы мен жаманды айыра алмайтын болады. Алыс адамның заттық болмысын, ал беріс рухани болмысын қалыптастырады. Екеуі тең болуы керек. Бұл теңдік бұзылғанда психика бұзылады. Сезімдер күш алып, ақыл сезімдерге ие бола алмай қалады.

Көп балалы үйде өзара көмек, қамқорлық барысында бала өзінен басқа да жандар барын сезініп, оның көңілін аулап, беруге бойы үйренеді. Ал бір-екі бала ғана бар отбасында олар тек қана ата-анасынан алуға ұмылып, беруге ынтасы болмайды. Эгоизм өседі. Осылай бала жүгенсіз ерке, іске олақ, мінезі солақ, іске салақ, өзі селқос, нәпсісіне ие бола алмайтын шыдамсыз, ашуланшақ, ақылы төмен болып қалыптасады.

Ескертетін жағдай, бүгінгі күндердегі туыстың арасындағы келіспеушілік те алыс-берістің бұзылуынан. Абай қара сөзінде дұрыс қарым-қатынас болу үшін бөлісу малмен емес, ақылмен болу керек екенін айтады. Мал – адамдарды айыратын заттық деңгей, ал ақыл – керісінше, рухани деңгейден шығатын адамдарды біріктіретін салтқа жатады.

Он бес жастан өмірінің соңына дейінгі үшінші кезеңде ес қалыптасуы керек еді. Бұл кезеңде бала өмірді есі арқылы қабылдайды. Ол өзін сезініп, қоғамның мүшесі ретінде әрекет етеді. Есті нығайту үшін білім және оны жадқа бекіту керек. Бала сезім мен ақыл-есті екі мақсатқа қолданады. Біріншісі – білім алу үшін, ал екіншісі – ләззат алу үшін. Тән құмарына берілген бала білім алудың орнына нәпсіге беріледі. Тән құмарына жұмсалған ақыл білім ала алмайды, өмірді дұрыс түсінбейді. Білімсіз ес өспейді. Баласының жағдайын түсінбеген ата-анасы оған түрлі ақыл айтып, баланың есін қалыптастырғанның орнына оның «есін шығарады». Бала бұл шексіз ақылдан әбден жалығып, біраздан соң мүлде қабылдамайтын болады. Осылай Абай сөзімен айтқанда, «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ, Күлкішіл кердең наданның» болып өседі.

Ақылды тыңдамайтын селқос, не болмаса қыңырлық осылай пайда болады. Білімсіз сезімдер ақылды билейді, ал жалған эго тек қана тән құмарын іздейді. Тән құмары билеген бала мен-мендігі өсіп, әке-шешесінің айтқандарына құлақ аспайды, қарсылық көрсетеді. Осылай әйгілі әке мен баланың арасындағы қарсылық, келіспеушілік туады. Бұл кезеңде әке баланың тәрбиешісі емес, досы болуы керек. Әке-шешесінің қолдауынан айырылған бала алдағы өмірде жалғыз қалады. Бұл бүгінгі күндер көрінісі.

Сондықтан естің қалыптасуы кезеңінде балаға шек қоюға болмайды. Шек қойылса эгосы қарсыласып, кері нәтиже береді. Ес қалыптаспайды. Бұрын күш алып кеткен сезімдер ақылға көнбей, шексіз қанағат іздейді. Егер қанағаттана алмаса баланың оған деген ынтасы күшейе түседі. Қазақтың «Ит қорыған жерге өш» деген мақалы тегін айтылмаған. Шек қойылған сезімдер күшейеді. Бұл физиологиялық құбылыспен байланысты. Тек күшті ақылдың қуатымен ғана сезімдерді жеңіп, ауыздықтауға болады. Кейбір діни ағымдардың нашақорлық, маскүнемдік, нәпсіқұмарлық тәрізді емдеуге келмейтін ауруларды оңай жеңетіні осы себептен. Діни жолға түскен адамның ақыл-есі рухани күшпен оңай жетіліп, өзінің сезімдеріне ие бола бастайды. Яғни, ішкі сезімдер сыртқы сезімдерді жеңеді. Ал кезінде ондай көмек алмаған балалардың сезімдері күшейіп физиологиялық өзгеріске түсіреді. Осылай адам еркінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығуы мүмкін. Қазіргі замандағы садист, педофил, гомосексуализм тәрізді бұрын естіп-көрмеген құбылыстардың пайда болып, жыл сайын көбеюін осылай түсіндіруге болады. Тежеуші күш болмағандықтан, олардың сезімдері аса асқынып, ақыл-естің шамасы келмегендіктен, ауруға айналып кеткен. Бала тәрбиесі кезеңдерін дұрыс түсінбей, оның адами қасиеттерінің эволюциялық қалыптасуына бөгет болудың нәтижесі, міне, осындай. Әрине, бұлар шектен шыққан құбылыстар. Ал күнделікті өмірде тәрбиенің дұрыс болмауы адамды тек қана сезім деңгейінде қалдырып, рухани жаңғыруға бөгет болады.

Есті қалыптастыру дүниетанымды қалыптастырумен бірдей. Дүниетаным күшпен өзгермейді. Ол үшін білім мен адамның еркі бірігуі керек. Балаға білім беру үшін оған достық қатынас арқылы қалау-ниетін ояту керек.

Адамның есі өскен сайын ол бұл дүниенің мән-мәнісін, болып жатқан құбылыстардың өзара байланысын түсініп, олардың түпкі себебіне үңіле алады. Ол бүкіл болмыстың түпкі мәнін түсініп, тіпті шексіз әлемдегі өзінің алатын орны мен міндетін түсіну деңгейіне жетуі мүмкін. Осылай ол жалған эгодан арылып, нағыз эгоға ие болады.

Осылай, өзінің рухани болмысын толық таныған адамға үйлесімді өмірге жол ашылады.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377