Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1289 0 пікір 19 Қаңтар, 2024 сағат 14:52

Қойнына конверт тыққан шенеунік: Ақтөбе» ӘКК» тексеріліп жатыр

Әлеуметтік желіде «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әжниязов конверт беріп, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің көмекшісі деген адамның оны алып жатқан видеосы тарап кетті. Қазір осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. 

Видеодан «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әжниязовтің конверт секілді затты беріп жатқаны, ал Ғалымжан Елеуовтің көмекшісі деп жазылған адамның оны алып, қойнына жасырғанын көруге болады.

Қазіргі кезде «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-да қызметтік тексеру басталды.

- Видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Біз де көрдік. Қазіргі кезде қызметтік тексеру басталды. Барлығы жан-жақты тексерілген соң қорытындысын хабарлаймыз. Видеодағы адам - «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әжниязов. Сонымен бірге ол жерде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің көмекшісі деп жазылған. Тұрақтандыру қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға жауапты Руслан Әжниязов қазір жиналыста. Бұл жерде қызметте жүргеніне екі ай болды. Тексеруді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ның кадр бөлімі жүргізеді, - деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нарек Гегамян.

Ол қызметкерлердің сыйақысы қанша екенін білмейді, бірақ жыл соңында сыйақы берілгенін жасырмады. «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-да барлығы 80 адам еңбек етеді.

Мән-жайды Ақтөбе облысының әкімдігі де түсіндірді.

- Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің қатысы бар ма, жоқ па, ол жағын білмейміз. Қазір ішкі тексеру жұмысы жүріп жатыр. Сол кезде анықталады. Содан кейін ғана шешімін хабарлаймыз. Видеодағының бірі «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әжниязов, екіншісі бұрын облыс әкімдігінде жұмыс істеген. Біз оны ара-тұра көретінбіз, бірақ әкімдікте қызметкер емес. Ал Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жұмыста, жиналыста, - деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.

Айта кетейік, қызметтік тексеру нәтижесі 10 күн ішінде шығарылады.

Abai.kz

0 пікір