Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұлттық құрылтай 2014 9 пікір 1 Ақпан, 2024 сағат 19:03

Кеңесшіл ел кемдік көрмейді...

Бабаларымыз ел тағдырында маңызды шешім қабылдар кезде Құрылтай шақырып, ақсақалдар мен билерді жинап, ақылдасатын. Бүгінгі Ұлттық құрылтай сол дәстүрдің жаңғыруы, Президенттің кеңесі іспетті. Бұл Құрылтай бұрынғы және қазіргі дәстүр алмастығы, Мемлекет басшысымен бетпе-бет кездесіп, түрлі сала өкілдерінің пікірін айтуы, қоғамдағы өзекті мәселелерді ел болып алқалап шешуі. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда, одан кейін қасиетті Түркістанда өтті.

Алғашқы басқосуда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген қазақтың нақылымен бастаған еді. Өте орынды айтылған. Ұлытауда өткен кеңесте жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру, Республика күнін ұлттық мереке санатына жатқызу, еңбекке баулу және жас ұрпақ тәрбиесі, кадр саясаты, латын әліпбиіне көшу мәселелері қаралды.

Түркістанда өткен алқалы жиында 8 түрлі мәселе қозғалды. Атап айтқанда мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұраларды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, мемлекеттік саясатта талдау және сараптама жасау қызметінің сапасын жақсарту, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар шекаралас аймақтарды дамыту, қоғамда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын оқып шықтым. Онда өткен жылды саралап, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға болжам жасаған екен. Президенттің сайлауалды бағдарламаларымен де жақсы таныспын. Бұл кісі құрғақ сөздің емес, нағыз істің адамы екен. Айтты, уәде берді, орындады. Мәселен, Конституциялық Сот жұмысын бастады, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды, алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады, еліміздің әр аймағында «Жайлы мектептер» бой көтеріп жатыр. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып, пайдалануға берілуде. Түрмысы төмен отбасыларды қолдау үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы еңгізілді, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің, тәрбиешілердің жалақысы өсті. Елдегі ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды. Президенттің 2023 жылы жариялаған Жолдауында айтылғандай, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден 2 есеге арттыру мәселесі стратегиялық мақсат ретінде белгіленді. Бастысы – Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Жаңа жылымыз жақсы жаңалықтармен басталды. Бірінші ақпан күні кәмелетке толмаған немерелерімнің бәрінің есепшотына ақша түсіп, шат-шадыман болдық. Міне, бұл тірліктің бәрі биыл да жалғасын табатыны, Мемлекет басшысының «мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз» деген сөзі көңілге қуаныш ұялатады. Қабылданып жатқан саяси реформалар, нормативтік құжаттар, биылдан бастап жаңа эканомикалық үлгіге көшу жұмыстары – барлық саланы қамтитын нағыз жаңару жұмыстары. Сондықтан енді жоғарыда аталған, қабылданған шаралардың шынайы жүзеге асыру тетіктерін ұсынған тиімді.

Менің ойымша, Құрылтай ұлттық мәртебеге ие болғандықтан, оның қорытындысымен қабылданған мәселелер ұжымдық, шығармашылық іс ретінде қарастырылуы тиіс. Мемлекеттік деңгейде қабылданатын құжаттар да негізгі идея ретінде қарастырылуы қажет. Бұл біріншіден. Екіншіден, Құрылтайда қаралатын мәселелер бойынша нәтижеге жету жұмыстарының алдын ала индикаторлары белгіленіп, сараптама жасау, талдау барысы жайлы бақылау қорытындылары, бағалау тетіктері белгіленіп, белгілі тұжырым жасалынуы тиіс. Тиімділігі көрсетілуі қажет және келесі Құрылтайға дейін қорытындысы жария болуы шарт.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды» деген жоғары баға берді. Олай болса, құрылтайдың келесі отырысы биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыт-бағдарын айқындап, белгілеу жұмыстарына атсалысулары тиіс деп ойлаймын.

Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстарында білім беру жайы талқыланды. Президенттің Білім және ғылым министрлігін екі министрлікке бөлуі – дер кезінде қабылданған ұлттық дамуымызды сапалық жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық қадам болды.

Ендігі үлкен мәселе - Оқу-ағарту министрлігінің атының, ол атқаратын жұмыстың затына, көлеміне, мазмұнына әдіс-тәсілдері мен технологиясына сай еместігінде деп санаймын. Өйткені министрлік атына мазмұндық талдау жасасақ, атауының уақыт жағынан да атқарылатын жұмыстың көлемі бойынша да сәйкес келмейтіндігін көреміз. Нақты айтар болсам, Оқу – оқу ісінің білім, дағды, шеберлік, әдісін меңгеруге бағытталған оқушының әрекеті. Әрине оқушы бұл әрекетке пән мұғалімінің көмегінсіз, сынып жетекшісінің жәрдемінсіз, психологтың қолдауынсыз, мектеп басшыларының қадағалауынсыз қол жеткізе алмайды.

Екінші мағынасы – оқу-кітаппен жұмыс, бұл да жеткіліксіз, сабақта кітаппен де, дәптермен де, тақтамен де, көрнекі және техникалық құралдармен де жұмыс жасалады. Сондықтан «оқу» атауы дұрыс алынып тұрған жоқ.

Ағартушылық – 18-19 ғасырларда дамыған идеялық ағым. Оның өкілдері ізгілік, әділеттілік идеялары мен таным-білім негіздерін тарату жолдары арқылы қоғам кемшіліктерін түзетуге, оның талғам-талаптарын, саясатын, тұрмысын өзгертуге күш салады. Ағартушылар қатарында Вольтер, Руссо, Монтескье, Гердер, Лессинг, Шиллер, Гете, Десницкий, Козельский т.б болды .Олар өз уағыздарын қоғамның барлық топтары мен жіктеріне, әсіресе билік иелеріне бағыштады. Қоғамдағы кертартпа көріністердің бәрі адамдардың надандығынан олардың өз табиғатын өзі түсінбеуінен деп білді. Ағартушылар шіркеулік идеология ықпалына діни догматтарға, схолостикалық, ой ағымдарына қарсы болды. Ағартушылар қоғам дамуындағы сананың айқындаушы рөлі туралы түсініктерге ден қойды. Ағартушылар 18 ғасырда әлеуметтік көзқарастардың қалыптасуына едәуір ықпал етті. Шығыс елдерінде бұл ағым біршама өзіндік сипатта өркен жайды. Сонымен ағарту 18-19 ғасырларда дамыған және қоғамдағы кертартпа көріністер мен адамдардың надандығын болдырмауға бағытталған идеялық ағым. Бұдан байқайтынымыз, осыдан 3 ғасыр бұрынғы айтылған идеяны қазақ мектептерінде жүзеге асырамын деу қалай ойлағанда да қисынсыз. Менің ойымша, Президент Білім және Ғылым министрлігін 2 министрлікке бөлгеннен кейін олар бұрынғы өз атауларымен қалуы керек еді. Өйткені, Білім министрлігінің атына сай оның заты – білім беру үрдісі.

1. Оқушының өзінің, қоғамның, мемлекеттің мүддесі үшін мемлекеттің белгілеген білім деңгейі талаптарын меңгергендігін белгілейтін, белгілі бір білім жүйесін меңгеру процесі мен нәтижесі.
2. Қоғамдағы, адам дамуына қажетті ғылыми, әдістемелік, білім беру мекемелерінің органдары мен талаптарының арнайы ұйымдастырылған жүйесі.
3. Адамның өмірі бойында қалыптасқан білім жүйесі мен көзқарасының өзгеру, даму, жетілдіру процесі, өмір жағдайларының өзгеруіне ғылыми прогресс үдеуіне байланысты жаңа білімді, іскерлік пен дағдыны үздіксіз, шексіз меңгерудің абсолютті формасы.
4. Адамның өзгермелі әлеуметтік мәдени ортада өзін-өзі анықтауын, өзіндік дамуын және өзін-өзі іске асыруын қамтамасыз ететін әр алуан тұлғаға бағытталған іс-әрекет, тұлғаның өзінің тап осындай болып қалыптасуы, дамуы,өсуі.
5. Адамның қоғамда ойлау, әрекет ету бейнесін қалыптастыру; адамды әрбір нақты тарихи кезеңде белгілі бір деңгейге дейін ашылатын оның сапасына өлшеміне, мәніне сәйкес қалыптастыру.
6. Мақсаты – қоғам мүшелерін жоғары деңгейлі адамгершілікке, интеллектуалдыққа, мәдени және физикалық дамуы мен кәсіби біліктілікке жету болып табылатын тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз жүйесі,процесі және нәтижесі.
Білім беру жүйесі меншік түріне, типтері мен түрлеріне қарамай өзара іс-әрекет етуші;

1. білім беру ұйымдарының;

2. білім берудің түрлі деңгейі үшін сабақтас білім беру бағдарламалары мен мемлекеттік жалпыміндетті білім стандарттарының;

3. білім беру бағдарламаларын және білім беру жүйесін дамытуды іске асыруда қамтамасыз етуші білім беруді басқару ұйымдары мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың жиынтығы.

Білім беру жүйесінің сипаты ел дамуының әлеуметтік – экономикалық деңгейімен,саяси құрылымымен, мәдени–тарихи және ұлттық ерекшеліктерімен айқындалады.

Білім беру мен білім беру жүйесі туралы баяндалған тұжырымдар негізінде министрлікті Білім министрлігі деп атау орынды.

Құрылтайда қозғалған келесі мәселе – еңбекке баулу және жас ұрпақ тәрбиесі. Қазақ мектебінің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты берілетін тәрбие имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке негізделген. Ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, берілетін тәрбие жұмысын толық этнопедагогикаға негіздеу керек. Бұл жұмыстарда ұлттық мінезге, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер және ұлттың этикет нормалары негізінде тәрбие беру қарастырылады. Мәселен:

а) Ұлттық мінез–құлық пен әдет-ғұрып негізінде тәрбиелеу. Атап айтқанда, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ар-ождан, адал да әділ болуды бала санасына сіңіру, мейірімділікке, кеңпейілділікке баулу.

ә) Халықтың салт-дәстүрлері негізінде тәрбиелеу. Оқушыларға халықтың салт-дәстүрлері туралы толық мағлұмат беру, ата дәстүрінің тәрбиелік мәнін көрсету мақсат етіледі.

б) Еңбек пен ісмер іскерлікке тәрбиелеу. Балаларды ұлттық өнерге, қолөнерге, халықтық ісмерлікке баулу, мал бағу мен егін егуді көрсету, үй шаруаларына, тұрмыстық істерге (құрт, қауынқақ, қауынқұрт дайындау, нан ашыту, тары қуыру, ұршық иіру, алаша, кілем тоқуға) үйрету.

Қазір Ұлттық құрылтай туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылып жатыр. Жуырда маған бір журналист «Қоғам үнін жеткізетін тиімді пікірталас алаңына айналдыру үшін Құрылтайға қандай да бір жаңашылдық, жаңа формат қажет пе?», деген сауал қойды. Мен «Жаңа технологиялар жайлы айтпас бұрын жоғарыдағы аталған міндеттерді шешу үшін әрбір қазақстандық бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуі керек.. Күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жолашарлық қарым-қатынас жасаулары қажет. Іс-әрекет түрлерін, әдістері мен құралдарын одан әрі жетілдіріп, тиімді тәсілдерді нәтижелі қолданудың жолдарын іздестірулері тиіс» деп жауап бердім.

Ғылыми еңбектерде іс жүзінде анықталып, табылған жұмыс үрдісінің нәтижесін көтеретін әдіс-тәсілдер мен оның түрлерін «жаңашыл», «жаңалық», «инновация» деп аталады. «Инновация» ұғымы ғылымның сөздік қорында ежелден енген. Ғалымдардың еңбектерінде «жаңа», «жаңалық енгізу» деп көрсетіледі. Инновация термині қазірде барлық салаларда істің теориясы мен практикасында кеңінен қолдануда. Елімізде «инновация» ұғымын пайдалану тәуелсіздіктен кейінгі жылдарға жатады. Ең алғаш «инновация» ұғымын қазақ тілінде анықтаған ғалым – Немеребай Нұрахметов. Ол: «Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз, оған қатысушы мекемелердің жаңалықтарды жасау, игеру, қолдану және таратудағы бір бөлік қызметі»,-дейді.

Инновациялық процесс – жаңарту үрдісі. Қазіргі инновацияның ең негізгі міндеттерінің бірі – жаңалықтарды классификациялау болып табылады. Инновация технология арқылы жүзеге асырылады. Ал, технология әртүрлі саладағы жүзеге асырылатын фабрикат, жартылай фабрикат, материалдар мен шикі өңдеу немесе қайта өңдеудің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы. Сонда технология – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы деген ұғымды білдіреді. Технологиямен жұмыс жасауға ұжыммен алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі, оның ерешелігі меңгертіледі, меңгерген жағдайда тиісті базаға түсіріліп технологиямен жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Сонда ғана сапалы өзгерістер болып атқарылған жұмыстардың нәтижелігіне қол жеткізеді.

Балалық шақ – адамның даму кезеңі, естиярлықтың алды, ағзаның қарқынды өсуі және жоғары психикалық функциялардың қалыптасуымен сипатталады. Баланың мектепке дайындығы – тұлғалық және интеллектуалдық дайындық, сондай-ақ, көру-қозғалғыштықтың үйлесімді дамуының жеткілікті деңгейі құрамына кіретін кешенді ұғым.

Тұлғалық, яғни баланың мектепке тек қана бару тілегі емес, оқу ,оқумен байланысты белгілі бір міндеттерді орындауға ықыласы болуы керек, сыртқы дүниеге танымдық қатынасы, коммуникативтік құралдары мен дағдыларының қалыптасуы қарым-қатынасқа ынтасы болуы қажет.

Интеллектуалдық-кемелденген дамуда (қабылдау, ес, қиялдау, сөйлеу) бала балабақшаның стандартты бағдарламасының көлемінде білім, икемділіктер мен дағдыларға ие болады.

Кіші жастағы оқушыларға тұлғаның бейімделуі, дамуы және қалыптасуы үшін жағдай жасау керек. Жасөспірімдерге оқушылардың мотивациялық аясын, қызығушылығын және икемділігін есепке ала отырып оқу қызметін ұйымдастыру қажет. Жоғарғы сыныптағылар тұлғаны қоғамға бейімдеу мақсатында өзін-өзі кәсіби анықтау орынды.

Мектептен тыс жұмыс – оқушылардың жан-жақты қызығушылықтары мен сұраныстарын қанағаттандыру, олардың өзіндік әрекеттері мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мектептен тыс мекемелерде жүргізілетін білім – тәрбиелік мен мәдени-ағартушылық, көпшілік шаралар.Мектептен тыс ұйымдар – мектептегі оқытуды толықтырады, адамның іс-әрекетінің әр түрлі салаларында оқушылардың сұраныстары мен қызығушылықтарын дамытып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізеді. Мектептен тыс кең профильді мекемелер: шығармашылық үйлері мен сарайлары, балалар қалашықтары мен алаңдары, қала сыртындағы және қалалық жазғы сауықтыру лагерьлері. Ал, мектептен тыс тар профильді мекемелер: балалар кітапханалары мен оқу залдары, ойын бөлмелері, жас техниктер, натуралистер стансасы, балалар мен жасөспірімдер спорттық мектептері, көркем сурет және музыка мектептері, студиялары.

Алдағы көктемде жоспарланып отырған үшінші Құрылтайда жоғарыда аталған мәселелер пысықталса, құба-құп болар еді. Білім мен тәрбие және еңбек қатар жүрсе, біз алмайтын асу, бағындырмайтын белес жоқ.

Фото: Ақорда сайтынан алынды

Ергешов Абай Жомартұлы

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

ардагер-ұстаз

Қызылорда облысы Шиелі ауданы

Abai.kz 

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371