Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2891 0 пікір 5 Қараша, 2013 сағат 04:11

Интернет-конференция: Рақым Айыпұлы (2-жауап)

Интернет-конференциямыздың мәртебелі мейманы Рақым Айыпұлымен әңгімемізді жалғастырып беріп отырмыз. Әңгіме өзегі көші-қон мәселесі болғандықтан оқырман сауалы да негізінен осы тақырыпты қамтыпты. Сауалдардың арасында сырттан көшіп келіп жатқан ағайынды ұнатпайтындар да, олардың талап-тілегін  ел ішін бұзар ереуіл деп қабылдайтындар да бар екен. Сондай пікірдегі сауалға байланысты Рақым Айыпұлы: « Елге оралған милионға жуық қандастарымыздың бәрі өкпе айтып, ереуілге шығып жатқан жоқ. Құзіретті мекемелерден әділдік таппай қиналған бірен- саран ағайынның өкпе наласына бола елге оралған күллі қандастарымызға топырақ шашу азаматтыққа да Құдайшылыққа да жараспайды» ,  - басалқалы сөзбен жауап қайырды. 

 

Интернет-конференциямыздың мәртебелі мейманы Рақым Айыпұлымен әңгімемізді жалғастырып беріп отырмыз. Әңгіме өзегі көші-қон мәселесі болғандықтан оқырман сауалы да негізінен осы тақырыпты қамтыпты. Сауалдардың арасында сырттан көшіп келіп жатқан ағайынды ұнатпайтындар да, олардың талап-тілегін  ел ішін бұзар ереуіл деп қабылдайтындар да бар екен. Сондай пікірдегі сауалға байланысты Рақым Айыпұлы: « Елге оралған милионға жуық қандастарымыздың бәрі өкпе айтып, ереуілге шығып жатқан жоқ. Құзіретті мекемелерден әділдік таппай қиналған бірен- саран ағайынның өкпе наласына бола елге оралған күллі қандастарымызға топырақ шашу азаматтыққа да Құдайшылыққа да жараспайды» ,  - басалқалы сөзбен жауап қайырды. 

 

-  Осы оралман атанып жүрген қазақтардың қашан көрсең де Қазақстанға өкпесі қара қазандай болып жүретіні неліктен деп ойлайсыз? Отан, туған жер, өскен орта – бір-біріне қабыса бермейтін дара ұғымдар екеніне келісесіз бе? «Бәлен жерде бақыр бар» -деп шауып келгеннен гөрі, ата мекеніме салмақ салмай-ақ өз күнімді өзім көрейін дейтін пиғыл неге аз оралмандардың арасында? «Не көрмеген қазақ едік, енді бірге жүрсек өлмеспіз» -деп өрге тартудың орынына, «Ойбай, үй керек, күй керек, заң керек, жанашыр басшы керек, шатырымнан су ағып тұр, еденімнен ызғар ұрады, светтің ақшасын төлемеймін ...мін,...мін,...мін!» - деп байбалам салып жүргендерді ұлтқа жанашыр болатындар қатарына жатқыза аласыз ба?

Құдайберген Құрманұлы.

- Біле-білсек, өкпе тек өзімсінген жақын адамға ғана айтылады. Жатқа өкпе жүрмейді. Және де елге оралған милионға жуық қандастарымыздың бәрі өкпе айтып, ереуілге шығып жатқан жоқ қой!  Құзіретті мекемелерден әділдік таппай қиналған бірен- саран ағайынның өкпе наласына бола елге оралған күллі қандастарымызға топырақ шашу азаматтыққа да Құдайшылыққа да жараспайды. Ал, Отан, туған жер, өскен орта – бір-біріне қабыса бермейтін дара ұғымдар емес, керісінше өзара біте қайнасқан қасиетті ұғымдар. Мұның ішінде Отан деген ұғым бәрінен де қасиетті және ыстық. Елім деген адам Отан үшін бәрін де тәрік етіп, оның жолында от кешуден тайынбайды. Сол себепті де, елім, Отаным деп келген ағайын басқа түскен барлық қиындыққа төзе жүріп, ел қатарына қосылды. Бүгінгі күнде тәуелсіз еліміздің барлық саласында олардың қолтаңбасы бар, іздері сайрап жатыр! Олар өз күнін өздері көріп отырмағанда, ұрпағымен бір жарым милионнан асатын осы бір  үлкен қауымды мемлекет немесе сен асырап отырған жоқсың. Әрине, қазақ көшін көлікті ету үшін көп тер төгу керек екені шындық. Және ондай мүмкіндікке еліміздің күш-қуаты қаптал жетеді. Соған қарамастан, өзінің тәуелсіз Отанына жету және осында балдай батып судай сіңіп кету жолында жанкештілікпен еңбектеніп жүрген осы қауымды ұлтқа, Отанға ең жанашырлардың қатарына жатқызбау иманнан безгендік болар еді.

- Құдайберген Құрманұлы, тозып кеткен әлаулайыңды айтып елді жікке бөлгенде не ұтасың? «Үй керек» деп жылаған оралманды қайдан көріп жүрсің? Ал, «жер керек!» деп тек оралман қазақ қана емес, жергілікті қазақта айтады. Айту керек. Өйткені жер еңбек ететін, тірлік жасайтын, адамға ғана емес, өлетін әке-шешеңе, туыс-туғандарыңа да керек. Ертең өзің өлсең сені қайда жерлейміз? Туалетке тастамайтын шығармыз. Әрине жер сұраймыз! Сондықтан сенің Құдайберген екенің рас болса,   онда әлден жер сұрай бер. Болмаса сатып алып қой.

Құрметпен, Тәңірберген Құрманұлы

- Тәңірберген ащылау айтыпты. Бірақ, пікірі дұрыс. Адамға жер керек. Оның үстіне біреудің жеріне көз аларатпай өз жерінде, байтақ даласында отырған қазақ өз жеріне иелік етсе, артық болмайтын шығар.

- Қытайдан келген өңшең байлар жиналып ашқан «Жебеу» қоры не жұмыс жасайды осы? Ұлтқа жасаған бір қызметін көрмептік... Қытайлармен өте тығыз байланыста деп естиміз. Сіз не дейсіз, атқарушы директор? Қазаққа мынандай жұмыс жасады деп санамалап беріңізші. Негізгі мақсаты, негізгі құрылтайшылары кімдер бұл қордың?

- Елге келгеннен кейін өздерінің адал еңбегімен табыс тауып, оның бір бөлгін арттағы ел-жұрттың қамы үшін жұмсап жатқан азаматтарға алғыс айтқан жөн шығар. Қазір «Жебеу» РҚБ –тігіне құрылтайшы болғандардың қатары үздіксіз өсуде.Олардың атын атап, түсін түстеп отыру міндетті емес шығар. Сұрақ қоюшы ретінде өзің де жақсы біліп отыр екенсің, бірлестік  шама-шарқынша қазақ көшін көлікті ету жолында еңбектеніп келеді. Естеріңізде болса, «Қызылағаш қасіреті» кезінде бірінші болып апатқа ұшыраған халыққа қаржылай және рухани көмек көрсеткен аталған қоғамдық ұйым болатын. 2009 жылы Үкімет тарапынан ұсынылған «Халықтың көші- қоны туралы» заң жобасының кереғар тұстарына бірінші болып қасы шығып, бір жылдан астам Парламенттегі жұмыс тобымен қоян-қолтық жұмыс істеп, заң жобасына оңды өзгеріс енгізуге барын салған да аталған бірлестік болатын. Ниеті адал, пиғылы түзу адам болсаң, көз алдымызда қазақ көшін құрдымға сүйрейтін заң жобасы Сенатта қаралып жатқанда тасада тұрып сын айтқаннан гөрі біздің қасымыздан табылғаның жөн болар еді. Арттағы елдің қамы үшін Қытай емес, ібіліспен де тіл табысуға дайынбыз!

- Тәуелсіздік жылдыры Қытайдан келген оралмандардың ішінен ұлтшыл деп жалғыз адамды ғана айтуға болады; ол марқұм Ермұрат Зейіпханұлы. Aл қалған бүгінгі баспасөз беттерінде жүргендердің көбі бизнес жасау үшін келген дейді. Осыған қаншалықты келісесіз?

- Марқұм Ермұрат Зейіпханұлы өз отаны мен ұлтына бүкіл жан дүниесімен берілген арыс азаматымыз еді. Ал, Ермұратты өмірге әкелген ел-жұрты елім деген тек жалғыз ұл өсірді десек, бұл тұтас халықты қорлаумен бірдей. Өзінің адал еңбегімен байып, елге есе қосып жүрген азаматтарды күстаналау – нағыз бейшаралықтың белгісі.

- Қазақстан оралманды көшіру түгілі, енді өзінің Қазақ елі болып тұруы екіталай нәрсе, өйткені билік жаттың қолында. Осыған не дейсіз?

         Өкіреш

-  Қалай десекте, тәуелсіз еліміздің іргесі күн өткен сайын бекемделіп келеді. Уақыт сіз бен біздің пайдамызға жұмыс істеуде. Біз бүгін өз Отанымызда 70 пайызға жақындадық. Мүмкін одан да көп шығармыз. Тәуелсіздігімізге төнген түрлі қауіп-қатерлердің барын жоққа шығармаймын. Билікке ықпалды, жаттың қолынан жем жеп отырған арам пиғылды топтардың бар екені де рас. Бірақ, еліміздің билігі түгелімен жат қолында деген пікіріңізбен келісе алмаймын.

- Жаңаөзен оқиғасы кезінде Өмірзақ Шөкеев пен Ермұқамед Ертісбаев оралмандады 2-сортты қылып көрсеткіс келді.Неге?

- Осы бір қан төгілген бақытсыз оқиғаға ең қорғансыз қоғамдық топтарды кінәлі етіп көрсету арқылы, өз бастарын жауапкершіліктен арашалаған түрлері шығар. Осындай пиғылдары арқылы аталған азаматтар өздерінің кім екендіктерін жалпақ жұртқа әшкерелеп алды.

- Жағдайы жоқ отбасыларына көмек қолыңызды созып тұрасыз ба?

- Ең алдымен айтарым мен соншалық бай адам емеспін. Сонда да көмек сұрап келгендерден ақыл-кеңесімді аяп жүргем жоқ. Жақындарыма қол үшін беруді өзімнің мұсылмандық парызым санаймын.

- Осы көші-қонмен айналысатын мекемелерге немесе көші-қон заң жобасының жасалуына не үшін өзіңіз секілді осы саланы жетік білетін мамандар қатыстырылмайды, әлде әдейі кедергілер жасала ма?

- Мүмкін бұл сұрақты сол мекемелерде қызмет жасайтын  адамдардың өзіне қойған дұрыс болар. Бірақ, мұндай жауапты кезеңдерде біз орайын тауып қағыс қалмауға тырысып келеміз. Мысалы, өз басым 1997 жылы және 2009 жылы да Парламенттегі жұмыс тобының қызметіне белсене қатыстым. Және аталған жұмысымыз ерекше нәтижелі болғандығын да атап айтуға тиіспін.

- Шетелден келген қандастарымыздың арасынан көш тізгінін ұстауға лайық деп кімді атап көрсете аласыз?

- Бұл мазмұндағы сұраққа жоғарыда жауап бердім деп есептеймін. Шеттен келген деп бөліп-жарғанымыз орынды болмас.

- Оралмандар мәселесін билікпен тікелей ақылдаса отырып шешудің орнына қарсы жақтын сойлын соғып кеткен жоқсыңдар ма?

- Сеніңше қарсы жақ деп кімді айтуға болады? Егер меңзеп отырғаның оппозиция болса, саған айтарым, қараңғы үйден қара мысық іздемей-ақ қой! Оппозицияда жүрген азаматтардың көбін мен сенен жақсы білемін. Олардың көбі еліме, халқыма болсын деп жанын шүберекке түйіп жүрген мемлекетшіл тұлғалар. Егер тыңдар құлақ болса, ақыл-кеңесімізді биліктен ешқашан аяп көрген жоқпыз.

- Президенттің айналасында 99 пайызы жағымпаздар, жәдігөйлер, «жабық жемқорлар» жүр. Яғни, сыбайлас-жемқор демесін деп бәрін таныстары мен туыстарының атына жазып қойып, үлкен бизнестерге ие болып отыр. Олардың қатарында елдің ертеңін ойлап отырған ешкім жоқ. Сіз бұған не дейсіз?

- Сіз мәселенің бояуын тым қалыңдатып жіберген сияқтысыз. Билік тізгінін ұстағандардың арасында жемқорлардың аз емес екені рас. Бірақ, елге, ұлтқа жанашыр, мемлекетшіл тұлғалардың да көп екені күмәнсіз. Онсыз мемлекетіміз әлдеқашан құлап қалар еді. Сондықтан ертеңгі күнге үмітпен қарайық, бауырым!

Менің ойымша Отаныма біржола көшіп келем деген қазаққа еш көмек керек емес. Себебі, сол көмекті алсаң жергілікті жұрттың жаман көзқарасы пайда болады? Сен қалай ойлайсың?

- Бұл көзқараста белгілі шындық бар. Бұрында берілетін бір реткі жәрде ақы оншалықты көп ақша емес болатын. Сонда да, елге оралған ағайынды жеккөрінішті етуге, күстаналауға таптырмас сылтау болды.

Мен бұл мәселеде ең алдымен елге оралған қандастарды құқықтық жағынан қорғауды, содан соң барып оларды солтүстік облыстарға және жалаңаштанып қалған шегаралық аймақтарға қоныстандырудың ынталандыру шараларын қолға алу керек деп есептеймін. Мұндай ынталандыру шараларын ішкі көші-қонға да қолдануға әбден болады.

- Жергілікті қазақтардың құқығын кім қорғайды, ағайын!?. Оларға еш жеңілдік жоқ. Ал мына масылдарға, міндетсіген қауымға өзі не керек? Әне, Өзбекстан мен Қарақалпақтан қаншама адам квотамен келді, елге тигізген бір грамм пайдалары  жоқ! Түркіменстаннан келгендері бүлік шығарып ел тыныштығын бұзды. Фактілер осылай дейді. Нұр Отан партиясының белсенді бір мүшесі.

- Билік партиясының белсенді бір мүшесінің көзқарас-пайымы осы болса, пікір таластырып сөз шығындауды артық санаймын. Тек қатарларын осындай дүмшелермен толықтырып отырған «Нұр Отанға» жаның ашиды екен.

- «Оралман» деген аты барлардың (Ескерту: уақытша мәртебесі немесе статусы бар деп жазылуы керек. -ред) бәрі Қытайдан келген бе? Моңғолиядан келгендер белсенді емес пе, неге екенін білмеймін, олардың арасынан есімі елге танымал бір азаматты танымайды екенбіз. Сіз Моңғол елінен келген қандай танымал оралмандарды білесіз? Атап бере аласыз ба?

Орысқұл Қытайбергенов

- Бір Зардыхан Қинаятұлы ағамыздың өзі неге тұрады. Қаржаубай Сартқожа, Досан Баймолда қатарлы ғалымдар мен басқа да өнер мен ғылымда жүрген сандаған асыл азаматтарымызды айтып тауса алмаймын. Егер шынымен білгіңіз, танысқыңыз келсе, біз қазақтар сонша көпте емеспіз.

- Оралман десе кезінде қиыншылыққа шыдамай қашып кеткендер деген қазір бізде түсінік қалыптасқан. Қашып кеткен ешкім жоқ. Олар кезінде әртүрлі саясаттың кесірінен Қазақстаннан бөлініп қалған территорияларда қалып қойған өзіміздің тұрғылықты қазақ бауырларымыз. Осы мәселе  халыққа неге түсіндірілмейді? Оралмандарды жергілікті жұртпен араластырмай осылай бөліп отыру әдейі жүргізіліп отырған саясат емес пе осы? Ерте ме, кеш пе, ол бөлініп қалған жерлерді сұрайтынымыз анық қой. Әрине,  сырттағы ағайын көптеп көшіп келсе пайдасы көп болар еді. Бірақ, мүмкін сол бауырларымыз сол жерлерде отыра тұрғаны дұрыс деп ойламайсыз ба? Сосын, әрбір жергілікті әкімшілікте оралмандарды бейімдеу орталықтары деген бар, ол жерде оларға орысша үйретеді екен. Неге билік оралман бауырларға орысша үйретіп қинағанша, осы елдің азаматтығын иеленіп, нанын жеп, өмір бойы тұрып келе жатқан өзге ұлыстарды қазақшаға үйретпейді? АРЛАН ҚАСҚЫРҰЛЫ

- Кезінде қолданыстағы заңға аталған тармақ енгізілерде «Жас қазақ» газетінде «Оралмандар, енді орысша сайраңдар» деген мақала жазып, қарсы шығып едім. Әрине, білгеннің зияны жоқ қой. Мәселе, осындай заң талаптарының қандай мақсатты көздейтіндігінде болып тұр.

- «Сырттан келген қазақтың елге пайдасы жоқ» дейтіндер осы интернет-конференция барысында да төбе көрсетіпті. Пекин олимпиадасында алтын алған жалғыз қазақ – Өзбекстаннан келген оралман Бақыт Сәрсекбаев болатын. 2005 жылы бокстан Әлем чемпионатында алтын алған жалғыз қазақ – Қарақалпақстаннан келген  қазақ Ердос Жаңабергенов болатын. 2011 жылы жасөспірімдер арасынан бокстан Әлем чемпионатында жалғыз медаль алған, онысы тек алтын – Бекжан Күбітқалиев болса, оның да бірнеше жыл бұрын Қарақалпақстаннан келгенін еске алайық. Өткен олимпиадада жалғыз күміс алған Әділбек Ниязымбетовте Қазақстаннан сыртта дүниеге келген. 2008 жылы Пекин олимпиадасында таеквондодан қола алған қазақ – Қарақалпақстаннан Атырауға көшіп келген Арман Шылманов болатын.Осылай кете береді. Біз тек спорттағы бірнешеуін ғана атадық. 

-Сізбен толық келісемін. Алла разы болсын!  Бірақ, кей бір надан дүмшелердің елге ел қосылса, құт болатындығын түсіне алмайтындығы қарныңды ашырады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371