Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Дін мен тін 3492 13 пікір 12 Қаңтар, 2024 сағат 13:50

Тәңіршілік тағылымы

Қоғамда діни мәселе тым ушығып тұр. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін дін саяси сипатқа ие болып, зайырлы конституциялық мемлекет үшін актуалды құбылысқа айналды. Қоғамдағы дін төңірегіндегі пікірлер екі тарапқа тарқаған: бірі – ислам болса, екіншісі – исламды сынға алған тәңіршілдік. Олардың көздеген мақсаттары қандай, арадағы өзара қатынас қалай өрбуде деген сұрақтарды бүгінгі талқыға салып отырмыз. Бұл әңгімеге Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің Философия кафедрасының доценті, Философия ғылымының докторы Берік Аташты және философ‑публицист Әбдірашит Бәкірұлын шақырдық. 

Ә.Бәкірұы: Берік Мұратұлы, алдымен дінді бір дін апологеті тұрғысынан емес, жалпы философиялық көзқарас тұрғысынан қарастырайық деп келісейік. Сосын ғана ойды осыған сүйеніп өрбітейік. Олай болса, алғашқы сұрағымыз мынау: Қоғамдық санада кей жағдайларда Тәңіршілдікке деген жағымсыз көзқарастар қайдан пайда болған, ол дүниетаным қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрып мен ұлттық кодын жаңғыртуды қолға алған нағыз ұлтжандылық идея емес пе?

Б.Аташ: Иә, ол алдымен, тәңіршілдіктің не  екендігін  түсінбеушіліктен туындайды. Шындығында, тәңіршілдікке қарсылардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады: Бірінші, өзіне-өзі қайшы келетін амбиваленттілік, яки екіұдайылық санадағылар. Олар дүниетанымдық тұрғыда, маңызды ритуалдық қызметтері мен діни әрекеттері тұрғысынан тәңіршілдік салттарын белгілі бір деңгейде сақтайтындар. Яғни, өздерін ислам өкілі санайтын бұл топтың шамамен тоқсан пайызы мемлекетіміздің тәңіршілдік рәмізі саналатын тәңіршілдік мифологиясынан алынған мемлекеттік Ту мен Елтаңба рәміздерін мойындайды. Тек шамамен он пайызы ғана исламдық шарттарды бұлжытпай орындаушылар. Бұлар көп жағдайда өздерінің «тәңіршіл» екендіктерін түйсікке салмайды. Сұраған адамға  «мұсылманмын» деп жауап береді. Сондықтан, оларды «тәңіршіл-исламшылдар» деп атауға болады. Екінші,  исламға басы бүтін берілмей, тіптен,  көпшілігі атеистік, не скептикалық көзқарас ұстанатындар, имамдар мен төзімсіз діндарлардың «тәңіршілдік ел ішіне іріткі салушылық, адасу, қалмақтардың діні, Ресейдің жобасы» деген дәлелсіз  жала жабу сөздеріне қарсылық танытпай, оларға сенетіндер. Бірақ бұлар да бейсаналы түрдегі ерікті-еріксіз тәңіршілдер. Себебі, олардың бойында тәңіршілдік архетиптер бар: олар ана тілді, салт-дәстүрді, тарихымызды, шежіремізді және т.б. тәңіршілдік салттарымызды құрметтейді және мәселен, бесікке салу, қайтыс болған адамның үші, қырқы, жылдық асын беру т.б. көптеген  рәсімдерін орындайды. Яғни, бұлар «жартылай тәңіршілдер». Бірақ «жартылай тәңіршілдер» екендеріне өздері назар аудармайды. Үшінші, исламның ресми өкілдері. Олар «тәңіршілдік – адасушылық» деген «пәтуаға» толық сенеді. Сондықтан, олар тәңіршілдіктің не екендігін жете түсінуге ұмтылмайды, онымен шұғылданғысы келмейді. Руханиятты тек бір жақты  «исламшылдықпен» байланыстырғанды жөн санайды. Бірақ оларда  да қайшылық бар: олар тәңіршілдікке қарсы шыға отырып, ұлт болмысын «таза исламдық» бағытқа бұру үшін күресейін десе, онысы бір себептерден  «қазақилықпен күрес» болып шығатынын интуициямен сезеді. Оларға кедергі сол. Ал, күреспейін десе, «тәңіршілдер» қоғамда «ислами монополияның» орнауына кедергі келтіріп жатыр. Сөйтіп, «таза ислам» дгендердің санасы екіге бөлініп, көбіне қарама-қарсы пікірлер мен ұстанымдар арасында ауытқып жүреді. Мысалы, олар бірде «аруақ харам» дейді, бірде  – «аруақ рух» дейді... Бірде ‑  «музыка харам», бірде  – «аздап қана харам», әлде, «аса зиян» емес т.б. деп көзқарастарын құбылтып отырады және басқаларды осылай шатастырады.. Ал, нақтысында, теологиялық тұрғыда мұндай «дін жауынгерлерінің» де шамасы елу пайызының сенімі «тәңіршілдік», немесе, «бұрмаланған тәңіршілдік» болып шығады. Өйткені, оны өздері мойындамаса да, олар  халқымыздың мыңдаған жылдардан келе жатқан тәңіршілдік ритуалдарын сақтауға мәжбүр, бұлар исламға қатыссыз, шариғатта жазылмаған тұтас әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтын атқарушылар.  Ендеше, олардың бойында «тәңіршілдік архетиптер» сақталған деуге болады. Бұларды жұмсақ бағыттағы «исламшыл-тәңіршілдер» деп атауға болады.

Енді, «исламшыл-тәңіршілдер» мен «тәңіршіл-исламисттерді» толығырақ түсінуді былай жалғастырайық: ол үшін «тәңіршілдік» деген сөзді, атауды санадан өшіріп, ол сөзді бір сәтке ұмытып қарастырайық. Бірақ, онымен бір мезетте ислам дінін де елеусіз қалдырайық. Енді, олардың орнына «ұлттық идеяшылдық», «қазақшылдық», «ұлттық дәстүршілдер» т.б. баламалы ұғымдарды  енгізейік.  Сонда, ақыр соңында бәріміз де бәрібір «аты жоқ тәңіршілдер» болып шыға келеді екенбіз... Мысалы, Кеңестер Одағында «саудагер», «алыпсатар» т.б. жағымсыз түсініктер болды ғой, қазір олар «кәсіпкер», «коммерсант» т.б. жағымды ұғымдарға ауысты. Шындығында, екеуі бір нәрсе.  Сол сияқты, қазақтың ұлттық дәстүрлері тарихи тұрғыда тәңірлік наныммен астарласып жататыны ғылымда да, тарихта да толық дәлелденген ақиқат екені анық. Одан қашып құтыла алмаймыз. Төртінші, исламға басыбүтін берілгендер. Олардың көбі радикалды және фанаттық көзқараста болады. Бұлар ұлттық санадан өзінің бұрынғы  «тәңірлік болмысын» саналы түрде ығыстырып, «тәңіршілдікке қарсылық – қазақшылдыққа қарсылық» екендіктерін білетіндер. Алайда, қоғамда олар өз ұстанымдарын ашық  жарияламаса да, олар бәлкім сыртқы күштердің әсерімен ұлтқа қауіп төндіруші сепаратистерге айналулары әбден мүмкін. Бұл топтағылар тәңіршілдікті «басты жау» ретінде бағалайды. Себебі, олардың ұстанымы бойынша тәңірлік сенім діни бәсекелестікке әкеліп, ислам дініне зиянын тигізеді. Сондықтан олар өзге діндермен күреспейді, тек тәңіршілдікпен белсене күреседі. Себебі, шындығында да, қазақ салт‑дәстүрі «ислам монополиясына» кедергі бола бастады. Мүмкін, исламды қолдап, «бүркемеленетін арабтандыру» үрдісінде шет елден демеуші болатын қаржылық мәселелер де бар шығар ‑ ол жағы беймәлім, анық емес...

Ә.Бәкірұлы: Иә, Тәңіршілікке қарсылар қазақтың мыңдаған жылдық терең  тарихын, оның көне дәстүрлерін, салттарын, жалпы, қазақ мәдениеті мен ұлттың психологиялық болмысын жетік білмейді десе болады. Оған күнделікті көзіміз жетіп жүр. Олар не нәрсені болсын, тек араб мәдениетінен, шариғат заңдарынан, хадистерден, пайғамбар мен сахабалардың өмірінен мысалға алып түсіндіруге тырысады. Кейде қисынсыздыққа да ұрынып жатады. Осы түсінбеушіліктің деңгейі қандай?Әлде тым тереңге кетіп қалды ма?

Б.Аташ: Иә, түсінбеушілік мәселесі қарапайым дін ұстанушыда ғана емес, дінді бейтарап зерттеуші ғалымдар  арасында да кездесіп отырады. Мәселен, бір ғылым  докторы, танымал дінтанушы ғалым «Тәңіршілдіктен бізге аса қауіп жоқ» деді. Оны қалай түсіну керек: бұл қолдау ма, әлде, қолдамау ма?  Түсінікті болу үшін, мәселені басқаша қояйық:  Мәселен, Кеңес үкіметі тағы да 30-50 жылға созылып, қазақ тілі қазіргі Якутия, Бурятия тілдеріндей күйге  түскен еді делік... Сол кезде қазақтар есін жиып, қазақ тілін қайта тірілтуді, өркендетуді, оны құндылық ретінде бағалауды  қолға алады... Міне, сол кезде әлгі ғалым ұлттың ұлт болып қалу әрекетіне  «Қазақ тілінен бізге аса қауіп жоқ» деп  баға бере ме екен? Оны қазақ қалай қабылдар еді?.. Сондықтан бүгінгі кей ғалымдардың «Тәңіршілдіктен аса қауіп жоқ» деген пікірі «ұлтқа ұлттық тарихтан бас тарту керек» дегенге меңзеп тұрғандай көрінеді маған... Әрине, қазір ол ғалым осындай ойларын өзі де түсінбеуі ықтимал. Бірақ бес‑он жылдан кейін  мұны қоғам тұтас түсініп, бұндай ойды «ой тайыздығы» деп бағалауы әбден мүмкін...

Жағдайды оған жеткізбес үшін бізге «Ұлттық болмысты жаңғыртушы тәңіршілдік  пен исламның арақатынасы оншақты жылдан кейін қандай болады?» деген сауалды қазір қойған дұрыс. Француз социологы Жан Бодриярдың «гиперсыншылдық» әдісімен ащы шындықты батырып айту, тіпті, әсірелеп айту тәсіліне жүгінсек, онда бүгінгі азшылықтағы, «элитарлық сана» форматындағы тәңіршілдік сана болашақта «қоғамдық‑бұқаралық сана» форматына ауысады деп болжаған дұрыс болар еді. Онда «тәңірлік дүниетаным» құлдық санадан арылудың параметрі ретінде құндылыққа айнала бастайды. Ал, ислам діні, керісінше, белгілі бір шағын топтарға ғана тән «субькультура» ретінде, априорлы формада сақталып, тек ислам дініне қатысты ұғымдар мен түсініктер тек атаулар ретінде болып,  ұлтты мойындамайтын исламшылар «ой-өрісі төмен адамдар» деп бағаланады.  Қазірдің өзінде оның белгілері бар. Ол бүгінгі қазақ қоғамында орын алып отырған құбылыс.

Ә.Бәкірұлы: Иә, ол туралы қазірдің өзінде ислам діні өкілдері көп айтады. Тіптен олар осы туралы билікке шағымданған кезі де болды. Не себептен? Олар тәңіршілдіктің таралуы тек  Қазақстанда ғана деп санай ма?

Б.Аташ: Ол әрине, екі жақты: бірі – исламға араб-мұсылман елдерінен болатын діни қолдаушылық, әсіресе, қаржылай қолдау болуы да мүмкін. Бірақ, қазір бірқатар араб‑мұсылман елдері бұрынғы ортадоксті исламнан өркениетті жолға бет бұра бастағаны байқалуда. Екіншісі, қазіргі таңдағы тұтас түркі халықтарындағы тәңіршілдікке деген бетбұрыс. Бұл, сайып келгенде, моральдік жағынан құлдыраған адамзатты  кері кетуден сақтау үшін «тәңіршілдік өмір сүру салттарын», «тәңірлік этиканы» қолдау деген сөз. Тәңірлік этиканың «асқақ» және «озық» екендігін, тіпті, еуропа халықтары да мойындай бастады: шежіре, жеті атаға дейін қыз алыспау, ар мен намысты сақтау, айналып-толғану «айналайын» т.б. ешбір елде кездеспейтін төлтума құндылықтарды мысалға алуға болады. Сондықтан, оның «озық үлгісі» ретінде болашақта біздің елдегі «тәңіршілік» әлемдік деңгейде насихатталуы мүмкін нәрсе деп санаймын.  Қазақтар арасында «исламшыл-тәңіршілдік» пен «тәңіршіл-исламшылық» сана амбиваленттілігі, екіұдайлық одан сайын күшейеді.  Бұл бастапқыда «таңдау қандай болуы керектігін білмеу»  дағдарысына ұласады.

Онда тағы бір мынадай ерекше жағдай орын алуы мүмкін: егер, қазіргігідей ресми ислам өкілдері қазақы дәстүрге қарсы «ашық», не «үнсіз», не «іштен тыну» күресін жалғастыра берсе, онда олар ойлағандай исламның жауы тәңіршілдер емес, нақ өздері болып шығады. Өйткені, олардың бүгінгі «исламды қолдау» технологиялары, шындығында, исламды жоюға, құлдыратуға бағытталған технологиялар. Оны шала ұстаздардың өздері білмейді және жақын болашақта да білуі қиындау сияқты. Иә, исламда заманға бейімделуішілік мүлде жоқ емес, бар. Мысалы, осыған дейін Тәңір мен Исламды синонимдендіру, «Алла мекені Көкте» деген ұстаным, салт‑дәстүрдегі тәңіршілдік элементтерін исламдандыру, ол исламға еш байланыспаса да, оны исламмен еріксіз байланыстырып қою  сияқты ұстанымдар болды. Бірақ дүниетанымдық тұрғыда оның іргесі берік емес. Сондықтан, олар түбінде бір қалыпта бола алмайтыны анық.

Ендеше, алдағы уақытта ислам тек субькультураға, яғни, шағын бір топқа қатысты құбылысқа айналса (ол бірден жүзеге аспайды), алдымен оның ритуалдарына қатысты эмпатиялық та, антипатиялық та емес ‑  бейтарап қатынас орнайды. Ритуалдарды орындауға деген құлықсыздық  өріс ала бастайды. Ислам тек сөз жүзінде ғана біраз уақытқа дейін сақталады.

Тәңіршілдікке жағымсыз мағына беретін қазіргі «имам параметрі» өзгеріп, «тәңіршіл» сөзі болашақта жағымды мағынаға көшеді. Ол  «текті қазақ», «арлы қазақ», «нағыз қазақ», «адал қазақ», «ұлтжанды қазақ» деген мағынадағы түсініктерге жуықтайды.

Айта кетерлік тағы бір қайшылық бар, ол ‑  қоғамның діни түсінігі мен жалпы дүниетанымдық деңгейінің жоғарылап кетіп, керісінше, имам-уағызшылардың интеллектуалды даму деңгейінің оған ілесе алмауы. Сөйтіп, дін мен қоғамдық сана арасындағы интеллектуалдық, рухани, танымдық өлшемдер бойынша үлкен айырмашылық туып отыр. Уағыздар өркениеттенген қоғамның гигиеналық, тұрмыстық, моралдік‑этикалық, зиялылық, зайырлылық нормаларына сай мәдени серпіліс тудыра алмады. Ол күнделікті «дәрет алу», «сыйласу», «жақсы әрекет ету» сияқты қарапайым табиғи қажеттіліктен өрбитін белгілі тәрбие насихаттары шеңберінен аса алмай қалды. Кей жағдайда даму тұрмақ, кері кетті. Бүгінгі уағызшылдар бұрынғыға қарағанда қоғамдық сана деңгейінің әлдеқайда жоғары кеткендігімен санасуды қойды. Өйткені, оларда «бір ғана жол», «мен ғана білем» эгоизмі жойылмады. Мысал ретінде бірде‑бір имамда уағыз айта келе, маңында отырған зиялы қауым мен ақсақалдар аудиториясынан (кейбірі уағызшы деңгейінен интеллектуалдық, білімділік, руханилық жағынан әлдеқайда артық адам болуы ықтимал) «Сіздер қалай ойлайсыздар?» деп сұрақ қойып, тыңдармандарды пікірталасқа шақыру әдеті жоқ екенін айтуға болады...

Ә.Бәкірұлы:  Иә, ислам тарихына көз салсақ, ол өз бастауында мәдени феномен ретінде араб өркениетіне үлкен үлес қосқанын еске алуға болады. Бірақ, кейінірек дін алып мемлекеттің идеологиялық платформасы ретінде канондана бастады да, өзінің бастапқы сипатынан ажырап, алғашқы «ғылымды меңгеру не дамыту» функиясынан ажырап, одан әрі тұтас қоғамдық қатынас жүйесін, соның ішінде, ғылым мен өнерді де реттеу функиясына ауысқаны белгілі. Осы бағыт әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Ендеше, табиғат заңдарын алға шығарушы, яғни, кез-келген ғылымды қабылдауға ашық тәңіршілдер қазір неліктен қоғамда  беделге ие бола алмай, жалпыхалықтық сипат ала алмай отыр?

Б.Аташ: Себебі, біріншіден, тәңіршілдер қазақты, қазақ болмысын, қазақилықты, ұлттық идеяны «исламсыз» елестеді, сондықтан, халықтың «исламдалған санасы» оны дұрыс қабылдай алмауда. Екіншіден, «Ислам – дін, ал, тәңіршілдік ‑ дүниетаным. Ал, тәңіршілердің «дүниетаным діннен жоғары, діни дүниетаным ‑ дүниетанымның бір түрі» деп санайтын  пікірлермен көпшілік те, биліктегілердің кейбірі де келісе алмауда. Түсінбеушілік осыдан туындайды. Негізінде, тәңіршілдік дүниетаным –  жалпы ұғым, дін  - жеке ұғым. Осы екеуінің логикалық-құрылымдық айырмашылығын көп адам ажырата алмайды. Мәселен, табиғат – жалпы  ұғым, терек – жеке ұғым. «Терек» сол «табиғат» ұғымының ішіне енеді деген сыңайлы ғой. Үшіншіден,  тәңіршілдер, «ислам дінінің «сынға төзімсіздігін» ескермейді, оны өткір сынайды. Сынның өзі кейде өткір, эмоционалды болып келетіндіктен ‑ ислам құндылықтарын мойындайтын қауымда бұл жағымсыздық туғызады.

Ал, егер бір-бірін тең сынайтын қағида ұстансақ, онда «тәңіршілдікті сынау», сайып келгенде, ұлттық болмысты жоққа шығаруға алып баратын бағытқа ауысып кетуі мүмкін. Ол қазақ руханиятын тек ислам аясында біржақты түсіндіруге жетелуі ықтимал. Өйткені, тәңіршілдік тарихы терең, платформасы мықты дүниетаным ретінде обьективті, парасатты, рационалды, ғылыми негіздегі сынға төтеп бере алады, сыннан қашпайды. Ислам олай емес. Осыдан келіп ислам дінін бекем ұстанатындар арасында: «ислам сыннан тысқары тұруы тиіс, тәңіршілдік сын өтінде тұруы тиіс» деген қорытынды шығарылып тұр. Әрине, бұл сұрақ түптің түбінде ислам дінінің пайдасына шешілмейтіні айтпаса да түсінікті шығар...

Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Жарайды, екі тарап та «бір-бірімізді сынамай-ақ қоялық» деп, бітімгершілікке келсін делік. Сонда не болады? Онда  қоғам үшін қауіп күшейеді, өйткені, енді «жабулы қазан жабулы күйінде қалуы» керек те, соңында «ауруын жасырған өледінің» кері келеді.  Олай болса, бүгінде ұлттық дәстүр негізінде тәңіршілдердің исламды сынауы теология қағидалары бойынша дінді жетілдіре түседі, дамытады, шыңдайды десе болады. Олар сырттай «исламға қарсы күресушілер» сияқты болғанмен, ол сын «дінді жетілдіруші күшке» айналуы мүмкін ғой. Егер дін осыны қабылдаса, онда ол үшін «исламмен шынайы күресушілер» тәңіршілер емес, өз арасындағы қисынсызды қисынға келтіріп ертегі айтып жүрген дүмше молдалар мен  өздерін «ұстаздар» сезініп жүрген тайыз ойлы «ислам сциентизациялаушылары» болып шығар еді. Олар ислам   беделін көтермек түгілі, оның беделін түсіріп жүргендерін ұқса жақсы. Түсіне алмай, «ұстазбын» деген жалған атаққа малданып, исламға мүлде жат, ойдан құрастырған «пәтуаларымен» халықтың алдында исламның беделін түсіруде.  Олардың әрекеті дінге парасатты көзқараспен қарайтын адамдардың өзін исламға деген жеккөрушілік сезімге алып келуде...

Исламдағы «сциентизациялау» дегеніміз не? Ол «қазіргі ғылыми жаңалықтардың барлығы діни мәтіндерде әу баста жазылып қойылған» дейтін апологеттердің – ғылымда бүгінгі жаңалықтың ертең жоққа шығарылатынын, бәрінің де салыстырмалы  екендігін, ештеңенің де түпкілікті абсолютті ақиқат бола алмайтындығын түйсіне алмауы туралы мәселені туындату. Демек, қазіргі ғылыми жаңалықтар бір кездерде жоққа шығарылар болса, онда оған «сәйкестендірілген» діни қағидалар да бір кездерде жоққа шығарылады ғой. Осыны түсінбейтін «дін ұстаздары» (тәңіршілдер емес) бүгінде  «исламмен күресушілер» қатарының алдыңғы шебінде тұр десек қателеспейміз...

Төртіншіден, қазіргі таңда тәңіршілдіктің өзі сан түрлі бағыттарға  таралып кетті: мистикалық-космологиялық, тәжірибелік-шамандық, тәңіршілдікті ғылымиландыру бағыты т.б. ерекше көріністері бар. Бұлардың кейбірінің ұстанымдары не «жаңашылдық» немесе «басқа бағытқа кету» болуы да ықтимал. Бұл терең зерттеулерді қажет етеді. Бірақ Тәңір деушілердің мақсаттары айқын, ол – түркі-қазақтық болмысты сақтау, оны қайта жаңғырту, ұлттық дүниетанымды әйгілеу және оны тәжірибеде қолдану, шынайы ұлттық болмысқа қайта оралу, текті-арлы-намысты тұлға қалыптастыру,  ұлтты идеяны ұстану, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, сөйтіп, өркениетке мығым аяқ басу. Оны білімділік пен біліктілікпен, зиялылық пен зайырлылықпен, ғылым мен технологиямен ұштастыру.  Бұл кез келген дамудың (мемлекеттің де) мызғымас базисі. Бұл ұстанымдардан ауытқыса, ол тәңіршілдік емес.

Тәңіршілдердің кейбірі тұтастай ислам дініне қарсы емес. Тәңіршілдік этикасы тым жоғары, асқақ екендігін түйсінген олар: «ислам кірме дін, сондықтан, қазақтар өз сенімін ұстануы қажет» деп санайды. Ал қазіргі еліміздегі ислам, әсіресе, екі мыңыншы жылдардан кейінгі ислам оған құштар емес. Кезінде Р. Декарт «Адасу бала кезден санаға сіңген стереотиптерден арыла алмаудан туындайды» деген болатын. Мәселен, отыз жылғы тәуелсіздіктен кейін «советтік бодандықты» аңсайтындар соған ұқсайды... Ал қазақи әдет-ғұрып пен салт-дәстүр сырттан таңылатын Өзге манипуляцияға көнбейді, барынша мығым орныққан.

Қазақта «ұлттық тәрбие», бірден-бір дұрыс үлгі ретінде тарихи дәуірлер бойы екшеліп, сұрыпталып, жетіліп барып санаға сіңіп кеткен. Одан ажырау – ұлттықтан ажырау болып табылады. Дін осыны ескермесе тоқырауға тап болады.

Ә.Бәкірұлы: Егер де, тәңіршілдік этикасы мен дүниетанымы исламнан әлдеқайда жоғары болса, неге қазіргі таңда қазақтардың біраз бөлігі ислам дінін ұстанады, ол дін, жалпы қандай ерекшелігіне сәйкес сақталып отыр қазіргі таңда? Неліктен дәстүршіл халық бәрі жиылып тәңіршілдікке бет бұрып кетпейді?

Б.Аташ: Ол үшін діннің қызметтеріне шолу жасау керек:  реттеушілік (регуляторлық),  орын толтырушылық (компенсаторлық), дүниетанымдық, сакральдандыру т.б. Мәселен, Исламның және басқа да авраамдық діндердің дүниетанымдық қыры қазір бәсеңдеген, кейбір жақтары қазіргі заманның ғылыми танымына сай келмей қалған. Бірақ, бұл діндер соған қарамастан әлі де  реттеушілік пен орын толтырушылық қызметін сақтап отыр. Мәселен, адам қайтыс болғанда туыстарының зор қайғыдан жеңілденуі үшін «бұл да құдайдың жазғаны» деп жұбату үшін дін керек. Болмаса, туыстары «психологиялық депрессияға» ұшырауы мүмкін. Басқа жағдайларда да діннен сүйеніш іздеу кездеседі. Бұл – бүгінгі таңдағы ислам дінінің компенсаторлық қызметі.

Одан өзге, нашақор, не ішімдікке салынған т.б. жат дағдыларға тап болғандардың кейбіріне осы дін көмекке келеді. Көмек діндегі қатаң тиымдар мен императивтер арқылы жүзеге асады. Яғни, дінде «құдайдан қорыққаннан» адамның ерік‑жігеріне күш қосылып, адам жаман қасиеттерінен арылады. Бұл діннің регуляторлық қызметі.

Шындығында, бұндай компенсаторлық, регуляторлық қызметтер тәңіршілдікте де бар. Бірақ ол ұмыт болып бара жатқандықтан немесе мән берілмегендіктен ‑ қолданылмайды. Мәселен, «ата-бабаның аруағының атуы ‑ атқан оқпен тең» деген мағынада регулятивтік қызмет (функция) түрі бар.

Осы аруаққа қатысты тағы бір мысал. Исламда Алланың атынан санаға үрей тудырушылық технология бар. Ол қорқыту мен санаға сіңірудің психотехникасын, манипуляциясын қолданады. Ол тәңіршілдікте де бар, бірақ бұндай деңгейде қолданылмайды. Мәселен, адамның ата-бабаларын ұмытуы, түпатасын мойындамауы ‑ олардың аруағын сыйламау болады да, осыдан «аруақтың реніші» деген ұғым туады. Сөйтіп, «аруақ ұрпақтан теріс айналады» делінеді. Оны қазақ: «Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас»  деп қысқаша тұжырымдаған. Осы аруақты сыйламауда барлық жамандықтар, зұлымдықтар, кері кетулер, зиянды әдеттер, өзгеге еліктеушілік, дәстүрді бұзу мен сақтамау, ізгілік пен жақсылық жасамау немесе оған немқұрайлылық т.б. жинақталған.

Бір айырмашылығы, исламдағы үрей, шындап келгенде, рационалды, ғылыми, ашық пікірталасқа ыңғайластырылмаған. Кез-келген исламды жақтаушы, егер осы  мәселе бойынша пікір алмасуға шақырсаң,  көп жағдайда тек өзінің үрейін (күнәні) және сол үрейдің нәтижесін (жазаны) ғана баяндайды. Психоанализ бойынша бұл кішкентай баланың мифологиялық үрейлерін, түсінде көрген қорқыныштарын ата-анасына келіп баяндауына ұқсайды. Бұл философиядағы «Мифология – адамзаттың балалық санасының көрінісі» деген қағидаға сай келеді. Ал, діннің көбіне мифтерден құралатынын ескерсек, жоғарыдағы философиялық тұжырымның дінге де қатысты екені білінеді.

Сонымен қатар исламдағы Алладан қорқу, Алламен қорқыту үрдістері діннің құрамына сіңірілген. Осы қорқытуға біздің еліміздегі кейбір зиялы қауымдарымыз да бағынады, олармен дін туралы ашық пікірталасқа шықсаң, олар да өздерінің үрейлерін баяндайды, өзінің қорыққанын саған әкеліп таңуға тырысады, ғылыми теориялар мен тұжырымдамалар ұсынбайды, «дін ғалымдары» деген тұғырнама ясында ғана сөйлейді, әрі кетсе, араб-мұсылмандық философияны қуаттаумен шектеледі. Имамдарды, еліміздегі ислам дінінің ахуалын сынасаңыз, сізді құдайға қарсы адам ретінде таниды.

Ә.Бәкірұлы: Ислам қазақтарда үстірт деңгейде деген пікірлер бар. Шынында да, қазақы дүниетанымда ежелден дүниенің жаратылысы туралы түсінігі исламнан өзгеше болып келеді. Исламға дейінгі заманда мына дүние Тәңір тозаңынан пайда болған деген ұғым болған дейді. Оны біз бүгінге дейін естіп өстік те. Апаларымыздың «Құдай бере салған» дегенінде осы мағына бар. Бұл түсінікте ғылымға, соның ішінде, эволюциялық дамуға жол ашылған. Осыны исламды қолдаған Абай, Шәкәрім т.б. тұлғалар білген бе?  

Б.Аташ: Қазақта ислам мүлде болмаған деген пікірлермен де келісуге болмайды. Кейбіреулері исламдық мәдениеті тұтасымен жоққа шығарып, «қазақтарда мұсылмандық мүлде жоқ» дейді. Бұл да дұрыс емес. Қазақта ислам бар,  бірақ әр дәуірдің ерекшеліктеріне назар аудару керек. Сондықтан, исламдандыру түркі-қазақ руханиятында тарихта бірнеше қайтара қайталанып, өзгеріп отыратын үрдіске айналған. Егер түркілік жұрт исламды тұтастай «өз еркімен қабылдаған» деген жалған болса, оның шындығы бір кездері ашылады ғой. Мәселен, түркілер мен дін таратушы арабтар арасындағы жүз жылға жуық қиян-кескі соғыстар болғандығы айтылады кейбір зерттеушілер тарапынан. Егер ол рас болса, оны исламнан қорқып ұрпақтан жасырып керегі жоқ ‑ ғылым «қорқуды сүймейді». Бірақ оны тарихшылар анықтасын. Ал, ХІХ және ХХ ғасыр басында қазақтардың элиталық топтары исламды уағыздағаны рас. Оны мойындаймыз, бірақ, ол маған басқа ислам сияқты болып көрінеді... Себебі, олар исламды насихаттай отырып, үнемі дүмшелікпен күрескен ғой. Неге? Ол жағы кей жағдайда айтылмайды.

Біріншіден, исламшылдардың дерегінде тәңіршіл элита ескерілмейді. Онда тек тарихымыздағы исламды уағыздағандар теріп алынады. Сөйтіп, сол арқылы «қазақ әлімсақтан мұсылман» деген пікірмен қоғамдық сананы манипуляциялайды.

Халқымыздың тарихындағы исламға қатысты есімдер (адам аттары) да солай теріліп алынған. Егер бұларға статистикалық зерттеу жүргізсек, әрине, исламдық есімдер  пайызға шаққанда мүлде аз болып шығатындығы түсінікті. (Исламды қолдаушы Қазақ ойшылдары да солай, тым аз). Қазіргі таңда да, шет елдік есімдерге, олардың кинофильмдеріндегі жағымды, басты кейіпкерлердің аттарын қоюға деген еліктеушілік бар ғой, бұл да сол сияқты үдеріс, кезіндегі субьмәдениет. Мысалы, Кеңес үкіметі дәуірінде Мэлс, Марлен, Советхан, Кеңес, Олимпиада т.б. есімдер болды. Бұдан «Қазақтардың барлығы коммунизмсүйгіштер, ендеше сол дәуірдегі колхоздастыруды, социализмді қайта жаңғырту керек» деген түсінік туындамайды ғой? Исламдық есімдер де осыған ұқсас жағдайда пайда болған.

Тарихтағы ислам насихатын әр кезеңге сай бөлек қарастыру керек. Мысалы, Абайдың, не Ыбырайдың ХІХ ғасырдағы насихаты өз  алдына бөлек мәселе. Өйткені, олар ХІХ ғасырдағы ислам идеологиясынан тыс бола алмады. Біз ол заманның қазақтарын «ұлтжанды емес» деп кесіп айта алмаймыз және рухани-мәдени тарихымыздан сызып тастай алмаймыз.  Қаралауға да болмайды. Өйткені, олардың басқа да игі істерін тұтасымен жоққа шығару мүмкін емес.  Ендеше, Абай, Ыбырай да дін өкілдері болмағандықтан сынауға ашық. Біз олардың діни насихатын ғана емес, олардың діни дүмшелікке қарсы пікірлерін қоса айтуымыз керек. Екеуін қатар қойып салыстырып барып айту керек, сонда ақиқаты ашылады. Сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғасыр басында қазақ даласында указной молдалармен қатар, ислам дінін ұстанған, бірақ «аруақты» деп аталған ахундар, ишандар, әулиелер қауымы да болды, сәйкесінше, қаншама бақсылар өмір сүрді. «Қазақтың бақсы-балгерлері», «Қазақтың халық медицинасының құпиясы» кітаптары, «Бабалар сөзінің» 90-95 томдары т.б. қараңыз! Тіпті Қосым әулие мен Дәулет бақсының пікірталасқаны да бар.

Немесе, тағы бір мысал, 1991 жылдан бері, отыз жыл бойы кейбір ғалымдар Н. Назарбаевты жақтады ғой, бірақ бұл мақтаулар олардың шынайы пікірлері емес еді. Шамамен, 50-70 жылдан кейінгі ұрпақ тек қана осы жазбаларға қарап, Назарбаев дәуірі «алтын кезең» болған екен деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ оған қарсы сын да айтылып жатыр. Әр кездегі ислам идеологтары да сол сияқты ғой.

Кейбір хандар, егер де тарихшыларымыздың мәлімдеуі рас болса, ислам дінін қабылдап, оны таратуға белсене кіріскен. Бірақ ол тұтас халық исламды мүлтіксіз қабылдап, оның шарттарын орындады дегенді білдірмейді. Ел басшысы бір ғана тұлға, оған қарап миллиондарға баға беруге  болмайды. Оны ХІХ ғасырдағы Ресейлік зерттеушілердің қазақ даласындағы исламға деген сенім дәрежесі туралы айтқан пікірлерінен байқауға болады. Әрине, олардың көпшілігі «қазақтар исламға толық сенбеген» деген пікірлер айтқан. Өйткені, олар тұтас картинаға барынша обьективті баға беруге тырысты ‑ орыс болса да, сол кездің ғалымдары ғой... Сол сияқты, Қазақ Елінің сол кездегі 17-18 млн. халқы да тәуелсіздік алғаннан кейін тұтастай, Н. Назарбаевтың идеологиясын қолдаған жоқ қой. Сол сияқты, өзбектерің де барлығы И. Каримов пікірін қолдады дегенге күдік келтіруге болады. Ал халықты қорқытып мойындату – ол бөлек мәселе. Ол саясат биліктің халықты үрейлендіруі арқылы жүргізілді. Міне, тура сол сияқты «исламдандыру» да кей жағдайларда осындай тәсілмен жүзеге асырылғаны рас шығар.

Тағы бір қырынан алсақ, тарихты исламшыл адам көзқарасы тұрғысынан емес, таза адал ғалым‑тарихшы тұрғысынан қайта бағалау қажеттігі туындайды. Өйткені, мұнда исламдандыруға қарай қаншама бұрмалаулар болса да, келер ұрпақ оны қайта бағалайды. Сол кезде ұятты болып қалмайық!  Соған сай, егер ислам түркі даласына соғыспен таралса, онда бүгінгі шектен тыс исламшыл қазақтарды да осы  «қарсы жаққа өтіп кету синдромына» ұшырағандар сияқты деп болжамдай аламыз. Яғни, өзгені мойындаушы, берілуші, бас июші, одан қорлық пен зәбір көруші жақ, кейіннен, сол жаққа шын ниетімен, өз еркімен беріліп, тіпті оны жақсы көріп кететіндігі туралы психологиялық синдром бар. Біздіңше, бір мән беретін құбылыс: бұндай синдром қоғамдық сананың парасаттылық, интеллектуалдық т.б. деңгейіне де бағынбайды екен. Мәселен, Кенесары ханның ұрпағының біреуі христиандық уағыздаушы екендігі, Ә. Бөкейхановтың кейбір орысшыл ұрпақтары т.б. бүгінгі күннің нақты мысалы.

Ә.Бәкірұлы: Сонда Сіздіңше, қазіргі еліміздегі исламисттер мен тәңіршілдердің  түпкі шығу төркіні, әлеуметтік насихаттаулардан басқа себебі неде деп ойлайсыз?

Б.Аташ: Онда психоанализдегі архетип түсінігіне сүйенейік. Қазіргі исламисттердің мүмкін ата-әжесі, арғы бабасы ислам дінін ұстанған шығар. Тәңіршілдердің түп атасы бақсы, тәңіршіл, тіпті әріге барсақ, Күлтегін, Білге қаһан, Сұлу қаһанның немесе сол Елдің ұрпақтары шығар. Демек, исламшылдарда ислам архетиптері басым, тәңіршілдерде тәңіршілдік архетиптері басым. Бұл тұста, архетипті жанама мәселе деп түсінуге де болмайды. Мәселен, Көк түсті туымыз, ондағы Күн бейнесі, елтаңбадағы мүйізді, қанатты жылқы т.б. тәңіршілдік архетиптері. Нақтырақ айтқанда, туымыз «Тәңір туы», сонымен қатар, Тәңір біздің халқымызда Қасиетті ұғым.

Әрине, негізі, бұл сөздерді мен емес, ҚМДБ өкілдері мен өзге діндар қауым – егер пайымдауы дұрыс болса, мемлекеттік рәміздерге қарсы келмейтін болса, оларды құрметтейтін болса, ҚР азаматы болса – өздері айтуы тиіс.

Сонымен қатар, мыңдаған жылдар бойғы тәңіршілдік пен ислам арасындағы рухани-мәдени, психологиялық-идеологиялық күрес әлі де жалғасып келеді. Бір ғана мысал, халқымыздың тым көнеден сабақтасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының ислам шариғатында кездеспейтін жақтары арасындағы күрес. Осы күреске исламдық климаттың өзі тоқтау салу керек. Бірақ, әрине, тәңіршілдердің зиялы, парасатты, ғылыми негіздемелерін мойындай отырып,  соны негізге ала отырып қана. Ал екеуі қайшы келіп қалған жағдайда,  «қазақпын» деп жүрегі соғатын адам,  әдет-ғұрыпты  исламның кез-келген шариғатынан да жоғары қоюы тиіс.

Ә.Бәкірұлы: Исламның арнайы кітабы мен рухани көздері бар, әлемдік дін ретінде орныққан, ал тәңіршілдіктің іргетасы бар ма?

Б.Аташ: Кітабы болмағандық оның кемшілігі емес, мүмкін жетістігі шығар. Өйткені, кітаби мазмұн мен мәтіндер т.б. абсолютті тұрақты, мәңгі бола алмайды. Заман өткен сайын ондағы идеялар ескіре бастайды. Кейбірі елу жылда (мәселен, В.И. Лениннің, Н.Назарбаевтың томдары сияқты), ал кейбірі екі‑үш мың жылдыққа дейін өзекті боп қалуы мүмкін. Бірақ бір кездері ол да жоққа шығарылады...

Қазіргі таңда тек ислам емес, көптеген діндердегі айтылған мәселелер кезінде тарихи, шынайы мағына берсе, қазір тек мифологиялық құндылыққа ие  болып қалды. Дін ‑ мифология емес, ол реалды мағыналы болуы тиіс. Сондықтан, қазіргі таңда Авраамдық діни мәтіндер заман мен ғылыми таным шындығына төтеп бере алмай, «қиналыс» үстінде болып отыр. Дінде «Мифологияны реалдандыру» мен «реалдылықты мифологияландыру» қайшылығы жүріп жатыр. Бұл, мәселен, «діни мифологияларды шынайы тарих ретінде қабылдаумен» тығыз байланысты және сол діни аңызды дәл сол қалпында «шынайы тарих ретінде қабылда» деген «манипуляциялық бұйрықтармен» байланысты.

Ал, қоғамда «кітаппен» емес, ауызша тараған мәдениет барынша икемді, өміршең, бейімделгіш. Өйткені, оған «бір әрпі де» өзгермейтіндей болу  міндеті тағайындалмаған. Діндердің кітаптары өзгермейтіндей болуы тиіс ‑ өзгерсе, мағынасын жоғалтады. Сондықтан, бастапқы мәтін сақталады да, оған берілген интерпретациялар (тәпсірлер) заманға сай өзгеріп отыруға ұмтылады. Ендеше, дінді заманға лайықтау үшін, меніңше, барлық саладағы  діни философтар, басқа да ойшылдар қатты қиналған сияқты, оған бар ақыл-ой мен интеллектісін арнаған сыңайлы. Ал бұл Тәңірлік санаға жат. Міне, сондықтан, тәңіршілдіктің артықшылығы да осында  ма деймін, ол – кітабы жоқтық.  Сондықтан, Тәңір кітаппен дәйектеуге, дәлелдеуге, насихаттауға, өзін сыйлатуға, жұртты қорқытуға, өзін әйгілеуге, жарнамалауға т.б. мұқтаж емес, тіпті оған сенген күннің өзінде де оған мадақтау айтуға да болмайды.

Екіншіден, халықтың тұтас руханиятын бір кітапқа сыйғызудың өз мүмкін емес ‑ ақпараттар тым көп: біртұтас әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты, біртұтас фольклор, шежіре, біртұтас философиялық дүниетаным т.б. Тіпті жуық арада баспадан шығарылған 100 томдық «Бабалар сөзі» жай ғана барлық рухани мұрамыздың халықтың жадысында сақталған «Айсбергтің су бетіндегі көрінісі» болуы мүмкін (әрине, бұл тұста айта кететін жайт, ресми емес, әлі дәлелденбеген пікірлер бойынша, сол мұраларға да арабтандыру-исламдандыру тәжірибесі жүргізілген – Алланың атын жөнсіз қоса беру, Тәңір деген сөздерді Алла деген сөздермен алмастыру т.б..). Әрине, бұған арнайы зерттеулер жүргізу керек, ақиқатын анықтау қажет. Бұл өз алдына бөлек сұрақ. Мәселен, оның ішінде, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларын тек «дінді насихаттаушылар» деп түсіндіретін сыңаржақ пікірлер де жоқ емес. Бұл да сол сияқты ғой.

Сонымен қатар, әлемге тараған ислам сияқты, тәңіршілдіктің де  ареалы кең. Оған Сібірдегі түркі халықтары, Орта Азиядағы түркі халықтары, кейбір мажарлар, Қырым татарлары сияқты еуропа аймағы, тіптен, Америка үндістері т.б. енеді. Бұл да іргелі база, терең субстрат, мықты рухани платформа. Тәңіршілдік ‑ он мың жыл бұрын қалыптасқан, мүмкін, одан да әрі тарихи тамыры терең, өз іргетасы бар ілім. Ол кейбір «тайыз ойлы» діни оппонентер ойлап жүргендей – Қазақстандағы тек қана бір-екі, үш-төрт адамнан тұратын шағын топтың «еріккеннен» ғана ойлап шығара салған дүниесі емес. Өйткені, тәңіршілдік мифологиясы терең, космологиялық-онтологиялық мағынасы бар, «ғылыми емес» болып табылған нарративтерден құралған іргелі, терең философия. Н. Әмребаев айтқандай ‑ биосфералық коммунизм. Оны түсіндіру, заман адамының түсінігіне сай  интерпретациялау үрдісі отандық ғалымдар арасында белең алып келеді. Басқа сала ғалымдарын айтпағанның өзінде, шет елге де танымал, аса білікті, терең пайымды философтардың өзі жеткілікті: М. Орынбеков, С. Ақатайдан бастау алып, Қ. Нұрланова, С. Оспанов, Н. Аюпов, Т. Ғабитов, Ғ. Телебаев, Н. Әмрекулов, Н. Наурызбаева  т.б. жалғасқан тәңіршілдіктің терең дүниетанымын философиялық тұрғыдан зерттеу «мектебі» қалыптасқан деуімізге  болады.

Тәңіршілдікте кітап жоқ, ал кітап қашанда «манифестациялық», «догмалық». Ендеше, тәңіршілдік антидогмалық, антисхоластикалық, антифанаттық теория ғана емес, кейбір жағдайларда бүгінгі таңдағы радикалды исламмен күрестің ықпалды құралына да айналып үлгерген тәжірибе. Билік тәңіршілдердің осы қызметі мен елі, отаны, халқы үшін сіңірген адал, шын ниетті еңбегін оңтайлы пайдалануы тиіс. Өйткені, сөздің шындығында, «ресми ислам», көп жағдайда радикалды исламға деген көзқарасы сыншыл емес, кей сәттерде оларға бүйрегі бұрып тұрады. Ал тәңіршілдік өз сынын тек   исламға, не басқа діндерге ғана бағыттамайды. Ол өзіне-өзі де сыни көзқарасты тудырып отырады. Бұл, негізі, философиялық‑ғылыми дүниетаным формасына тән белгі саналады.

Ә.Бәкірұы: Қазақстандағы ислам әлемі неліктен тәңіршілдікке қарсы және антипатиялы көзқараста?

Б.Аташ: Бұл білместіктен, жетік білім жоқтықтан туындайтын құбылыс. Шындығында, тәңірге қарсы имамдардың үстіндегі шапандарындағы оюлар, кейбір күмбездердегі ай белгісі және тағы басқа белгілер тәңіршілік рәміздері (символикалары). Сонда қалай, мәселен, егер қазіргі Ресей-Украйна майданындағы соғыс техникалары, соғыс машиналары, танктер «Z» белгісін тағып алып, Ресейге қарсы соғысып жүрсе не болар еді? Бұл да сол сияқты тым өкінішті көрініс. Ал, күнделікті өмірде сол имамдар көптеген тәңіршілдік ритуалдарды атқарып жүр емес пе? Яғни, олардың өзінде де архетиптік тәңіршілдік жоқ емес, бар ғой.

Ә.Бәкірұлы: Неліктен біздегі ислам деңгейі төмен деп отырсыз?

Б.Аташ: Төмен емес, төменгі климат басымдылық алып кеткен. Тіпті халыққа «үлгі болатын» зиялы қауым мен ғалымдарымыздың кейбірі, исламды тек имамдардың айтқандары бойынша қабылдайды. Солардың уағыздарын «үзілді-кесілді бұйрық», «өмір туралы таза абсолютті дұрыс пікір» деп түсінеді. Шындығында, олар исламды өздері түпнұсқадан зерттеп, тек араб-мұсылмандық ғалымдар емес, еуропалық ғалымдардың еңбектерін де талдап, керісінше, өздері имамдарға кеңес берулері керек еді. Мысалы еш жерде «Қандай имам уағыз жүргізіп отыр? Ол қандай уағыз жүргізіп отыр?»   деген сауалдар мүлде  қойылмайды. Сол себептен, бұл үрдісті «Түлкіден  дін үйренсең тауық ұрлаған сауап болады» дегенді сыни фраза ретінде үнемі есте ұстауымыз керек дер едім. Мен мұны осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан едім. Бірақ қазір «домбыра-харам», «анау харам, мынау харам» деген ұқсас сарынды уағыздар көбейіп, кеш те болса, сол айтқандырыма көз жеткізуге мүмкіндіктер берілді. Иә, уағыз тыңдаушылардың өздері де «маған уағыздар ұнаған соң тыңдап отырмын» деп ойлайды. Бірақ тыңдаушы ешқашан, «маған уағыздарын ұнаттырып отыр» демейді. Бұл да діни бейсана көрінісі.

Қазіргі ислам деңгейі қандай деңгей екендігі түсініксіз. Неше түрлі ағымдар көбейіп кетті де, халықтың санасы оны қорыта алмай қалды. Кімнің кім екенін тек қана өз дәстүріне жасалған шабуылдан кейін ғана біліп жатыр. Егер тарихқа шолу жасасақ, ХІХ ғасырда «указной молда деңгейі» мен Орта Азиялық «өзбектік ислам» деңгейі Қазақ даласында үстемдік етті. Одан соң бұл үрдіс үзіліп қалып, тәуелсіздік алғаннан кейін «уахабшылдық, салафиттік» деңгейде өріс алды. Қазіргі таңда да ең зайырлы деген деңгейіміз әрі кетсе, «Түркиялық деңгеймен» шектелген. Ал Түркияның философия саласы да, меніңше, Қазақстаннан асып, биіктап кетті деп ойламаймын. Біз әлі күнге «енді кімнің деңгейін қабылдаймыз» деп күтіп отырамыз. Бұл да құлдық психология. Дегенмен, тәңіршілдер сенімнің қазақы форматтарын ұсынып жүр. Ол елсүйгіштік, ұлтжандылық, ұлттық құндылықтарды құрметтеушілік, мемлекеттік рәміздерді мақтан тұтушылық, радикалды исламмен күресушілік, ғылым мен технологияны меңгеруге бетбұрушылықты насихаттаушылық, тарихи сананы оятушылық, адасушыларды дұрыс жолға салушылық, текті-арлы-намысты тұлға дайындаушылық т.б. бағытта өрбуде. Бұл үрдістерді қазақ зиялыларының көпшілігі қолдайды, мемлекеттің институттары да осы бағытта біраз жұмыс атқарған, бірақ, қайшылық – тәңіршілдікке қарсы шығады, шындығында, белгілі бір деңгейде, «тәңіршілдікке қарсылық – қазаққа қарсылық» екендігін түйсінетін уақыт жетті ғой. Сонымен қатар, қоғамдық санаға кең тараған үдеріс – «имамофобиядан» да арылу керек. Олардың айтқандарын «абсолютті, түбегейлі дұрыс» деп түсінетін, «кезіндегі Н.Назарбаев сияқты оларды да сынауға мүлде болмайтын» санадан айығу қажет. Олар да Сіз бен Біз сияқты ет пен сүйектен жаралған адамдар.

Сондықтан, тәңіршілдердің халқына сіңіріген еңбектерін  мемлекеттік деңгейде бағаласа – артық болмайды деп санаймын.

Еліміздегі ислам деңгейінің тағы бір ерекшеліктері екіжүзділер көп, «мұсылманмын» деп сөйлейді, бірақ істері ислам талаптарына мүлде қарама қайшы, оларды бейне біреулер солай деп айтасың деп амалсыздан айтқызып қойғандай         әсерде қаласың. Мен оларды «ислам рухын тасымалдаушы денелер» деп атадым.

Ә.Бәкірұлы: Берік мырза, философ ретінде мен де дінге сыни тұрғыдан қарауға мәжбүрмін. Мысалы, қазаргі заман қазақ ұлты үшін ең бір шешуші заман екенін философтар жақсы түсінеді. Біз қолымыз жеткен тәуелсіздік құндылығынан енді мәңгіге ажырамауымыз керек. Не істесек те, біздің ойымыз да, ісіміз де осыған бағынуға тиісті. Бұл жерде бізге дін де кедергі болмауы тиіс. Ал тәуелсіз Қазақстан унитарлы мемлекет, ол Қазақ Елінің мемлекеті. Онда ешкімнің де шатағы болмауы керек. Егер осыған діндер тарапынан шабуыл болып жатса, әрбір қазақ азаматы әрине, өз тәуелсіз мемлекеттігін таңдайтыны анық. Осы тұрғыда, дін қаншалықты консервативті болса да, ол да халықтың ыңғайында болмаса, өзі де жамағатсыз қалуы әбден мүмкін. Міне, қазіргі қазақ мұсылмандығы өздерінің оқу орындарына осыны үйрете ме деген сұрақ туады. Қазіргі жағдайға қарасақ, оған күмән көп. Ал, өз халқының тарихынан, бай мәдениеті мен дәстүрінен мақұрым адамда әрине отаншылдық сезім төмен болады. Ондай адамды ешқандай дін «құтқармасы» анық. Өйткені, «Халық Құдайдың бір аты» десек, халықты елемеу, оның жоғын жоқтамай, барын түгендемеу – ол да кешірілмес күнә. Сондықтан, замандастарды осындай өте мазмұнда әңгімеге шақырғаныңыз үшін сізге алғысымды білдіремін.

Аман саулықпен елге қызмет етіңіз!

Сізге де алғыс!

Берік Аташ – Философия ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия кафедрасының доценті

Әбдірашит Бәкірұлы – философ пубицист.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292