Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты жақындаған тұста штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан халықаралық ұйым 8 ақпанда осындай мәлімдеме таратты. Ұйым мәлімдемеде елде үкімет сыншыларын осыған ұқсас айып бойынша қудалау күшейгенін де жазады.
"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Мұхаммедкәрімге 9 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр. Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. Оның қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
"Қазақстан билігі билікті сынап, бейбіт түрде жиналу құқығын жүзеге асырғысы келген тәуелсіз журналистің үнін тұншықтыруға тырысып жатыр. Қазақстан билігі Қылмыстық кодекстегі "экстремизм" түсінігін тарылтып, бұл айыптарды үкімет сыншыларына қарсы пайдалануын доғаруға тиіс" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі жетекші зерттеушісі Мира Ритман.
Ұйым Думан Мұхаммедкәрімнің YouTube-тағы "Не дейді?" арнасының 145 мың жазылушысы бар екенін еске салып, кейінгі екі жылда журналист елдегі ірі наразылықтар (арасында Қанды Қаңтар да бар) мен биліктің оған реакциясы және салдары туралы ақпарат таратқанын айтады. Мұхаммедкәрім 2023 жылы көктемде тәуелсіз кандидат ретінде парламент сайлауына да қатысқысы келген, алайда кандидат ретінде тіркеле алмаған.
Айыптау актісінің көшірмесіне сүйенген ұйымның жазуынша, мемлекет тағайындаған психологиялық және филологиялық сараптама Мұхаммедкәрімнің кейбір сөздері "экстремистік идея мен көзқарасты" насихаттайды деген тұжырымға келген.
Бұған қоса, мемлекеттік сарапшы журналистің сөзінен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Астана соты шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды) қозғалысының ісіне "араласатындығын көрсететін белгілерді байқаған".
Дегенмен сараптама Мұхаммедкәрім мен Әблязов сұхбатта "елде саяси өзгерістер қалай бейбіт түрде болуы қажеттігін" талқылағанын айтып, "сараптамаға ұсынылған материалда наразылық ұйымдастырып, билікті күшпен тартып алуға шақыратын үндеу жоқ" деген қорытынды жасаған.
Ұйымның жазуынша, Мұхаммедкәрімді билік сонымен бірге YouTube-тағы сұхбаттың астына Әблязовқа қаржылай көмек көрсетуге шақыратын банк реквизиттері жазылған жазба қалдырғаны үшін "экстремизмді қаржыландырды" деп те айыптап отыр.
Айыптау актісінде сонымен бірге 2023 жылы 1 мамыр оппозиция митингісі қарсаңында - Мұхаммедкәрімнің 29 және 30 сәуірде өзін-өзі түсірген екі видеосы да айтылады. Мемлекеттік сарапшы видеодағы Мұхаммедкәрімнің сөздерінде "экстремистік идея мен көзқарасты насихаттау белгілері бар" деп тұжырым жасаған.
Ал адвокаты Ғалым Нұрпейісов құқық қорғау ұйымына аталған видеоларда Мұхаммедкәрім "Қазақстандағы саяси оқиғалар жөнінде айтқан, бары сол" деген.
Думан Мұхаммедкәрім Қазақстанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен де бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. 2023 жылдың 21 наурызы мен 22 маусымы аралығында ол "көшеге шығуға ниет білдіргені үшін" 75 күн әкімшілік қамауда отырған, деп жазды ұйым.
Дереккөзі: centralasian.org
Abai.kz