Рамзан Қадыров 23 жастағы қызын жоғары қызметке тағайындады
Рамзан Қадыровтың 23 жастағы қызы Хадижат (Карина) Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Бұл туралы Қадыровтың өзі телеграм-арнасында хабарлады.
Қадыровтың айтуынша, Хадижат әлеуметпен байланысқа жауапты болады. Бұған дейін Хадижат Грозный қаласы мектепке дейінгі білім департаментінің басшысы қызметін атқарған.
2023 жылғы қазанда Қадыров Хадижатқа «әлеуметтік саладағы үздік жұмысшы» құрметті атағын берген. Сол айда оның күйеуі Адам Алханов Шешенстан денсаулық сақтау министрлігін басқарған.
2021 жылы Хадижат Қадырова «Шешенстанға сіңірген еңбегі үшін» медалін, ал 2022 жылы Ахмад Қадыров атындағы орден алған.
Хадижат Қадырова АҚШ, Еуроодақ және Жапонияның санкция тізіміне енген.
Биыл 17 қаңтарда Хадижат 24 жасқа толды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, Рамзан Қадыровтың 14 баласы бар. Олар мектеп бітіре салысымен жоғары қызметтерге тағайындалып, мемлекеттік сыйлықтарға ие болып жүр.
Шешенстан басшысының үлкен қызы Айшат Қадырова 2023 жылғы қазанда Шешенстанның әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-премьері қызметіне тағайындалған.
Рамзан Қадыровтың үлкен ұлы Ахмат 2023 жылғы қарашада спорт және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары қызметіне кіріскен.
Қадыровтың тағы бір ұлы Адам тергеу абақтысында отырған күдікті Никита Журавельді ұрғаны үшін Шешенстан батыры атағын алған. Никита Журавель Құранды өртегені үшін жауапқа тартылған.
2022 жылғы ақпанда Шешенстанның үшінші қызы Хутмат президент хатшылығы басшысының орынбасары қызметіне кіріскен. Ол орта мектепті 2019 жылы бітірген. Оның жоғары білім алған-алмағаны белгісіз.
Рамзан Қадыровтың балалары ғана емес, бауырлары мен туған-туыстары да Шешенстанда мемлекеттік қызмет атқарып жүр.
фото: vesti095.ru
Abai.kz