2023 жылы 69 әйел, 7 бала отбасылық жанжал кесірінен көз жұмды
Елімізде бір жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 69 әйел мен 7 бала қаза тапты. Бұл туралы Сенат депутаты Жанна Асанова мәлімдеді.
2023 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 99 мыңнан астам өтініш келіп түскен, балаларға жасалған қылмыс саны - 2452.
«Осы уақыт аралығында ешкімді бей-жай қалдырмаған, резонанс тудырған бірнеше оқиға болды. Естеріңізде болса, Сенат депутаттары Үкіметке сұрау жіберген болатын. Жауап тез арада келді, дегенмен нақты жауапты күтіп, сіздерге жаңалықты жарияламаған едім», - деді депутат.
Жанна Асанованың айтуынша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы дайын, таяуда Мәжіліс талқысына беріледі.
«Тұтастай алғанда, зорлық-зомбылыққа қарсы күресте адам құқықтары дегеніміз - жеке бас қауіпсіздігіне кепілдік беру, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғау, сот қорғауы мен әділ сот ісін жүргізу. Заң зорлық-зомбылық көріністерінің алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ оны жасағандар үшін әділ жазаны қамтамасыз етуге бағытталған»,-деп жазды депутат.
фото: elitar.kz
Abai.kz