Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2617 55 пікір 22 Қаңтар, 2024 сағат 13:35

Ленин әлі өлген жоқ!

Сурет: РИА «Новости»

Кеше, 21 қаңтарда, 1917 жылдың 7 қарашасында Санкт-Петерборда төңкеріс жасаған большевиктердің (кейін - коммунистердің) көсемі болған Владимир Лениннің (Ульяновтың) өмірден озғанына тура 100 жыл толды.

Кешегі Совет заманы болса, бұл күнде «Күн көсемге» арналған насихати фильмдер көрсетіліп, ол туралы өлеңдер оқылып, әндер шырқалып жататын.

Қуаныштысы сол – қазақ ақпараттық әлемі, соның ішінде әлеуметтік желілерде Лениннің атының аталғанын көрмеппін.

Бұл да болса кезінде «Жаңа Қазақстан» форумын құрған біздердің «декоммунизация» мен «десоветизация» ұрандарымыздың біртіндеп жүзеге аса бастағанының бір көрінісі болар.

Оған да шүкір дейсің..

Алайда бұрын-соңды боп көрмеген тоталитарлық жүйе атасының сөзі мен ісі толығымен келмеске кетті деп айта аламыз ба?

Жоқ!

Біріншіден, Кампанелланың «Күн қаласы» секілді әдемі ертегісі мен утопиясынан бастау алатын барша адамның теңдігі туралы идея адамзат ой-санасын мен жүрегінде қала бермек.

Ұлы француз революциясының жалауында да «Еркіндік» пен «Бауырластық»-пен қатар осы «Теңдік» жазылып, қазірдің өзінде бұл мақсаттар Франция Республикасының ресми девизіне айналып отыр.

Екіншіден, өткен ғасырдың басында Ресейде социал-демократиялық ұстаным екі жаққа: большевик және меньшевик болып кеткенін, одан алғашқылары қарулы төңкеріс жасап, билікті өз қолына алғанын білеміз.

Ал егер де билік басына большевиктер емес, меньшевиктер келгенде, бүгінгі постсоветтік кеңістіктің тарихи жағдайы қандай болар еді?

Әрине, бұл саяси фантасттардың еншісіндегі жанр болар.

Үшіншіден, Ленин ұсынған «Жер – шаруаларға, зауыттар мен фабрикалар – жұмысшыларға, барлық билік – советтерге берілсін!» деген суперидеяны дәл қазір ешкім қолдамайды деп айта аламыз ба?!

Керісінше, әлеуметтік-экономикалық жағдай ушығып, қарапайым халықтың жағдайы нашарлаған сайын (Ресейдегі революция да Бірінші дүниежүзілік соғысты бастан өткеріп, халқы ашығып әрі ашынып, наразылық өршіген кезде жүзеге асқанын ұмытпайық) мұндай ұрандар өміршең болып, өз жақтастарын таба береді.

Сөз жоқ, Қазақстан – өзінің түбегейлі мемлекеттік негіздерін конституциялық тұрғыдан анықтап, бекітіп, болашаққа нық қадам басқан ел.

Бірақ саяси биліктің тұрақсыздығы, бір идеяның орнына екіншісі келуі – қазіргі заманның бір үрдісі. Мәселен, оңшылдардың орнына – солшылдар, центристердің орнына радикалдар кеп жатыр. Жалпыадамзаттық құндылықтар мен баршаға ортақ демократиялық қағидаттарға бет бұруды мақсат еткен Жаңа Қазақстанда да күні ертең идеялар тартысы саяси алаңға шығып, соның ішінде, сайлау науқанына мықты ықпал жасайтыны анық.

Сол кезде броневиктің үстіне шығып алып, кезінде большевиктер ұстанған, бүгінде де құлаққа жағымды әрі көп адам кет әрі емес әлеуметтік-экономикалық ұрандарды қазақтың бір «Ленині» айқайлап тұрса, бүгінгі, халықтың жағдайын жақсартуды қолға ала алмай жүрген, керісінше, өзі тұрпайы популизмге салынып, қарабайыр хайптың соңына ергіш өкімет не істейді екен?

Мен бұл жерде Ленин жүргізген сұрқия саясатты, соның ішінде, оның Совет одағы құрамында болған ұлттарға қарсы жүргізген геноциді мен репрессияларды айтып отырған жоқпын. Ол туралы әңгіме бөлек. Мен тек оның қандай ұрандармен билік басына келгеніне ғана тоқтадым.

Түйін: Жүз жыл бойына Ленин секілді қарапайым пендені жерлеуге жарамаған, коммунистік партияны өз парламентінің маңызды күшіне айналдырып отырған Ресей бүгінде біздің көршіміз әрі ішкі және сыртқы саясатымызға ықпал етіп отырған басты әріптесіміз екенін де ұмытпайық...

Әміржан Қосан

Abai.kz

55 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437