Маңғыстауда мұнай өндіріліп қана қоймайды, мұнай қалдықтары да өңделеді
Маңғыстау облысында 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына 34 жоба енгізілген. Сметалық құны 280,1 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалар жаңадан 8,8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 230,9 млрд. теңге құрайтын, 8,4 мыңнан астам адамға жұмыс орнын ұсынатын 32 жоба өңірдің өз үлесінде, ал сметалық құны 49,1 млрд. теңгені құрап, 400-ге тарта жұмыс орнын ашатын 2 жоба республикалық Индустрияландыру картасының еншісінде деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы.
Маңғыстау облысында 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына 34 жоба енгізілген. Сметалық құны 280,1 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалар жаңадан 8,8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 230,9 млрд. теңге құрайтын, 8,4 мыңнан астам адамға жұмыс орнын ұсынатын 32 жоба өңірдің өз үлесінде, ал сметалық құны 49,1 млрд. теңгені құрап, 400-ге тарта жұмыс орнын ашатын 2 жоба республикалық Индустрияландыру картасының еншісінде деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы.
Үш жылдан бері өңірде 23 жаңа өндірістік нысанды іске қосып, 1800-ге жуық жұмыс орнын құрған бағдарламаның Маңғыстау даласына берері әлі де көп. Оны бүгінгі іске асырылып жатқан және болашаққа бағдарланған жоспар-жобалардан аңғарамыз. Бұған дейін жүзеге асқан жобалар арасында диірмен кешені мен қоспажем зауыты бар элеваторлық кешен дейсіз бе, кеме жөндеу, мұнай-газ құрал-жабдықтарын дайындау, теңіз операцияларын қолдау, мұнайлы қалдықтарды өңдеу базасы дейсіз бе, бұрғылау ерітінділерін өндіру, металл құрылғылар зауыты, газ құю және мұнай мен мұнай өнімдерін сақтау терминалдары, азот қышқылы және мүсәтір сілтісін өндіретін орын дейсіз бе – түр-түрі бар. Қаптауыш кірпіш керектер, электр құрал-жабдықтарын іздегендер, бетон қажетсінгендер шетел асып шашылмай, өзімізден-ақ таба алады. Өндіріс орындарының, тіпті, құрылыс жұмыстарының да соңғы технологиялармен жұмыс жасауы былайғы жұрт үшін таңсық түрлі құрал-саймандар қатарын молайтқан. Ақтауда алдын ала оқшауланған құбырлар, қуыс жабынды плиталар, полиэтилен құбырлар, газбен жұмыс істейтін бетон өндіріле бастады. Өнімдері – өндіріс мекемелері мен құрылыс салушылар аттай қалап, қылдай бөліп алатын бұйымдар. Сондай-ақ, сүт, балмұздақ, бөлке нан, дәрі-дәрмек өндіру де назардан тыс қалмаған. Ал халықаралық маңызы бар «Өзен-Түркіменстан» мемлекеттік шекара темір жол құрылысының аяқталып, «Бейнеу-Жезқазған» темір жол құрылысының басталуы да жаңа да жасампаз жұмыстардың жарқын жалғасы. Қолдануға берілген нысандар елге пайдасын тигізе бастады. Бұдан екі жыл бұрын іске қосылған «ГММОС» ЖШС-ның мұнай-газ құрал-жабдықтарын дайындау зауыты франциялық зауытпен бірге консорциум құрып, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ға сүзілген теңіз суын тұщытатын қондырғы салып берді. Ауыз су мәселесі маңызды болып саналатын Маңғыстау өңірі үшін бұл айтуға тұрарлық еңбек. Осылайша, ұжым тек мұнай-газ саласына ғана емес, энергетика саласында да халыққа қолғабыс тигізуде.
– Биыл 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашатын 3 жобаны іске асырамыз деп отырмыз. Олардың арасында «Caspi Bitum» ЖШС-ның Ақтау пластмасса зауытында салып жатқан жол битумдары өндірісі мен «Каспий Цемент» ЖШС-ның Шетпе кентіндегі цемент зауыты құрылыстары бар. Алғашқы компанияның құрылтайшылары – «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ мен Қытайдағы ірі компанияның еншілесі «Citic Kazakhstan» ЖШС болып табылады. Осындай айтулы компаниялармен байланысты мекемемен жұмыс жасау өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Биыл жыл соңында пайдалануға тапсырылатын зауыт жылына 406,5 тонна жоғары сапалы жол битумын өндіретін болады. Ал германиялық компания тәжірибесі негізінде 300-800 маркалы цемент дайындап, 300 жаңа жұмыс орнын ашатын Шетпедегі цемент зауыты да еліміздің дамуына өзінің қомақты үлесін қосатын болады, – дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Гүлжан Байжауынова.
Бағдарлама басты әрі басым бағыт болғаннан бергі әрбір жылды елеулі жетістіктермен қорытып, басталған жылды үлкен үміттермен орталаған облыста алдағы жылдарға артылған арман осал емес. Келер жылдың табалдырығынан аттасымен-ақ жақсы жұмыс жалғасын тауып, болашаққа белгіленген 8 жобаның алғашқы легі қолға алынбақ. Жылына 96 кемені жөндеп, жаңғыртудан өткізетін «САГА Аташ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Кемелер мен басқа да жүзбелі құралдарды жасау мен жөндеу және су көлігінің өзге де қосымша қызметі» жобасы, Маңғыстауда металлургия өндірісін дамытады деп күтілетін «Ақтау темір құю зауыты» серіктестігінің «Электрлік темір балқыту кешенін салу» жобасы, Түпқараған ауданында салынып, Форт-Шевченко аймағына электр энергиясын өндіретін «DMK-Ko» серіктестігінің «Жел электр стансасын салу» жобасы әрқайсысы сүбелі сала. Сәтін салса, осы үшеуі 1000-ға жуық жан нәпақа айыратын жұмыс орны болып, еңбек көрігін қыздыратын болады. Бұлардан басқа «Полимерлік орауыш өндіру жөніндегі зауыт», «Экологиялық таза кеме отынын өндіру мен полимерлерді синтездеу жөніндегі зауыт», «Ақтау теңіз порты» экономикалық аймағында салынатын мұнай өңдеу зауыты, қабырға панельдері, көп қуысты плиталар, тұтас қималы плиталар, сондай-ақ, таңбалы бөренелер өндіретін «Үй құрылыс комбинаты» жобалары келер жылдардың иініне жүктеліп отыр. Саласына қарасаң, барлығы да өз бағыты үшін барынша маңызды саналатын іспен айналысып, қажетті бұйымдарды өндіруге ынта еткені көрініп тұр. Жастар жағы жоғары қабаттағы үйлеріне жолай бірнеше рет демалып жететін, ал лифтіге бола дала көрмей, қалған өмірін төрт қабырға ішінде өткізуге мәжбүр болған қарттар мен мүгедектер үшін талай жылдан бері арман болған лифт мәселесі де таяу болашақта өзімізде шешілетін тәрізді. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, өзгеден саудалаған сәлдей нәрсенің құны шарықтап шыға келетіні белгілі. Бір ғана лифтіні «8 млн. теңгең болмаса түсіңде көр» дейтін шетелдіктерге енді Қазақстаннан қаражатын «түйіп» баратындар бола қоймас, өйткені, біздің осы тұрғыдағы жыртығымызды жамауға Қазақстан лифт жасау зауыты кіріскелі отыр. Бұрын елімізде болмаған тың жоба келесі жылдың соңына таман аяқталып, 100 адамдық ұжыммен жылына 1000 лифт шығаруға білек сыбанып отыр.
Еліміздің қай жерінде жасалған қандай жоба болсын – қазақ баласының қамы үшін. Киелі Маңғыстау жерінде қадасы қағылған ірілі-ұсақты өндіріс орындарының мақсаты да сол. Олардың әрбірін болашаққа баратын баспалдақ десек, қателеспеспіз.
Abai.kz